Almaty Air Initiative (AAI) қоры мегаполистің экологиялық күйінің нашарлауы тіркелген жылдық аналитикалық есебін ұсынды. Мониторинг деректері бойынша 2025 жылы Алматы қаласының тұрғыны ауамен тыныстау арқылы орта есеппен 518 темекі шеккенмен бірдей зиян шеккен. Жарияланған деректерге сәйкес PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған нормалардан 6 есе жоғары. 2024 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың салдарынан ауаның ластану деңгейі 30%-ға жуық артты.

Қаладағы смог — әртүрлі ластаушы заттардың қоспасы. PM2.5 және PM10 бөлшектерінен бөлек, ауада азот диоксиді (NO₂), күкірт диоксиді (SO₂), көміртегі тотығы (CO), озон (O₃) және басқа да заттар кездеседі. Зерттеу аясында Қор басты назарын ең қауіпті әрі репрезентативті көрсеткіш ретінде PM2.5  бөлшектеріне аударған.

Зерттеуге сәйкес, бір жыл ішінде 60%-дан астам уақыт бойы қала тұрғындары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін ауамен тыныс алған. «Таза» күндер саны 148 күнге дейін, 2024 жылмен салыстырғанда 16 күнге азайған. Былтыр PM2.5 концентрациясы ұлттық шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) нормаларына 124 күн бойы сәйкес келмеді. Ең күрделі жағдайлар қыс айларында тіркелген.

Желтоқсан айында PM2.5 деңгейі 62,4 мкг/м3 жетті, ал 7 желтоқсанда жылдың ең лас күні тіркелген: бұл Қазақстандағы рұқсат етілген нормадан 4 есе, ал ДДҰ жылдық шегінен 10 есе асып 145 мкг/м3 болды.

Ластану деңгейінің артуы жылыту маусымының басталуымен тікелей байланысты. Жылыту жүйесі іске қосылғаннан кейін-ақ, қазан айында PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы қаланың барлық ауданында, әсіресе жеке тұрғын үй секторында, күрт өсті. Сонымен қатар Қор сарапшылары экологиялық теңсіздікті анық байқады: қаланың төменгі аудандарында тұратын тұрғындар таудың етегіндегі тұрғындарға қарағанда ластанған ауаны көбірек жұтады.

ҚАУІП ДЕҢГЕЙІ БОЙЫНША АУДАНДАР РЕЙТИНГІ (орташа жылдық PM2.5 концентрациясы):

  1. Түрксіб ауданы: 46.8 мкг/м3 
  2. Жетісу ауданы: 37.9 мкг/м3
  3. Алатау ауданы: 37.7 мкг/м3
  4. Алмалы ауданы: 30.9 мкг/м3
  5. Наурызбай ауданы: 27.1 мкг/м3
  6. Әуезов пен Медеу аудандары: 25.8 мкг/м3
  7. Бостандық ауданы: 22.1 мкг/м3

Түрксіб ауданы ең ластанған аудан – мұнда PM2.5 көрсеткіштері Бостандық ауданынан екі еседен астам жоғары. Бұл әсіресе көмірді көп жағатын, өнеркәсіп орындары мен көлік көп шоғырланған, жер бедерінің ерекшелігі де бар қаланың солтүстік және солтүстік-батыс бөлігінде аса қатты байқалады.

Қор сарапшылары ластану деңгейін түсінікті болу үшін «темекі баламасымен» көрсеткен. 2025 жылы Алматының орташа тұрғыны жыл бойы 518 темекі шеккенмен тең зиянды заттарды жұтқан. Ең ластанған аудандарда бұл көрсеткіш 700–800 темекіге жетуі мүмкін.

Зерттеуде 2025 жылы әдетте «таза» маусым деп есептелетін жаз айларында да ластану деңгейі шектеулі нормалардан асып кеткені тіркелген. Бұған құрғақ ауа райы, шаң, желдің әлсіздігі әсер еткен. Бұл Алматыдағы смог тек қыста болатын мәселе деген ойды жоққа шығарып отыр.

Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:

«Жылыту маусымы басталғалы Алматы картасында «таза» аймақтар жоқтың қасы. Біздің тығыз орналасқан датчиктеріміздің желісінің  арқасында бұрын мониторинг кезінде байқалмайтын аймақтардың күйін көріп отырмыз. Бұл деректер қысқы ластану көздері аса назарға алынбай жүргенінің дәлелі. Көмір тұтынатын, қоқыс өртейтін жеке үй шаруашылықтары бойынша деректерді түгендеп шығуымыз қажет. Әр саланың үлесін шынайы бағаламай қаланың ауа сапасын нәтижелі түрде қолға алу мүмкін емес. Әкімдікпен осы мәселені жан-жақты талқылай аламыз деп сенеміз. Келесі қадам – үй шаруашылықтарында көмірді және тұрмыстық қалдықтарды жағуды шектеу бойынша нақты шаралар қабылдау. Жеке үйлер мен осы көздерді есепке алу бойынша жүйелі шешім қабылданбайынша, қыстағы смогтан тіпті ЖЭО-ларды жаңартқаннан кейін де құтыла алмаймыз».