Алматы қаласында күн сайын 600 мыңнан астам автомобиль қозғалады және көлік құралдары азот диоксиді (NO₂) шығарындыларының негізгі көзі болып отыр. Жақында қабылданған, автокөлік қозғалысына қосымша шектеулер енгізуді көздейтін Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары аясында Almaty Air Initiative қоры Қазақстанның ең ірі қаласындағы автокөліктің ауа сапасына әсеріне арналған жаңа зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Алматыда автокөлік санының өсу қарқыны әлі де жоғары. Бұл қаладағы ауа сапасы мен көлік жағдайына тікелей әсер етеді. ҚР ІІМ-нің 2025 жылғы қыркүйектегі деректеріне сәйкес, қалада 797 мың автомобиль тіркелген – бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен (647 мың) шамамен 150 мыңға көп. Оның 714 мыңы – жеңіл автокөліктер. Сонымен қатар электромобильдер санының қарқынды өсуі байқалады: бір жыл ішінде олардың саны 6 410-нан 12 401-ге дейін, яғни шамамен екі есе артты. Алайда олардың қала автопаркіндегі үлесі небәрі 2% шамасында. Сонымен бірге зерттеу нәтижелері бойынша, Алматыдағы автомобильдердің 30%-ы 20 жылдан асқан, ал 25%-ының жасы 10–20 жыл аралығында.

Автопарктің ұлғаюы экологияға және жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені арттырады. Көлік кептелістері жол жүру уақытын ұзартып, жанармай шығынын және әрбір шақырымға шаққандағы шығарындылар көлемін көбейтеді. Қарбалас уақыттарда негізгі магистральдар бойында газдар мен бөлшектердің (NO₂, PM2.5, PM10) қоспасынан тұратын ластану деңгейі бірнеше есе артады. Almaty Air Initiative қорының 2024 жылғы алдыңғы зерттеуіне сәйкес, қаладағы NO₂ орташа жылдық концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымдарынан:

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша 6,1 есе,
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша 5,9 есе жоғары болған

Автокөлік шығарындыларына ұзақ уақыт бойы ұшырау балалар мен ересектер арасында демікпе ауруының жиілеуімен, жүрек-қантамыр аурулары қаупінің артуымен, жүктілік асқынуларымен, ұзақ мерзімді когнитивтік бұзылыстармен және жалпы өлім-жітім деңгейінің өсуімен байланысты екені дәлелденген. Ең жоғары қауіп ірі жолдардан 100–500 метр қашықтықта орналасқан аудандардың тұрғындарына тиесілі. Сонымен қатар автокөлік ішіндегі адамдар да жоғары деңгейдегі ластануға ұшырайды: кептеліс кезінде салондағы ластану деңгейі еркін қозғалыспен салыстырғанда 40%-ға дейін жоғары болуы мүмкін. Almaty Air Initiative зерттеуі ескі автомобильдердің шығарындыларды пропорционалды емес түрде көп көлемде шығаратынын көрсетеді.

Жұлдыз Саулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:

«Зерттеуіміз сыни диспропорция гипотезасын растады: Алматыдағы улы шығарындылардың негізгі бөлігін бүкіл көлік ағыны емес, оның белгілі бір бөлігі ғана қалыптастырады. Нақты жағдайды көру үшін біз Sergek Group компаниясымен бірлесіп бір жыл ішіндегі көлік ағындарын зерттедік — 1,8 миллион бірегей автомобиль талданды. Нәтижесінде, қаладағы әрбір екінші автомобиль ескірген экологиялық сыныптарға (0–4) жататынын анықтадық. Дәл осы сегмент жалпы жүрістің шамамен үштен бірін ғана қамтамасыз ете отырып, қауіпті шығарындылардың 78%-ын қалыптастырады. Ал ағынның небәрі 3%-ын құрайтын жүк көліктері азот диоксиді шығарындыларының үштен бірін береді. Бұл автопарктің ең “лас” бөлігін жаңартуға басымдық беру арқылы қала тұрғындарының өкпесіне түсетін жүктемені екі есеге азайтуға болатынын білдіреді».

Almaty Air Initiative жүргізген сценарийлік талдау көрсеткендей, 0–4 сыныптағы автомобильдерді Еуро-5 стандартына көшіру нәтижесінде шығарындылар айтарлықтай төмендейді: NOx – 67%-ға, қатты бөлшектер (PM) – 62%-ға азаяды. Тек жүк көліктерін жаңғыртудың өзі PM бойынша 50% төмендеу береді. Ал барлық жолаушыларды электрлі қоғамдық көлікке көшіру PM2.5 деңгейін 86%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Зерттеу нәтижелері Алматы автопаркінің өсуі мен ескі автомобильдердің жоғары үлесі ауа сапасына және көлік инфрақұрылымына қосарланған қысым түсіріп отырғанын көрсетеді. Мәселені шешу жүйелі тәсілді талап етеді: автопаркті жаңарту, экологиялық қоғамдық көлікті дамыту және төмен шығарындылы аймақтарды пилоттық режимде енгізу бірін-бірі толықтыратын шаралар болуы тиіс.

Зерттеудің толық нұсқасы Almaty Air Initiative сайтында қолжетімді:
https://air.org.kz/ru/research/ne-kolichestvo-a-kachestvo-kak-struktura-avtoparka-vliyaet-na-vozduh-v-almaty/