2025 жылғы парадокс: Қазгидромет есебіндегі ескерілмеген маңызды жағдайлар

Almaty Air Initiative қоры «Қазгидромет» РМК-ның ресми есептері мен бастапқы ашық деректерін талдады.

«Қазгидромет» РМК-ның ресми есептерін және автоматты мониторинг станцияларының бастапқы деректерін талдау нәтижесінде 2025 жылы Алматыдағы ауа сапасының жағдайы қарама-қайшы динамикада болғаны анықталды.

  •  Ластанудың орташа жылдық фоны 31%-ға төмендеді: Атмосфераның ластану индексі (АЛИ) 5,8-ден 4,0-ге дейін төмендеп, ресми түрде «төмен ластану деңгейі» санатына сәйкес келеді.
  • Ластану деңгейі максималды ластану көрсеткіштерінің жиілеуі байқалды: Стандартты индекс (СИ) 7,9-дан 9,6-ға дейін өсті (+21,5%). Бұл бір ластағыш заттың максималды бір реттік концентрациясы рұқсат етілген шекті концентрациядан 10 есе асқанын білдіреді.
  • Санитарлық нормалардың шегінен асып кету жағдайлары жиілеген: Асып кету жағдайларының ең жоғары қайталануы (ЕҚ) 21%-дан 28%-ға дейін өсті (+7 пайыздық пункт)
  • Ластану құрылымы өзгерді: Озон концентрациясының нормадан асу жағдайлары жүз есе азайды (−99%), алайда азот диоксиді (NO₂) бойынша асу саны 12 309 жағдайға дейін өсті (+11,6%), ал азот оксиді (NO) бойынша 2 749 жағдайға дейін өсті (+50,2%).
  •     Автоматты станциялардың бастапқы деректері негізінде (стационарлық (қолмен үлгі алатын) бекеттерді есепке алмағанда) қала бойынша орташа жылдық концентрациялар:
  • PM2.5: 14.27 мкг/м³
  • PM10: 23.7 мкг/м³
  • SO2: 25.0 мкг/м³
  • CO: 484.4 мкг/м³
  • NO2: 39.8 мкг/м³ (ДДҰ ұсынымынан 4 есе жоғары)
  • NO: 32.7 мкг/м³
  • O3: 4.9 мкг/м³

Бақылау бекеттері көрсеткіштерінің алшақтығы: Автоматты бақылау бекеттерінің деректері бойынша PM2.5 орташа жылдық мәндері 1 мкг/м³ төмен мәннен 43,6 мкг/м³ дейін өзгеріп отырады, бұл мониторинг желісінің құрылымын мұқият талдауды қажет етеді.

2025 жыл 2024 жылмен салыстырғанда жылырақ және айтарлықтай құрғақ болды: Кейбір айларда жауын-шашын мөлшері нормадан бірнеше есе төмен болды, ал ауа райы жиі әлсіз желмен сипатталатын антициклондық кезеңдердің ықпалында болды. Мұндай жағдайлар ауа массаларының араласуын шектейді және атмосфераның табиғи тазаруын төмендетеді, соның нәтижесінде ластағыш заттар жерге жақын ауа қабатында жиналады.

2025 жылдың парадоксы: фон төмен – шыңдары жоғары

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы Алматыдағы ауа «тазара түскен» (1-сурет). Алайда егжей-тегжейлі талдау әлдеқайда күрделі көріністі көрсетеді.

1-сурет. Алматы қ. бойынша 2021–2025 жж. СИ және ЕҚ, АЛИ салыстыру

Дереккөз: «Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысының қоршаған ортасының жай-күйі туралы ақпараттық бюллетень, 2025 жыл»

Жалпы ластану фонын бағалау үшін Қазгидромет атмосфераның ластану индексін (АЛИ) қолданады. Қосымша толық көрініс алу үшін басқа көрсеткіштер де пайдаланылады:

  • СИ (стандартты индекс) – ластанудың ең күшті эпизодын көрсетеді және максималды концентрация белгіленген нормадан қанша есе асқанын көрсетеді.
  • ЕҚ (ең жоғары қайталану) – санитарлық нормалардың қаншалықты жиі асатынын көрсетеді. Есепте ЕҚ бір бекет бойынша есептеледі.

Мемлекеттік органның жылдық есебіне сәйкес, 2025 жылы Алматыдағы орташа ластану фоны 2024 жылмен салыстырғанда 31%-ға төмендеді (АЛИ: 5,8 → 4,1), бұл АЛИ шкаласы бойынша ластанудың төмен деңгейі санатына сәйкес келеді.

Сонымен қатар есепте бірқатар көрсеткіш бойынша айтарлықтай төмендеу тіркелген: тіркелген нормативтен (максималды бір реттік шекті рауалы концентрация (ШРКм.б.) асып кету саны озон бойынша 96%-ға (8036-дан 77-ге дейін), көміртегі оксиді (CO) – 79,6%-ға (4406-дан 898-ге дейін), PM2.5 бөлшектері – 34%-ға (3236-дан 2131-ге дейін), PM10 – 29%-ға (1091-ден 772-ге дейін) , күкірт диоксиді – 25%-ға (2271-ден 1704-ке дейін) азайды.

Анықтама:

АЛИ (атмосфераның ластану индексі) – басым ластағыш заттар тобы бойынша орташа жылдық ластану деңгейінің көрсеткіші.

СИ (стандартты индекс) – жыл ішінде тіркелген ластағыш заттың ең жоғары бір реттік концентрациясын көрсетеді.

ЕҚ (ең жоғары қайталану) – санитарлық нормалардың қаншалықты жиі асатынын сипаттайды.

Бір қарағанда бұл ауа сапасы жалпы жақсарған сияқты көрінеді. Алайда ластану құрылымы айтарлықтай өзгерген. Егер 2024 жылы негізгі ластағыш заттардың бірі озон болса (8036 жағдай), 2025 жылы оның үлесі мүлдем жойылды (77 жағдай) десек те болады.

Сонымен қатар алдыңғы қатарға азот қосылыстары шықты (1-кесте): азот диоксиді (NO₂) бойынша шектен асу жағдайлары 11 024-тен 12 309-ға дейін (+11,6%), азот оксиді (NO) бойынша 1 830-дан 2 749-ға дейін (+50,2%) болды. Алайда бұл деректерді бастапқы өлшемдермен салыстырғанда белгілі бір айырмашылықтар байқалады.

1-кесте. Қазгидромет деректері бойынша ШРКм.б. шектен асу жағдайларын салыстыру (2024–2025 жж.)

Ластаушы зат 2024 2025 Өзгеріс
Қалқыма бөлшектер (шаң) 64 28 2,3 есе төмендеу
PM2.5 3 236 2 131 1,5 есе төмендеу
PM10 1 091 772 1,4 есе төмендеу
Күкірт диоксиді (SO₂) 2 271 1 704 1,3 есе төмендеу
Көміртегі оксиді (CO) 4 406 898 5 есе төмендеу
Азот диоксиді (NO₂) 11 024 12 309 1,1 есе арту
Азот оксиді (NO) 1 830 2 749 1,5 есе арту
Озон (O₃) 8 036 77 100 еседен астам төмендеу

Мұндай айтарлықтай өзгеріс ауа сапасының нақты өзгеруімен ғана емес, өлшеу ерекшеліктерімен де, соның ішінде өлшем саны, деректерді өңдеу әдістерімен байланысты болуы мүмкін.

Автоматты станциялардың бастапқы деректері нені көрсетеді

Жылдық есептің қорытынды көрсеткіштері қалай қалыптасатынын түсіну үшін, олар есептелетін нақты өлшемдерді қарастыру маңызды.

РМК «Қазгидромет» жылдық есебіндегі жинақталған деректерден бөлек, 2025 жылғы атмосфералық ауа сапасының бастапқы өлшемдеріне жеке талдау жүргізілді. Бұл деректер ведомстводан тікелей сұратылды.

Қазгидрометтің ресми ақпаратына сәйкес, Алматыда ауа сапасын бақылаудың 16 бекеті жұмыс істейді. Олардың 12 автоматты станция, әр 20 минут сайын өлшеу жүргізеді. Тағы 4 қолмен үлгі алатын бекет тәулігіне 3 рет өлшеу жүргізеді

Бұл талдауда тек автоматты станциялардың деректері қарастырылған, өйткені олар үздіксіз уақыттық қатар қалыптастырады және ауаның жыл ішінде ластану динамикасын бағалауға мүмкіндік береді.

Әртүрлі ластағыштардың концентрацияларын автоматты мониторинг станциялары қаншалықты толық тіркейтінін және деректердің қала аумағында кеңістіктік тұрғыдан қалай бөлінетінін бағалау үшін ауа сапасын автоматты бақылау станцияларының қамту картасы жасалған (2-сурет). Картадағы әрбір нүкте жеке бақылау станциясына сәйкес келеді және оның идентификаторымен белгіленген, бұл олардың географиялық орналасуын кестеде берілген статистикалық көрсеткіштермен салыстыруға мүмкіндік береді.

Картаның сол жағында 2025 жыл бойынша бекеттерде өлшенген ластаушы заттар концентрацияларының негізгі статистикалық сипаттамаларын қамтитын жиынтық кесте берілген. Әрбір ластағыш бойынша (PM2.5, PM10, SO₂, CO, NO₂, NO және O₃) мына көрсеткіштер ұсынылған:

  • жылдық орташа концентрация;
  • деректермен қамтылу үлесі (станция сенімді өлшеулерді берген уақыттың пайызы);
  • тіркелген ең төмен және ең жоғары мәндер.

Кесте ұяшықтарының түспен безендірілуі деректердің толықтық деңгейін көрсетеді:

  • Жасыл – тұрақты және жеткілікті қамту (сенімді күндердің ≥80%);
  • Сары – деректердің орташа толықтығы (≥50%);
  • Қызыл – деректердің төмен толықтығы (<50%);
  • Сұр – таңдалған ластағыш бойынша өлшеулер жоқ.

Осылайша, карта есептеулердің нақты негізін көруге мүмкіндік береді: «қаланың орташа ауасы» қандай мониторинг нүктелерінен қалыптасады және алынған мәндер қаншалықты репрезентативті.

2-сурет. Қазгидрометтің ауа сапасын автоматты бақылау станцияларының қамту картасы және ластану статистикасы

Нені түсіну маңызды

  • Барлық станция бірдей ластағыш заттарды өлшемейді: Мысалы, кейбір станциялар бойынша PM2.5 немесе озон деректері мүлдем жоқ. Деректердің болмауы ластанудың жоқ екенін білдірмейді, ол тек осы станцияда осы ластаушы зат бойынша автоматты бақылау жүргізілмейтінін көрсететінін ескеру керек. Сондықтан қала бойынша кейбір ластағыш заттардың орташа көрсеткіші шектеулі санды станциялар негізінде есептеледі.
  • Өлшенетін ластағыштардың толық емес тізімі Әрбір ластағыш затқа арналған талдауыштар барлық автоматты станцияда қамтамасыз етілмеген, сондықтан кейбір заттар бойынша маусымдық графиктерде бір жыл бойы мәндер мүлде болмауы мүмкін. Сонымен қатар ресми есепте ауқымды тізім берілгенімен, нақты берілген деректер массивінде бірқатар станциялар бойынша кейбір заттардың өлшемдері жоқ. Мысалы, PM2.5, PM10 – («Скат-2», «Скат-5», «27»), SO₂ – («Скат-4»), O₃ – («29»). Бұл станциялар есепте көрсетілгенімен, деректер массивінде өлшемдер жоқ. Бұл қала бойынша орташа жылдық көрсеткіш барлық станция бойынша емес, шектеулі нүктелер бойынша қалыптасатынын білдіреді.
  • Деректер толықтығының айырмашылығы Кейбір станциялар үздіксіз өлшем жүргізеді (98–100% сенімді тәуліктерден астам), ал басқаларында айтарлықтай бос аралықтар бар. Бұл техникалық қызмет көрсету, құрылғыларды калибрлеу, деректерді беру ақаулары, талдауыштардың жұмыс ерекшеліктері сияқты себептермен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан әрбір станцияның қалалық көрсеткішке қосқан үлесі ластағыш затқа байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
  • Жылдық деректердегі нөлдік мәндерді сақтықпен түсіндіру керек Кейбір станциялар бойынша жылдық деректерде ұзақ мерзімге 0,00 мкг/м³ (мысалы, «27» станциясында NO₂ және NO) болып көрсетіледі. Үлкен қала жағдайында мұндай концентрациялар іс жүзінде болмайды, өйткені тіпті өте таза ауада да фондық концентрация болады. Көп жағдайда мұндай мәндер жабдықтың ұзақ уақыт жұмыс істемеуін, деректерді жүктеу ерекшеліктерін, өлшеулердің болмауын көрсетеді.
  • Деректердің аномальды үзілмелілігі және сезімталдық шектері (Скат-2 жағдайы) Бастапқы деректерді талдау кезінде, белгілі бір бекеттердегі нақты экологиялық жағдайды көрсету дұрыстығына күдік туғызатын техникалық ауытқулар анықталды. Ең айқын мысал – «Скат-2» станциясының азот диоксиді (NO₂) бойынша жұмысы. Деректерде табиғи емес үзілмелілігі байқалады: мәндер 0 және 100 мкг/м³ арасында ауытқиды, ал массивтің едәуір бөлігі 200 мкг/м³ жоғары көрсеткіштерден тұрады. Бұл бағдарламалық немесе аппараттық шектеу бар екенін көрсетуі мүмкін (төменгі тіркеу шегі). Яғни құрылғы төмен концентрациядағы нақты өзгерістерді тіркемей қалуы мүмкін.
  • Географиялық бұрмалану (Скат-2 жағдайы) «Скат-2» станциясы Алматы қаласының әкімшілік шекарасынан тыс орналасқан. Оның деректерін қала бойынша есепке қосу қалалық ластану көрсеткіштерін бұрмалауы мүмкін, өйткені қала сілеміндегі смог көрсеткіштерінен өзгеше болатын қала маңындағы фонды тіркейді. Бір жағынан, атмосфералық ауа әкімшілік шекараларға бағынбайды және ластағыш заттардың қала мен қала сырты арасында көшуі табиғи процесс. Екінші жағынан, ластану деңгейінде айтарлықтай айырмашылық болса, қала сыртындағы станция қаланың орташа көрсеткішіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Қала неге статистикалық мәліметтер бойынша «таза» немесе «лас» болып көрінуі мүмкін.

Нәтижелердің сәйкестігін бағалау үшін тек 7 негізгі ластағыш затты (PM2.5, PM10, SO₂, CO, NO₂, NO, O₃) қамтитын 12 автоматты станцияның бастапқы деректеріне және Қазгидрометтің 2025 жылғы ресми есебінде берілген жиынтық деректеріне негізделген есептік көрсеткіштердің салыстырмалы талдауы жүргізілді. Есептік және ресми мәндердің айырмашылықтары пайдаланылған станциялар құрамына, қол бекеттердің ресми есепке қосылуына, деректерді өңдеу әдістеріне байланысты болуы мүмкін.

2-кесте. Қазгидромет ресми деректері мен автоматты станциялар деректерін салыстыру

Ластағыш зат Орташа жылдық концентрация (мг/м³) Максималды бір реттік концентрация (мг/м³) 1 ШРК м.б. шегінен асу жағдайлары
есептік ҚГМ есебі Δ есептік ҚГМ есебі Δ есептік ҚГМ есебі Δ
PM2.5 0,01 0,01 0 0,76 0,76 0 2123 2131 -8
PM10 0,02 0,02 0 0,69 0,69 0 888 772 +116
SO₂ 0,02 0,02 0 1,00 1.00. 0 1704 1704 0
NO₂ 0,04 0,05 -0,01 1.06. 1.06. 0 12118 12309 -191
NO 0,03 0,04 -0,01 3,85 3,85 0 2735 2749 -14
CO 0,48 0,57 -0,09 24,19 24,19 0 895 898 -3
O₃ 0,01 0,01 0 1,03 1.03. 0 79 77 +2

Салыстыру көрсеткендей, автоматты станциялардың бастапқы нәтижелері негізінде есептелген көрсеткіштер жалпы алғанда Қазгидромет нәтижелерін қайталайды (2-кесте). Жекелеген заттар бойынша шағын айырмашылықтар негізінен есепке алынған станциялардың құрамына және жиынтық деректердің ерекшеліктеріне байланысты. Ластағыш заттардың көпшілігі бойынша айырмашылықтар минималды сипатқа ие және агрегаттау кезіндегі статистикалық қателік шегінде орналасқан.

Ең айқын ауытқулар келесі көрсеткіштер бойынша тіркелген:

  • PM10 бойынша: Шектен асу жағдайлары санының айырмашылығы (+116 жағдай) деректерді жинақтау ерекшеліктерімен және пайдаланылған станциялар арасындағы айырмашылықтармен байланысты болуы мүмкін.
  • NO, CO, PM2.5 бойынша: ШРКм.б. шектен жағдайларының саны бойынша белгілі бір айырмашылық байқалады, алайда орташа жылдық көрсеткіштер іс жүзінде сәйкес келеді.

Азот диоксиді (NO₂) бойынша, атап айтқанда Алматы әкімшілік шекарасынан тыс орналасқан «Скат-2» станциясына қатысты деректер ерекше назар аударуды талап етеді.

Ең айтарлықтай айырмашылық шектен асу жағдайларының саны бойынша байқалады (3-кесте). Алматы қаласының әкімшілік шекарасынан тыс орналасқан Скат-2 станциясының деректері есепке алынғанда шектен асу жағдайлары саны (12 118) ресми көрсеткішпен (12 309) дерлік сәйкес келеді. Алайда бұл станция есептен шығарылған жағдайда асу жағдайлары саны 4 817-ге дейін төмендейді, яғни бұл ресми статистикадан 7 492 жағдайға аз. Бұл бір станцияның қалалық қорытынды көрсеткішке айтарлықтай үлес қосатынын көрсетеді.

3-кесте. Қазгидромет ресми деректері мен автоматты станциялар деректерін салыстыру (Скат-2 деректерін есепке алмағанда)

Ластағыш зат Орташа жылдық концентрация (мг/м³) Максималды бір реттік концентрация (мг/м³) 1 ШРК м.б. шегінен асу жағдайлары
есептік ҚГМ есебі Δ есептік ҚГМ есебі Δ есептік ҚГМ есебі Δ
SO₂ 0,03 0,02 +0,01 1.00. 1.00. 0 1703 1704 -1
NO₂ 0,03 0,05 -0,02 1.06. 1.06. 0 4817 12309 -7492
NO 0,02 0,04 -0,02 3,85 3,85 0 2663 2749 -86
CO 0,48 0,57 -0,09 24,19 24,19 0 881 898 -17
O₃ 0,01 0,01 0 1,03 1.03. 0 79 77 +2

Бұл ретте қатар максималды бір реттік концентрациялар іс жүзінде толық сәйкес келеді және бұл айрықша мәндерді өңдеудің дұрыстығын растайды.

Мониторингтің жеке станциялары бойынша бастапқы деректерді талдау кезінде, белгілі бір бекеттердегі нақты экологиялық жағдайды көрсету дұрыстығына күдік туғызатын техникалық ауытқулар анықталды. Ең айқын мысал – «Скат-2» станциясының азот диоксиді (NO₂) бойынша жұмысы. Деректерде табиғи емес үзілмелілік байқалады: мәндер 0 және 100 мкг/м³ арасында ауытқиды, ал массивтің едәуір бөлігі 200 мкг/м³ жоғары көрсеткіштерден тұрады.

Бұл бағдарламалық немесе аппараттық шектеу бар екенін көрсетеді (төменгі тіркеу шегі). Яғни құрылғы төмен концентрациядағы нақты өзгерістерді тіркемей қалуы мүмкін. 5-суретте 2025 жылдағы Скат-2 бекетінің көрсеткіштері бойынша NO₂ уақыттық қатары көрсетілген. Қазгидрометтің 2025 жылғы есебінде Скат-2 станциясының көрсеткіштері қала бойынша ең жоғары қайталану көрсеткішінің (ЕҚ = 28%) қалыптасуына себеп болды. Визуализацияны талдау Қазгидромет 2025 жылы тіркеген жоғары концентрациялар қоршаған орта жағдайымен емес, өлшеу құралдарының жұмысы немесе деректерді тіркеу ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.

3-сурет. Түрксіб ауданы, Боралдай автошаруашылығы, Аэродромная көшесі, №2 автоматты бекет (Скат-2) деректері бойынша азот диоксидінің орташа сағаттық көрсеткіштері.

интерактивті графикке сілтеме

Ұқсас жағдай азот оксиді бойынша №5 автоматты станцияда да байқалады. РМК Қазгидромет 2025 жылы Алматыдағы ауа сапасын, Halyk Arena ауданындағы №5 станциясында тіркелген 1960 мкг/м³ азот оксиді (NO) концентрациясының негізінде,

Стандартты индекс бойынша (СИ = 9.6) жоғары деңгейде деп сипаттады. №5 станциясы (Скат-5) бойынша азот оксиді динамикасы 3-суретте көрсетілген.

4-сурет. Медеу ауданы, «Халық арена» мұз айдыны, «Думан» шағын ауданы, №5 автоматты бекет (Скат-5) деректері бойынша азот оксидінің орташа сағаттық көрсеткіштері.

 

 

интерактивті графикке сілтеме

№5 бекетінде жылдың жартысынан астам бөлігінде концентрация 14 қазанға дейін шамамен 7-9 мкг/м³ деңгейінде тұрақты болды, одан кейін концентрацияның 22 мкг/м³ деңгейіне дейін күрт өсуі байқалады. 16 желтоқсаннан 24 желтоқсанға дейінгі кезеңде концентрация 2963 мкг/м³ дейін күрт өскен, ал жыл соңына дейін концентрациялар қайтадан шамамен 22 мкг/м³ деңгейінде тұрақтанды (4-сурет). Мұндай динамика ғылыми әдебиетте сипатталған азот оксидтері бойынша бақылауларға және Almaty Air Initiative есебінде көрсетілген 2023-2024 жылдардағы тәуелсіз датчиктер желісінің деректеріне сәйкес келмейді. Сондықтан бұл құбылыс өлшеу құралдарының жұмысы немесе деректерді тіркеу ерекшеліктерінің нәтижесі болуы мүмкін.

Мұндай деректердегі «ауытқулар» кейбір жағдайларда қаланың «жоғары ластану деңгейі» туралы ресми күйі жекелеген талдауыштардың деректерді дұрыс тіркемеуімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Деректерді талдау «Скат-2» және «Скат-5» станцияларындағы жағдайдың жеке оқиға емес екенін көрсетеді. 2025 жылға арналған басқа кейбір бекеттердің уақыттық қатарларын зерттеу де осыны растайды. Қала бойынша қорытынды ластану индекстерін қалыптастыратын аса жоғары немесе аса төмен көрсеткіштер көбіне табиғи немесе техногендік емес, аппараттық-бағдарламалық сипатқа ие болуы мүмкін.

PM2.5 қалқымалы бөлшектер көрсеткіштерінің динамикасы

2025 жылғы орташа тәуліктік мәндер кестесінде жақсы көрініп бұрған PM2.5 концентрациясының мерзімдік динамикасы айқын болғанымен, жекелеген станциялардың деректерінде қосымша талдауды қажет ететін ерекшеліктер байқалады.

5-сурет. Қазгидрометтің автоматты бекеттерінің деректері бойынша PM2.5 орташа тәуліктік көрсеткіштері

интерактивті графикке сілтеме

Орташа тәуліктік концентрациялар графигінде Алматы үшін жыл бойындағы ластанудың типтік таралуы көрінеді (5-сурет):

  • қысқы айларда (қаңтар–ақпан) жылыту маусымы мен қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты концентрациялар жоғары болады;
  • көктем мен жазда атмосфералық циркуляцияның күшеюі нәтижесінде ластану деңгейі айтарлықтай төмендейді;
  • күзде және қыс басында концентрациялар қайтадан өсе бастайды.

Мысалы, 28-станцияда қаңтар айында 250 мкг/м³ асатын айрықша орташа тәуліктік мәндер тіркелген, бұл тәуелсіз желілердің датчиктері де тіркейтін қалалық смогтың ауыр эпизодтарына сәйкес келеді.

Мұндай динамика жалпы алғанда Алматыдағы ауа ластануының белгілі маусымдық құрылымына сәйкес келеді. Алайда графикті мұқият қарағанда барлық станцияда концентрациялардың ұқсас өзгергіштігі байқалмайтынын көруге болады.

Кейбір станциялар деректерінің айқын маусымдық өзгергіштігі аясында кейбір уақыттық қатарларда көлденең сызықтардың байқалады. Бұл әсіресе Скат-3 және Скат-4 станцияларында анық көрінеді. Жылдың едәуір бөлігінде бұл станциялардағы мәндер нөлге жақын немесе өзгеріссіз қалады, ал көрші станциялар концентрациялардың айтарлықтай ауытқуларын тіркейді.

Мұндай жағдай қалалық атмосфера үшін ерекше болып саналады. Нақты жағдайда, ауа салыстырмалы түрде таза болғанның өзінде PM2.5 концентрациялары:

  • ауа райының өзгерістерінің әсеріне ұшырайды,
  • экономикалық белсенділік шыңдары кезінде өзгереді,
  • температуралық инверсия кезеңдерінде артады,
  • айқын маусымдық сипатқа ие.

Сондықтан ұзақ уақыт бойы дерлік өзгермейтін мәндер ерекше таза ауаны емес, өлшеу құралдарының жұмысы немесе деректерді тіркеу ерекшеліктерін көрсетуі мүмкін.

Бұл біркелкіліксіздік Қазгидрометтің станциялары бойынша PM2.5 орташа жылдық концентрациялары графигінде де анық көрінеді (6-сурет). Онда әртүрлі станциялар бойынша мәндер бірнеше есе айырмашылықпен өзгереді.

6-сурет. Қазгидрометтің автоматты бекеттері бойынша PM2.5 орташа концентрациясы

Бір қалалық бақылау желісінің ішінде мұндай үлкен айырмашылық шамадан тыс болып саналады.

Салыстыру үшін: тәуелсіз датчиктер желісінің деректері негізінде есептеген Almaty Air Initiative жылдық есебіне сәйкес, Алматыдағы PM2.5 орташа жылдық концентрациясы 2025 жылы 31,2 мкг/м³ болды. Бұл көрсеткіш Скат 6 және 28 станцияларының мәндеріне жақын және Ұлттық ауа сапасын мониторинг желісіндегі көптеген басқа станцияның көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары.

Әсіресе Скат-3 (Алматы Арена маңында) және Скат-4 (Іле трактінің маңында) станциялары ерекше көзге түседі. Олардың орташа жылдық мәндері 1 мкг/м³ төмен (!!!).
Егер тек осы көрсеткіштерге сүйенсек, Алматыны әлемдегі ең таза қалалардың бірі деп санауға болар еді, өйткені мұндай концентрациялар көптеген алыс табиғи аймақтардағы көрсеткіштерден де төмен.

Алайда көмір пайдаланылатын, көлік ағыны жоғары және жол шаңы кең таралған ірі қала жағдайында PM2.5 жылдық мәндерінің 1 мкг/м³ мәнінен төмен болуы басқа қолжетімді деректермен салыстырғанда әдеттен тыс көрінеді және қосымша техникалық тексеруді талап етуі мүмкін. Салыстырсақ, IQAir-дың 2024–2025 жылдардағы есебіне сәйкес, тіпті әлемдегі ең экологиялық қолайлы өңірлерде де көрсеткіштер 1 мкг/м³ деңгейінен жоғары. Мысалы, Маягуэс (Пуэрто-Рико) – мұхит желдері соғып тұратын арал қаласы – орташа 1,1 мкг/м³ көрсеткішіне ие.

Жерүсті озоны (O₃) концентрацияларының динамикасы

Жерүсті озонының (O₃) динамикасы да ерекше назар аударуды талап етеді (7-сурет). Қазгидрометтің ресми есебіне сәйкес, 2025 жылы озон бойынша нормативтерден асу жағдайлары 2024 жылмен салыстырғанда 99%-ға азайған. Алғаш қарағанда бұл фотохимиялық ауа ластануы проблемасының іс жүзінде толық жойылғанын білдіретіндей көрінуі мүмкін. Алайда озонның орташа тәуліктік концентрацияларын талдау әртүрлі мониторинг станцияларындағы деректер тек деңгейлері бойынша емес, уақыттық динамикасы бойынша да айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетеді.

7-сурет. №30, №31 және AQM1 автоматты бекеттерінің деректері бойынша озонның орташа концентрациясы

HTML-графикке сілтеме

Озон – атмосферада азот оксидтері мен ұшпа органикалық қосылыстардың күн радиациясының әсерінен жүретін фотохимиялық реакциялары нәтижесінде түзілетін екінші реттік ластағыш. Сондықтан оған әдетте тұрақты маусымдық динамика тән:

  • жаз мезгілінде концентрациялар жоғары болады;
  • қыста мәндер төмендейді.

Алайда ұсынылған графикте әртүрлі станциялардағы озон динамикасы айтарлықтай өзгеше екені байқалады және кейбір бекеттерде сақтықпен түсіндіруді қажет ететін ерекшеліктер бар.

  • №30 станция – толық емес уақыттық қатар: Бұл станция бойынша озон деректерінің толықтығы шамамен 48%.

Нақтысында деректер жылдың бірінші жартысында, негізінен маусым айына дейін ғана бар. Осы кезеңдегі өлшемдердің едәуір бөлігі нөлдік деңгейде тіркелген. Жылдың екінші жартысында уақыттық қатар жоқ деуге де болады. Нәтижесінде бұл станцияда озон динамикасы негізінде әдетте жылы мезгілде байқалатын жазғы шыңдарды бағалау мүмкін емес.

  • AQM1 станциясы – әдеттен тыс маусымдық құрылым: бұл жерде мәндердің ерекше маусымдық құрылымы байқалады. Графикте жылдың бірінші жартысында озон концентрациялары салыстырмалы түрде төмен әрі тұрақты екені көрінеді, ал екінші жартысында күрт және қысқа мерзімді жоғары шыңдар пайда болып, айтарлықтай жоғары мәндерге жетеді.

Мұндай құрылым әдеттегі маусымдық динамикадан ерекшеленеді, онда концентрациялар әдетте күн радиациясы мен ауа температурасының біртіндеп өсуімен бірге өседі. Мұндай көрініс бірнеше фактормен: станция орналасуының ерекшеліктерімен, озонның прекурсорларына жататын жергілікті көздердің әсерімен, деректерді тіркеудің техникалық ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін.

  • №31 станция – жыл ішінде деңгейдің күрт өзгеруі: Графикте жылдың бірінші жартысында озон мәндері жоқ дерлік немесе нөлге жақын екені көрінеді. Алайда жылдың екінші жартысынан бастап концентрациялар күрт өсіп, айтарлықтай жоғары мәндерді көрсете бастайды.

 

Бұл мәндердің қалалық орташа көрсеткіш үшін маңыздылығы

Қала бойынша ауа сапасының көрсеткіші әдетте мониторинг станциялары желісінің орташа мәні ретінде есептеледі.

Егер кейбір станциялар қалыпсыз төмен немесе жоғары мәндерді көрсетсе, ұзақ уақыт бойы бірдей көрсеткіштерді тіркесе, толық емес уақыттық қатарларға ие болса, бұл жағдай қаланың орташа жылдық ластану бағасын едәуір бұрмалауы мүмкін.

Басқаша айтқанда, мұндай деректерді орташа есептегенде қалалық көрсеткіш шын мәнінде ең жүктелген аудандарда тіркелетін ластану деңгейінен төмен болып көрінуі мүмкін.

Жыл бойы ауа ластануының қалай өзгеретінін түсіну үшін автоматты мониторинг станциялары бойынша ластағыш заттардың орташа айлық концентрациялары талданды.

8-сурет HTML-графикке сілтеме

Көптеген ластағыш заттар бойынша маусымдық динамика болжалды көрініс береді (8-сурет): суық кезеңде концентрациялар жоғарылап, жылы айларда төмендейді. Алайда жекелеген заттар мен станциялар бойынша ауа сапасының нақты өзгеруімен емес, деректерді жинау және тіркеу ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін визуалды “үзілістер” немесе күрт өзгерістер байқалады.

Нәтижесінде кейбір заттар бойынша маусымдық графиктер тек концентрациялардың нақты динамикасын емес, сонымен қатар нақты қолжетімді өлшеулер құрылымын да көрсетеді.

Айлық графикте кейбір ластағыштар бойынша сызықтардың жыл бойы дерлік түзу күйде қалатынын байқауға болады.

Ірі қала жағдайында мұндай көрініс өте сирек кездеседі. Ластағыш заттардың концентрациялары әдетте айдан айға айтарлықтай өзгереді және бұл келесі факторларға байланысты:

  • температура мен жылыту маусымы,
  • жел режимі,
  • көлік жүктемесі,
  • атмосферадағы фотохимиялық процестер.

Сондықтан графиктердегі ұзақ уақыт бойы түзу болып қалатын бөліктер бірнеше ықтимал факторды көрсетуі мүмкін:

  • талдауыштардың ұзақ уақыт жұмыс істемеуі;
  • жаңа өлшеулер болмаған кезде бірдей мәндердің қайталануы;
  • деректерді өңдеу немесе жүктеу ерекшеліктері;
  • жекелеген станциялардағы техникалық ақаулар.

Мұндай ерекшеліктер жылдық көрсеткіштерді түсіндіру кезінде сақтықты талап етеді, себебі дұрыс емес немесе біртипті мәндері бар станциялар аз болғанның өзінде қалалық орташа көрсеткішке айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Ластағыш заттардың аудандар бойынша орташа жылдық концентрациялары

12 автоматты мониторинг станциясының деректері негізінде қала әкімшілік аудандары бойынша ластағыш заттардың орташа жылдық концентрациялары есептелді (9-сурет).

9-сурет HTML-графикке сілтеме

Қаланың кейбір аудандарында автоматты мониторинг станциялары жоқ, тек қолмен жүргізілетін бекеттерде посттарда бақылаулар жүргізіледі осы талдау аясында олардың деректері пайдаланылған жоқ. Сондықтан кеңістіктік талдау тек автоматты станциялардың деректері бар аудандар үшін ұсынылған. Көміртегі оксиді (CO) бойынша ең жоғары деңгейлер Алатау ауданында – шамамен 710 мкг/м³, Медеу ауданында – шамамен 714 мкг/м³, Бостандық ауданында және Боралдай автокөлік шаруашылығы ауданында – шамамен 537–526 мкг/м³. CO ең төмен мәндері Түрксіб ауданында тіркелген – шамамен 181 мкг/м³.

Азот диоксиді (NO₂) бойынша ең жоғары көрсеткіштер Боралдай автокөлік шаруашылығы ауданында және Жетісу ауданында байқалады – шамамен 92–94 мкг/м³, ал Алатау және Медеу аудандарында бұл көрсеткіштер айтарлықтай төмен – шамамен 17–22 мкг/м³.

Азот оксиді (NO) де айтарлықтай өзгермелі: Бурундай автокөлік шаруашылығы ауданында оның орташа жылдық мәні 120 мкг/м³ асады, Жетісу ауданында шамамен 42 мкг/м³, ал Бостандық ауданында шамамен 5 мкг/м³.

Қалқыма бөлшектер бойынша айырмашылықтар азырақ, бірақ тұрақты. PM2.5 орташа жылдық концентрациялары Алатау ауданында – 1,4 мкг/м³, Түрксіб ауданында – 17 мкг/м³, Жетісу ауданында – 32 мкг/м³. PM10 бойынша ең жоғары мәндер 39 мкг/м³, ал ең төмендері шамамен 1,5 мкг/м³.

Күкірт диоксидінің (SO₂) концентрациясы қаланың көпшілік аудандарында 5–55 мкг/м³ аралығында байқалады, ал Алатау және Жетісу аудандарында көрсеткіштер жоғарырақ.

Орташа жылдық озон (O₃) концентрациясы 3–5 мкг/м³ шамасында өзгеріп, кеңістіктік тұрғыдан салыстырмалы түрде орташа өзгергіштікті көрсетеді.

PM2.5 көрсеткіштері бойынша 2025 жылғы Қазгидромет деректері мен Almaty Air Initiative (AAI) есебі салыстырылған кезде айтарлықтай айырмашылықтар байқалады.

Станцияның орналасқан жері

Қазгидромет PM2.5 (Авт.станциялар) Almaty Air Initiative PM2.5 (AAI) Айырмашылық
Түрксіб 17,0 46,8 2,7 есе
Жетісу 32,2 37,9 салыстырмалы
Алатау 1,4 37,7 27 есе!
Бостандық 14,4 22,1 1,5 есе

Қазгидромет орташа фонның төмендеуін көрсетсе, AAI деректері ластану деңгейінің сақталғанын немесе тіпті өскенін көрсетеді (2024 жылмен салыстырғанда 30% өсім). Айырмашылықтың ықтимал себебі мониторинг желілерінің тығыздығы мен құрылымының, пайдаланылған станциялар құрамының, деректер толықтығының және көрсеткіштерді жиынтықтау әдістемесінің айырмашылығымен байланысты болуы мүмкін.

Екі дереккөз де Түрксіб ауданының жоғары жүктемелі аймаққа жататынын растайды. Алайда бағалар әртүрлі: Қазгидромет деректері бойынша 17,0 мкг/м³ AAI деректері бойынша және 46,8 мкг/м³ (AAI). Қазгидромет көрсеткіші Еуропаның бірқатар астанасындағы деңгейлермен салыстырмалы, ал AAI көрсеткіші тығыз датчиктер желісі тіркейтін жоғарырақ ластану деңгейін көрсетеді. Айырмашылығын станциялардың орналасу тығыздығымен түсіндіруге болады: ААІ желісінде өлшеу орындары көбірек және ауа айналымы жақсырақ орындармен шектелмейді.

Алатау ауданындағы үлкен айырмашылық (1,4 және 37,7 мкг/м³) мемлекеттік бекеттердегі техникалық факторлармен, мысалы талдауыштардың уақытша істен шығуымен, калибрлеу ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін. Қалалық аудан үшін 1,4 мкг/м³ көрсеткіші өте төмен және қосымша тексеруді талап етеді. Салыстырсақ, шамамен 1 мкг/м³ деңгейіндегі мәндер әдетте мұхит аралдары сияқты алыс және урбанизацияланбаған аумақтарға тән. Ал Алатау ауданында көлік, құрылыс және пешпен жылыту бар екенін ескерсек, мұндай төмен көрсеткіш ерекше болып көрінеді. Ал 37,7 мкг/м³ (AAI дерегі) күрделі рельефі бар және пешпен жылыту кең таралған ірі қалалардағы деңгейлерге сәйкес келеді.

Бұл қорытындылар комбинацияланған мониторингтің маңыздылығын көрсетеді: мемлекеттік станцияларда сертификатталған деректер берілген, қоғамдық датчиктер желісі – қала бойынша жоғары кеңістіктік қамтуды қамтамасыз етеді.

Ластағыш заттардың концентрацияларының таралуы (тәуліктік мәндер)

Оған қоса, автоматты станциялар деректері негізінде әрбір ластағыш зат бойынша орташа тәуліктік концентрациялардың таралу сипаты талданды.

10-сурет HTML-графикке сілтеме

Орташа мәндерден айырмашылығы, таралу графиктері қорытынды көрсеткіштің қалай қалыптасатынын түсінуге мүмкіндік береді: тұрақты фондық деңгей есебінен, немесе сирек, бірақ өте жоғары шектер есебінен.

Негізгі бақылаулар:

  • PM2.5 және PM10: Таралу оң жаққа қарай асимметриялы: тәуліктің көп бөлігінде концентрациялар орташа деңгейде болады, бірақ кейбір кезеңде өте жоғары мәндер байқалады. Мысалы, қыста кейбір станцияларда PM2.5 тәуліктік концентрациялары 200–250 мкг/м³ жоғары тіркелген, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарынан ондаған есе жоғары. Басқаша айтқанда, жылдың көп бөлігінде ауа “орташа” болып көрінуі мүмкін, бірақ бірнеше ондаған күн қаланың нақты экологиялық жүктемесін анықтайды.
  • Азот диоксиді (NO₂): Кеңірек аймаққа таралады және жоғары концентрациялардың айқын көрінісі бар. Бұл азот диоксиді бойынша шектен асу жағдайлары тек жеке эпизодтар түрінде емес, бірнеше күн қатарынан байқалуы мүмкін екенін білдіреді. Осындай таралымдар жекелеген аудандарда орташа жылдық мәндерінің салыстырмалы жоғары болуына себеп болады. Қалалық статистиканың қалыптасуына Боралдай автокөлік шаруашылығы ауданындағы Скат-2 станциясы айтарлықтай әсер етеді. Алғашқы деректерді талдау азот диоксиді бойынша шектен асу жағдайларының едәуір бөлігі дәл осы станцияда тіркелетінін көрсетеді. Мұндай жағдайды түсіндіру кезінде сақтық қажет, себебі бір станцияның қала статистикасын қалыптастыруға үлкен үлесі жалпы қала ауасының ластануын, әсіресе, азот қосылыстарын бағалауға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
  • Азот оксиді (NO): Кейбір станциялар бойынша көрсеткіштердің үлкен өзгергіштігі байқалады: төмен мәндері бар күндер санының артуынан бастап, кейбір кезеңдердегі айқын максимумдарға дейін. Бұл көрсеткіштің жергілікті жағдайларға және қысқа мерзімді көздерге сезімтал екенін көрсетеді. Ерекше назарды Halyk Arena ауданындағы Скат-5 станциясының уақыттық қатарына аударған жөн. 2025 жылы дәл осы станцияда азот оксидінің ең жоғары бір реттік концентрациясы тіркелген. Бұл қала үшін Стандартты индекс (СИ = 9.6) мәнін қалыптастырды. Бұл ретте жыл ішіндегі станция көрсеткіштерінің динамикасы өзіне тән ерекшелікке ие: ұзақ мерзім аралығында концентрация біршама тұрақты болып тұрады да, кейін мәндер деңгейі күрт өзгеруі және айрықша ең жоғарғы көрсеткіштердің пайда болуы байқалады.
  • Көміртегі оксиді (CO): Таралымдар кейбір станцияларда концентрациялардың жоғарылау жағына қарай ығысқанын көрсетеді, алайда тәуліктің басым бөлігі тұрақты диапазон шегінде қалады. Бұл салыстырмалы түрде тұрақты фондық деңгейдің бар екенін, бірақ кей кезеңдерде оның күшеюі байқалатынын көрсетеді.
  • Күкірт диоксиді (SO₂): Көп жағдайда таралым салыстырмалы түрде тар диапазонда шоғырланған және айқын шығарындылар байқалмайды, бұл жылдық көрсеткіштердің біршама тегістелген көрінісін қалыптастырады. Сонымен қатар уақыттық қатардың сипаты мұндай ең жоғары көрсеткіштерінің эпизодтық сипатта екенін көрсетеді: жоғары мәндердің қысқа кезеңдерінен кейін концентрациялар қайтадан төмен деңгейге оралады. Қаланың басқа станцияларының көпшілігінде SO₂ мәндері айтарлықтай төмен болып қалады және жыл бойы салыстырмалы түрде тұрақты динамиканы көрсетеді.
  • Озон (O₃): Таралымдар ықшам және айқын мәндерсіз, бұл оның жыл бойы қалыптасуының біршама біркелкі сипатын көрсетеді. Алайда бастапқы деректерді егжей-тегжейлі қарастырғанда, бірқатар станция бойынша өлшемдерде елеулі үзілістер мен уақыттық қатарлардың біркелкі еместігі байқалады. Кейбір бекеттерде нөлдік мәндердің ұзақ кезеңдері немесе толық емес уақыттық қатарлар тіркелсе, басқаларында жыл ішінде концентрация деңгейінің күрт өзгерістері байқалады. Соның нәтижесінде мұндай бөліністер атмосферадағы озонның нақты динамикасын емес, бақылау деректерінің қолжетімділігі мен толықтығының ерекшеліктерін көрсетуі мүмкін.

Таралымдарды талдау аудандар мен станциялар арасындағы айырмашылықтар тек орташа деңгейдің есебінен емес, сонымен қатар жыл бойындағы концентрациялар құрылымының ерекшеліктеріне байланысты қалыптасатынын көрсетеді.

Бірқатар зат бойынша (ең алдымен азот оксидтері мен ұсақ дисперсті бөлшектер) жылдық көрсеткіш жоғары концентрациялар байқалған күндер санына айтарлықтай тәуелді болса, басқа қоспалар бойынша жағдай анағұрлым біркелкі сипатта болады.

Метеожағдайлар

Метеорологиялық жағдайлар атмосфералық ауаның ластануын қалыптастыру мен таралуына айтарлықтай әсер етеді. Температура режимі, жауын-шашын мөлшері, жел жағдайы және ауа массалары циркуляциясының түрі атмосферада қоспалардың жиналу қарқындылығын анықтайды. Төменде Қазгидромет жылдық есептерінің деректері бойынша 2024 және 2025 жылдардағы Алматының метеорологиялық жағдайларының салыстырмалы талдауы берілген.

Жауын-шашын

2025 жылы жауын-шашын мөлшері 2024 жылмен салыстырғанда едәуір төмен болды, бұл атмосфераның табиғи жолмен тазаруына теріс әсер етеді:

  • Ақпан айы негізінен құрғақ болды.
  • 2025 жылғы сәуірде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден 2 есе аз болды (қалыпты мөлшері 112 мм болғанда 53,3 мм), ал 2024 жылғы сәуірде жауын-шашын шамамен климаттық нормаға сәйкес болды (110 мм).
  • 2025 жылғы жазда (маусым–тамыз) жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден 2–20 есе аз болды (шілдеде – 2,3 мм), ал 2024 жылғы шілденде жауын-шашын мөлшері қалыптыдан 2 есе дерлік көп болды (қалыпты мөлшері 43 мм болғанда 82 мм).
  • Жалпы алғанда, 2025 жыл жекелеген айлар бойынша 2024 жылмен салыстырғанда, әсіресе көктем-жаз мезгілінде бірнеше есе құрғақ болды.

Ауа температурасы

2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда температура көрсеткіштерінің жоғарылау үрдісі байқалды. Бұл негізгі кезеңдер бойынша деректермен расталады:

  • Сәуір: 2025 жылы температура қалыпты деңгейден 3°C жоғары болды, ал 2024 жылы ол климаттық норма шегінде болды.
  • Жазғы кезең: 2025 жылғы шілде нормадан жоғары температурамен сипатталған «өте ыстық» ай болды, ал 2024 жылғы шілдеде температура қалыпты деңгейге жақын болды. 2025 жылғы тамызда температура нормадан 1°C жоғары болды, ал 2024 жылғы тамыз айының бірінші жартысы ыстық болғанымен, екінші жартысы салыстырмалы түрде салқын болды (күндіз +21°C дейін).
  • Желтоқсан: 2025 жылғы желтоқсан айтарлықтай жылы болды – орташа айлық температура нормадан 3,6°C жоғары болды. Ал 2024 жылы бұл ай керісінше нормадан 1°C төмен болды.

Атмосфералық қысым режиміі және антициклон әсері

2025 жылдың негізгі ерекшелігі антициклондық белсенділіктің күшеюі, бұл ауа массаларының тоқырауына және смогтың жиналуына тікелей ықпал етеді.

  • 2025 жылғы ақпан: 2024 жылғы тұрақсыз ақпаннан айырмашылығы, 2025 жылы қала аумағы жиі антициклон ықпалында болды. Бұл негізінен құрғақ ауа райын қамтамасыз етті және жауын-шашын мөлшерінің 20,4 мм азаюына әкелді (2024 жылмен салыстырғанда 2,2 есе аз).
  • 2025 жылғы қараша: Жауын-шашынның жалпы аз болуы жағдайында антициклон ықпалы күшейген кезеңдер байқалды. Осы уақытта түнгі ауа температурасы −2- 7°С дейін төмендеді. Жауын-шашын мөлшері 2024 жылғы қарашамен салыстырғанда 26,4 мм аз болды.
  • Атмосфераның тұрақтылығы: 2025 жылғы маусым мен шілдеде ауа райы тұрақты болды. Антициклондық жағдай басым болғандықтан, ауа массаларының тік бағытта араласуы шектелді.

Жел режимі

Қаланың табиғи желдетілуіне әсер ететін жел белсенділігі екі жылда да негізінен төмен деңгейде болды. Дегенмен мынадай айырмашылықтар байқалды:

  • 2024 жылғы мамыр айында желдің екпіні 18 м/с дейін жеткен, ал 2025 жылғы мамырда желдің ең жоғары жылдамдығы 9 м/с аспаған (қарқындылығы 2 есе төмендеген).
  • 2025 жылғы маусым мен шілде айларында желдің ең жоғары жылдамдығы 2024 жылмен салыстырғанда сәл жоғары болды (16–17 м/с, ал 2024 жылы 6–15 м/с).
  • Қысқы және күзгі айларда (қаңтар, ақпан, қыркүйек, қазан) екі жылда да жел әлсіз болды – жылдамдығы 4–9 м/с аспады, бұл зиянды қоспалардың атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуына ықпал етеді.

Қорытынды:

2025 жыл 2024 жылмен салыстырғанда келесі ерекшеліктермен сипатталады:

  • Температуралық фонның жоғарылауы, әсіресе көктем–жаз мезгілінде және жылдың соңында.
  • Көптеген айда жауын-шашынның айтарлықтай аз болуы (әсіресе көктемде және жаздың ортасында олардың мөлшері 2–35 есеге дейін төмендеді), бұл ластағыш заттардың табиғи шайылуын әлсіретеді.
  • Жел жылдамдығының төмен деңгейде сақталуы, бұл жауын-шашынның аз болуымен бірге 2025 жылы шығарындылардың таралуына 2024 жылмен салыстырғанда анағұрлым қолайсыз жағдай қалыптастырды.

Атмосфералық ауаның негізгі ластану көздері (Алматы қаласы және Алматы облысы)

Қазгидрометтің жылдық есебінің деректеріне сәйкес, өңірдегі шығарындылар көздерінің құрылымы әлі де күрделі күйінде қалып отыр, ал көлік жүктемесі өсуді жалғастыруда.

2025 жылы өңір бойынша стационарлық шығарындылар көздерінің жалпы саны 8 974 болды, оның ішінде:

  • ұйымдастырылған көздер – 5 581 бірлік
  • тазарту құрылғыларымен жабдықталған – 1 078 бірлік

Бұл кәсіпорындардың шамамен 88%-ында шығарындыларды тазарту жүйелері жоқ екенін білдіреді. Сонымен қатар құжатта осы кәсіпорындар шығаратын ластағыш заттардың жиынтық көлеміне баға берілмеген, бұл олардың ауаның жалпы ластану деңгейіне нақты қаншалықты әсер ететінін анықтауды қиындатады.

Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасының есепте келтірілген деректеріне сәйкес, 2025 жылы Алматы қаласында жеке тұрғын үйлердің жалпы саны 151 059 болған, оның ішінде:

  • газбен жылытылатын үйлер – 149 341

Есепте тұрғын үйлердің газдандыру деңгейі 98,8% екені де көрсетілген. Алайда есепке өздігінен салынған құрылыс аймақтарындағы нысандар, уақытша құрылыстар мен жеке моншалар толық енгізілмеуі мүмкін. Мұндай нысандарда жылыту көмір немесе басқа отын түрлері арқылы жүзеге асырылуы ықтимал. Сонымен қатар талдауда Алматы агломерациясының әсері шектеулі түрде көрсетілген. Бұл аумақтардан ауа ағындары арқылы шығарындылар қаланың «қазаншұңқыр» тәрізді рельефіне тасымалдануы мүмкін.

Алматы қаласының Полиция департаментінің деректеріне сәйкес, Қазгидромет есебінде келесі мәліметтер келтірілген. 2025 жылы тіркелген автокөлік саны 643 470 бірлік, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12 745 бірлікке көп. Оның ішінде:

  • жеңіл автокөліктер – 578 022 (өткен жылмен салыстырғанда 33 955 бірлікке көп)
  • автобустар – 11 208 (2024 жылмен салыстырғанда 862 бірлікке көп)
  • жүк көліктері – 43 648 (2024 жылмен салыстырғанда 2 746 бірлікке көп)
  • арнайы техника – 1 258 (2024 жылмен салыстырғанда 89 бірлікке көп)
  • мотокөлік – 9 334 (2024 жылмен салыстырғанда 1 014 бірлікке көп)

Есепте автопарк көлемінің өткен жылмен салыстырғанда артқаны да көрсетілген — 2025 жылы 41 734 бірлікке.

Сонымен қатар азот оксиді бойынша шекті мөлшерден асу жағдайларының саны +50,2%, ал азот диоксиді бойынша +11,6% артқаны тіркелген. Сонымен бірге есепте әрбір шығарындылар көзінің жалпы ауа ластануына қосатын үлесі бағаланбаған.

Қорытындылар

Ауа мониторингінің ресми деректерін және бастапқы өлшеулерді талдау 2025 жылы Алматыдағы ауа сапасының жағдайын нақты бағалау қиын екенін көрсетеді. Ресми статистикаға сәйкес бірқатар көрсеткіштер жақсарғандай көрінеді: ауаның орташа ластану деңгейі төмендеп, атмосфералық ластану индексі «төмен деңгей» санатына өткен. Алайда уақыттық қатарларды, концентрациялар бөлінісін және мониторинг желісінің құрылымын тереңірек талдау нақты жағдай әлдеқайда күрделі екенін көрсетеді.

Біріншіден, орташа көрсеткіштер бақылау желісінің құрылымы мен деректердің толықтығына айтарлықтай тәуелді болуы мүмкін. Кейбір станцияларда ұзақ уақыт бойы бірдей немесе нөлдік мәндер тіркеледі, ал кейбір ластағыш заттар бойынша деректер толық емес уақыттық қатарлармен ұсынылған. Мұндай жағдайда қалалық көрсеткіш ауа сапасының нақты жақсаруы нәтижесінде ғана емес, өлшеу ерекшеліктерінің әсерінен де төмендеуі мүмкін. Басқаша айтқанда, статистикада қала шынайы жағдайға қарағанда тезірек «тазарып» жатқандай көрінуі мүмкін.

Екіншіден, ластану құрылымы өзгерген. Бірқатар көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан, азот диоксиді бойынша асулар саны әлі де өте жоғары, бұл көліктің әсері күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге асулардың едәуір бөлігі қаланың әкімшілік шекарасынан тыс орналасқан Скат-2 мониторинг станциясында тіркеледі. Бұл қалалық қорытынды бағалау нақты қалай қалыптасатыны туралы мәселені қосымша көтереді.

Үшіншіден, 2025 жылғы метеорологиялық жағдайлардың өзі ластағыш заттардың таралуы үшін қолайсыз болды. Жоғары температура, жауын-шашын тапшылығы, жиі антициклондар және әлсіз жел жағдайында ластағыш заттар атмосфераның жерге жақын қабатында ұзақ уақыт сақталады.

Сонымен қатар, қоғамдық талқылауда жиі назардан тыс қалатын тағы бір маңызды қыр бар. Ластанудың жоғары деңгейін тіркеу және, атап айтқанда, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) режимін енгізу туралы шешімдер тек нормативтерге ғана емес, сонымен бірге нақты мониторинг деректеріне де сүйенеді. Егер бақылау жүйесінде олқылықтар болса, ол техникалық ерекшеліктерге тым сезімтал болса немесе концентрациялардың кейбір ауытқуларын тіркемесе, бұл жекелеген ластану эпизодтарының ресми көрініске мүлде енбей қалуына әкелуі мүмкін. Соның салдарынан дашбордтарда қала көшедегі нақты сезілетін жағдайға қарағанда «әлдеқайда қолайлы» болып көрінуі ықтимал.

Бұл міндетті түрде нормативтердің өзінде мәселе бар дегенді білдірмейді. Керісінше, бағалаудың дәлдігі өлшеулердің сапасы мен толықтығына тікелей тәуелді екенін көрсетеді.

Негізгі қорытынды мынадай: орташа көрсеткіштер жағдай жақсарғандай әсер қалдыруы мүмкін, алайда олар қаланың нақты экологиялық жүктемесін әрдайым толық көрсете бермейді. Ауаның сапасын объективті бағалау үшін тек қорытынды сандар емес, олардың қалай қалыптасатыны да маңызды: есептеулерге қандай станциялар қатысатыны, деректердің қаншалықты толық екені және орташа мәндерден тыс қалып қоятын ластану эпизодтары ескеріле ме – осының бәрі елеулі рөл атқарады.

Осы тұрғыда мониторинг жүйесінің өзін дамыту – деректердің толықтығын арттыру, өлшеулердің салыстырмалылығын қамтамасыз ету және әдістемелердің ашықтығын күшейту – нормативтерді талқылаудан кем емес маңызды міндетке айналады. Қаланың өз ауасын қаншалықты дәл «көретіні» дәл осыған байланысты.

31 наурыз 2026
Денсаулық Мемлекет