Алматыда төмен эмиссиялы аймақтарды енгізу: LEZ воркшопының нәтижелерімен бөлісеміз

2025 жылғы 2–3 сәуірде Алматыда төмен эмиссиялы аймақтарды (low-emission zone – LEZ) енгізуге арналған практикалық семинар өтті. Екі күн бойы жергілікті билік өкілдері, бизнес құрылымдары мен қоғамдық ұйымдар LEZ жүйесін енгізу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерттеп, оны Алматы жағдайында қалай тиімді жүзеге асыруға болатынын талқылады.

Семинар бағдарламасына презентациялар, интерактивті шаралар және пікірталастар кірді. Бірінші күн халықаралық тәжірибеге арналды. Қатысушылар Лондон, Милан, Амстердам және Варшава қалаларындағы төмен эмиссиялы аймақтарды енгізу тәжірибесімен танысты.
Талқылаулар барысында қандай көлік түрлеріне шектеу қойылатыны, жүйені әділ және тиімді басқарудың жолдары қарастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау шаралары, жеңілдік алушылар категориясы, ескі көлікті жаңарту және кәдеге жарату тәжірибелері талданды.

Екінші күні қатысушылар Алматы жағдайында LEZ енгізудің практикалық қырларын қарастырды. Брейншторм мен пікірталас барысында қаланың ішінде төмен эмиссиялы аймақтардың оңтайлы шекараларын, көлік ағындарын және ауа сапасын талдау әдістерін анықтауға тырысты. Сонымен қатар қаланың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, әртүрлі халық топтарына арналған ынталандыру және қолдау тетіктерін бағалады.

Семинарды өткізуге біз Ұлыбританияның жетекші консалтингтік компанияларының бірі – Logika Group сарапшыларын шақырдық.

Жұмыс нәтижелері

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар LEZ жүйесін сәтті енгізу үшін қоғаммен, бизнес өкілдерімен және азаматтық топтармен кең әрі уақтылы байланыс орнату қажет деген ортақ пікірге келді.
Сонымен бірге қатысушылар LEZ-дің денсаулыққа тигізетін пайдасы және оның енгізілуінің өзектілігі туралы халықты нақты және ашық ақпараттандырудың маңызын атап өтті.

LEZ табысты енгізудің үш басты басымдығы анықталды:

  1. Мүдделі тараптармен өзара іс-қимылдың кешенді және мазмұнды процесін әзірлеу және іске асыру. Бұл процесс LEZ-дің мақсатын түсіндіруге, қоғамның алаңдаушылығына жауап беруге және ықтимал салдарды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
  2. Жобаны басқарудың айқын құрылымын қалыптастыру.
    Біртұтас жетекшілік нүктесі бар басқару жүйесі акиматтың негізгі бөлімдерін және кең қауымдастықты біріктіріп, деректер иелері мен атқарушы бөлімшелердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.
  3. Алматыдағы нақты жағдайдағы көлік құралдарының шығарындылары туралы сенімді деректер базасын әзірлеу.
    Мұндай база LEZ енгізу кезінде ауа сапасын жақсарту жөніндегі болжамдардың нақтылығын арттырып, техникалық қызмет көрсету және техникалық байқау талаптарын күшейтуге негіз болмақ.

Қатысушылар мониторинг, бақылау және басқару, нақты уақыт режиміндегі деректерді талдау және ақпараттық-коммуникациялық кампания бойынша он үш негізгі ұсыным тұжырымдады.

Толық есеппен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://drive.google.com/file/d/1RxDhMJ-zkaK4YBjB_gbOj6gNIgxxYn-7/view

3 маусым 2025
Денсаулық