Жұлдыз Сәулебекова
Almaty Air Initiative атқарушы директоры
Менен IT саласындағы және жобаларды масштабтаудағы тәжірибем Almaty Air Initiative-ке қалай пайдасы тиіп жатқаны туралы жиі сұрайды.
Мен экология маманы емеспін және бұл салаға азаматтық белсенділіктің классикалық форматы – наразылық пен көшедегі акциялар арқылы келген жоқпын. Мен үшін ауа мәселесі экологиялық романтизм емес, ол – жүйе, стратегия, шешім қабылдау жылдамдығы, деректермен жұмыс істеу және қалыптасқан шеңберден шыға білу қажет болатын практикалық басқарушылық жұмыс. Ал бұл – мен жақсы істей алатын нәрсе.
Менің бастапқы кезеңдегі IT жобаларды басқаруда және оны масштабтауда үлкен тәжірибем бар. Мен нәтиже, икемділік және жылдамдыққа басымдық беретін стартап ортада өстім. Бір кезде коммерциялық емес ұйымдардың үйреншікті жұмыс моделі өзгеруге тиіс әрі өзгеруі мүмкін екені анық болды. Гипотезаларды тестілеуден бастап, деректермен жұмыс істеу мен масштабтауға дейінгі стартаптар мен IT қағидалары бұл жерде де орынды.
Бизнестегідей мұнда да барлық стейкхолдермен, әсіресе мемлекетпен, өнімді қарым-қатынас орнату, уақыт бірлігіне шаққандағы шешімдер мен әрекеттер санын арттыру және тез бейімделуге дайын болған маңызды.
Таза ауаның да product–market fit-і болуы керек
Ешқандай өнім сұраныссыз өмір сүрмейді. Дегенмен таза ауа жағдайында парадокс бар: таза ауаға сұраныс өте жоғары, бірақ ол ұзақ уақыт бойы бытыраңқы түрде айтылып келді және цифрландырылмады. Демек advocacy-ге айналмады және жүйелі өзгерістерді іске қоспады.
Сондықтан біз «таза ауаға сұранысты» өлшейік деп шештік. Біз Алматының мың тұрғынынан ауа сапасы, олардың алаңдауы, қауіпті қабылдауы және лас ауаның өмірлік шешімдерге әсері туралы сұрап, алғашқы ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргіздік.
Біз осы зерттеудің аясында қоғамдық сұранысты цифрландырдық. Хабардар болу деңгейін, негізгі алаңдаушылықты және бүгінде БАҚ-та жиі айтылатын – лас ауаға байланысты қаладан көшуді ойлайтын тұрғындардың үлесін (қазір әр төртінші тұрғын ауа сапасы нашар болғанына байланысты көшу мүмкіндігін қарастырады) анықтадық.
Мен үшін бұл түбегейлі өзгеріс болды. Осылайша біз бастапқы нүктені түсіндік. Біз қандай әлеуметтік және кәсіби топтардағы адамдардың, қандай себептермен ауаны аса маңызды мәселе ретінде қабылдайтынын және әр топпен қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндік.
Біздің жағдайда дәл осы нәрсе – product–market fit. Осы сәттен бастап таза ауа туралы әңгіме идеологиялық сипаттан шығып, өмір сапасы, қаланың бәсекеге қабілеті және адами капиталды ұстап қалу туралы әңгімеге айналады.
Деректер – менің Proof of Concept-ім
Біз сауалнама арқылы тұрғындардың елеулі бөлігі ауа сапасы туралы ашық әрі түсінікті деректерге мұқтаж деген гипотезаны растадық.
Оған қоса нақты жағдайды түсініп, зерттеу жүргізу үшін мұндай бастапқы деректер бізге де қажет болды. Технологиялық компанияларда әрдайым деректермен дәлелденген шешімдер жеңеді.

Ауа сапасын бақылайтын датчиктер орнату жобасының тұсаукесерінде:
Нұрлан Смағұлов, Жұлдыз Сәулебекова, Арсен Томский, Қайрат Ахметов.
Сондықтан даулардан нақты жағдайды түсінуге көшу үшін Азиядағы ең ірі тәуелсіз мониторинг жүйесін құру және ашық дашборд әзірлеу, сонымен қатар шығарындылардың тәуелсіз моделін жасау маңызды қадам болды.
Алматыдағы лас ауа көздері мен ауа сапасын жақсартудың ықтимал шешімдері сарапшылар арасында әлі де пікірталас тақырыбы болып отыр. Ал ресми деректер кәсіби қауымдастықтың бір бөлігінде күмән тудырады. Әлі күнге дейін консенсус жоқ.
Мен үшін бұл басқарушылықтағы қатеге ұқсайды: дұрыс диагностикасыз және жағдайға адал көзқарассыз талқылаудан шешімдерге көшу мүмкін емес. Сонымен қатар ауа тақырыбы көбіне саясаттандырылғанын ескерген маңызды.
«Сиқырлы таяқша» іздеудің орнына кешенді тәсіл
Тағы бір жүйелі қате – бір әмбебап шешім іздеу. Біреулер ауаны тазартатын ғажайып құрылғы іздесе, енді бірі, соның ішінде мемлекеттік органдар да, ластану көздерінің кейбірі туралы тым егжей-тегжейлі айтпауды жөн көреді және бірреттік, әсерлі шараларға басымдық береді. Мен мұны кінәліні немесе «сиқырлы таяқшаны» іздеп сенделу деп атаймын.
Халықаралық тәжірибе мұның неге әкелетінін анық көрсетеді. Мысалы, Үндістанда түрлі кезеңдерде таза ауа үшін күрес нүктелік әрі символикалық шараларға – көшедегі тандырларға назар аударуға немесе жолдарға су шашатын құрылғылар орнатуға дейін қысқарды. Бұл қадамдар көзге көрінетін, қоғамға оңай түсіндірілетін және белсенді әрекет әсерін тудыратын. Алайда жүйелі ластану көздері стратегиялық назардан тыс қалып отырды.

AAI дашбордының таныстырылымында.
Мәселе мұндай шаралардың «дұрыс емес» болуында емес. Мәселе олардың жүйелі жұмыстың орнын басып, прогресс иллюзиясын жасауында.
Бұған қарама-қарсы мысал – Қытай. Белгілі бір кезеңде олар кез келген менеджерге жақсы таныс жолды таңдады: нәтижесінің 80%-ын беретін 20% факторды анықтап, дәл солармен жүйелі түрде жұмыс істеді.
Деректер мен модельдеу негізінде ауа сапасына ең көп әсер ететін үш негізгі көз анықталды: жеке сектор/тұрмыста отын жағу, өнеркәсіп/энергетика, көлік.
Символикалық шаралардың орнына кешенді стратегия құрылды: көмір жағуды шектеу және жер үйлерге балама ұсыну, өнеркәсіп пен ЖЭО-ларды қатаң жаңғырту, көлікті ауқымды түрде электрлендіру. Бұл шешімдер қымбат болды, әрдайым танымал бола бермеді, бірақ ең үлкен нәтижені берді.
Бұл – дұрыс басқарушылық тәсілдің мысалы. Әуелі диагностика, басымдықтарды анықтап алу, содан кейін жүйелі іске асыру.
AIR–TARGET
Басынан бастап қор немен айналысуы керек екені туралы көп ойландым. Өйткені істеп көруге болатын 1001 нәрсе бар. Бірақ бізге басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған база қажет екенін, ал фокус масштаб пен әрекеттердің тиімділігінде болуға тиіс екенін түсіндім.
Осылайша мен AIR–TARGET деп атайтын фреймворк пайда болды. Ол дамыту және жеделдету қажет үш негізгі процеске (AIR) және осы процестерді ауқымдау үшін қолданатын алты құралға (TARGET) негізделген.
A – Awareness (Хабардар болу)
Тұрғындардың ауа сапасының денсаулыққа әсері және әр адамның өз шығарындысын қалай азайта алатыны туралы хабардарлығын арттырамыз. Хабардар адамдар өзін қорғайды, мінез-құлқын өзгертеді және экологиялық реформаларға қоғамдық сұраныс қалыптастырады. Онсыз саяси ерік те, өзгерістерді жаппай қолдау да пайда болмайды.
I – Infrastructure Changes (Инфрақұрылымдық өзгерістер)
Біз ауаның ластануын шын мәнінде азайтатын инфрақұрылымдық шешімдерді ілгерілетеміз және қолдаймыз. Олардың қатарында ЖЭО-ларды жаңғырту, сүзгілер енгізу және энергияның таза түрлеріне көшу, үй шаруашылықтарын газдандыру, құрылыс пен жылыту саласындағы реформалар, қоғамдық көлік жүйесін дамыту, электробустар паркін кеңейту, электрмобильдерге көшуге ынталандыру, қаладағы экологиялық емес көліктер санын азайту бар. Инфрақұрылым өзгермейінше ауа сапасын тұрақты жақсарту мүмкін емес.
R – Regulation (Реттеу)
Тұрақты экологиялық өзгерістер мемлекеттік саясатсыз мүмкін емес. Біз жаңа стандарттарды, заңнама нормаларын және көліктен бастап жеке жылыту мен өнеркәсіпке дейінгі әр сектордағы шығарындыны азайтуға бағытталған бақылау тетіктерін енгізуді қолдап қана қоймай, әлемдегі үздік тәжірибелерді белсенді түрде зерттеп, ұсынамыз. Бұл decision-maker-лер үшін әлемдік деңгейдегі тегін консалтинг іспетті. Біздің міндетіміз – мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы диалогты күшейту және жүйелі шешімдерге жету.
Егер қандай да бір жоба AIR сүзгісінен өтпесе, ол қоғамдық күн тәртібіне жақсы сай келсе де, біз онымен айналыспаймыз. Мен үшін дәл осындай тәсіл реактивті немесе символикалық шаралардан айырмашылығы бар жүйелі тәсіл болып саналады.
Кейде бізге түрлі адамдар келіп, стартапты, кітап шығаруды немесе тіпті шетелдік сапарды қаржыландыруды сұрайды. Біз демеушілердің ақшасын осылай мақсатсыз шаша алмаймыз. Егер стартап жақсы өнім ұсынса, демек, тіпті бұл өнім жасыл технология саласында болса да, оған венчурлық инвесторларды іздеу керек.
Бізден нақты өнімдерді реттеу деңгейінде лоббилеуді талап еткен жағдайлар да болды. Мұндай тәсіл жобаның мақсаттарына және адал бәсеке қағидаларына қайшы келеді, сондықтан біз мұндай қызметпен айналыспаймыз.

MyCar қосымшасындағы ауа сапасының деректері.
Фреймворктің екінші бөлігі TARGET деп аталады. Бұл – біздің мақсаттарымызға жетуге көмектесетін құралдар жиынтығы.
T – Technology (Технология)
Технологиялар – біздің арсеналдағы негізгі құралдардың бірі. Олар өзгерістерді қайта қолдануға мүмкіндік береді. Бір рет тиімділігі дәлелденген шешімді басқа аудандарға, қалаларға және елдерге ауқымдауға болады. Бұл жергілікті бастамаларды жүйелі өзгерістер архитектурасына айналдырады. Біз деректер, датчиктер, AI және модельдеу тоғысындағы шешімдерді іздейміз. Олар ластануды дәл диагностикалауға, көздерін анықтауға және болжамдарға емес, фактілерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
A – Art (Өнер)
Өнер көрінбейтінді көрінетін етеді. Мәдени жобалар, визуалды образдар және креативті форматтар арқылы біз смог тақырыбын абстрактілі графиктерден эмоциялар мен қоғамдық назар кеңістігіне шығарамыз. Бұл – мәселе фондағы құбылыс болудан қалып, талқылана бастайтын кіру нүктесі. Өнер идеялардың тез таралуына және оның сарапшылар шеңберінен шығуына көмектеседі.
R – Research (Зерттеу)
Шешімдер түсінуден басталады. Біз ластану көздері бойынша оларды терең талдаудан бастап, сауалнамаларға дейін қолданбалы зерттеулер жүргіземіз. Зерттеулер жорамалдарды дерекпен алмастыруға және дұрыс басымдықтарды белгілеуге мүмкіндік береді.
G – Governance (Мемлекеттік реттеу)
Ережелер өзгермейінше тұрақты нәтиже болмайды. Біз мемлекеттік органдармен декларацияға емес, деректерге, халықаралық тәжірибеге және практикалық іске сүйене отырып нормативтік базаны реформалау бойынша жұмыс істейміз.
E – Education (Білім беру)
Білім беру хабардар болуды саналы мінез-құлыққа айналдырады және жүйелі өзгерістерге ұзақ мерзімді қоғамдық қолдау қалыптастырады.
T – Trends & Media (Трендтер және медиа)
Қоғамдық өзгерістер ақпараттық кеңістіктен басталады. Медиа мен трендтер деректердің, идеялар мен шешімдердің тез таралуына және ауа сапасы тақырыбының қоғамдық күн тәртібінде эпизод түрінде емес, тұрақты түрде сақталуына мүмкіндік береді.

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесуде.
Команда – негізгі актив
Технологиялық стартаптарда қарапайым ереже бар: стратегияны түзетуге, өнімді қайта құрастыруға, гипотезаларды қайта тексеруге болады. Ал әлсіз команданы тез «жөндеу» мүмкін емес, оны басынан бастап қалыптастыру керек.
Мен Almaty Air Initiative-ті дәл осы логикамен құрдым. Біз адамдарды «экология үшін» таңдамаймыз. Біз күрделі міндеттермен, белгісіздікпен және ауқыммен жұмыс істей алатын мықты, белсенді команданы қалыптастырамыз. Ең бастысы – әрқайсымызда әлемге әсер етіп, оны жақсартуға деген шынайы ниет бар.
Ерте кезеңдегі стартаптардағыдай біз үшін кәсіби дағдылар ғана емес, ойлау тәсілі де маңызды. Біз:
- сезімге емес, деректерге сүйенетін
- ыңғайсыз сұрақтар қоя алатын
- гипотезаларды сынауға және шешімдерді қайта құруға дайын
- қала өміріне нақты әсер ететін нәрсемен жұмыс істейтінін түсінетін адамдарды іздейміз.
Негізінде, Almaty Air Initiative – деректер, технология, зерттеу, креатив, коммуникация және public policy тоғысындағы пәнаралық команда. Аналитиктер, инженерлер мен стратегтер бір жүйеде жұмыс істеп, процесс үшін емес, нәтиже үшін жауап беретін ерте кезеңдегі өнімдік командаға өте ұқсас.
Мәдениетке де ерекше көңіл бөлемін.
Мен үшін нәтижеге бағдарлану, кәсіби этика, тәуелсіздік және ұзақ қашықтықта жұмыс істеуге дайындық принципті түрде маңызды. Ауа тақырыбында жеңіске тез жетпейсің, мұнда төзімділік пен жүйелілік маңызды.

«Мстительдер» премьерасында команданың бір бөлігімен бірге.
IT саласындағыдай, команда – импактінің басты мультипликаторы. Егер біз қалада тұрақты өзгерістер болғанын қаласақ, бұл өзгерістерді жобалап, нәтижеге дейін жеткізе алатын адамдардан бастауымыз керек.
Қорытынды орнына
Менің экологияға қатысы жоқ өткенім мен технологиялық бэкграундым ауа тақырыбына жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, кімнің қандай жолмен экологияға келгені маңызды емес. Әлдеқайда маңыздысы – денсаулық пен балаларымыздың болашағын қорғауға арналған жұмыс істейтін шешімдерді табу.
Мен IT-менеджер болуды тоқтатқан жоқпын. Мен жай ғана масштабтау объектісін ауыстырдым: бизнес орнына – импакт. Деректер, технология, команда, шешім қабылдау жылдамдығы және басым тұстарды анықтау сияқты құралдар сол күйінде қалды.
Тек нәтиже метрикасы өзгереді.
Біздің жобаның жаһандық жетістігі сақталған өмірлермен, өмір сапасымен, ал экономикалық тұрғыдан қаланың инвестициялық және туристік тартымдылығының артуымен, ұзақ мерзімді шығындардың азаюымен, таланттарды ұстап қалумен және Алматыны инновациялар орталығына айналдырумен өлшенуі мүмкін.
Меніңше, бұл көзқарасты сөзден іске көшірудің уақыты келді.
Экологияны тар ауқымды тақырып емес, дәл бір кезде математика мен инженерияда болғандай, күшті ақыл мен амбицияларды тартатын кеңістікке айналдыру керек. IT гүлденгенге дейін бұл мамандықтар «сәнді емес» саналатын, ал бүгінде дәл солар болашақ траекториясын анықтайды.

Digital Bridge 2025 форумында.
Мен IT, AI, GIS-технологиялар, экология, урбанистика және public policy тоғысындағы жаңа буын мамандарының өскенін қалаймын. Мұндай адамдар әзірге сирек, бірақ қалалардағы ертеңгі өмір сапасын дәл солар қалыптастырады. Сондықтан біз жас мамандарды нақты қалалық міндеттерді – деректермен, технологиялармен және өлшенетін нәтижемен шешуге шақыратын хакатондар мен басқа да білім беру бастамаларын іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Күрделі мәселеге технологиялардағыдай логика – жылдамдық, ауқымдау, шешімдерді тестілеу және нәтиже үшін жауапкершілік қолданылғанда, сапалы өзгерістер бола бастайды.
Технология әлемінде мұны hyper-growth деп атайды. Almaty Air Initiative-те біз мұны hyper-impact деп атаймыз.