23–24 қыркүйек күндері Ыстанбұлда өткен International Clean Air Dialogue шарасына Almaty Air Initiative қорының өкілдері қатысты. AAI атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова «Ауа сапасы туралы ақпаратты халыққа жеткізу: деректен нақты әрекетке» атты сессияда сөз сөйледі.

Форум мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми орта және азаматтық сектор өкілдерінің басын қосты. Жиында ауа сапасын бақылау, деректермен жұмыс істеу, халықаралық серіктестік және тиімді коммуникация арқылы нақты шешімдерге көшу жолдары талқыланды.

Жұлдыз Сәулебекова «PM2.5 тілін түсінесіз бе? Ауаның ластануы туралы ақпарат беруде өнімдік көзқарас не үйрете алады?» тақырыбында баяндама жасады. Ол ауаның ластануы мен денсаулыққа төнетін қауіп туралы күрделі деректерді қарапайым адамға қалай түсінікті етуге болатынын сөз етті. Спикердің айтуынша, коммуникацияны тек ұйымның көзқарасымен емес, адамның нақты сұранысына сай құру қажет — яғни тұрғынға қандай ақпарат маңызды, ол қандай шешім қабылдай алады және бұл дерек оған дәл қазір қалай көмектеседі деген мәселелер ескерілуі тиіс.

Бұл тақырып форумда кеңінен талқыланды. Қатысушылар ауа сапасын жақсарту үшін ашық диалог пен қоғамның белсенділігі маңызды екенін атап өтті. Ол үшін күрделі ғылыми мәліметтерді тұрғындарға да, билік органдарына да күнделікті өмірде қолдануға ыңғайлы әрі қарапайым тілмен жеткізу қажет.