Алматыда төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізуге қатысты халықтың көзқарасын зерттеу

Алматыда төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізуге қатысты халықтың көзқарасын зерттеу нәтижелері.

Кіріспе

Бұл зерттеу Алматы тұрғындарының төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізу ықтималдығына қатысты пікірі мен көзқарасын зерделеу мақсатында жүргізілді. Қаладағы ауа ластануы артып келе жатқандықтан қоғамдық пікірді және тұрғындардың хабардарлық деңгейін түсіну тиімді әрі қоғам қабылдайтын экологиялық шешімдерді әзірлеу үшін аса маңызды.

Зерттеу аясында алты фокус-топ ұйымдастырылды. Оларға әртүрлі мақсатты аудитория өкілдері қатысты: автокөлік жүргізушілері, такси жүргізушілері және жаяу жүргіншілер. Қатысушылар жасы, кәсібі, өмір салты және көлікті пайдалану сипаты бойынша әртүрлі болғандықтан әртүрлі көзқарастар мен тәжірибені қамтуға мүмкіндік берді.

Талқылау барысында мына мәселелерге ерекше назар аударылды:

  •     қаланың экологиялық проблемаларына және ластану көздеріне қатысты пікірлер;
  •     ауа сапасына жеке жауапкершілікке көзқарас;
  •     LEZ тұжырымдамасы туралы хабардарлық және бағдарламаны қабылдау;
  •     экологиялық бастамалар мен билік органдарына деген сенім деңгейі;
  •     LEZ бойынша коммуникацияға деген қажеттіліктер мен болжамдар;
  •     мұндай бағдарламаларды қабылдаудағы кедергілер мен шарттар.

Есеп әр мақсатты топ бойынша негізгі байқауларды көрсететіндей құрылымдалған, сондай-ақ ортақ үрдістер, кедергілер және ұсыныстар бөлініп көрсетілген. Қорытынды бөлімде тиімді коммуникациялық стратегия әзірлеу және LEZ-ді Алматының әлеуметтік контекстіне бейімдеу бойынша іс жүзіндегі тұжырымдар берілген.

Бұл есеп тұрғындар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық әрі сенімді диалогты дамытуға, сондай-ақ қала тұрғындарының мүдделері мен шынайы жағдайларына сай келетін экологиялық саясатты қолдауға бағытталған.

Мақсатты аудиторияның бетбейнесі

Автокөлік жүргізушілері

Зерттеуге 25 пен 55 жас аралығындағы автокөлік жүргізетін ерлер мен әйелдер тең дәрежеде қатысты. Мақсатты аудитория құрамында жас мамандар, қаржы, сату, құрылыс және логистика салаларындағы кәсіпкерлер сияқты өз топтарының өкілдері болды. Фокус-топ қатысушыларының барлығы дерлік белсенді өмір салтын ұстанады: бірі тұрақты жұмыс істеп, бала тәрбиесімен айналысса, енді бірі қызметтік сапарларда жүреді.

Қатысушыларымыз 1995 жылдан 2024 жылға дейін шығарылған, негізінен бюджеттік әрі практикалық үлгідегі автокөліктердің иелері. Автокөлік жүргізушілері негізінен қолданыста болған автокөліктерді таңдауға бейім, оның негізгі себебі — қолжетімді баға.

Көлік түрлері: кроссоверлер, хэтчбэктер, жол талғамайтын көліктер, минивэндер.

Автокөлік үлгілері: Kia, Toyota, Hyundai, Nissan, Mitsubishi (Pajero), Volkswagen, Audi.

Отын түрі: көпшілігі бензин пайдаланады (көбіне АИ-92, кейде АИ-95), дизельді көліктер де бар, сондай-ақ бірнеше гибрид пен электромобиль иелері кездеседі.

Респонденттердің көпшілігі үшін автокөлік — жай қозғалыс құралы емес, күнделікті логистикадағы қажетті құрал. Әсіресе жұмыс, отбасы және жеке істерді қатар алып жүру кезінде бұл аса маңызды.

Әсіресе бұл балалы әйелдер үшін өзекті: олар балаларын мектепке, үйірмелерге, балабақшаға апарады, сауда жасайды, арба және басқа да заттарды тасымалдайды.

Сонымен қатар Алматының таулы немесе шалғай аудандарында тұратындар үшін автокөлік — көбіне қолайлы әрі кей жағдайда қолда бар жалғыз қозғалыс құралы. Мұндай аймақтарда қоғамдық көлік инфрақұрылымының шектеулі болуы автобустар мен метрополитенді пайдалануды қиындатады немесе мүлде мүмкін емес етеді.

Автокөлікті пайдаланудың негізгі критерийлері:

✔ қоғамдық көлік кестесіне тәуелсіздік;
✔ сапарлы жұмыс кезінде уақыт үнемдеу;
✔ отбасылық және тұрмыстық міндеттерге қолайлылық;
✔ ыстықта немесе суықта жеке жайлылық;
✔ маршрут пен жағдайды бақылау мүмкіндігі.

Автокөліктің қоршаған ортаға зияны:

Жүргізушілер автокөлікті пайдалануды оңтайландыруға тырысады және экологиялық жауапкершілікті көбіне «бақылауға келмейтін» көздерге аударады (мысалы, ЖЭО, тығыз құрылыс және т.б.). Автокөліктердің әсерін мойындайды, бірақ өз көлігін ластаушылар қатарына жатқызбайды.

Белсенді автокөлік пайдаланушылардың тек аз бөлігі негізгі мәселе ретінде экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндіктен Алматы қалаындағы ауа сапасы мәселесін ушықтыратын ескі автокөліктердің көптігін атап өтті.

Қоғамдық көлікке көзқарас

Қоғамдық көлік көбіне қолайсыз балама ретінде қарастырылады және сирек пайдаланылады. Бас тартудың негізгі себептері: қажетті бағыттардың болмауы (әсіресе қаланың таулы бөлігінде); толы болуы; ыстық, ауа жетіспеуі; автобустарда кондиционердің болмауы; тұрақсыз қозғалыс кестесі; физикалық жайсыздық, жүрек айну; балаларды тасу, жүк алып жүру сияқты міндеттермен үйлестіру мүмкін еместігі; жүргізушілердің дөрекі немесе құрметсіз қарым-қатынасы (тоқтамай өтіп кетуі, дөрекі сөз айтуы, т.б.)

Қоғамдық көлікті пайдалануым мүмкін дейтіндердің өзі де қалалық сервис қажетті ыңғайлылық пен қолжетімділік деңгейіне әлі жетпейді деп санайды.

Метро едәуір жағымды қабылданады, алайда бағыттарының шектеулі болғандықтан, көпшілік оны қозғалысқа ыңғайсыз деп санайды.

Демек, Алматының автокөлік жүргізушілері — жауапкершілігі жоғары, бос уақыты аз, уақыт пен кеңістікті бақылап отыратын адамдар. Олардың мінез-құлқы нақты міндеттер мен логистикалық шектеулерге негізделген. Олар үшін жүйелі әрі қолайлы балама (қауіпсіз, ыңғайлы, қамтуы кең көлік жүйесі) болмаса, автокөліктен бас тарту мүмкін емес.

Такси жүргізушілері

Біздің фокус-топтарымыздың талқылауларына такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін ерлер мен әйелдер, оның ішінде жүктілік демалысындағы аналар, жеке кәсіпкерлер және осы салада ұзақ уақыт жұмыс істейтін жүргізушілер қатысты.

Қатысушылардың жасы 26–55 жас аралығында.

Оның үстіне көпшілік үшін такси жүргізу — уақытша жұмыс емес, негізгі табыс көзі.

Олардың бос уақыты шектеулі, олар уақытын отбасына, балаларна, я болмаса қысқа демалысқа, спортқа немесе табиғатта серуендеуге арнайды.

Көлік иелену форматы әртүрлі:

✔ бір бөлігі жеке автокөлікті пайдаланады (оның ішінде несиеге алынған);
✔ басқалары жалға алынған көлікпен жұмыс істейді.

Көліктердің шығарылған жылы: 2005–2025.

Негізгі маркалар: Kia, Hyundai, Toyota, Chevrolet, BYD, Lada, Chery.

Жанармай: негізінен АИ-92, сирек АИ-95; бір қатысушы 2025 жылғы BYD электромобилін пайдаланады.

Жұмысқа арналған автокөлікті таңдаудың негізгі критерийлері:

✔ үнемділік пен сенімділік (қытай автокөліктері мен электромобильдер нарығына сенімсіздік бар);
✔ қолжетімді баға, әсіресе қолданыста болған автокөліктерді сатып алу кезінде (жаңа мен қолданыстағы көлік арасындағы таңдауға әсер ететін негізгі фактор – бюджет);
✔ дизайн, жайлылық және қызмет көрсету деңгейі – әсіресе жаңа автокөлік таңдап, бизнес-сегментпен жұмыс істейтіндер үшін;
✔ автомеханиктер мен достардың кеңесі, әсіресе тәжірибесі аз жүргізушілер үшін.

Автокөліктің қоршаған ортаға зияны:

Такси қызметінің экологиялық әсері және жеке автокөліктің Алматы экологиясына ықпалы туралы мәселе алғаш айтылғанда қарсылық тудырып, көпшілік қабылдағысы келмеді. Яғни, бір жағынан, такси жүргізушілері қаладағы көліктердің шамадан тыс көптігін және ауаның ластануын мәселе ретінде көргенімен бұл мәселені өздеріне қатысты деп қабылдағылары келмейді.

Көпшілігі автокөлік шығарындыларының зияны мен олардың ауа сапасына әсері туралы терең ойланбайды, оны өз пікірінше ауқымдырақ мәселелермен – ЖЭО, жеке сектор, қалаға келушілермен байланыстырады.

Кейбірі мәселені мойындағанымен такси қызметін: «Бұл – күн көру тәсілі», «Осылай табыс таппасам, басқа жол жоқ», деп  мәжбүрлі қажеттілік ретінде қарастырады.

Жаяу жүргіншілер

Мақсатты топ жасы – 25 пен 53 жас аралығы. Әдетте бұл – белсенді, саналы қалалықтар, олар жаяу жүруді мәжбүрлі шара емес, өмірге тұтас көзқарасына негізделген жеке таңдау ретінде қабылдайды.

Кәсіби тұрғыдан аудитория алуан түрлі: тіл курстарының менеджерлері, IT саласының мамандары, оқытушылар, сән индустриясы қызметкерлері, музыканттар, кіші ғылыми қызметкерлер, қойма қызметкерлері, шығармашылық мамандар және қызмет көрсету саласының өкілдері бар. Оларды біріктіретін ортақ сипат – ұқсас өмір салты: көпшілігі тұрақты түрде жаттығу жасайды, серуендеуді, жүгіруді, тауға шығуды ұнатады, аспаздыққа, өнерге, спортқа қызығады және бос уақытын таза ауада өткізуді қалайды. Осы тұрғыда жаяу қозғалу олардың құндылықтары мен өмір ырғағының табиғи жалғасы ретінде көрінеді.

Сонымен қатар қажет болған жағдайда олар әртүрлі көлікті белсенді түрде аралас пайдаланады: автобус, метро, такси және самокат. Қоғамдық көлік алыс қашықтықтарға немесе уақыт шектеулі болған жағдайда пайдаланылатын құрал ретінде қарастырылады. Метро көбірек жағымды бағаланады – ол ыңғайлы, жылдам және жазда салқындау. Автобустар, керісінше, лық толы, ауа жетіспейі, кондиционер жоқ және жалпы іші жайсыз деп қабылданады. Көпшілігі автобусты тек шұғыл жағдайда – қатты кешіккенде немесе басқа бағыт болмаған кезде пайдаланамыз дейді. Кей жағдайда жаяу жүргіншілер қысқа қашықтыққа тез жету үшін самокатты таңдайды, әсіресе дүкенге, базарға немесе жақын маңдағы істерге бару қажет болғанда.

Қатысушылардың көбінің пікірінше қоғамдық көлік жайлырақ, заманауи және қаланың көбірек ауданын қамтитын болса, оны жиі пайдалануға болады. Әсіресе жаңа және шалғай тұрғын аудандарда метроның жетіспеушілігі жиі аталады.

Осылайша, Алматының жаяу жүргіншілері – басқа баламалардан айырылған маргиналды топ емес, құндылықтары айқын, жаяу жүруді саналы әрі өздеріне пайдалы формат ретінде таңдаған қалалықтар. Олар балама көліктерді пайдалануға дайын, дегенмен, бірақ қалалық ортадан функционалдылықты, экологиялық тазалықты және жайлылықты талап етеді.

Экологиялық мәселеге деген көзқарас

Қатысушылардың барлығы дерлік (аудитория түріне қарамастан) автокөлік экологияға әсер ететінін және Алматыдағы ауаның негізгі ластану көздерінің бірі екенін мойындайды. Бұл пікір визуалды бақылауларға (смог, түтін, шығарындылар) және физикалық сезімдерге (аллергияның күшеюі, тыныс алудың ауырлауы, көшедегі иіс, шаршағыштық, бронхиалды симптомдар, жиі суық тию) негізделген.

Дейтұрғанмен, мақсатты аудиторияда, яғни автокөлік иелері мен такси жүргізушілерінде жеке жауапкершілік сезімі айқын байқалмайды. Адамдар көбіне ескі автобустар, жүк көліктері, маршруттар, ЖЭО, құрылыс және т.с.с. “басқа” мәселелерді алға тартады.

Барлық қатысушылар – күйіне және өмір салтына қарамастан – Алматы ауасының ластанғанын және бұл күрделі мәселе екенін мойындайды. Бұл пікір көбіне БАҚ ықпалынан емес, жеке бақылаулардан (тауға шығып қаланы биіктен көру) және денсаулық жағдайынан қалыптасады.

Мәселе мойындалғанымен, алаңдаушылық деңгейі мен өзгеріске дайындық топтар арасында әртүрлі.

Бұл ретте ең сезімтал топ, автокөліктердің жаһандық проблема екенін айқынырақ түсінетін – жаяу жүргіншілер. Келесі орында мәселені түсінгенімен, бірақ жеке жайлылықтан бас тартуға бәрі бірдей дайын емес автокөлік иелері. Ал такси жүргізушілері бәріне тым сыни көзбен қарап, мәселені көбірек жоққа шығаратын топ. Олар өз көлігінің ластанумен байланысын ішінара мойындағанымен, экологиялық дискурс жеке жауапкершілік тудырмайды.

Ауаның ластану көздерін нақтылау

Мақсатты аудитория санаты қандай екеніне қарамастан, зерттеу қатысушыларының барлығы дерлік Алматыда ауаның ластануына әсер ететін бірнеше негізгі фактор бар деп санайды. Ең жиі аталғандары:

✔ автокөлік (әсіресе ескі, дизельді, маршруттар, автобустар, жүк көліктері);
✔ тығыз құрылыс, ағаштардың кесілуі, желді бөгейтін биік ғимараттар;
✔ өнеркәсіптік нысандар (ЖЭО, кейде зауыттар);
✔ пешпен жылытылатын жеке сектор (көмір, отын);
✔ ауа райы мен қала рельефі – «бәрі қазанның ішінде қалады»;
✔ ағаштардың кесілуі (оттегінің азаюы);
✔ қалдықтарды жою мәселесі.

Дейтұрғанмен, қатысушылардың барлығы дерлік экологиялық мәселені шешуде мемлекет тарапынан кешенді тәсіл қажет деп санайды. Олардың пікірінше, тек автокөлікті шектеу сияқты біржақты шара ауаның сапасын жақсартпайды. Билік «өзінен бастауы» тиіс, ретсіз құрылысқа рұқсат беруді тоқтату керек, ЖЭО-ны газға көшіруге субсидия бөлу (уәде етілген, бірақ орындалмаған), университеттерді қала сыртына көшіру, – қала сыртында жұмыс орындарын ашу (келушілер ағынын азайту), ауа сапасын жақсартуға арналған ғылыми жобаларды қаржыландыру (ақылға қонымды ұсыныстар бар болғанымен, ешкім бұл бағытта ештеңе істегісі келмейді), дейтін пікірлер жиі айтылады.

Дәйексөздер

«Әр қыс сайын, әсіресе таңертең, үйлерден түтін шығып тұрады. Тыныс алу бірден қиындайды» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Көлік көп, дегенмен көп түтін шығаратын автобустар мен шағын автобустар. Солардан бастау керек» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Таңертең шағын аудандарға барамын, түтін бетке соғады, терезе ашу мүмкін емес» – Ер адам, 25–34 жас, такси жүргізушісі.

«Тротуармен жүрсең, шығарындылар тура бетке келеді – газтұтқыш кию керек сияқты» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Мен жай серуендеп жүрмеймін, жұмысқа барамын. Түтіндететін менің көлігім емес, маршруттағы автобустар» – Ер адам, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Жеке секторда пеш жаққанда, жетінші қабатта тұрсақ та, түтін иісі келеді» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Маршруткалар мен автобустар тоқтамайынша, ауа өзгермейді. Қыста ең үлкен ластаушылар – солар» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Қала түгел түтін, бәрін салып тастаған, ауа шығатын жер жоқ. Жел соқпайды, бәрі тұрып қалады» – Ер адам, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Ағаштарды кеспесе, таза болар ма еді. Жан-жағымда кілең көпқабатты үйлер мен автотұрақтар» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Бәрі жүр ғой, неге бізді ғана кінәлай береді? Менің көлігім ескі емес» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Таңертең ЖЭО маңында күйік иісі мұрынға қатты тиеді» – Ер адам, 46–55 жас, такси жүргізушісі.

Алаңдататын көлік мәселелері

Қозғалу тәсіліне қарамастан, барлық қатысушы қаладағы көлік жағдайы күйзеліс, жайсыздық және ашу туғызатынын айтты. Барлық үш аудитория қала өсіп жатқан көлік жүктемесіне төтеп бере алмай жатқанын мойындайды.

Ең жиі айтылған шағымдар:

✔ Бітпейтін кептелістер – жүргізушілерге де, таксишілерге де, тіпті жаяу жүргіншілерге де (жол өтпелерінде) қозғалыс қиындығын туындатады.
✔ Ретсіз автотұрақтар – автотұрақ тапшылығы және тротуарлардың ретсіз толуы;
✔ Тиімсіз жол логистикасы – тар жолдар, қисынсыз жолайрықтар, қозғалыстың жиі өзгеруі.
✔ Қоғамдық көліктің толыққанды балама ретінде қабылданбауы – үнемі лық толы, ыңғайсыз және баратын жеріңе бір автобуспен жете алмайсың.

Айта кетерлігі, ешбір мақсатты топ көлік мәселелері мен ауаның сапасы арасындағы тікелей байланысты атап өткен жоқ. Респонденттер жеке қолайсыздық туралы айтты, бірақ ескі автокөліктердің шамадан тыс көптігі мен олардың экологияға әсерін жүйелі мәселе ретінде қарастырмады.

Дәйексөздер

«Күнде таң ертең ерте шығамын, өйткені кептелісте қалатыным анық» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Автотұрақ – нағыз тозақ. Орын тапсаң, ол жерге қоюға болмайды деген белгі тұрады. Қасында – ақылы аймақ. Айыппұл жинаудың амалы» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Әл-Фарабиде жолайрық жасап еді, одан бетер нашар болды. Енді бәрі екі реттен айналып жүреді» – Ер адам, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Алматыда көлік жүргізу – қасіреттен аман қалу сияқты. Камера, жөндеу, кептеліс. Жолда жайлы, жақсы көңіл күймен жүру мүмкін емес» – Әйел, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Аулаға кіргің келеді – бәрі толы, оның үсіне эвакуатор келіп алады. Ақылға сыймайды» – Ер адам, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Мен балаларымды алып жүремін. Көлік болмаса, қалай тасимын? Автобуста, сөмкелерін арқалап па?»  – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Навигация да шатаса береді, біресе көшені жауып тастайды, біресе айналып өтетін жол салып қояды. Ағынды реттеу мүмкін емес» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі.

«Таңертең орталыққа кірсең – түске дейін шықпайсың. Шұғыл тапсырыстар, ызасы келіп жатқан клиент» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Клиентті күтіп тұру үшін тоқтайтын жер жоқ. Бір минутқа да тұруға болмайды, айыппұл» – Ер адам, 25–34 жас, такси жүргізушісі.

«Таксиге бөлек жолақ болса – біз бірнеше есе жылдам жұмыс істер едік. Қазір бәріміз бір кептелісте қайнап жүрміз» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Клиенттер кейде біз әдейі айналып жүр деп ойлайды. Ал мен жай ғана айналма жолмен жүруге мәжбүрмін» – Ер адам, 25–34 жас, такси жүргізушісі.

«Камераны бәріне қойып тастаған. Жолақ ауыстырып үлгермесең – болды, айыппұл. Ал қозғалыс өте тығыз!» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Қала тұзақ сияқты. Жай келе жатсаң – жөндеу жұмыстары жүріп жатады. Еш ескерту жоқ, айналма жол жоқ» – Ер адам, 25–34 жас, такси жүргізушісі.

«Жұмыс жүйкеңді жұқардаты. Клиенттерден емес, жолдардан, жол – соғыс алаңы сияқты» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Арбамен өту мүмкін емес. Бәрі көлікке толы, адамдар жолға шығуға мәжбүр – бұл дұрыс емес қой» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Бағдаршам істемейді. Бір рет “зебрада” көліктің астына түсе жаздадым» – Ер адам, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Аялдамаға барайын десең, тротуар жоқ. Тек балшық, шалшық және көліктер» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Қалада тұрғаныңмен, өнеркәсіп аймағында жүргендейсің. Бәрі сұр, шу, сасық иіс – серуендейтін жер жоқ» – Ер адам, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Маған қауіпсіздік маңызды. Ал бізде қоршау да, жарық та жоқ. Түнде жүру қорқынышты» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Көліктер жаяу өткелде жол бермейді. Көріп тұрса да, қысып өтеді» – Ер адам, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Қанша салса да – жаяу жүргіншілер үшін ештеңе өзгермейді. Бәрі тек жүргізушілер үшін» Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

Егер экологияны жақсарту үшін бір нәрсе өзгерту мүмкін болса, неден бастар едіңіз?

✔ Жеке секторда көмірмен от жағуға тыйым салу/реттеу

Көпшілік әлі көмірмен немесе ағашпен от жағып отырған аудандарды газдандыруды ұсынады. Бұл мәселе билікке сенімсіздікпен қатар айтылады: – «қанша айтуға болады, нәтиже жоқ».

«Газды бәріне тартсын. Кім немен жағып отырғанын бақыласын» – Ер адам, 25–34 жас, такси жүргізушісі.

✔ Ескі көлікті бақылауға алу

Қатысушылар ескі автобустарды, жүк көліктерін жолдан алып тастауды, экологиялық нормаларды күшейтуді және экологиялық қоғамдық көлікті арттыруды ұсынады. Ескі жеке көліктер қозғалысын шектеу туралы пікірлер сирек және көбіне өздеріне қатысты емес.

«Қоғамдық көлік жол бойы түтіндетеді. Алдымен соны реттесін» – Әйел, 25–34 жас, көлік жүргізуші.

✔ Көбірек жасыл аймақтар, ағаштар, саябақтар қажет

Ағаштарды қалпына келтіру, жасыл аймақтарды көбейту қажеттілігі жиі айтылады.

«Алдымен ағаш кесуді тоқтатсын. Содан кейін ауаны тазалау туралы айтуға болады» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

✔ Қалалық құрылыс пен жоспарлауды өзгерту

Ретсіз құрылысқа, желдің жабылуына, қала дамуы логикасының жоқтығына наразылық көп.

«Бәрін бетонмен жауып тастаған. Үйдің үстіне үй салған. Ауа қайдан кіреді?» – Ер адам, 25–34 жас, такси жүргізушісі. – Ер адам, 25-34 жас, такси жүргізушісі.

✔ Экологиялық қоғамдық көлікті дамыту

Метро станцияларының санын арттыру, ЛРТ салу, ыңғайлы әрі экологиялық таза маршруттар санын арттыру туралы жиі айтылады.

«Бір рет ауысып отырып, керек жерге жете алмайсың» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі.

Қатысушылар өзгерістер туралы айтқанда, жиі билікпен параллель жүргізеді. Көпшілігі үкімет нақты өзгерістер енгізетініне сенбейді. Ұсыныстар ирониямен немесе скепсиспен айтылады.

«Алдымен бәріне газ берсін. Сонда барып, ауа тазарып қалар. Бірақ соны қаласа, әрине» – Әйел, 35–45 жас, көлік жүргізуші.

«Жыл сайын айтатындары бір сөз. Фильтр қайда, бақылау қайда? Бәрі тек сөз жүзінде» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

Осыдан респонденттер ауаның ластануын жүйелі мәселе ретінде көреді, бірақ өздері оған ықпал ете алады деген сенім жоқ.

Ұсыныстар қарапайым әрі нақты қадамдарға бағытталған: газ, ағаш, көлікті сүзгілеу.

LEZ бағдарламасын қабылдау

Білім деңгейі және қабылдау

Қатысушылардың барлығы дерлік (жүргізушілер, таксишілер, жаяу жүргіншілер) талқылауға дейін шығарынды деңгейі төмен аймақ деген екенін және LEZ терминологиясын білмеген. Ұғым қосымша түсіндіруді талап етеді. Бұл экологиялық бағдарлама туралы халықтың хабардарлығы төмен екенін көрсетеді.

Бағдарламаның механизмі түсіндірілгеннен кейін, қатысушыларда күрделі әрі екіұшты көзқарас қалыптасты деуге де болады.

Бағдарлама мерзімінен бұрын енгізілетін, нашар дайындалған және әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін шара ретінде қабылданды.

Талқылау барысында көптеген пікірталас, негативті реакция, наразылық байқалды, көпшілік бағдарламаны Алматының экологиясы мен ауа сапасын жақсарту бойынша оң шара ретінде қарастырғылары келмейді.

Қатысушылардың басым бөлігі радикалды өзгерістер адамдар өміріндегі нақты жақсартулармен қатар жүруі тиіс, әйтпесе адамдар айыппұлдан, тығырықтан шаршады, көтеріліп кетуі мүмкін» деген пікірлер айтылды.

Әлеуметтік осал топтарға, мысалы мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, емге мұқтаж жандарға, курьерлерге, таксишілерге, қалаға жұмыс іздеп келгендерге (өздерінің тұрғылықты жерінде табыс көзі жоқ болғандықтан) жанашырлыққа қатысты көпшіліктің пікір білдірілді.

Бағдарлама әлеуметтік теңсіздік, қала тұрғындары мен көшіп келгендердің құқығы, «кедейлерге салық», «байлар тұратын аймақ»  ретінде қабылданады.

LEZ бағдарламасын енгізуді қолдағандар аз болды, қаланың басты проблема экология мен ауа сапасына тікелей әсер ететін ескі көліктер екенін атап өтті.

LEZ бағдарламасын қабылдау үшін қандай шешімдер қажет?

Бағдарлама халық тарапынан оң қабылдануы үшін мемлекет экологияны жақсарту бойынша нақты әрекеттер көрсетуі тиіс. Атап айтқанда:

Ауаны тек көліктер есебінен емес, кешенді тазарту:

✔ Қалалық сүзгілеу мұнараларын орнату (Азия елдеріндегідей);
✔ Ластанған аудандарды көгалдандыру;
✔ Дизельді жүк көліктерінің орталыққа кіруіне тыйым салу.

Қалалық инфрақұрылымды жақсарту

✔ Трафиктің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін кеңселер мен ЖОО-ларды және жұмыс орындарын қаланың төменгі бөлігіне көшіру;
✔ Жаңа тұрғын кешендерін салушылардан көпдеңгейлі паркинг, көліксіз аулалар, балалардың ойын алаңдарын жасыл аймақты жоспарлауды талап ету;
✔ Құрылысқа қатаң экологиялық нормалар енгізу (жасыл аймақтар, көлік қолжетімділігі).

Көлікке қатысты ұсыныстар

✔ Ескі көліктерді жою және ауыстыру: жеңілдікпен жоюға тапсырып, орнына жаңа көлікті қолжетімді несиеге алу;
✔ «Бір отбасы – бір көлік» жеңілдетілген шарттар бойынша;
✔ 1–3% жылдық мөлшерлемемен несие;
✔ Бастапқы жарнаның бір бөлігін мемлекетің субсидиялауы.

Автокөлікті дамыту – жеке көлікке балама

✔ Автобус маршруттарын кеңейту және жиілету, әсіресе қала сыртына және адам көп жүретін бағыттарға; түнгі маршруттар жіберу;
✔ Автобустардың күйін жақсарту: отыратын орындарды, кондиционерді және тазалықты қамтамасыз ету;
✔ Метро және трамвай желісін жаңарту, жаңа бағыттарды іске қосу;
✔ Тарифі бекітілген мемлекеттік таксопарк, электромобильге басымдық беру;
✔ Каршеринг, электросамокаттарды, эко-көліктерді бекітілген қолжетімді тариф орнатып, дамыту;
✔ LEZ аймағында көлігін қалдырғандарға жеңілдік немесе тегін жол жүру;
✔ Қала сыртынан жайлы әрі тұрақты маршруттар;
✔ Қала сыртында қоғамдық көлікке отыру мүмкіндігі бар тұрақ орындары.
✔ Жұмыс берушілер ұйымдастыратын қызметтік тасымал (көлік қамтамасыз ететін компанияларға субсидия бөлу).

Әлеуметтік қорғау және ыңғайлы тарифтер

✔ Осал топтарға: мүгедектігі бар адамдарға, балалы адамдарға, қарттарға, қалада жұмыс істейтін қала сыртында тұратындарға (курьерлерге, жеткізушілерге) жеңілдік шарттарын енгізу.

LEZ аймағына кіру үшін дифференциалды тарифтер

✔ көлікте адам көп болса – төлем аз;
✔ көлік аз уақытта кіру арзан;
✔ орталық тұрғындарына төмен мөлшерлеме немесе жеңілдетілген жылдық абонемент.

Экологиялық сананы арттыру және мінез-құлықты өзгерту

✔ ластанудың зияны және автокөліктен бас тартудың маңыздылығы туралы әлеуметтік науқандар ұйымдастыру.
✔ Инфлюенсерлерді және жергілікті пікір көшбасшыларын экологиялық өмір салтын дәріптеу үшін тарту;
✔ Мектеп пен ЖОО-да экологиялық тәрбиенің рөлін арттыру;
✔ LEZ және осындай шаралардың мақсаты – денсаулық пен өмір сапасы екенін түсіндіру.

Жүйелі қолдау және әділдік

✔ Қала кіреберісінде көлікті қалдырып, трансферге немесе қоғамдық көлікке ауысу мүмкіндігі;
✔ Маршруттарды құратын және сапарларды біріктіретін мобильді қолданбаны немесе сервисті дайындау;
✔ салықтық ынталандыру: экологиялық мінез-құлқы жоғарыларға төлемді азайту немесе бонусты арттыру.

Экологияны жақсарту бойынша корпоративтік және еңбектік бастамалар

✔ респонденттер ұйымдар мен қызметкерлердің мінез-құлқына бағытталған инновациялық идеялар ұсынды:
✔ «Көліксіз апта» форматын енгізу – қызметкерлер кеңсеге қоғамдық немесе экологиялық таза көлікпен жетеді.
✔ Аптасына 1–2 күн қашықтан жұмысқа ынталандыру – жолдағы көлік санын азайту және шығарындыларды азайту.
✔ Велосипедпен, электросамокатпен немесе жаяу келгендерге өтемақы немесе бонус төлеу.

Қоғамдық бастамалар және халықты жұмылдыру

✔ Жұмыс күндері корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілік аясында компания қызметкерлерімен сенбіліктер өткізу;
✔ Экологияға қатысты қалалық шаралар мен челлендждер ұйымдастыру, мысалы, қоқыс жинау, эко-жүгіру, квесттер, үздік бастамалар үшін марапаттар.
✔ Экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге инфлюенсерлер мен жергілікті пікір көшбасшыларын тарту.

Коммуникация және сенім

✔ Адамдар бастамалардың не үшін және қалай жүзеге асырылатынын түсінгісі келеді: ашықтық – сенімнің кілті.
✔ Бағдарлама туралы ақпарат түсінікті, көрнекі және нақты аудиторияға бағытталған болуы тиіс.
✔ Бастамалар кеңейтілмес бұрын нақты нәтижелер көрсетуі қажет.

Дәйексөздер

«Көп адам үшін бұл қымбат. Университеттер мен кеңселерді қала сыртына көшіру керек, сонда адамдар орталыққа ағылмайды. Әйтпесе бұл жай ғана бюджетке соққы» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Егер аймақты ақылы етсе, митинг болуы мүмкін. Өйткені Алматы онсыз да бөлініп кеткен: Абай даңғылынан жоғары – әдемі, төмен – Ауғанстан» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Мемлекет тек ала берсем, дейді. Ал балама қайда? Жүрме десең – көлік, самокат, метро ұсын» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Тек ақы сұрай бермей, ынталандыру керек. Ақы төлету – бұл идея емес. Ал көлікпен бармағаны үшін самокатқа жеңілдік берсе, бұл ақылды ой болар еді» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Көліктер азайсын деймін. Бірақ мұны іске асыру үшін алдымен тасымалдау, көлік, тұрақ мәселесін ойластыру керек» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

«Қатаң шаралар керек. Жартылай шаралар жұмыс істемейді. Бәрі келісіп, айналып өтудің жолын табады» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

«Иә, автобуспен де баруға болады. Бірақ жұмыс істесем, әрі-бері жүруім керек болса – маған көлік қажет. Қазір ол жоқ» – Әйел, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Облыстан келетіндер көбірек төлеуі керек. Негізгі проблема – солар. Мерекеде қала бос қалады ғой» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Қала ішінде ме? Бұл қатты соққы болады. Әсіресе кіру 1500 теңге болса, күнделікті әрі-беру жүру үшін тым қымбат» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

«Метроны бес жылда бір тармақтан салады. Самокаттар таксидей қымбат. Бұл балама емес. Бәрі басынан дұрыс ұйымдастырылмаған» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«2010 жылдан кейінгі көлікті бәрі бірдей ала алмайды. Ал сіздер қалаға кіруге ақы алмақшысыздар ма? Бұл ақылға қонымсыз ғой» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші

«Халық әбден шаршады – салық, айыппұл, баға өсімі. Енді ауа да ақылы бола ма? Наразылық басталады» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Егер адамдар жаңа көлікке отырсын десеңіздер – бағдарлама беріңіздер. Жеңілдетілген. Әйтпесе ешкім ештеңе істемейді» – Ер адам, 35–45 жас, жаяу жүргінші

«Дұрыс түсіндірсеңіздер, адамдар түсінеді. Бастысы – бұл айыппұл үшін емес, олардың игілігі үшін екенін көрсету» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші

«Халыққа сөйлеуге мүмкіндік беріңіздер – өздері-ақ пайдалы екенін түсінеді. Бірақ жоғарыдан қысым жасамаңыздар» – Ер адам, 25–34 жас, жаяу жүргінші

«Жаяу жүргіншілерге жақсырақ болады. Шу азаяды, түтін азаяды. Көлікті жақсартса, мен қолдаймын» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші

«Аяғы ауыратын адамдар бар, баласы бар, мүгедектігі бар адамдар бар. Олардың көлігін кіргізбесе, қалай қатынайды?» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Агитациясыз ештеңе болмайды. Экобілім беруден бастау керек, әсіресе жастар арасында» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші

«Бір отбасыға бір көлікті жеңілдікпен беріңіздер. Сонда автопарк жаңарып, экология жақсарады» – Ер адам, 35–45 жас, жаяу жүргінші

«Балама болса, адамдар қалыпты қабылдайды. Көліктен түссең – жағдай жасалсын, жеңілдік берілсін» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші

«Бұл – құқықты шектеу. Ескі көліктерге жай ғана тыйым салуға болмайды – бұл көп адам үшін табыс көзі» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі

«Байларға болады, ал біз дем алмай жүрейік пе? Барлық жағдай орталықта тұратындарға жасалған» – Әйел, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Облыста көлік те жоқ, жұмыс та жоқ. Ал енді кіру де ақылы болмақ па? Адамдар ызаланады» – Әйел, 46–55 жас, автокөлік жүргізушісі

«Ипотека сияқты болса – көлікті 20 жылға бөліп төлесе – адамдар келісер еді. Қазір кредиттің өзі 20%-бен беріледі» – Ер адам, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

«Автобустарды Еуропадағыдай кестемен жүргізіңіздер. Маршрутпен жүрсін, қалай болса солай емес» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Автобуспен жүргім-ақ келеді. Бірақ қалай? Қарбаласта кептеліп қаласың. Автобусқа отырудан қорқамын» – Әйел, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

«Автобусқа ауыс дейсіздер. Қайда отырамыз? Бір сағат тұрып баратын маршруттық автобусқа ма? Немесе екі есе қымбаттаған таксиге ме?» – Әйел, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Кездесулердің бәрін қорытындыласақ, барлық топ қатысушылары субсидиясыз, инфрақұрылымсыз және автопаркті жаңартпай, бағдарлама сәтсіздікке ұшырайды және теріс қабылданады деп санайды.

LEZ бағдарламасы және билікке көзқарас

Ашықтық пен айқындықтың жетіспеуі

Көптеген қатысушы LEZ бағдарламасы экологияны жақсартуға емес, бюджет толтыруға бағытталуы мүмкін деген күмән білдірді. Қатысушылар жиналған қаражаттың нақты қайда жұмсалатыны туралы ашық ақпараттың болмауы бағдарламалық шаралардың әділдігіне және негізділігіне күмән туғызады.

«Экологияны жақсартуға қарсы емеспіз, бірақ бұл жай ғана ақша жинау тәсілі сияқты. Нәтиже қайда?» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Әлеуметтік әділетсіздік және дискриминация

Тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік әділетсіздікке деген көзқарас. Респонденттердің айтуынша, Алматыдағы халықтың көпшілігі жаңа көлік ала алмайды, демек, жұмысқа немесе тұрмысқа қажет жалғыз көлігі болса да, айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Бұл бағдарлама қоғамдағы шынайы жағдайды ескермейді деген сезім тудырады және экологиялық таза автокөлікке қолы жетпейтіндерге зиян тигізеді.

«Бұл – кедейлерге салық. Жаңа көлік сатып алатын жағдайы барлар сезбейді, ескі көлікпен жүргендердің қалтасына әсер етеді» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

Тарихи тәжірибе және сенімсіздік

Сенімсіздік тарихи тәжірибеге негізделген, респонденттердің айтуынша, алдыңғы экологиялық бастамалар нақты нәтиже бермеді.  Мысалы, қатысушылардың пікірі бойынша, экопост жобасы тиімсіз болды және күткен нәтижелерге әкелмеді. Үкіметтің бастамасы нақты құрылымдық өзгеріс енгізу емес, табиғатқа қамқорлық көрсетуге сыңай танытқан сияқты деп бағаланды.

«Нәтиже көрмейінше сенбейміз. Орталықтан ескі көліктерді шығарып жіберсе, ары қарай не болады?»  – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Манипуляция мен жемқорлықтан сезіктену

Кейбір респонденттер ескі көлік иелерінен жиналған қаражат дұрыс пайдаланылмайды, деп қауіптенеді. Бұл әсіресе үкіметтің басқа салаларындағы әрекеттеріне деген наразылықтан бастау алады. Өйткені басқа салаларда қоғамдық қаражатты жұмсаудың қажеттілігі мен ашықтығына күмән келітіріліп жатады.

«Егер бұл экология үшін маңызды болса, ақша шенеуніктердің қалтасына кетпейтініне кім кепіл?» – Әйел, 46-55 жас, автокөлік жүргізушісі

Дифференциалды әдістің болмауы

Бағдарламадағы дифференциалды әдістің болмауы да күдік тудырады. Халық үкіметке азматтардың әртүрлі санаттарын, олардың қаржылық мүмкіндіктерін және шынайы қажеттіліктерін есепке алуда икемділік жетіспейді, деп санайды. Бұл шығарындылар деңгейі төмен аймақтар кедей және осал тұстарды елемей, жағдайы бар халық топтарына бағытталуы мүмкін деген ой тудырады.

«Егер шектеу енгізсеңіздер, кедейлер үшін бірдеңе жасаңыздар. Әйтпесе біреулерге бәрібір, басқалары зардап шегеді» – Ер адам, 35–45 жас, жаяу жүргінші

Тиімділіктің дәлелі қажет

Респонденттер бағдарлама нәтижелерін, атап айтқанда: ауа сапасының жақсаруын, ластанудың төмендеуін және жалпы экологиялық жағдайдың жақсаруын нақты көрсетуді талап етеді. Көзге көрінетін өзгерістер немесе мұндай шаралардың тиімділігін дәлелдейтін айғақтар болмаса, сенімсіздік тек күшейе береді.

«Кем дегенде бір ауданда нәтижесін көрсетіңіздер – адамдар оның жұмыс істейтінін, жай ғана ақша жинау емес екенін көреді.» – Әйел, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі.

LEZ – әлеуметтік әділетсіздіктің символы ретінде

Респонденттер үшін LEZ – жай ғана экологиялық шара емес, әлеуметтік теңсіздіктің белгісі. Жаңа көлігі бар адам орталыққа еркін кіреді. Ескі көлікпен жүрген адам – төлеуге мәжбүр. Осылайша, LEZ «байларға арналған» бағдарлама ретінде қабылданады.

«2020 жылғы көлігі барларға бәрібір. Ал ескі көлікпен күн көріп жүргендер зардап шегеді. Бұл ауаға емес таптарға қатысты мәселе.» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Билік сендірмеді – демек, бірдеңені жасырып отыр

Көптеген респондент билік ашық ақпарат бермеді деп есептейді: ластану туралы нақты деректер көрсетілмеген, жиналған қаражаттың қалай жұмсалатыны түсіндірілмеген, қандай баламалар жасалатыны айтылмаған.

«Егер бұл шынымен экология үшін болса – сандар қайсы? Өлшемдер қайсы? Жақсарту жоспары қайсы?» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

Қауіп сезімі және ықтимал қақтығыс

Кейбір респонденттер бағдарлама қатаң түрде, қолдаусыз және диалогсыз енгізілсе, ашық наразылық туындауы мүмкін екенін айтты.

«Халық онсыз да шегіне жеткен. Түсіндірмей айыппұл сала бастаса – бүлік болады. Бұл ауаға емес халыққа қатысты мәселе.» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Коммуникация

Жалпы хабардарлық

Көптеген респондент экология саласындағы өзгерістер туралы ресми ақпарат көздерінен емес, ұзын құлақ арқылы немесе әлеуметтік желілердегі кездейсоқ жазбалар арқылы біледі. Жиі айтылған пікір: «Бір жерден көрдім, бір жерден естідім», бірақ Алматыдағы экологиялық катастрофа туралы қайдан оқығаны туралы нақты дереккөздерді, мысалы Telegram, Tengri News, Krisha, Instagram желілері деп көбі атай алмайды. Ауа сапасы туралы ақпаратты кейбірі AirKaz және IQAir қолданбаларынан алады.

«Инстаграмнан бірдеңе көрдім, біреу репост жасаған, бірақ ресми ақпарат па, жоқ па, білмеймін» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Көршім айтты, жақында ескі көлікпен орталыққа кіруге болмайды деді. Қайдан алғанын білмеймін.» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Мұндай сенімсіздік ресми ақпараттың жеткіліксіз таралуын көрсетеді – хабарламалар аудиторияға уақтылы жетпейді.

 

Қандай ақпарат жеткізу көздері ұсынылады?

✔ LEZ енгізілмес бұрын аудан тұрғындарымен тікелей кездесулер өткізу;
✔ Инфлюенсерлер мен танымал блогерлер арқылы түсіндіру науқандары;
✔ Кері байланысқа арналған интерактивті платформалар;
✔ Өзгерістерді түсіндіру үшін ашық кездесулер мен тікелей эфирлер;
✔ Пилоттық аймақтар және экологиялық деректерге ашық қолжетімділік;
✔ Ай сайынғы есептерді қарапайым әрі түсінікті тілде жариялау (LEZ-ден жиналған қаражаттың қалай жұмсалатыны туралы);
✔ Біртұтас қалалық ресурс құру (сайт, қосымша, Telegram-бот) – жаңалықтар, шаралар, ластану картасы;
✔ Әкімдік пен экологиялық ведомстволардың әлеуметтік желілерде жүйелі коммуникациясы (инфографика, сторис, түсіндіруші бейнелер);
✔ Жергілікті чаттар, буклеттер, ақпараттық стендтер – әсіресе ескі кварталдар мен қала маңында;
✔ Тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлерді тарту – сенімді арттыру үшін.

Қорытындылай келе, халық жергілікті үкіметтің халықпен жұмысқа барынша араласқанын, ашық диалог құруын және шығарындылар деңгейі төмен аймақтарды енгізу бойынша бағдарламаны қабылдау барысында көмек бергенін қалайды.

Ең алдымен түсіндірме жұмыстары кімге керек

Қатысушылардың айтуынша, қала мен қала сыртының барлық тұрғынына ақпарат керек, алайда, тереңірек үңілсек, төмендегі халық топтарына ерекше назар бөлінуі керек:

✔ Қарт адамдар, егде жастағы адамдар;
✔ Көпбалалы отбасылар;
✔ Аз қамтылған отбасылар;
✔ Жұмыс істейтін жүргізушілер, жеке кәсіпкерлер, курьерлер, таксишілер;
✔ Қала маңы мен ауыл тұрғындары;
✔ Денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдар.

Қала тұрғындарымен жұмыс істеу бойынша ұсыныстар

Респонденттердің пікірлеріне сүйене отырып, экология мәселелері бойынша билік пен халық арасында ашық, құрметті әрі түсінікті диалогқа нақты сұраныс бар екенін көруге болады. Адамдар ауа сапасы мен денсаулыққа келгенде өзгерістерге қарсы емес, алайда олар өздерін шеттетілген, ештеңеге қатысы жоқтай сезінеді. Халықпен жұмыс істеу үшін мыналар қажет:

Біржақты тыйым емес, – диалог және қатысу

Респонденттер негізгі мәселе коммуникация стилінде екенін нақты айтады. Олар реформалардың маңызын жоққа шығармайды, бірақ оны «жоғарыдан таңылған» шешім ретінде қабылдайды. Адамдар объект емес, үдерістің қатысушысы болғысы келеді.

«Дайын шешімді алдымызға қоя салмай, бізбен сөйлессе, қабылдау мүлде басқаша болар еді.» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Қалай ыңғайлы, қай жерде қиын, нені жетілдіру керек, деп халықтан сұраңыздар. Біз осы қалада өмір сүріп жатырмыз ғой.» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Ашықтық және тікелей кездесулер: кабинетте отырып есеп бермей, адамдармен кездесу

Ең айқын айтылған идеялардың бірі – билік «халыққа шығуы» керек. Бастамалар енгізілетін аудандарда тірі талқылаулар ұйымдастыру, тұрғындарға сөз беру, сұрақтарға шаблон бойынша емес, нақты жауап беру қажет.

«Әкім немесе экологтар шағын ауданға келсін. YouTube-та емес, аулаға келсін. Сұрақ қойып, жауап естуге мүмкіндікдік болсын.» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

Құжат ұсыну емес, сенім ұялату керек. Шығып, бетін көрсетсе – әңгіме басқаша болар еді.» – Ер адам, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі.

Қарапайым, көрнекі және қолжетімді коммуникация

Респонденттер ресми хабарламалар тым күрделі, құрғақ әрі қарапайым тұрғынға түсініксіз екенін атап өтті. Ұсыныстар:

  •     инфографика, қысқа видео, сторис пайдалану;
  •     өмірлік мысалдар арқылы түсіндіру;
  •     «не істеу керек?» деген нақты нұсқаулық беру;
  •     ақпаратты жергілікті блогерлер мен пікір көшбасшылары арқылы тарату.

«LEZ деген не, не өзгереді, кімге қатысты деп 1 минуттық видео жасаңыздар. Болды. Бұл 4 беттік парақшадан әлдеқайда жақсы.» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

Онлайн-платформалар және кері байланыс

Көптеген қатысушы кері байланыстың маңызын және ыңғайлы онлайн форматтарды атап өтті. Ұсыныстардың арасында:

✔ сұрақ қоюға немесе шағым беруге болатын чат-боттар;
✔ аудандар бойынша экологиялық мәселелер картасы (тұрғындардың пікірлерімен);
✔ экологиялық басымдықтар бойынша онлайн дауыс беру;
✔ сарапшылар мен әкімдік қатысатын тікелей эфирдегі талқылаулар.

«Неге идеяларды онлайн-сауалнама арқылы жинамасқа? Біреу сенбілік ұсынады, біреу аудан жүктемесін азайтудың жолын айтады.» – Ер адам, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Бірлескен әрекет арқылы тарту

Респонденттер ең тиімді тәсіл – адамдарды нақты, қарапайым сезілетін ортақ әрекеттерге шақыру деп санайды, мысалы:

✔ компаниялар мен тұрғындар қатысатын сенбіліктер;
✔ «Көліксіз апта» марапаттары;
✔ қаланың «жасыл аймақтары» бойынша квесттер;
✔ «Ағаш отырғыз және қамқор бол» жобалары.

 

«Өзің бір нәрсе отырғызсаң немесе қатыссаң – бейжай қарай алмайсың. Сонда ғана саналы көзқарас қалыптасады.» – Әйел, 35–45 жас, автокөлік жүргізушісі

Қорытындыласақ, респонденттер экологиялық бастамаларға қатысуға дайын, бірақ олар құрметті қарым-қатынасты, түсінікті коммуникацияны және өз пікірінің ескерілетінін сезінуді қалайды. Негізгі ойы: «Біз өзгерістерге қарсы емеспіз – бізді бұл үдерістен шеттеткеніне қарсымыз.»

Дәйексөздер

«Бізге дайын шешім ұсына салады. Бір рет болса да сұраса, реакция басқаша болар еді.» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Неге бізбен ересек адамдармен сөйлескендей сөйлеспейді? “Осылай болады” емес, “қалай дұрыс болатынын талқылайық”, деп.» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

«Ақпарат жоқ, бұл біздің ісіміз емес сияқты. Сосын адамдар неге ашуланады деп таң қалады.» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Барлығын кабинетте шешудің қажеті жоқ. Ауданға келіп, тыңдаса – адамдарда қаншама идея бар.» – Ер адам, 35–45 жас, жаяу жүргінші

«Егер пікір айтуға мүмкіндік беретін алаңдар болса – қабылдау да басқаша болар еді.» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Бізден тек талап етеді, ал пікірімізді ешкім сұрамайды. Бірде-бір рет “қалай ойлайсыздар?” деп сұраған емес.» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Қарапайым сауалнама да өткізбейді. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер бар ғой – не кедергі?» – Ер адам, 35–45 жас, такси жүргізушісі.

«Бәрін бізсіз шешіп қойған сияқты. Сондықтан сенім жоқ – алдын ала талқыласа, ешкім қарсы болмас еді.» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

«Кейде бізбен мүлде сөйлеспейтіндей әсер қалады. Түсіндірмейді, нақтыламайды, жай ғана бұйрық береді.» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Қазір топта сөйлесіп отырмыз ғой, сол сияқты диалог ұйымдастырыңыздар. Осындай кездесулерді аудандарда өткізу керек. Міне, нақты жұмыс деген осы.» – Әйел, 25–34 жас, жаяу жүргінші.

«Референдум, сауалнама, тіпті Google-нысан болса да – бұл бізді құрметтейді дегеннің белгісі болар еді.» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

«Автобус пен метрода QR-код іліп қойса болар еді. Жоспарды біліп, пікір білдіруге мүмкіндік болса.» – Әйел, 25–34 жас, автокөлік жүргізушісі

«Бізге визуалды түрде көрсетсе жақсы болар еді. Суреттер, схемалар – не үшін екенін түсіну үшін. Сонда қатысуға да ынта артады.» – Әйел, 35–45 жас, жаяу жүргінші.

Алматыдағы ауа сапасын жақсарту бойынша қорытынды идеялар

Респонденттердің ауа сапасын жақсарту бойынша бастамалары мен ұсыныстары

Респонденттер экология тақырыбына белсенді қызығушылық танытады және әртүрлі, бірақ іске асыруға болатын бастамаларды ұсынады. Олардың идеялары жүйелі өзгерістерді де, біртіндеп қалалықтарды тартуға және экологиялық жауапты мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған нүктелік шараларды да қамтиды.

Ең жиі айтылған бағыттардың бірі – ерте жастан экологиялық білім беру. Қатысушылар мектепке дейінгі және мектеп бағдарламаларына экология тақырыбын енгізудің маңызын атап өтті, себебі балаларда қоршаған ортаға саналы көзқарас қалыптастыру қажет деп санайды. Сонымен қатар, экологиялық мінез-құлық міндет емес, жеке және қоғамдық құндылықтардың бір бөлігі ретінде қабылдануы үшін ойын форматтарын және мәдени образдарды пайдалану ұсынылды.

Екінші маңызды бағыт – ақпараттың қолжетімділігі мен көрнекілігі. Респонденттер қазіргі таңда көптеген адам қандай экологиялық шаралар жоспарланып жатқанын немесе жүзеге асырылып жатқанын білмейтінін айтты Шешім ретінде қарапайым әрі визуалды түсінікті коммуникация форматтары ұсынылды: қысқа видеороликтер, инфографика, қоғамдық көліктегі QR-кодтар, түсінікті тілдегі баннерлер.

 Мұның бәрі белгілі бір шараның не үшін қажет екенін, оның ауа сапасына, денсаулыққа және қала өміріне қалай әсер ететінін түсіндірумен қатар жүруі тиіс.

Қалалық челлендж форматында «Көліксіз апта» өткізу идеясы да айтылды – бизнес өкілдерін, компания қызметкерлерін, тұрғындарды тарту, бонустар мен ынталандырулар беру арқылы. Бұл қысым көрсету емес, баламаны байқап көруге және экологиялық мәселеге араласуға мүмкіндік беретін позитивті себеп ретінде қарастырылды. Осы тұрғыда жеке компаниялар қызметкерлеріне көліктен бас тартқаны үшін қосымша демалыс күні сияқты ынталандыру шараларын ұсына алатыны талқыланды.

Көптеген қатысушы билік пен тұрғындар арасындағы тірі, тікелей қарым-қатынастың қажеттігін атап өтті. Аудандарда ашық кездесулер өткізу, тұрғындарға сұрақ қоюға және ұсыныс енгізуге мүмкіндік беру ұсынылды. Маңызды шарт ретінде мұндай кездесулердің шенеунік тілінде емес, алдын ала жазылған сценарийсіз, бейресми, шынайы диалог форматында өтуі айтылды. Сол бағытта: сауалнамалар, ашық талқылаулар, қалалық платформалар арқылы идея жинау сияқты онлайн форматтарды қолдану ұсынылды.

Сонымен қатар қоғамда беделі бар тұлғаларды – дәрігерлерді, педагогтарды, блогерлерді – экологиялық тақырыптарды ілгерілетуге тарту идеясы талқыланды. Респонденттердің пікірінше, мұндай формат ресми органдардың құрғақ мәлімдемелеріне қарағанда көбірек сенім тудырады.

Бірқатар пікірде адамдарды тек ақпараттандыру емес, оларды есту маңызды екені айтылды. Билікке қатысты сын да болды – көптеген шешім халықтың қатысуынсыз қабылданады деген пікір білдірілді. Халық егер олардың пікірі сұралып, енгізілетін шаралардың себептері мен мақсаты түсіндірілсе, реакция әлдеқайда сабырлы әрі конструктивті болар еді деп атап өтті.

 

 

19 тамыз 2025
Автокөлік