
Алматы тұрғындарының 80%-дан астамы қаладағы ауа жағдайын денсаулыққа қауіпті деп санайды. Ал басқа жерге көшуді шынымен қарастырып немесе жоспарлап жүрген қала тұрғындарының үлесі 17%-дан 26%-ға дейін өскен. Almaty Air Initiative қоры Алматыдағы ауа сапасына қатысты үшінші жыл сайынғы зерттеуінің нәтижесін ұсынады. Зерттеу әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың көмегімен дайындалды. PwC Қазақстан зерттеудің жекелеген әдіснамалық және аналитикалық аспектілеріне түсініктемені өтеусіз негізде ұсынды.
- Респонденттердің 81%-ы қаладағы ауа денсаулыққа қауіпті деп санайды (көрсеткіш былтырғы 74%-бен салыстырғанда өскен), 63%-ы бұл мәселеге қатты алаңдайтынын айтты.
- Көшуді шынымен қарастырып немесе жоспарлап жүрген алматылықтардың үлесі 2024 жылғы 17%-дан 26%-ға дейін өскен.
- Көшуді ойлап жүрген немесе жоспарлап отырған тұрғындардың 57%-ы негізгі себеп ретінде экологиялық жағдай мен ауа сапасын атаған.
- Көші-қон көңіл-күйінің ең жоғары деңгейі 25–34 жастағы тұрғындар арасында байқалады: олардың 40%-ы көшіп кетуді ойлайды.
- Көшу мүмкіндігін қарастырып жүрген тұрғындардың жартысы ауа сапасы айтарлықтай жақсарса Алматыда қалуға дайын.
Зерттеудің мақсаты – тұрғындардың лас ауа мәселесінен хабардар болу деңгейін, олардың әрекет етуге дайындығын және не ойлайтынын бағалау, сонымен қатар 2024 және 2025 жылдармен салыстырғандағы өзгерістер динамикасын бақылау. Зерттеу аясында алғаш рет Ауа сапасы туралы хабардарлық индексі есептелді. Ол сауалнама нәтижесін бірыңғай шкала бойынша бағалауға мүмкіндік береді.
Алматыда индекс 100 балдан 41 балл болып шықты. Бұл хабардарлық деңгейінің төмен екенін және мәселеге көзқарас негізінен пассив екенін көрсетеді. Индекс тұрғындардың мәселені түсінуден нақты әрекетке көшуіне қарай ұмтылу деңгейі төмендейтінін анықтады. Ауаның ластануына алаңдаушылық жоғары болғанымен (70 балл), хабардарлық көрсеткіші (38), әрекет етуге дайындық (40) және әсіресе нақты тәжірибелер көрсеткіші (17) айтарлықтай төмен болып отыр.
Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative атқарушы директоры:
«Алматы тұрғындары ластанған ауа әжептәуір қауіп төндіретінін қазірдің өзінде түсініп отыр. Алайда ластау көздеріне қатысты, қандай шараларды қолдау керек екені немесе жеке өзі не істеу қажет екені жөнінде әзірге ортақ түсінік қалыптасқан жоқ. Келесі міндет – алаңдаушылықты білімге, ал білімді әрекетке айналдыру. Ол үшін түсінікті деректер, қалада қабылданып жатқан шаралар туралы ашық ақпарат және оңай қатысу жолдары қажет. Біздің индексіміз – Алматының экологиялық және ақпараттық саясатының нақты нәтижесін динамикада бағалауға мүмкіндік беретін құрал».
Лас ауа қала тұрғындарының ұзақ мерзімді жоспарына әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналып келе жатыр. Мұны сауалнамадан көріп отырмыз. Сауалнамаға қатысқан алматылықтардың 26%-ы көшу туралы шешім қабылдаудың түрлі кезеңінде тұр. Бұл кезең мәселені отбасыда жиі талқылаудан бастап, кетуге нақты дайындалуға дейінгі аралықты қамтиды. Тағы 32%-ы әзірге нақты жоспары болмаса да, кем дегенде кейде көшу туралы ойлайды.
Лас ауа ықтимал көшудің негізгі себебі болып шықты: оны респонденттердің 57%-ы атаған. Төмен табыс пен перспективаның жоқтығын 23%-ы, ал балаларға жақсы болашақ қамтамасыз еткісі келетінін 21%-ы атап өтті. Сонымен бірге көшуді ойлап жүрген тұрғындардың 50%-ы ауа сапасы айтарлықтай жақсарса жоспарын қайта қарауға дайын.
Азамат Қоңыратбаев, PwC Қазақстанның басқарушы серіктесі:
«Көшу туралы ойланып жүрген тұрғындардың жартысы ауа сапасы жақсарса жоспарын қайта қарауға дайын. Бұл мәселенің Алматының болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Таза ауа адамдардың денсаулығына, олардың жайлы білім алып, жұмыс істеуіне, өз әлеуетін қалыптастыру және жүзеге асыру мүмкіндігіне тікелей байланысты. Сондықтан экологиялық жағдайды жақсартуды адам капиталына және Алматының ұзақ мерзімді тартымдылығына салынған инвестиция ретінде қарастырған жөн».
Көші-қон көңіл-күйі әлеуметтік-демографиялық топтар арасында ерекшеленеді. Көшу мүмкіндігін 25–34 жастағы тұрғындар жиі қарастырады (40%), сонымен қатар магистрлік және ғылыми дәрежесі бар респонденттер арасында бұл көрсеткіш жоғары (41%). Орта білімі бар тұрғындар арасында бұл көрсеткіш 20% болды. Бір-екі баласы бар ата-аналардың арасында респонденттердің 28–30%-ы көшуді ойлайды, ал балалары жоқ респонденттер арасында бұл көрсеткіш – 23%.
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:
«Барлық әлеуметтік-демографиялық бөліністе бір тұрақты заңдылық байқалады: табыс, білім деңгейі және балалары болған сайын алаңдаушылық та өседі. Басқаша айтқанда, адамның ресурсы неғұрлым көп болса, ол мәселені соғұрлым маңызды деп санайды. Мұның екі салдары бар: бір жағынан, ресурсы бар топтар өзін лас ауадан белсендірек қорғайды, екінші жағынан, дәл осы топтар көшу туралы жиірек ойлайды».
Тұрғындар ауа сапасын жақсартудың ең қажет шаралары ретінде қоғамдық көлікті дамытуды (54%), ЖЭО-ларды газға толық ауыстыруды (52%) және ескі әрі ауаны қатты ластайтын автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізуді (51%) атайды. Ал қала орталығына ақылы кіруді енгізу идеясы ең аз қолдау жинады – оны респонденттердің небәрі 28%-ы қолдауға дайын.
Толық есеп Almaty Air Initiative сайтындағы сілтемеде бар: https://air.org.kz/kk/research/almatyly%d2%9btar-smogty-%d2%9balay-%d2%9babyldaydy-almaty-air-initiative-%d2%9boryny%d2%a3-zhyl-sayyn%d2%93y-zertteu%d1%96n%d1%96%d2%a3-n%d3%99tizheler%d1%96/
Анықтама:
Әдіснама
Зерттеудің далалық кезеңі 2026 жылғы 18 ақпаннан 11 наурызға дейін өтті. Сауалнамаға Алматының 18 жастан асқан 1000 тұрғыны қатысты. Қатысушылар қаланың ересек тұрғындары арасынан жынысы, жасы және тұратын ауданы бойынша репрезентативті түрде таңдалды және барлық сегіз әкімшілік ауданды қамтиды. Статистикалық дәлсіздік 95%-дық сенім интервалының ±3,1 пайыздық тармағынан аспайды.
Индекс әдіснамасы ЭЫДҰ-ның Handbook on Constructing Composite Indicators және Еуропалық комиссияның Бірлескен зерттеу орталығының тәсілдеріне негізделген. Индекс қоғамның қауіпті жағдайды қабылдауын, білімін, ұстанымдарын және мінез-құлқын өлшейді. Ол нақты ластану деңгейін бағаламайды және экологиялық мониторинг деректерін алмастырмайды.
Байланыс
Анна Никитенко,
pr@air.org.kz, +7 777 055 19 92,
Сайт: www.air.org.kz | Instagram: @air.org.kz
Almaty Air Initiative туралы
Almaty Air Initiative – Алматыдағы ауаның ластануын азайтуға бағытталған зерттеулермен, ауа сапасын мониторингтеумен және ғылыми негізделген шешімдерді ілгерілетумен айналысатын қор.
PwC Қазақстан туралы ақпарат*
PwC Қазақстан PwC жаһандық желісінің құрамына кіреді. Бұл желідегі әр компания дербес заңды тұлға саналады. Желі 136 елде ұсынылған және дүниежүзінде 364 000-нан астам маманды біріктіріп отыр.
PwC Қазақстан Қазақстанда 1993 жылдан бері қызмет етіп келеді және аудит, консалтинг, салық салу, заңгерлік сүйемелдеу және жеке басқару салаларында кәсіби қызмет көрсетеді.
PwC-тің мақсаты – қоғамдағы сенімді нығайту және маңызды мәселелерді шешу.
LinkedIn: PwC Kazakhstan | Instagram: @pwc_kazakhstan
*PwC Қазақстанның осы зерттеуге қатысуы зерттеудің жекелеген әдіснамалық және аналитикалық аспектілеріне түсініктеме ұсынумен шектелді. Бұл түсініктемелер тек Almaty Air Initiative қоры ұсынған ақпаратқа негізделген. PwC Қазақстан зерттеудің авторы саналмайды және зерттеудегі деректерді, тұжырымдар мен қорытындыларды дайындауды, жинауды, өңдеуді, тексеруді немесе растауды жүзеге асырған жоқ.
PwC Қазақстан ұсынған түсініктеме аудиторлық қорытынды, сенім беруге арналған тапсырма бойынша есеп (assurance engagement), сараптамалық қорытынды немесе зерттеуді дайындау кезінде пайдаланылған ақпараттың дұрыстығын растаудың өзге де нысаны емес.