
Алматының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын енгізу жөніндегі жұмыс делегациясы төмен шығарындылар аймағының (LEZ – Low Emissions Zone) тәжірибесін зерттеу мақсатында жақында Болгарияның София қаласына барды. София – мұндай аймақты енгізген Шығыс Еуропадағы алғашқы қала. Софияның тәжірибесі Алматы үшін аса өзекті, өйткені екі қала да таулы ойпатта орналасқан. Қала қыста температуралық инверсияға, көп ескі автокөліктерге және жеке секторды қатты отынмен жылыту салдарынан болатын лас ауаға тап болады.
Софиядағы негізгі нәтижелердің бірі: аймақта күнде тіркелетін бұзушылықтар саны шамамен 93% – LEZ енгізілгенге дейінгі шамамен 20 000-нан 2024 жылғы желтоқсанның алғашқы жеті күніндегі 3 700-ге, ал 2026 жылғы ақпанға қарай 1 350-ге дейін төмендеген. Бұл айыппұлдарды толық көлемде өндіріп алу басталғанға дейін-ақ болды. Бұл бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу, ақпараттандыру және жүргізушілерге хабарламалар жіберу аясында жүзеге асты.
Сапардың бастамашысы Almaty Air Initiative (AAI) қоры болды. Делегация құрамына қор өкілдері, «Eco Almaty» ЖШС, Төмен шығарындылар аймағының (LEZ) операторы – «Алматы Паркинг» КМК өкілдері және Алматының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеу және енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері кірді. Делегация София әкімі Васил Терзиевпен, муниципалитеттің бейінді бөлімшелерімен, қалалық кеңес депутаты, аудан әкімшілігі, дәрігерлер қауымдастығының өкілі және тәуелсіз сарапшылармен кездесті. Мұндай құрам осындай аймаққа жаңашылдық енгізудегі қиындықтарды зерттеуге мүмкіндік берді.
Сапар қорытындысы бойынша Almaty Air Initiative Софиядағы төмен шығарындылар аймағының жұмысы және бұл тәжірибені Алматыда қалай қолдануға болатыны туралы аналитикалық есеп дайындады. Болгария астанасының тәжірибесі шараның тиімділігі шектеулер қатаң енгенінен ғана емес, бүкіл қалалық жүйенің дайындығына байланысты болғанын көрсетіп отыр. Мұнда деректердің сапасы, балама көліктердің болуы, түсінікті ережелер, әлеуметтік қолдау және жұмыс істейтін әкімшілендіру тетігі болғаны роль ойнады.
София тәжірибесі нені көрсетті?
Жүргізушілердің мінез-құлқы айыппұлдарға дейін-ақ өзгеруі мүмкін
Софияда шектеулер кезең-кезеңімен енгізілді: әуелі тарихи орталықтың шағын аумағында және тек ең көп ластайтын санаттағы автокөліктерге қатысты енгізілді. Аймақтың шекарасы арқылы өтетін магистральдар транзиттік қозғалыс үшін ашық қалдырылды, ал айналма бағыт кеңейтіліп, қоғамдық көлікке арналған жолақпен толықтырылды. Шектеулер енгізілгенге дейін болашақ аймақтың аумағында ең төмен экологиялық класқа жататын шамамен 20 000 автокөлік тәулігіне жүріп отырған. LEZ күшіне енгеннен кейінгі алғашқы жеті күннің өзінде, 2024 жылғы 1–7 желтоқсан аралығында, аймақта тәулігіне орта есеппен шамамен 3 700 бұзушылық тіркелді. 2026 жылғы ақпанға қарай олардың саны тәулігіне шамамен 1 300–1 400-ге дейін төмендеді. Сонда шектеулер енгізілгенге дейінгі кезеңмен салыстырғанда 93% азайды. Бұл айыппұлдарды толық көлемде өндіріп алу басталғанға дейін, жүргізушілерді ақпараттандыру, бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу және хабарламалар жіберу аясында жүзеге асты.
Шектеулер әлеуметтік қолдаумен қатар жүруге тиіс
София көмір мен отынды пайдалануға қойылған шектеулерді жылыту жабдықтарын тегін ауыстыру шарасымен ұштастырды. 2026 жылдың басына қарай шамамен 11 000 үй шаруашылығындағы 20 000-ға жуық құрылғы ауыстырылды. Өтініш беріп, ауыстыруды күтіп отырған тұрғындар санкциядан босатылады. Бұл тәжірибе экологиялық саясат міндетті түрде теңсіздікті күшейтуі керек емес екенін көрсетеді.
Орындау жүйесі санкция енгізілгенге дейін дайын болуға тиіс
Софияда бұзушылықтар камералар арқылы тіркеледі. Алайда өндіріп алу үдерісін дерекқорлардың бытыраңқылығы, құжаттарды рәсімдеудің ұзақтығы және қағаз түріндегі хабарлама жіберу қажеттілігі қиындатады. Сондықтан айыппұлдың мөлшері емес, тұйық цифрлық тізбек – бұзушылықты тіркеуден бастап хабарлама жіберу мен төлемге дейінгі жүйе аймақтың жұмыс істеу қабілетін анықтайды.
Әсерді алғашқы күннен бастап өлшеу қажет
Софияның LEZ аумағында ресми мониторинг станциялары жоқ, сондықтан қала үшін аймақтың әсерін ауа райы мен басқа факторлардың ықпалынан ажырату қиын. Сол себепті AAI сарапшылары Алматы үшін алдын ала бастапқы өлшемдер жүргізуді, көлік ағыны мен ауа сапасы туралы деректерді синхрондауды, сонымен қатар нәтижені тәуелсіз бағалауды қарастыруды ұсынады.
Almaty Air Initiative атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова:
«Біз үшін бұл жолдан жақында ғана өткен қаланың тәжірибесін, бүкіл қиындығы әлі де есте тұрғанда үйренгеніміз маңызды болды. Сондықтан біз Софиядағы LEZ-ді жобалаған, іске қосқан және әкімшілендіріп отырған адамдармен тікелей сөйлестік. Не нәрсе іске асты, қай жерде қиындықтарға тап болды және бүгін қандай шешімді басқаша қабылдар еді? Мұндай нәрселер ресми есептерге сирек енеді, бірақ дәл осылар қазір бұл жолды енді бастап келе жатқан Алматы үшін аса маңызды».
Eco Almaty бас директорының орынбасары Айдана Касен:
«София тәжірибесі экологиялық шектеу кезең-кезеңімен енгізіліп, халықты қолдау шараларымен қатар жүргенде барынша тиімді болатынын көрсетті. Бұл Алматы үшін ерекше өзекті, өйткені қала қазір көліктен де, жеке сектордан да шығатын шығарындыны азайту бағытында қатар жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде Алматыда LEZ-дің техникалық пилоты жүзеге асып жатыр. Ол шектеулер енгізілгенге дейін инфрақұрылымды, деректердің сапасын және әкімшілендіру тетіктерін тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындарға қаржылай шығын келтірмей, қатты отыннан бас тартуға көмектесу үшін демеушілік қаражат есебінен жеке үйлерді тегін газдандыру жұмысы атқарылып жатыр».
София тәжірибесі тұрақты нәтижеге экологиялық талаптарды, әлеуметтік қолдауды және тұрғындар үшін қолжетімді баламалар жасауды ұштастыру арқылы қол жеткізуге болатынын растайды
Софияға ресми сапар қорытындысы бойынша Almaty Air Initiative өзінің аналитикалық есебінде Алматыдағы LEZ-ді одан әрі дамыту жөніндегі негізгі ұсыныстарды тұжырымдады:
- Диагностикадан бастау – денсаулыққа ең көп зиян келтіретін көздерді анықтап, реттеуді іске қоспас бұрын бастапқы көрсеткіштерді тіркеу.
- Ведомстволар мен деректерді біріктіру – бірыңғай мақсатты, жауапты үйлестірушіні және өзара үйлесімді дерекқорларды бекіту.
- Азаматтық бастамаларды қолдау – дәрігерлерге, тәуелсіз сарапшыларға, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік беру.
- Қолдауды реформаның бір бөлігіне айналдыру – осал үй шаруашылықтары мен ең ескі көлік иелеріне атаулы көмек қарастыру.
- Әуелі көлікке балама ұсыну – қоғамдық көлікті, автотұрақтарды және түсінікті айналма бағыттарды дамыту.
- Жұмыс бұлтартпай әрі қарапайым орындалуын қамтамасыз ету – санкциялар енгізілгенге дейін әкімшілендірудің цифрлық тізбегін ретке келтіру.
- Ерекше жағдайларды әділдік қағидатымен шектеу – өтпелі шаралар шын мәнінде осал топтарға көмектесуге тиіс, ережелерді айналып өтуге мүмкіндік беретін саңылаулар жасамауы керек.
Толық есеп Almaty Air Initiative қорының сайтында бар: https://air.org.kz/research/zona-s-nizkimi-vybrosami-opyt-sofii/
Анықтама:
Алматыдағы LEZ туралы
2026 жылғы 28 сәуірден бастап Алматы әкімдігі Богенбай батыр – Абай – Желтоқсан – Достық даңғылдары арасындағы аумақта төмен шығарындылар аймағының техникалық пилотын жүзеге асырып жатыр. Бұл аумақта экологиялық класы төмен автокөліктердің кіруіне шектеу қойылады. Жоба операторы – «Алматы Паркинг» КМК. 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қозғалыс әдеттегі режимде жүзеге асырылады: шектеу, айыппұл және кіру ақысы қарастырылмаған.
Қазір қала камералардың, радарлық сенсорлардың және көлікті тану жүйелерінің жұмысын тексеріп, трафик туралы деректерді ауа сапасы датчиктерінің көрсеткіштерімен синхрондап, IT қызметтер, экологтар және қозғалысты басқару мамандары арасындағы ақпарат алмасуды пысықтап жатыр. София есебінің қорытындысы дәл осындай тәсілдің құндылығын растап отыр: шектеулерді дайын дәлел және техникалық негізсіз соқыр түрде енгізбей, әуелі сенімді негіз қалыптастыру қажет.
Almaty Air Initiative қоры туралы
Almaty Air Initiative қоры – Алматыдағы таза ауа үшін технология, ғылым және қоғамды біріктіріп, экологиялық әділетсіздік мәселесін шешумен айналысатын жеке қор. AAI технологияларды қолданады (датчик желісі, деректерді талдау платформасы және аллергендерді бақылау мен шығарындыларды модельдейтін жасанды интеллект), зерттеулер мен сауалнамалар жүргізеді, мемлекетпен және бизнеспен ынтымақтасады, білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, экология туралы кино, юмор және креативті формат арқылы айтады. Сонымен қатар Almaty Air Initiative көлік және энергетикалық саясат мәселелері бойынша сараптамалық орталық ретінде жұмыс істейді және қаланың экологиялық инфрақұрылымына «ақылды» технологияларды енгізуге ықпал етеді.
Байланыс:
Анна Никитенко,
pr@air.org.kz, +7 777 055 19 92,
сайт: www.air.org.kz | Instagram: @air.org.kz