2025 жылы Алматының ауа сапасы қандай болды?
PM2.5 мониторинг қорытындысы: Басты цифрлар
Экология тұрғысынан да 2025 жыл қала тұрғындары үшін оңай болмады. Біз ластаушы заттардың мөлшері былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 30%-ға өскенін байқадық.
Соңғы жылдары Алматының ластану деңгейі аса өзгерістерге өзгерген жоқ. Жылдар айырмашылығы көбінесе ауа райының күйіне байланысты. Сол себептен 2024 жылы дауылды қыс пен жаңбырлы жаз табиғи фильтр болып, жылдық көрсеткішті 24.1 мкг/м³ дейін түсірді. 2025 жылы құрғақ жаз бен борансыз қыс, жалпы жауын-шашын сирек болғаны ауа сапасы бұзылуының себепкерлердің бірі болған. Нәтижесінде лас күндер саны артып, орташа жылдық PM2.5 көрсеткіші өсті.
Қаладағы смог – әртүрлі ластаушы заттардың қоспасы. PM2.5, PM10 бөлшектерімен қатар, ауада азот диоксиді (NO₂), күкірт диоксиді (SO₂), көміртегі тотығы (CO), озон (O₃) және басқа да заттар кездеседі. Бұл материалда ерекше назарды біз ең қауіпті әрі репрезентативті көрсеткіш ретінде PM2.5 бөлшектеріне аудардық.
Негізгі көрсеткіштер:
- Орташа жылдық PM2.5 концентрациясы: 31.2 мкг/м³. Бұл ДДҰ нормасынан 6.3 есе жоғары.
- Теріс динамика: Ауа сапасы 2024 жылға қарағанда 30%-ға дейін нашарлады.
- Жеке тұлғаға келтірілген зиян: Алматы қаласының тұрғыны ауамен тыныстау арқылы 518 темекі шеккендей зиян шеккен. Түрксіб ауданында бұл көрсеткіш 776 темекіге тең.
- Таза ауа тапшылығы: «Таза» күндер саны (ДДҰ нормасы бойынша) былтырмен салыстырғанда 16 күнге азайды: 2024 жылғы 164 күннен 2025 жылы 148 күнге дейін қысқарды. Бұл жылдың бар болғаны 40%-ы.
- “Ауаның іркіліуу” әсері: Таудан соғатын түнгі самал қала ауасын тазартпайды, керісінше, смогты төмен орналасқан аудандарға ығыстырып тастайды. Температуралық инверсия салдарынан лас ауа ол жерлерде ұзақ уақыт сейілмей тұрып қалады.
Рекордтар мен контрасттар
- Жылдық амплитуда: Ең таза (1 қазан) мен ең лас күнннің (7 желтоқсан) айырмашылығы – 29 есе. Қаланың ауа сапасының айырмашылығы аса қауіпті деңгейде.
- Маусысмдық айырмашылық: Ең лас айдағы (желтоқсан) көрсеткіш ең таза айдан (мамыр) 5.5 есе жоғары. Қыс айларындағы PM2.5 концентрациясы жазбен салыстырғанда 5 есе көп.
- Географиялық теңсіздік: Түрксіб ауданының ластану деңгейі (46.8 мкг/м³) Бостандық ауданынан (22.1 мкг/м³) деңгейінен 2.1 есе жоғары. Бұл қаланың «төменгі» бөлігі екі есе артық қатерге ілініп отырғанын дәлелдейді.
Темекі баламасы есептелген зиян.
Мониторингтегі цифр көрсеткішін түсіндіру үшін біз халықаралық PM2.5 концентрациясын есептейтін “темекі баламасы” тәсілін қолдандық. Құрамы бойынша смогпен тыныс алу, темекі шегуге тең болмаса да, ол темекіні пассивті түрде шегу зиянына тең әсер етеді.
Анықтама: Бұл тәсіл Berkeley Earth зерттеу тобының PM2.5 денсаулыққа әсері туралы эпидемиялогиялық ақпаратты бағалау бойынша негізделген. Қарапайым тілмен түсіндірсек, орташа жылдық PM2.5 шамамен 22 мкг/м³ концентрациясы денсаулыққа келтіретін зияны күніне бір темекі шегу әсеріне тең. (дереккөзге сілтеме)
Орташа қалалық көрсеткіш: 2025 жылы Алматы тұрғыны бір жылда 518 темекі — шамамен 26 қорап — яғни күніне 1.42 темекі «шеккен».
Аудандар бойынша қатерлер:
Ластану біркелкі таралмайды, соның салдарынан тұрғылықты жерге байланысты халық денсаулығына төнетін ұзақ мерзімді қауіп деңгейі әртүрлі:

Белсенді темекі шегумен салыстырғанда, смогтың адам ағзасына әсері үздіксіз әрі еріксіз сипатқа ие екенін айта кету керек. Ол тәулігіне 24 сағат бойы, тіпті ауа тазарту жүйелерімен жабдықталмаған үй-жайлардың ішінде де, ең осал топтарға, яғни балалар мен қарт адамдарға әсер етеді.
1-тарау. Ластанудың 2025 жылғы динамикасы мен құрылымы
Алматы қаласындағы PM2.5 бөлшектерінің 2025 жылғы орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³ деңгейінде болды, бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымынан (5 мкг/м³) 6.3 есе жоғары. 2024 жылмен салыстырғанда (24,1 мкг/м³) ауа сапасы 30%-ға нашарлаған.
Анықтама: PM2.5 — ауа құрамындағы диаметрі 2,5 микрон және одан да ұсақ ластаушы бөлшектер. Бұл бөлшектердің көлемі өте кішкентай болғандықтан, олар өкпеге терең еніп, тіпті қан айналым жүйесіне өтуі мүмкін, сондықтан адам денсаулығы үшін аса қауіпті. Ауадағы PM2.5 концентрациясының жоғары болуы тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына әкелуі мүмкін, әсіресе балалар, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіп жоғары.
Жылдық ластану профилі PM2.5 концентрациясы айқын маусымға тәуелді екенін және ауытқулар амплитудасы жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Қысқы кезең: Экстремалды шекті көрсеткіштермен сипатталады — PM2.5 концентрациясы ұлттық орташа тәуліктік шекті рұқсат етілген деңгейден (ШРКорташа тәул.) жүйелі түрде асып түседі. (35 мкг/м³). Концентрацияның жоғары тұрақсыздығы мен бөлшектердің жерге жақын ауа қабатында жиналуы денсаулық үшін қысқа мерзімді аса қауіпті қатерлерді қалыптастырады.
Көктем–жаз кезеңі: Тұрақтану және фондық көрсеткіштердің төмендеуі байқалады. Өлшеулердің басым бөлігі «жақсы» және «қанағаттанарлық» санаттарына ауысады, ал ШРК-дан асу жағдайлары сирек болады. Дегенмен, қолайлы айлардың өзінде де концентрациялар ДДҰ белгілеген нысаналы деңгейден (15 мкг/м³) жоғары болып қалады.
Өтпелі маусымдар: Көрсеткіштердің құбылмалылығының артуымен ерекшеленеді. Таза күндердің кенеттен болатын ластану шарықтауларымен алмасуы қалалық атмосфераның метеорологиялық жағдайларға және қатты отынды жағу белсенділігіне жоғары сезімтал екенін көрсетеді.
Орташа айлық көрсеткіштер және 2024-2025 жылдарды салыстыру
Қаңтардан қыркүйекке дейін Алматы қаласында Азия Даму Банкі бағдарламасы аясында орнатылған Clarity датчиктер желісі жұмыс істеді, бұл 2024 жылмен тікелей салыстырмалы талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Сәйкес кезеңдер бойынша жасалған салыстыру 2025 жылы жағымсыз үрдістің қалыптасқанын растайды:

Критиқалық өсу: 2025 жылдың алғашқы қыс айларында орта айлық ластану деңгейі қаңтар мен ақпанда 57.5 пен 61.6 мкг/м³ дейін өсті, бұл 2024 жылғы қыс айларының көрсеткіштерінен 14% және 26%-ға жоғары.
Алайда наурыз айы 2024 жылғы 33.2 мкг/м³ қарағанда 28.4 мкг/м³ дейін жақсарды. Сәуір мен қыркүйек арасы ең таза маусым деп саналады. Концентрациялар 11.3 бастап, 15.4 мкг/м³ дейін ДДҰ тәуліктік нормасында (15 мкг/м³) ауысты.
Ауа сапасы маусымға қатты тәуелді. Тіпті 3 жыл бойы Clarity датчиктері жұмыс істеген алғашқы тоғыз айды салыстырсақ, 2025 жылдың қыс айлары себебінен салыстырмада ластану деңгейі жоғары.
2025 жылдың соңғы тоқсанында (қазан – желтоқсан), қазан айында Almaty Air Initiative желісінің жаңа 170 датчигінен қосымша ақпарат қосылғанын айта кеткеніміз жөн.
Жаңа датчиктер 2024 жылдың 23.1 мкг/м³ көрсеткішіне қарағанда орта айлық концентрациясының 36.3 мкг/м³ дейін күрт арьуын қадалауға мүмкіндік берді. Концентрацияның мұндай артуы жылыту маусымы (8-10 қазан) басталуымен, күннің суытуымен және ластайтын бөлшектердің таралуымен байланысты. Бұл жағдай ластауыш шығарындылары ауаның жер беті қабатында жиналып, қысқы көрсеткіштердің өсуіне себеп болды.
Қараша мен желтоқсан айлары 54,4 мкг/м³ және 62,4 мкг/м³. көрсеткішпен шектен тыс концентрацияларға жетті.
ДДҰ тәуліктік нормадан тыс күндер саны
2025 жылы Алматыда қауіпсіз ауа сапасының деңгейі қатты төмендегені байқалды.

Былтыр қалада орташа тәуліктік PM2.5 концентрациясы ДДҰ ұсынған 5 мкг/м³ деңгейіне сәйкес келген 148күн (жылдың 40.5%) тіркелді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16 күнге (10%-ға) аз.
Жылдың қалған 217 күнінде (шамамен 60%-ы) нормативтердің әртүрлі деңгейде асып кетңп отырды; соның ішінде 124 күнде PM2.5 концентрациясы неғұрлым жұмсақ ұлттық ШРК (35 мкг/м³) стандартына сәйкес келмеді:
- 15-35 мкг/м³: 93 күн (25.5%). Осы кезеңдерде PM2.5 деңгейі ДДҰ нормаларынан асқанымен формалды түрде Қазақстандағы ұлттық шекті рұқсат етілген концентрация (35 мкг/м³) шегінде қалады.
- 35-70 мкг/м³ (1ШРК-2ШРК): 89 күн (24,4%).
- 70-140 мкг/м³ (2ШРК – 4ШРК): 34 күн (9.3%).
- 140 мкг/м³ 4ШРК-дан астам: 1 күн. Ең лас күн 7 желтоқсанға түсті: бұл күні қала бойынша орташа тәуліктік концентрация 145,1 мкг/м³ деңгейіне жетті

- Қаңтар, ақпан, желтоқсан айларында ауа таза болған күндер тіпті тіркелмеді.
- 2025 жылғы шілде – нормадан тыс болып, шектен асқан күндер саны 7 күнге дейін артты (2024 жылы ондай күндер мүлде байқалмаған). Орташа ластану деңгейі шілдеде маусым айымен салыстырғанда 24%-ға дейін өсті.
Ықтимал факторлардың бірі алдыңғы жылмен салыстырғанда ауа райының едәуір құрғақ болуы: жауын-шашынның болмауы және желдің аз соғуы шаң мен шығарындылар тіпті жаз мезгілінде де ауада жиналып, «жазда ауа таза болады» деген ойды жоққа шығарады.
Қорытынды статистика Алматыдағы ауаның ластану мәселесі құрылымды екенін растайды. Бір жыл ішінде 60%-дан астам уақыт бойы қала халықаралық қауіпсіздік стандартқа сәйкес келмейтін ауамен тыныс алады.
2-тарау. Қала ырғағы: Тәуліктік әрі маусымдық динамика
Тәуліктік маусым профильдері
Тәулік ішінде PM2.5 концентрациясының таралуы жыл мезгіліне тәуелділікті көрсетті:

- Қыс мезгілік тұрғылықты шектен тыс ең лас маусым болып саналады. Орташа тәуліктік PM2.5 концентрациялары қыста 61.1мкг/м³, , ол Қазақстанның ШРК деңгейін 1,8 есе асады. Тіпті орташа таң уақытының (05:00-08:00) минимумі 43-45 мкг/м³ деңгейінде, яғни тәулік бойы нормативтен асып тұрады. Ең жоғары мәндер 19:00–21:00 аралығында (80 мкг/м³ жоғары), бұл планетарлық шекаралық қабаттың (инверсиялық қабат) төмендеуіне және кешкі қарбалас уақыт пен автономды жылыту жүйелеріне түсетін ең жоғары жүктеменің қатар келуіне байланысты.
- Күзде қыспен ұқсас динамика, алайда жылыту маусымына дейін амплитуда төменірек. PM2.5 орташа концентрациясы 43 мкг/м³, ол да Қазақстан ШРК деңгейінен жоғары. Күндізгі «плато» кезеңінде (3:00-16:00) концентрациялар 30-40 мкг/м³ шамасында ауытқып, ҚР үшін белгіленген ШРК (35 мкг/м³) шегіне жақын деңгейде сақталады. Кешкі шарықтау (16:00-ден кейін) концентрациялардың кешкі сағат сегізге қарай 2 есеге дейін артып, 66–67 мкг/м³ деңгейіне жетуіне әкеледі.
- Көктем–жаз мезгілі ең таза кез, бұл ауа массаларының жақсырақ араласуымен және жылыту кезеңінің тоқтауымен байланысты. Жаз мезгілі PM2.5 концентрациясының ең төмен әрі ең тұрақты деңгейімен ерекшеленеді: орташа мәні 12,7 мкг/м³, әрі тәуліктің шамамен 24 сағаты бойы концентрациялар ДДҰ-ның рұқсат етілген шегінде (15 мкг/м³ төмен) сақталады. Тек сағат 20:00 шамасында аздап көтерілу байқалады.
- Көктемдегі ластану көрсеткіші жазға ұқсайды, алайда концентрациялар біршама жоғарырақ болады. Көктемгі PM2.5-тің орташа деңгейі 18.6 мкг/м³, ал тәуліктік мәндер, әдетте, 15–25 мкг/м³ аралығында болады. Кешкі шарықтау сақталып шамамен 26 мкг/м³ деңгейіне жетеді, алайда оның амплитудасы күзгі-қысқы кезеңмен салыстырғанда едәуір төмен.
Жылыту маусымының әсері: Есептеу нүктесі – 10 қазан
Жылыту маусымының ресми басталуына дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыру (AirGradient датчиктер желісінің деректері негізінде) қаладағы ауа сапасының жүйелі түрде өзгеретінін көрсетті.
Өзгерістерді анық түрде көрсету үшін картада Алматы қаласы мен Алматы облысының іргелес елді мекендеріндегі AirGradient станцияларының орналасу нүктелері берілген: маркердің орталық бөлігі жылыту маусымына дейінгі (1 қыркүйектен 10 қазанға дейінгі) ауа сапасын, ал сыртқы сақинасы — жылыту маусымы басталғаннан кейінгі кезеңді (10 қазаннан 31 желтоқсанға дейін) көрсетеді. Нүктенің өлшемі орташа тәуліктік концентрацияға пропорционал түрде беріледі (төменнен жоғары қарай).

- Жүйелі ығысу: Қала картасында біртекті түсін сақтап қалған нүктелер іс жүзінде қалмады. Жасыл және сары түсті орталықтардың айналасында ашық қызыл және күлгін нүктелердің жаппай пайда болуы жылыту маусымы басталғаннан кейін PM2.5 концентрациясының күрт артқанын айқын көрсетеді.
- Географиялық бағыттар: Ең айқын айырмашылық (кең әрі контрастты сақиналар) солтүстік және солтүстік-батыс секторларда байқалады. Бұл — жеке тұрғын сектордағы жергілікті жылыту көздерінің әсері ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 фондық ықпалымен қабаттасып, экологиялық тұрғыдан аса қауіпті аймақтарды қалыптастыратын өңірлер.
- Тұрақтылық аймақтары: Салыстырмалы тұрақтылық тек тау бөктеріндегі аудандарда (Медеу және Бостандық аудандарының жоғарғы бөлігінде) сақталған. Мұнда кешкі уақытта соғатын таулы самал эмиссияларды біршама азайтады.
Аудандық қимада:
Алматы қаласы аудандары бойынша жүргізілген сандық талдау картадағы визуалды деректерді растайды. Жылыту маусымына көшу барлық ауданда, әсіресе қаланың солтүстік бөлігінде, ластану деңгейінің артуына алып келді, алайда өсімнің қарқындылығы біркелкі емес.

Қаланың төменгі аудандарында (Алатау, Түрксіб, Жетісу) уытты жүктеме бірнеше есе артқан. Бұл аумақтарда жылыту маусымы басталғаннан кейін (10 қазаннан бастап) PM2.5 орташа тәуліктік концентрациясы денсаулыққа зиянды деңгейде (70–140 мкг/м³) тұрақты түрде қалыптасты, бұл ДДҰ ұсынымдарынан (15 мкг/м³) 4–9 есе жоғары.

3-тарау. Ластану географиясы: кеңістіктік анализ
Ең айқын заңдылық тау бөктеріндегі аудандардан қаланың төменгі бөлігіне қарай жылжыған сайын байқалады. 2025 жылғы қазан–қараша айларындағы PM2.5 орташа концентрациясының кеңістіктік таралу картасы Алматы аумағында ауаның ластануы айқын біркелкі емес екенін көрсетеді, бұл айырмашылықтар табиғи-географиялық факторлармен де, антропогендік ықпалдармен де байланысты.

Оңтүстік аймақ (тау бөктері): Ең қолайлы көрсеткіштермен сипатталады. Биіктік рельефі мен таулы самалдың әсері тиімді желдетуді қамтамасыз етеді, ал ірі өнеркәсіптік және жылыту тораптарының болмауы концентрациялардың салыстырмалы түрде төмен деңгейде сақталуына мүмкіндік береді.
Қаланың орталық және солтүстік аудандарына қарай жылжыған сайын PM2.5 концентрациясының тұрақты өсуі байқалады. Алматының орталық бөлігі ластанудың орташа аймағын қалыптастырады, бұл көлік ағындарының жоғары тығыздығына, көпқабатты құрылыстарға және қарқынды қалалық белсенділікке сәйкес келеді.
Ең қолайсыз жағдай қаланың солтүстік және солтүстік-батыс аудандарында тіркеледі. Мұнда PM2.5 орташа мәндері жоғары болатын нүктелердің ең үлкен шоғыры бар. Солтүстік аудандардағы күрделі экологиялық ахуал тек жергілікті көздермен (жеке сектор, өнеркәсіп) ғана емес, сонымен қатар Алматы ойпатының аэродинамикалық ерекшеліктерімен де түсіндіріледі.
Кешкі және түнгі сағаттарда ерекше метеорологиялық режим қалыптасады:
- Тау–аңғарлық циркуляция: Таулардан салқындаған ауа (түнгі бриз) оңтүстіктен солтүстікке қарай қозғалып, күндіз қаланың жоғарғы және орталық бөлігінде жиналған ластаушы заттарды төменгі аймақтарға «ығыстырады».
- Атмосфералық «қамалып қалу»: Қаланың орта тұсына жеткенде бұл ағын баяулайды. Өтпелі желдетудің болмауы және температуралық инверсия салдарынан зиянды заттар жерге жақын қабатта тұтылып қалады.
- Кумулятивтік әсер: Орталықтан тасымалданған смогқа жергілікті үй шаруашылықтарының түнгі шығарындылары қосылады. Нәтижесінде солтүстік аудандарда PM2.5 концентрациясы түнде төмендемей, керісінше арта түсіп, тұрақты экологиялық жүктеме аймақтарын қалыптастырады.
Күзгі-қысқы кезеңде ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, іс жүзінде таралмайды, бұл тіпті экстремалды шығарындылар болмаған жағдайда да концентрациялардың тұрақты түрде жоғары болып қалуына әкеледі.

PM2.5 орташа тәуліктік концентрацияларын кластерлеу картасы осы көріністі растайды. Қалада ластану деңгейі мен географиялық орналасуы бойынша ерекшеленетін екі тұрақты кеңістіктік кластер айқын байқалады. Кластерлер арасындағы шекара көп жағдайда қаланың оңтүстіктен солтүстікке қарай табиғи еңісін қайталайды.
Ең ластанған кластер (қызыл маркерлер) негізінен қаланың солтүстік және солтүстік-батыс бөлігінде – Райымбек даңғылынан төмен орналасқан аумақтарда, соның ішінде Түрксіб, Алатау және Жетісу аудандарында шоғырланған. Бұл кластер үшін PM2.5 орташа тәуліктік концентрацияларының тұрақты түрде жоғары болуы тән: датчиктер бойынша орташа мәні 65.3 мкг/м³, бұл салыстырмалы түрде таза кластер көрсеткішінен шамамен екі есе жоғары.
Салыстырмалы түрде таза аудандар (жасыл маркерлер) қаланың оңтүстік, тау бөктеріндегі бөлігінде – Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан Бостандық және Медеу аудандарында қалыптасқан. Бұл аумақтарда ластану деңгейі едәуір төмен: PM2.5 орташа тәуліктік концентрациясы 32.3 мкг/м³. шамасында. Қаланың оңтүстік бөлігіндегі қолайлырақ жағдай тау бөктерінің рельефімен, ауаның жақсырақ желдетілуімен және жергілікті ластау көздерінің аз шоғырлануымен байланысты.
Демек, Алматыдағы ауаның ластануы жекелеген оқиғалармен емес, рельефтің, құрылыс тығыздығының және ауа қозғалысының ерекшеліктерімен айқындалады. Көрсетілген картада Алматыдағы ауаның ластануының айқын кеңістіктік сипаты бар екенін және оның қала бойынша біркелкі таралмайтынын дәлелдейді. Оңтүстік пен солтүстік аудандар арасындағы айырмашылық бірнеше айлық деректі орташа есепке алғанның өзінде сақталады, бұл ластанудың себептері кездейсоқ жағдайларда емес, құрылымдық факторларда жатқанын көрсетеді.
Аудандардың PM2.5 деңгейі бойынша рейтингі
Сандық деректерге сәйкес қаланың жоғарғы бөлігі мен төменгі бөлігінің айырмашылығы екі есе.
Салыстырмалы қолайлы аймақтар тобы:
- Бостандық: 22.1 мкг/м³ (қала бойынша минималды көрсеткіш)
- Әуезов/Медеу: 25.8 мкг/м³
- Наурызбай: 27.1 мкг/м³
Қауіпті аймақтар тобы:
- Түрксіб: 46.8 мкг/м³
- Жетісу: 37.9 мкг/м³
- Алатау: 37.7 мкг/м³
- Алмалы: 30.9 мкг/м³
Ұсынылған «жылу картасы» түріндегі график 2025 жылыы аудандық жүктеменің қалай бөлінгенін нақты көруге мүмкіндік береді.
Суреттен Түрксіб, Жетісу және Алатау аудандары күнтізбелік жылдың барлық кезеңінде жоғары концентрациялар эпицентрі болып қала беретіні анық байқалады: олар басқа аудандарға қарағанда жоғары ластану аймағына (қызыл, күлгін және қоңыр-қызыл сегменттер) ертерек еніп, одан ең соңында шығады. Қаланың «төменгі» аудандарында концентрациялар 140 мкг/м³ асып жатқан кезде, қаланың оңтүстік бөліктерінде (Бостандық және Медеу аудандары) сол күндері көрсеткіштер көбіне қызыл, тіпті кейде сары аймақ деңгейінде сақталады. Рельеф пен тауларға жақындық қаланың оңтүстік бөлігіне қысқа мерзімді «тыныс алу» мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, ал Алматының солтүстігі мұндай артықшылықтан іс жүзінде айырылған.
4-тарау Экстремалды күндер
2025 жылғы ең таза және ең лас күндер
2025 жылы Алматыда орташа тәуліктік минималды және максималды мәндер арасындағы бұрын-соңды болмаған алшақтық байқалды – айырмашылық 29 есе болды. Бұл ауа сапасының маусымдық факторларға, метеорологиялық жағдайларға және антропогендік жүктемеге қаншалықты тәуелді екенін айқын көрсетеді.
Ең таза 10 күн:
Ауа сапасы бойынша ең қолайлы күн 2025 жылғы 1 қазанда тіркелді. Бұл күні PM2.5 орташа тәуліктік концентрация 5.0 мкг/м³ құрады, яғни ДДҰ-ның ең қатаң орташа жылдық ұсынымдарына да толық сәйкес келді.
Алайда талдау бұл көрсеткіштің қаланың табиғи фонына тән еместігін көрсетеді. Қалалық атмосфера ерекше метеорологиялық жағдайлар аясында тазарды: сол күні Алматыда ауа райы күрт өзгеріп, түнгі температура +3…+8 °C, күндіз +5…+10 °C болды, желдің жылдамдығы 9–14 м/с жетіп, екпіні 15–29 м/с дейін күшейді, сондай-ақ таулы аймақтарда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын байқалды.
1 қазаннан бөлек, 2025 жылғы ең таза 10 күннің қатарына негізінен көктемгі және жазғы кезеңдерге тән күндер енді.
- 23 қыркүйек -5.7 мкг/м³
- 26 мамыр – 6.2 мкг/м³
- 11 мамыр – 6.6 мкг/м³
- 10 шілде – 6.7 мкг/м³
- 12 мамыр – 6.8 мкг/м³
- 23 қаңтар – 7.2 мкг/м³
- 18 тамыз – 7.4 мкг/м³
- 11 шілде -7.7 мкг/м³
- 19 мамыр – 8.1 мкг/м³
Тіпті осы ең қолайлы күндердің өзінде жекелеген аудандарда жергілікті асып кетулер тіркелді, алайда олар қалалық орташа көрсеткішке айтарлықтай әсер еткен жоқ.
Ең лас 10 күн тізімі:
7 желтоқсан – 2025 жылдың ең лас күні. Экологиялық жүктемеде желтоқсан ең ауыр кезең болып, айдың алғашқы он күндігінде шегіне жетті. Орташа тәуліктік концентрация 145,1 мкг/м³ деңгейінде тіркелді. Бұл көрсеткіш ДДҰ-ның тәуліктік шегінен (15 мкг/м³) 9,7 есе, ал Қазақстандағы ұлттық ШРК-дан (35 мкг/м³) 4,1 есе жоғары болды. Сонымен қатар жекелеген аудандарда орташа сағаттық шекті мәндер 493 мкг/м³ сияқты экстремалды деңгейге дейін жетті. Мұндай ластану деңгейі халық денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Аталған күн жауын-шашынсыз, ауыспалы бұлтты тұрақты ауа райымен, әлсіз шығыс желімен (3-8 м/с), түнде ауа температурасының -0-2 °C, күндіз +6-8 °C аралығында болуымен сипатталды. Бұл жағдайлар ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіріп, олардың жиналуына және PM2.5 концентрациясының күрт өсуіне алып келді. Күн соңына қарай тұман мен жауын-шашын қалыптаса бастады, бұл ауаның ылғалдылығының жоғары екенін және тік бағыттағы араласудың әлсіздігін көрсетті. Нәтижесінде алдыңғы сағаттарда жиналған ластаушы заттар таралмай, концентрациялар экстремалды мәндерге жетті.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы ең лас 10 күннің барлығы дерлік қысқы кезеңге түсті.
- 14 қаңтар – 125 мкг/м³
- 15 қаңтар – 121.3 мкг/м³
- 12 қаңтар – 117.7 мкг/м³
- 7 ақпан – 104.9 мкг/м³
- 3 желтоқсан – 104.1 мкг/м³
- 9 ақпан – 104 мкг/м³
- 27 қаңтар – 98.7 мкг/м³
- 8 ақпан – 97.9 мкг/м³
- 29 желтоқсан – 97.6 мкг/м³
Осы күндердің барлығында қалалық орташа мәндердің жоғары болуымен қатар экстремалды жергілікті шарықтаулар байқалады, бұл шығарындылардың күшеюі мен ластаушы заттардың әлсіз таралуының бір мезгілде орын алғанын көрсетеді.
Аптаның күндері бойынша ластану деңгейі
Экстремалды эпизодтар ең қолайсыз жағдайларды сипаттайды, алайда ластанудың тұрақты іс-әрекеттік және әлеуметтік заңдылықтарын толық бағалауға мүмкіндік бермейді. PM2.5 орташа тәуліктік концентрациясын аптаның күндері бойынша талдау жекелеген ауа райы аномалияларына тәуелсіз сақталатын айқын заңдылықтарды анықтады.
Жексенбі – шектен тыс көрсеткіш: Бұл күн цикл ішіндегі ең ластанған күн: жылдың PM2.5 орташа тәуліктік концентрациясы 37,3 мкг/м³ деңгейінде. Сонымен қатар абсолюттік жылдық максимум дәл жексенбі күні — 7 желтоқсанда тіркелді: орташа тәуліктік концентрация 145,1 мкг/м³ жетті. Бұл ең ауыр смог эпизодтарының апта соңына сәйкес келетінін айқын көрсетеді.
Сенбі және артудың басталуы: Ластану деңгейнің артуы сенбіде (32.7 мкг/м³), жұмыс күндерінің орта көрсеткіштерінен асып басталды.
Дүйсенбі және демалыс күндерінің инерциясы: Дүйсенбі күні салыстырмалы түрде жоғары деңгей (31,7 мкг/м³) сақталады, бұл демалыс күндері жиналған ластанудың жұмыс аптасының басына дейін толық таралып үлгермеуінің нәтижесі болуы мүмкін.

Сәрсенбі және «таза» бейсенбі: Аптаның ортасында жергілікті минимум байқалады. Сәрсенбіде ең төмен көрсеткіш – 27,2 мкг/м³. Бейсенбі (28 мкг/м³) одан алшақ емес және халық арасында қалыптасқан «таза бейсенбі» атауын толықтай ақтады. Ең таза сәрсенбі мен ең лас жексенбі арасындағы айырмашылық 37%-дан асады.
Сейсенбі және жұма: Бұл күндерде орташа мәндер қалыпты деңгейде (30,4 мкг/м³) болғанымен, сейсенбі күні бір реттік жоғары шарықтау – 124 мкг/м³ тіркелді, бұл жұмыс күндері ішінде сирек, бірақ күшті ластану эпизодтарының болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Кең таралған түсінікке қарамастан, демалыс күндері PM2.5 орташа концентрациялары жұмыс күндеріне қарағанда жоғары болып шықты (тиісінше 35,6 мкг/м³ және 29,9 мкг/м³). Тәуліктік динамика бұл айырмашылықтың негізінен кешкі уақытта қалыптасатынын айқын көрсетеді: демалыс күндері 16:00-ден кейін концентрациялар күрт өсіп, орта есеппен 20:00 шамасында 57 мкг/м³ деңгейіне жетеді.
Анықталған заңдылық жұмыс күндеріндегі көлік қозғалысы смогтың басты көзі деген қалыптасқан пікірге жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Деректер демалыс күндері, әсіресе жексенбіде, ауа сапасының тұрақты түрде төмен болып қалатынын, ал кейде тіпті нашарлайтынын көрсетеді.
Бұл назарды тек автокөлік трафигінен кешенді факторларға ауыстыру қажеттігін білдіреді. Әсіресе көмір жағатын жеке үй шаруашылықтары мен энергетикалық нысандардың рөлі айтарлықтай болуы ықтимал. Демалыс күндері тұрғындар үйде көбірек уақыт өткізетіндіктен, бұл көздердің жұмыс қарқындылығы сақталады немесе тіпті арта түседі. Осылайша, ластану мәселесі тек жол кептелістеріне байланысты емес, әлдеқайда терең сипатқа ие.
Ластануды не қалыптастырады: көздер мен жағдайлар
Алматыдағы экстремалды ластану деңгейлері бір реттік шығарындылардың салдары емес, тұрақты көздер мен метеорологиялық жағдайлардың үйлесуі нәтижесінде қалыптасады. Қыста қала жүйелі түрде ластанудың режиміне өтеді: шығарындылар көлемі артып, олардың таралуына қолайлы жағдайлар ұлғая береді.
Жылыту маусымының басталуы — ластанудың өсуіндегі негізгі бетбұрыс нүкте. Деректер 8-10 қазаннан кейін PM2.5 концентрациялары барлық ауданда, ал жеке тұрғын сектор аймақтарында – бірнеше есе артатынын көрсетеді. Бұл автономиялық жылыту жүйелері мен қатты отынды жағудың, әсіресе кешкі және түнгі сағаттарда, елеулі үлесін айқын аңғартады.
Жазғы ластанудың табиғаты қысқы смогтан өзгеше. Жылы маусымда негізгі үлесті шаң (оның ішінде жол және құрылыс шаңы), көлік шығарындылары, сондай-ақ ыстық әрі күншуақты ауа райында қалыптасатын екіншілік ластану жағдайларын құрайды. Жауын-шашынның болмауы және желдің әлсіз кезінде бөлшектер атмосферадан шайылмай, жылыту жүктемесі болмаса да, жинақтала береді. Автокөлікті ластану көзі ретінде біз жеке зерттеуде егжей-тегжейлі қарастырғанбыз, онымен мына сілтемеге өтіп танысуға болады:
Демек, жаз мезгілі де мінсіз таза ауаның кепілі емес: қуаң әрі желсіз ауа райында ластану деңгейі ең жылы айлардың өзінде жоғары болып қала беруі мүмкін.
Көлік жыл бойы, әсіресе кешкі қарбалас уақыттарда, тұрақты фондық үлес қалыптастырады. Алайда көліктің өзі экстремалды мәндерді толық түсіндіре алмайды — оның әсері ластаушы заттардың таралуы әлсіреген жағдайда ғана шешуші рөл атқарады.
Қаланың солтүстік және солтүстік-батыс аудандарында ірі жылу өндіру көздерінің ықпалы жеке сектор шығарындыларымен қабаттасады. Инверсия жағдайында бұл түнгі уақытта, көлік жүктемесі азайғанның өзінде, концентрациялардың тұрақты түрде жоғары болуына әкеледі.
Аудандар арасындағы айырмашылық тек шығарындылар көздерімен емес, рельефпен де түсіндіріледі. Түнгі тау-аңғарлық ауа алмасуы нәтижесінде қаланың жоғарғы және орталық бөлігіндегі ластану төменгі аймақтарға ығысып, сол жерде жиналып, жергілікті шығарындылармен күшейеді. Бұл солтүстік аудандарды созылмалы экологиялық жүктеме аймағына айналдырады.
Қорытынды
2025 жылғы деректерді талдау Алматыдағы ауа сапасының тұрақты түрде қолайсыз әрі халық денсаулығы үшін жүйелі түрде қауіпті болып отырғанын көрсетеді. Бұл жағдай маусымдық және кеңістіктік тұрғыдан біркелкі еместігімен сипатталады. PM2.5 орташа жылдық концентрациясы ДДҰ ұсынымдарынан 6 еседен астам жоғары, ал қауіпсіз ауа күндерінің саны қысқаруын жалғастыруда. Жылдың жартысынан астамында (217 күн) алматылықтар халықаралық нормалардан тыс ластанудың әсеріне ұшырады, ал қысқы кезеңде бүкіл мегаполис халқы үшін тікелей қауіп төндіретін экстремалды ластану эпизодтары тіркелді.
2025 жылдың басты ерекшелігі – концентрациялар ауытқуының жоғары амплитудасы: ДДҰ ұсынымдарына жақын деңгейлерден бастап, Қазақстан Республикасының шекті рұқсат етілген концентрацияларынан 4 еседен астам асып түсетін мәндерге дейін. Бұл ауа сапасының метеорологиялық жағдайларға, жылыту маусымына және жергілікті шығарындылар көздеріне қатты тәуелді екенін көрсетеді. Сонымен қатар жылдың екінші жартысында мониторинг желісінің кеңеюі, әсіресе бұрын бақылау жеткіліксіз болған аудандарда, ластанудың нақты ауқымын толығырақ анықтауға мүмкіндік берді.
Кеңістіктік талдау мәселенің жүйелі сипатын айқындайды: ең қолайсыз жағдай тұрақты түрде қаланың солтүстік бөлігінде байқалады, ал тау бөктеріндегі аудандар салыстырмалы түрде қолайлырақ болғанымен, ұзақ мерзімді ДДҰ ұсынымдарына сәйкес келмейді. Қысқы инверсия жағдайында ластану бүкіл қаланы қамтып, аумақтық айырмашылықтарды әлсіретеді және жалпы денсаулық қатерін арттырады.
Жалпы алғанда, PM2.5 концентрациялары бойынша алынған нәтижелер Алматыдағы ауаның ластану мәселесінің эпизодтық емес, құрылымдық сипатқа ие екенін айқын көрсетеді. Жағдайды тұрақты түрде жақсарту үшін жүйелі шаралар қажет: жылыту маусымында жылу өндіру көздерінен шығарындыларды қысқарту, көлік шығарындыларын азайту, газбен қамту және жылу көздерін жаңарту, сондай-ақ ауа сапасына тәуелсіз мониторинг жүргізуді одан әрі дамыту және институттау.
Қосымша: Әдістеме және ескертпелер
Бұл бөлімде деректерді жинаудың техникалық қырлары және есептерге қатысты түсіндірмелер көрсетілген.
1. Дереккөздер және кезеңдердің салыстырмалылығы
- 2024 бен 2025 салыстыру: Әдістемелік дәлдікті қамтамасыз ету мақсатында алдыңғы жылмен (1-бөлімде) салыстыру қаңтар–қыркүйек кезеңі аралығына қатысты жүргізілді. Аталған аралықта Clarity датчиктерінің тұрақты желісі пайдаланылды.
- Мониторингті ұлғайту: 2025 жылғы қазан айынан бастап талдауға қосымша дереккөздер (AirGradient, IQAir, OpenAQ, Airkaz) енгізілді. Бұл деректердің репрезентативтілігін едәуір арттырып, жергілікті ластану ошақтарының жеткіліксіз есепке алыну әсерін жойды, алайда 2025 жылғы төртінші тоқсанды алдыңғы кезеңдермен тікелей салыстыру әдістемелік тұрғыдан аса дәл болмай шықты.
2. Жылыту маусымының шекараларын анықтау
2-тараудағы талдау үшін есептік бастау нүктесі ретінде 2025 жылғы 10 қазан алынды. Бұл күн екі негізгі фактормен негізделеді:
- Ресми басталу: 2025 жылы ерте суытуға байланысты жылу желілерін кезең-кезеңімен қосу 8–11 қазан аралығында басталды.
- Жеке секторға әсері: Мониторинг деректері PM2.5 концентрациясының қазан айының екінші онкүндігінде жүйелі әрі күрт өскенін көрсетті, бұл орталық графиктерден тәуелсіз түрде тұрғын массивтерде қатты отынды белсенді жағу басталғанын растайды.
3. Мониторинг параметрлері
- География: Талдау Алматы қаласының әкімшілік шекараларымен шектелді.
- Көрсеткіш: PM2.5 — диаметрі ≤2,5 мкм болатын ұсақ дисперсті қалқыма бөлшектер.
- Агрегация: Деректер орташа тәуліктік және орташа айлық концентрациялар түрінде ұсынылды.
- Өлшем бірліктері: Барлық мән текше метрге шаққандағы микрограмммен (мкг/м³) берілген. Бұл бөлшектер массасының физикалық көрсеткіші, кейбір ауа сапасын бақылау платформаларында қолданылатын AQI индексінің тікелей баламасы емес.
4. Стандарттар мен қауіптерді жіктеу
Бақылау бағдарлары ретінде төмендегілер пайдаланылды:
- ДДҰ ұсынымдары: тәуліктік – 15 мкг/м³, 5 мкг/м³ (орташа жылдық).
- Қазақстан Республикасының ШРК: 35 мкг/м³(орташа тәуліктік).
Қатерлерді бағалау шкаласы (2025): Есепте ұлттық стандарттар мен ДДҰ нормаларынан асып кету дәрежесіне қарай Алматы халқының денсаулығына төнетін қатерлерді дәлірек жіктеуге мүмкіндік беретін жаңартылған классификация қолданылды:
0-15 мкг/м³: Ауа таза деп есептеледі және ДДҰ-ның өзекті ұсынымдарына толық сәйкес келеді;
15-35 мкг/м³: Концентрация ДДҰ нормаларынан жоғары, алайда Қазақстан Республикасының шекті рұқсат етілген концентрациясына (ШРК) әлі де сәйкес;
35-70 мкг/м³: Қазақстанның ШРК-сы 2 есеге дейін асқаны тіркелген.
70-140 мкг/м³: Қазақстанның ШРК-сы 2-4 есеге дейін асқан; Сыртта ұзақ уақыт болу бүкіл халықтың денсаулығына қауіп төндіреді.
>140 мкг/м³: Қазақстанның ШРК-сынан 4 еседен астам асып түсетін экстремалды ластану деңгейі.
