2025 жыл ерекше парадокспен есте қалды: ресми статистика Алматыдағы ауаның орташа ластану деңгейі мен жекелеген көрсеткіштерінің төмендегенін көрсетсе де, қала үстіндегі қою түтін (смог) құбылыстары әлі де жиі байқалады.

Almaty Air Initiative қоры 2025 жылы мемлекеттік органның Алматыдағы ауа сапасына берген бағасына талдау жасау үшін ұлттық оператордың бастапқы деректері мен жылдық есептеріне шолу жүргізді.

Есептің толық нұсқасы мен деректер визуализациясын мына сілтеме арқылы көре аласыз.

«Қазгидромет» мекемесінің 2025 жылғы есебіне сәйкес, Алматыдағы ластанудың орташа фоны 31%-ға төмендеген. Атмосфераның ластану индексі (АЛИ) 4-ті құрап (2024 жылы – 5,8), қала ресми түрде «ластану деңгейі төмен» санатына өтті.

Төмендегі кестеде атмосфераның ластану индексіне (АЛИ) сәйкес ауаның ластану дәрежесін анықтайтын ресми критерийлер берілген:

Ластану деңгейі АЛИ көрсеткіші
Төмен 0 – 4
Көтеріңкі 5 – 6
Жоғары 7 – 13
Өте жоғары ≥ 14

Атмосфераның ластану индексінің (АЛИ) төмендеуіне негізгі ластаушы заттардың орташа тәуліктік концентрациясының азаюы себеп болған: азот диоксиді (–25%), көміртегі оксиді (–34%) және күкірт диоксиді (–37%). Ең күрт төмендеу озон көрсеткіші бойынша тіркелді – ол 1,3-тен 0,2-ге дейін, яғни 6 еседен астам азайған.

Ластаушы зат Бұрын (ШРКо.т.) Қазір (ШРКо.т.) Өзгеріс
NO₂ 1,6 1,2 −25%
NO 0,78 0,68 −12,8%
Озон 1,3 0,2 ↓ 6 есе
PM2.5 0,64 0,41 −35,9%
CO 0,29 0,19 −34,5%
SO₂ 0,65 0,41 −36,9%

Сонымен қатар, есепте қала кәсіпорындарының 88%-ында тазарту қондырғылары жоқ екені, ал бір жылда автокөлік саны 41 мыңға артқаны атап өтілген. Бұған қоса, негізгі шығарынды көздерінде де айтарлықтай өзгеріс жоқ: ЖЭО-2 және ЖЭО-3 әлі де газға көшу процесінде.

Ауа сапасының мұндай «жақсаруын» ауа райымен түсіндіру де қиын: «Қазгидромет» деректері бойынша, 2025 жыл өткен жылмен салыстырғанда құрғақ болды, ал жауын-шашынның азаюы, әдетте, атмосфераның табиғи тазаруын тежейді.

Ендеше, ұлттық оператордың деректеріндегі ілгерілеудің себебі неде? Бұл көрсеткіштерді өлшеу ерекшеліктерімен және деректерді өңдеу әдістемесімен түсіндіруге болады.

Статистикалық көрсеткіштердегі айырмашылықтар: АЛИ, СИ және НП

Ластанудың жалпы фонын бағалау үшін «Қазгидромет» атмосфераның ластану индексін (АЛИ) қолданады. Ол басымдықты заттар тобы бойынша ауа ластануының орташа жылдық деңгейін көрсететін жиынтық көрсеткіш ретінде есептеледі.

Толық көріністі алу үшін қосымша индикаторлар да қолданылады:

  • СИ (стандартты индекс) – ең күшті ластану құбылысын сипаттайды және ең жоғары концентрацияның нормадан неше есе асқанын көрсетеді.
  • ЕҚ (ең үлкен қайталану жиілігі) – ластаушы заттардың рұқсат етілген мәндерден қаншалықты жиі асқанын көрсетеді.

Осы екі индикаторға сәйкес, қаладағы ауаның ластану деңгейі әлі де жоғары деп бағаланады. Мысалы, 2025 жылғы ең күшті ауа ластану құбылысы (СИ) азот оксидтерімен байланысты болды. Егер 2024 жылы бұл зат бойынша нормадан қысқа мерзімді асулар шамамен 2,5 есе деңгейінде тіркелсе, 2025 жылы ең жоғары мәндер нормадан шамамен 10 есе асуға дейін жеткен.

Рұқсат етілген мәндерден асу жағдайларының қаншалықты жиі тіркелетінін көрсететін ЕҚ (ең үлкен қайталану жиілігі) көрсеткішіне тоқталсақ, 2025 жылы Алматыда

  • көміртегі оксиді (CO) бойынша нормадан асу жағдайларының саны шамамен 5 есе азайды;
  • қалқыма бөлшектер (шаң) бойынша – 2 еседен астам, ал PM2.5 бойынша – 1,5 есе төмендеу байқалды;
  • ең күрт өзгеріс озон бойынша тіркелді: нормадан асу жағдайларының саны 8 036-дан 77-ге дейін, яғни 100 еседен астам азайды;

сонымен қатар, азот оксиді (NO) бойынша нормадан асу көрсеткіші шамамен 1,5 есе өсті. Ал азот диоксиді (NO₂) мен күкірт диоксиді (SO₂) бойынша деректер өткен жылғы көрсеткіштермен деңгейлес.

Ыңғайлы болуы үшін салыстырмалы кесте қоса беріледі.

Кесте. Негізгі ластаушы заттар бойынша ШРК-дан (ең жоғары бір реттік) асу жағдайларының санын салыстыру (2024–2025 жж.)

Ластаушы зат 2024 2025 Өзгеріс
Қалқыма бөлшектер (шаң) 64 28 шамамен 2,3 есе төмендеу
PM2.5 3 236 2 131 шамамен 1,5 есе төмендеу
PM10 1 091 772 шамамен 1,4 есе төмендеу
Күкірт диоксиді (SO₂) 2 271 1 704 шамамен 1,3 есе төмендеу
Көміртегі оксиді (CO) 4 406 898 шамамен 5 есе төмендеу
Азот диоксиді (NO₂) 11 024 12 309 шамамен 1,1 есе өсу
Азот оксиді (NO) 1 830 2 749 шамамен 1,5 есе өсу
Озон (O₃) 8 036 77 100 еседен астам төмендеу

Неліктен Алматының кейбір нүктелеріндегі көрсеткіштер мұхит аралынан төмен?

«Қазгидромет» мекемесінің 2025 жылғы бастапқы деректерін талдау нәтижелері.

«Қазгидромет» РМК жылдық есебінде ұсынылған жиынтық деректерге қосымша, біз 2025 жылғы атмосфералық ауа сапасының бастапқы өлшемдеріне дербес талдау жүргіздік. Бұл мәліметтер ресми сұрату бойынша тікелей ұлттық оператордан алынды.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласында 16 мониторинг бекеті жұмыс істейді, оның ішінде: 12 автоматты станция (әр 20 минут сайын үздіксіз өлшеулер жүргізіледі) және сынамаларды қолмен іріктеуге арналған 4 бекет (тәулігіне 3 рет сынама алынады).

Талдау нәтижесінде жасалған негізгі тұжырымдар:

  • Нөлдік көрсеткіштер және аномальды ауытқулар. Талдау нәтижесінде бірқатар станцияларда орташа жылдық мәндер 0,00 мкг/м³ немесе 2 мкг/м³-ден аз болып көрсетілетіні анықталды. Бұл ластанудың жоқтығын емес, талдағыш құрылғылардың істен шыққанын немесе техникалық ақауларды білдірсе керек. Жекелеген бекеттер (мысалы, Halyk Arena маңындағы №5 бекет) бойынша уақыттық қатарлар ерекше динамиканы көрсетіп отыр: жарты жыл бойы тұрақты төмен мәндер сақталып, жыл соңында түсініксіз күрт ауытқулар байқалған. Мұндай үрдіс көпжылдық тәуелсіз бақылаулар мен ғылыми әдебиеттердегі деректерге қайшы келеді.
  • Қамту картасы кейбір станцияларда деректердің толықтығы төмен екенін (жылына 50%-дан аз уақыт) көрсетті, бұл орташа концентрацияларды есептеу нәтижелерін репрезентативті емес етеді.
  • Көрсеткіштердің географиялық бұрмалануы («Скат-2» жағдайы). «Скат-2» автоматты станцияларының бірі Алматы қаласының әкімшілік шекарасынан тыс жерде орналасқан. Оның деректерін жалпықалалық есепке қосу ластанудың шынайы деңгейін бұрмалайды, өйткені ол қала сыртындағы фонды тіркейді, ал бұл көрсеткіштер қалалық массивтердегі смог деңгейінен айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін.
  • Озон (O₃) концентрациясы бойынша орташа жылдық көрсеткіштің ең көп төмендеуі (6 есе) байқалды және нормадан асу жағдайларының саны 100 еседен астам азайды.
  • Бұған 12 автоматты станцияның 9-ы нөлге жуық деректерді бергені себеп болуы мүмкін. Осыған ұқсас жағдай басқа да бірқатар ластаушы заттар бойынша байқалады. Төмендегі суретте «Қазгидромет» желісінің барлық станцияларынан алынған 2025 жылғы негізгі ластаушы заттардың орташа тәуліктік концентрациясының динамикасы көрсетілген:

  • Деректерді қолмен жинау. Ресми есептеулер жиі қолмен іріктеу бекеттерінің деректеріне (тәулігіне бар болғаны 3 рет сынама алынады) негізделеді. Бұл бекеттер автоматты станциялар әр 20 минут сайын тіркейтін қысқа мерзімді, бірақ қауіпті түнгі және таңғы шығарындыларды физикалық тұрғыдан өткізіп алады.

Алматы аудандарының ауасы мұхит аралындағы ауадан да таза ма?

Деректердің сапасы мен толықтығына қатысты жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, «орташаландыру әсері» (эффект усреднения) деп аталатын қауіп туындайды. Бұл жағдайда қала бойынша жалпы көрсеткіш нақты жағдайдан төмен болып көрінуі мүмкін, себебі есептеулерге деректері тұрақсыз құрылғылардың өлшемдері енеді. Оларды есептен шығарған жағдайда, зиянды заттардың орташа концентрациясы мәлімделгеннен жоғары болуы мүмкін. Мұны PM2.5 (қалқыма бөлшектер) көрсеткіші мысалында қарастырайық.

  • 2025 жылғы PM2.5 орташа жылдық концентрациясының графигі «Қазгидромет» станциялары арасындағы өте үлкен алшақтықты көрсетеді. Жекелеген бекеттердегі мәндер – 1 мкг/м³-ден аз (!), ал басқаларында – 43,6 мкг/м³-ге дейін («28» станциясы) жетеді. «Скат-6» станциясы 32,2 мкг/м³ көрсеткішін берген, бұл Almaty Air Initiative (AAI) ұйымының 2025 жылғы PM2.5 бойынша орташа жылдық есебіндегі мәліметтермен деңгейлес. Сонымен қатар, станциялардың бір бөлігі айтарлықтай төмен көрсеткіштерді көрсетсе, бірнеше бекет бойынша деректер мүлдем жоқ.
  • Қалалық көрсеткіш барлық автоматты станциялар желісі бойынша орташа мән ретінде есептеледі. Егер бекеттердің бір бөлігі жыл бойы дерлік өзгермейтін, нөлге жақын немесе 1 мкг/м³-ден төмен концентрацияларды тіркесе, бұл қала бойынша қорытынды орташа бағаны автоматты түрде төмендетеді. Бұл жағдай жылдық бюллетеньде де көрініс тапқан. Мұндай көрініс талдағыштардың (талдағыш құрылғырлардың) жұмыс ерекшеліктеріне, жабдықтарды калибрлеуге, ұзаққа созылған техникалық іркілістерге, сигналдың дұрыс тіркелмеуіне немесе деректерді өңдеу ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Халықаралық стандарттарға (ДДҰ, ISO) сәйкес, мұндай деректер жарамсыз деп танылуы және орташа есепке алынбауы тиіс.
  • Көлік ағыны тығыз және жылыту маусымы бар ірі қала жағдайында PM2.5-тің 1 мкг/м³-ден төмен жылдық мәндері басқа қолжетімді мәліметтермен салыстырғанда Алматы үшін тән емес және қосымша техникалық растауды талап етеді. Салыстыру үшін айтсақ: IQAir ұйымының 2024-2025 жылдардағы есебі бойынша, тіпті планетаның экологиялық ең таза аймақтарында да көрсеткіштер 1 мкг/м³-ден асады. Мысалы, мұхит желі соғатын аралдағы Маягуэс қаласында (Пуэрто-Рико) орташа көрсеткіш 1,1 мкг/м³-ді құрайды.

Аудандар бойынша орташа жылдық концентрациялар

  • 12 автоматты станция деректерін талдау қаланың әртүрлі бөліктеріндегі ауа сапасының айқын біртекті еместігін анықтады. Ластанудың біркелкі таралмауы ірі магистральдардан бастап өндірістік аймақтарға дейінгі жергілікті шығарынды көздерінің әсерін көрсетеді.
  • Газ тәріздес ластаушы заттар бойынша айырмашылықтар елеулі. Көміртегі оксидінің (CO) ең жоғары деңгейі Алатау және Медеу аудандарында тіркелді (≈714 және 550 мкг/м³), ал ең төменгі мәндер Түрксіб ауданында (≈181 мкг/м³) байқалды. Айта кетерлігі, Almaty Air Initiative деректері бойынша дәл осы Түрксіб және Алатау аудандары PM2.5 деңгейі ең жоғары аймақтар қатарында. Азот диоксиді (NO₂) бойынша ең жоғары көрсеткіштер Боралдай автошаруашылығы маңында және Жетісу ауданында (≈92–94 мкг/м³) байқалады.
  • PM2.5 қалқыма бөлшектері бойынша айырмашылықтар онша күрт емес, бірақ тұрақты. PM2.5-тің орташа жылдық концентрациясы Алатау ауданында 1,4 мкг/м³-ден, Түрксіб ауданында 17 мкг/м³-ге дейін, ал Жетісу ауданында 32 мкг/м³-ге дейін ауытқиды. PM10 бойынша ең жоғары мәндер 39 мкг/м³-ге жетсе, ең төменгілері 1,5 мкг/м³ шамасында болды.

 

Ссылка на html

«Қазгидромет» деректерін Almaty Air Initiative (AAI) ұйымының 2025 жылғы PM2.5 бойынша есебімен салыстыру барысында елеулі алшақтықтар байқалады.

Станцияның орналасқан жері Қазгидромет PM2.5 (Авт.станциялар) Almaty Air Initiative PM2.5 (AAI) Айырмашылық
Түрксіб 17,0 46,8 2,7 есе
Жетісу 32,2 37,9 салыстырмалы
Алатау 1,4 37,7 27 есе!
Бостандық 14,4 22,1 1,5 есе

Салыстырудан жасалған негізгі тұжырымдар:

  • «Қазгидромет» орташа фонның төмендеу үрдісін атап өтсе, AAI деректері ластану деңгейінің сақталуын немесе тіпті өсуін (2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға) көрсетеді. Алшақтықтың ықтимал себебі мониторинг желілерінің тығыздығы мен құрылымындағы, есепке алынатын станциялар құрамындағы, деректердің толықтығы мен көрсеткіштерді жинақтау әдістемесіндегі айырмашылық болуы мүмкін, бұл қорытынды орташа жылдық мәндерге әртүрлі әсер етеді.
  • Екі дереккөз де Түрксіб ауданының жоғары жүктеме аймақтарына жататынын растайды. Алайда бағалаулар әртүрлі: «Қазгидромет» деректері бойынша 17,0 мкг/м³, ал AAI деректері бойынша 46,8 мкг/м³. «Қазгидромет» көрсеткіші бірқатар Еуропа астаналарының деңгейіне сәйкес келеді, ал AAI мәні датчиктердің тығыз желісімен тіркелген ластанудың жоғары деңгейін көрсетеді. Айырмашылық станциялардың тығыздығымен және орналасуымен де түсіндірілуі мүмкін: AAI желісі көбірек өлшеу нүктелерін қамтиды және ауа айналымы қолайлы жерлермен ғана шектелмейді.
  • Алатау ауданындағы мұндай орасан алшақтық (1,4 және 37,7 мкг/м³) ұлттық желі бекеттеріндегі техникалық факторларға — мәселен, талдағыш құрылғылардың істен шығуына немесе калибрлеу ерекшеліктеріне байланысты болуы әбден мүмкін. Қалалық аудан үшін 1,4 мкг/м³ көрсеткіші сенімсіз көрінеді және қосымша растауды талап етеді. Салыстыру үшін: 1 мкг/м³ шамасындағы мәндер шалғай және аз урбанизацияланған аумақтарға, мысалы, мұхит аралдарына тән. Көлік, құрылыс және пешпен жылыту бар Алатау ауданы жағдайында мұндай төмен көрсеткіш тән емес. Сонымен қатар, 37,7 мкг/м³ көрсеткіші (AAI деректері бойынша) рельефі күрделі және пешпен жылыту үлесі жоғары ірі қалаларда байқалатын деңгейлерге сәйкес келеді.

Тұжырымдар аралас мониторингті қолданудың маңыздылығын айқындайды: мемлекеттік станциялар сертификатталған деректерді берсе, қоғамдық желілер қаланы қамтудың жоғары тығыздығын қамтамасыз етеді. Бұл әртүрлі желілер мен дереккөздерді айқас тексеруден өткізуге мүмкіндік береді, осылайша қала бойынша толық әрі нақты көріністі алуға жағдай жасайды.

«Қазгидромет» пікірінше, ауаны негізгі ластаушылар:

  • Стационарлы көздер. «Қазгидромет» есебінде қаладағы 9 мыңға жуық стационарлы шығарынды көздерінің ішінде кәсіпорындардың 88%-ы тазарту қондырғыларымен жабдықталмағаны атап өтілген. Бұл көрсеткіш шығарындыларды өндірістік сүзу ісіндегі жүйелі мәселені көрсетеді. Сонымен қатар, құжатта осы кәсіпорындар қалыптастыратын ластанудың жиынтық көлеміне бағалау берілмеген, бұл олардың ауаның жалпы ластану деңгейіне қосатын нақты үлесін түсінуді қиындатады.
  • Жеке үйлер. Есепте сондай-ақ тұрғын үйлерді газдандыру деңгейі 98,8%-ды құрайтыны көрсетілген. Сонымен қатар, есептеулерге өз бетімен салынған нысандар, уақытша құрылыстар мен жылыту үшін көмір немесе отынның басқа түрлері пайдаланылатын жеке моншалар толық енбей қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, талдауда Алматы агломерациясының әсері шектеулі деңгейде көрсетілген, ал ауа ағындары қала маңындағы елді мекендерден шығатын шығарындыларды қала қазаншұңқырына айдап әкелуі ықтимал.
  • Автокөлік. Есепте автокөлік паркінің 643 мың бірлікке дейін (бір жылда +41 мың) өскені тіркелген. Сонымен бірге, азот оксиді (+50,2%) және азот диоксиді (+11,6%) бойынша нормадан асу жағдайларының көбейгені байқалады. Алайда, есепте жалпы ластану деңгейін қалыптастырудағы әрбір шығарынды көзінің үлесіне қатысты бағалау берілмеген.

Сандардан нақты іске: мониторингті қалай сенімді етуге болады?

Almaty Air Initiative деректерге қатысты қазіргі жағдай ұлттық оператор үшін бедел тәуекелдерін тудыруы және қала билігінің ойластырылған шешімдер қабылдауын қиындатуы мүмкін екенін атап өтеді. Осыған байланысты қор сындарлы ынтымақтастық орнатуға баса назар аударуды ұсынады.

Бірлескен техникалық аудит жүргізу

Біз «Қазгидрометке» көрсеткіштері ең аномальды нүктелерге (Алатау ауданы, №5 бекет) бірлескен көшпелі комиссия ұйымдастыруды ұсынамыз. Мақсаты – станциялар жұмысының дұрыстығын растау немесе теріске шығару үшін эталонды жабдықтармен және тәуелсіз датчиктермен параллельді өлшеулер жүргізу.

Деректердің ашықтығы хаттамасын енгізу

  • Ашық қолжетімділікте тек орташаландырылған сандарды ғана емес, сонымен қатар әрбір станцияның пайдалы жұмыс уақытының көрсеткіштерін, сондай-ақ тәуліктік және маусымдық динамика бойынша кеңейтілген талдауды жариялау.
  • Хаттамаларды әзірлеу және қорытынды статистикадан «техникалық нөлдер» мен аномальды ауытқуларды автоматты түрде жарамсыз деп тану жүйесін енгізу.

Гибридті мониторинг жүйесін құру

Біз тәуелсіз желілер деректерін мемлекеттік талдауға интеграциялау механизмін талқылауды ұсынамыз. Бұл «Қазгидрометтің» станциялары жоқ «көлеңкелі аймақтарды» анықтауға және Алматының тығызырақ әрі шынайы ластану картасын жасауға мүмкіндік береді.

Almaty Air Initiative алдағы бірлескен жұмыс үшін аномалиялар мен техникалық ақауларды анықтау мақсатында «Қазгидромет» желісінің барлық станцияларына жүргізілген диагностиканың толық көрінісін ұсынуға дайын.