lmaty Air Initiative қоры Алматы тұрғындарының төмен шығарындылар аймақтарын (Low Emission Zones, LEZ) енгізуге қатысты көзқарастары туралы тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижелерін жариялады. Зерттеу қаладағы ауа сапасына алаңдаушылықтың жоғары деңгейін және ілеспе өзгерістер енгізілген жағдайда бұл шараны қолдауға дайындық бар екенін көрсетті.

Зерттеу көрсеткендей, алматылықтардың 88%-ы қаладағы ауаның жай-күйіне алаңдайды, ал респонденттердің жартысы (51%) LEZ енгізуді қолдайды. Бұл ретте қолдау мен скептицизм жынысқа, табыс деңгейіне, тұратын ауданға, қозғалыс тәсіліне және олардың иелігіндегі автокөліктің жасына байланысты өзгеріп отырады.

Зерттеудің негізгі нәтижелері

  • Ауаның ластануы. 

Респонденттердің шамамен 50%-ы негізгі ластаушы ретінде көлікті атайды. Жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлікті пайдаланушылар көбіне автокөліктерді кінәласа, автокөлік иелері жауапкершілікті жылу электр орталықтарына (ЖЭО), құрылысқа және өнеркәсіптік нысандарға аударады.

  • LEZ-ді қолдайтын топтар. 

Ең жоғары қолдау жаңа автокөлік иелерінде (65%), 56 жастан асқан респонденттерде (60%), такси жүргізушілерінде (59%), сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлікті пайдаланушыларда (52%) байқалды. Негізгі уәждер – отбасы мен балалардың денсаулығы, таза ауа және көлік жүктемесін азайту.

  • LEZ-ге қарсы топтар. 

Ең сыншыл көзқарас ескі (2010 жылға дейін шығарылған) автокөлік иелерінде байқалды. Олардың тек 26%-ы бастаманы қолдайды, 39%-ы — қарсы. Негізгі алаңдаушылықтары – қосымша шығындар және әлеуметтік әділетсіздік сезімі.

  • Қалалықтардың күтулері. 

Респонденттер қоғамдық көлікті дамыту, ескі автокөліктерді айырбастау және кәдеге жарату бағдарламаларын іске қосу, барлық қатысушылар үшін әділ әрі ашық ережелер орнату, сондай-ақ билік тарапынан ашық коммуникация жүргізілуін күтеді.

Жұлдыз Саулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:

«Біздің зерттеуіміз Алматы тұрғындарының таза ауаның маңыздылығын түсінетінін және төмен шығарындылар аймақтарын өмір сүру сапасын жақсартуға үмітпен байланыстыратынын көрсетті. Бірақ олар сонымен бірге кешенді көзқарасты күтеді — көлікті дамыту, ашық ережелер және нақты өтемақылар. Скептиктер үшін LEZ — бұл шектеу емес, қаланың денсаулығы мен болашағына инвестиция екенін көрсету маңызды».

Жалпы алғанда, зерттеу Алматыда LEZ-ге қолдау бастаманың қалай жүзеге асырылатынына айтарлықтай тәуелді екенін көрсетті. Көптеген тұрғындар нақты жақсартуларды көрсе — ауа тазара түссе, кептелістер азайса, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасса — өзгерістерге дайын.

Зерттеу нәтижелерінің толық есебі Almaty Air Initiative қорының сайтында қолжетімді: https://air.org.kz/lezresearch