Жекеменшiк Тұрғын Сектор Алматы Ауасына Қалай Әсер Етедi: Almaty Air Initiative Зерттуi

Almaty Air Initiative қоры Алматы қаласындағы жекеменшік сектордың ауа сапасына тигізетін әсерін анықтау мақсатында социологиялық зерттеу жүргізіп, оның нәтижелерін ұсынуға дайын.
Жеке секторды жылыту — Алматыдағы ауа ластануының негізгі көздерінің бірі. Қалада 140 мыңнан астам жеке үй бар, бірақ олардың ауа ластануына әсері әлі де назар астында емес. Зерттеу үйлерді біртіндеп аралап, жеке сұхбаттар алу негізінде жүргізілді. Қаланың барлық аудандарынан 1 000 жеке сектор тұрғындары респондент ретінде сұралды.
Қор тұрғындардың пікірін тікелей білмек болып, үйлерді жылыту, монша жағу және қоқыс өртеудің ауа сапасына әсері жайлы халықтың хабардарлық деңгейі мен шектеулерді қолдау‑қолдамауын зерттеді.

Зерттеудің негізгі қорытындылары
Жеке сектор тұрғындары ауа ластануы жайлы аз алаңдайды және оның сапасы туралы хабары аз.
Әрбір үшінші жеке сектор тұрғыны өз ауданының ауасын “жақсы” немесе “өте жақсы” деп бағалайды, ал жалпы Алматы халқының арасында бұл көрсеткіш небәрі 15% құрайды.
Сонымен қатар, респонденттердің 81%-ы ауа сапасын қайдан және қалай тексеруге болатынын білмей, тек иіс пен көру секілді субъективті сезімдерге сүйенеді.

Ауаның ластануы тұрғындардың Алматыдан тыс жаққа көшкісі келуіне әсер етеді, бірақ жеке сектор тұрғындары арасында бұл көрсеткіш төмен — тек 13 %-ы қаладан көшу жайлы ойлаған (жалпы қала бойынша бұл көрсеткіш 17 % құрайды). Ай сайынғы табысы 600 мың теңгеден асатын ауқатты респонденттер арасында бұл көрсеткіш — 23 %, қала бойынша жалпы көрсеткіш — 34 %.

Тұрғындардың ойынша, басты ластану көздері
Респонденттердің айтуынша, басты ластану көзі — автокөліктер, ал 57 %-ы шығарындылары жоғары көліктердің орталыққа кіруіне тыйым салуды қолдайды.
Екінші орында — жолдар мен құрылыс алаңдарынан шыққан шаң, әсіресе Бостандық, Алатау және Түрксіб аудандарында. Жеке үйлердегі көмір жағу, мейрамханалар мен көмір/отын қолданатын кәуапханалармен қатар, тек төртінші орынға қойылған. Алайда, Бостандық ауданында көмір үшінші орынға ие. Жеке сектор тұрғындарының көмір жағуға алаңдамауы — ақпараттың жетіспеуінен немесе өзінің үлесін мойындамауынан болуы мүмкін.
Сонымен қатар, респонденттердің 18%-ы қоқыс пен шиналарды жағуды негізгі ластану көзі деп атады. Бұл әсіресе Алмалы (23%), Әуезов (24%) және Түрксіб (19%) аудандарында өзекті. Наурызбай (1%) және Медеу (14%) аудандарында бұл көрсеткіш төменірек.

Газ бар, бірақ көшу қымбат
Жеке үйлердің 91%-ы газға қосылған. Алайда, әлі көшпегендердің үштен бірі бұл мүмкіндікті мүлде қарастырмайды. Негізгі себеп — қосылудың қымбаттығы және бюрократия (құжат рәсімдеу және келісімдер — 51%, жалпы газға қосылу қиындықтары — 25%).
Дегенмен, респонденттердің 81%-ы қаржылай қолдау болса, көмірден бас тартып, газға қосылуға дайын.

Көмір мен отын жағатын моншалар – жасырын қауіп
Жеке үйлердің 36%-ында монша бар, олардың жартысы көмірмен немесе отынмен жағылады. Түрксіб ауданында бұл көрсеткіш — 60%, Әуезов пен Медеу аудандарында — 58%. Көмір жағуға толық тыйым салуды 41% қолдайды, бірақ газға қосылмаған үйлердің үштен бірі бұған қарсы. Аудандық деңгейде де көзқарас әртүрлі: Бостандықта 53% тұрғын қолдаса, Түрксібте бұл көрсеткіш небәрі  29%-ды құрайды.

Қоқыс жағу — айтылмай жүрген мәселе
Респонденттердің тек 1%-ы тұрмыстық қалдықтарды жағатынын мойындады. Бірақ 34%-ы көршілерінің қоқыс, ескі шина және қажетсіз заттарды жағатынын байқаған.
Түскен жапырақ, арамшөп, ағаш бұтақтарын қалай жоятындығы туралы сұраққа 9% оларды пеште, моншада немесе ашық отта жағатынын айтты. Бұл қоғамда қоқыс жағу мәселесі мойындалатынын және наразылық тудыратынын көрсетеді.
Сонымен қатар, 62% респондент қоқыс жағуға қатысты жауапкершілікті күшейтуді қолдайды (Жетісу ауданында — 68%). Бұл — қатаң бақылау мен реттеу қажет екенінің көрсеткіші.

Ақпарат көзі ретінде
65% респондент ауа ластануы мен оның денсаулыққа әсері туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алуды жөн көреді. Бұл барлық аудандарға тән. Екінші орында — теледидар (30%).

Жеке үйлерді жылыту мен қалдықтарды жағудан туындайтын ластану — жасырын, бірақ маңызды мәселе. Тұрғындар көбіне өз әсерін бағаламайды немесе мойындағысы келмейді. Қаржылай қиындықтар экологиялық шешімдерге көшуді тежейді. Дегенмен, ауаны жақсарту шараларын кеңінен қолдау — қоғамның өзгерістерге дайын екенін көрсетеді. Маңыздысы — қолжетімді және тиімді баламалар ұсыну.

Зерттеу әдістемесі
Алматы қаласының барлық аудандарынан 18 жастан асқан 1 000 тұрғынмен жеке сұхбат жүргізілді. CAPI әдісі (планшет арқылы сауалнама толтыру) арқылы ауаның сапасын қабылдау, тұрғын үйді жылыту және қалдықтарды жою тәжірибесі, ластану туралы хабардарлық пен заңнамалық шараларды қолдау зерттелді.

14 наурыз 2025
Денсаулық