Шығарындылар деңгейі төмен аймақтары: Софияның тәжірибесі
Алматыдан Софияға (Болгария) 2026 жылғы 6–10 шілде аралығында жасалған делегацияның жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әзірленді.
Делегация құрамы: «Almaty Air Initiative» ЖҚ, ШЖҚ «Алматы паркинг» КМК, «Eco Almaty» ЖШС өкілдері, сондай-ақ Алматы қаласының «Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын» әзірлеу және енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері.
Сапардың мақсаты – Алматы қаласының «Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары» шеңберінде ұсынымдар әзірлеу және Софияның табысты тәжірибесін Алматы жағдайында қолдану мүмкіндігін бағалау үшін шығарындылар деңгейі төмен аймақты енгізудің практикалық тәжірибесін, оның ішінде институционалдық, техникалық және коммуникациялық тетіктерін зерделеу.
Almaty Air Initiative делегациямызбен нәтижелі кездесулер өткізіп, тәжірибесін бөліскені үшін және реформаның жетістіктерімен қатар, оның іс жүзіндегі қиындықтары туралы да ашық пікір алмасқаны үшін София қаласының барлық өкіліне алғысын білдіреді.
Атап айтқанда:
- София қаласының мэрі Васил Терзиевке және оның командасына;
- Столична община (София астаналық муниципалитетіне) – қабылдап, кездесулерді ұйымдастырғаны үшін;
- “Климат, енергия и въздух” дирекциясы («Климат, энергия және ауа» дирекциясына) – шығарындылар деңгейі төмен аймаққа жауапты муниципалитеттің бейінді бөлімшесіне;
- “Транспорт” дирекциясына;
- “Спаси София” партиясына;
- Районна администрация „Витоша» (“Витоша” аудандық әкімшілігіне;);
- Air for Health («Сдружение за здраве» медициналық сарапшылық бірлестігіне);
- Център за изследване на демокрацията – CSD (Демократияны зерттеу орталығына) – нормативтік базаны әзірлеуге қатысқан талдау орталығына алғысымыз шексіз.
Кездесулерді үйлестіргені және сараптамалық қолдау көрсеткені үшін Надежда Гантчеваға (Център за изследване на демокрацията), қалалық әкімшілікпен байланыс орнатуға жеке қолдау көрсеткені үшін депутат Пламена Терзирадеваға (Столичен общински съвет, «Спаси София»), сондай-ақ сапарды ұйымдастыруға көмектескені үшін Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Елшілігіне ерекше алғысымызды білдіреміз.
Қысқаша шолу
Болгария астанасы Софияның тәжірибесі Алматы үшін ерекше өзекті: екі қала да таулы қазаншұңқырда орналасқан, қыста температуралық инверсияларға ұшырайды, автопаркі ескі және ауаның ластануына тұрмыстық жылытудың да ықпалы зор. София Шығыс Еуропада алғаш болып шығарындылар деңгейі төмен аймақ енгізді. Бұл аймақ бір мезгілде ең көп ластайтын автокөліктердің қозғалысын және үйлерді жылыту үшін көмір мен отын пайдалануды шектейді.
Сапардың негізгі қорытындысы: реформаның күрделілігі қағидаларды әзірлеуде емес, оларды орындауда. София аймақтың құрылымын жеткілікті деңгейде ойластырылғанымен, айыппұлдарды өндіріп алу, ведомствоаралық деректер алмасу, шектеулерден босату тәртібі, халықпен байланыстың жеткіліксіздігі және әсерді бағалау жүйесінің әлсіздігі сияқты бірқатар қиындықтарға тап болды тап болды.
Саяси көшбасшылық та бір сабақ болды. Софиядағы реформа қала билігінің бастамасы ретінде емес, сот шешімінің салдары ретінде пайда болды. Бұл оған құқықтық тұрақтылық берді, алайда бастапқы кезеңде реформаның айқын әрі мықты саяси бастамашысы болған жоқ. Алматы үшін бұдан шығатын кері қорытынды маңызды: мұндай реформа ең басынан бастап қаланың жоғары басшылығының деңгейіндегі айқын көшбасшылықты және нәтиже үшін бірыңғай жауапкершілікті талап етеді.
Сонымен қатар София ауқымды сыртқы қолдауға сүйенеді: Еуропалық одақ директивалары ауа сапасына қатысты міндетті талаптарды белгілейді, ал ЕО бағдарламалары қымбат тұратын көшу процесін қаржыландыруға көмектеседі. Атап айтқанда, еуропалық қаржыландырудың арқасында шамамен 20 000 жылыту құрылғысын тегін ауыстыруға мүмкіндік туды. Алматыда мұндай ұлттық деңгейден жоғары міндеттемелер мен қаржыландыру жүйесі болмағандықтан, ресурстар көздері мен орындалуды бақылау тетіктерін өз бетінше қалыптастыру қажет.
Реформаны қолдайтын коалицияның болуы да маңызды. София тәжірибесі шектеулерді тек әкімшілік құралдар арқылы тұрақты түрде енгізу мүмкін еместігін көрсетті. Ең тиімді одақтастардың бірі дәрігерлер мен медициналық қауымдастықтар болды: ластанудың денсаулыққа әсері туралы ақпаратты саясаткерлер емес, медицина мамандары жеткізген кезде халық мұндай ақпаратқа жоғары сенім білдіреді. Алматы үшін дәрігерлер, тәуелсіз сарапшылар және тұрғындар реформаның маңызды қоғамдық тірегіне айнала алады.
София тәжірибесі шектеулер міндетті түрде баламалармен және әлеуметтік қолдаумен қатар жүруі тиіс екенін де көрсетеді. Жылыту секторында негізгі құрал айыппұл емес, жабдықты субсидия есебінен ауыстыру болды. Көлік саласында шектеулер метро мен басқа да көлік баламалары дамытылғаннан кейін енгізілді. Сонымен қатар айыппұлдарды толыққанды өндіріп алу тетігі іске қосылмай тұрып-ақ ең төмен экологиялық санаттағы тіркелетін автокөліктердің орташа тәуліктік саны айтарлықтай азайды. Шектеулер енгізілгенге дейін, яғни 2024 жылғы желтоқсандағы тәулігіне 20 000 автокөліктен, 2025 жылғы қаңтарда шамамен 1 300–1 400 бұзушылыққа дейін, яғни 93%-ға төмендеді, демек, коммуникация мен тыйым салу ықтималдығының маңызы зор.
Алматыда дайындық шектеулер енгізілмей тұрып, ластау көздерін түгендеуден, бастапқы өлшемдер жүргізуден, ведомствоаралық деректер алмасуды жолға қоюдан, жұмыс істейтін әкімшілендіру жүйесін құрудан, қолдау коалициясын қалыптастырудан және халыққа нақты баламалар ұсынудан басталуы тиіс. Мұның барлығы қала басшысының деңгейіндегі саяси көшбасшылықты талап етеді, ал орындау тетігін реформаны іске қосқанға дейін жобалап қана қоймай, қала тұрғындарының реакциясы мен реформаны қабылдауына қарай бейімдей білу маңызды.
Софияның Алматы үшін негізгі сабағы: Шектеу енгізу үшін алдымен оған қажетті жағдай жасалуы тиіс. Шектеулерді нфрақұрылымның мүмкіндіктерін ескере отырып және қала тұрғындарына нақты балама ұсынылғаннан кейін ғана енгізу керек: қатты отын пайдаланатын үй шаруашылықтары үшін таза жылыту көзіне көшу мүмкіндігі, ал жүргізушілер үшін дамыған қоғамдық көлік болуы тиіс. Аймақтың өзі де біртіндеп іске қосылып, санкциялардан емес, ақпараттандыру мен алдын ала хабарлаудан басталуы қажет.
| Мазмұны | |
| 1. Кіріспе | 1 |
| 2. Софиядағы ауаның ластану профилі | 1 |
| 3. Сот реформаның қозғаушы күші: талап-арыздан шығарындылар деңгейі төмен аймаққа дейін | 2 |
| 4. Шығарындылар деңгейі төмен аймақтың (LEZ) құрылымы | 3 |
| 4.1. Көлік контуры | 3 |
| 4.2. Бақылау және өндіріп алу жүйесі | 6 |
| 4.3 Тұрмыстық жылытуды реттеу | 7 |
| 5. Қоғамдық қабылдау және коммуникация | 10 |
| 6. Мониторинг және әсерді бағалау | 11 |
| 7. Софияның сабақтары және Алматы үшін қорытындылар | 13 |
1. Кіріспе
София Шығыс Еуропада шығарындылар деңгейі төмен аймақты (Low Emission Zone, бұдан әрі – LEZ) енгізген алғашқы қала болды. Аймақ туралы қаулы 2023 жылғы желтоқсанда қабылданды. София моделінің қағидаттық ерекшелігі – ол автомобиль көлігін ғана емес, қатты отынмен тұрмыстық жылытуды да қамтиды: (аймақ шегінде үйлерді көмірмен және отынмен жылытуға тыйым салынған), Еуропада мұндай үйлесімнің тікелей баламасы болған жоқ.
Бастапқы жағдайларының ұқсастығына байланысты София тәжірибесі Алматы үшін Батыс Еуропа қалаларының тәжірибесіне қарағанда практикалық тұрғыдан әлдеқайда құнды.
Ұқсас физикалық-географиялық жағдайлар. София таулы қазаншұңқырда орналасқан және қыста тұрақты температуралық инверсияларға ұшырайды. Кездесуге қатысушылардың бағалауы бойынша, мұндай инверсиялар жылыту маусымында 20–40 күн бойы байқалып, ластаушы заттарды жер бетіне жақын қабатта ұстап қалады. Бұл Алматының климаттық жағдайына тікелей ұқсас.
Автопарк құрылымының ұқсастығы. Елдегі автокөліктердің орташа жасы шамамен он алты жыл. Ұзақ уақыт бойы ел Батыс Еуропадан әкелінген пайдаланылған автокөліктердің соңғы нарығы болды. Соңғы уақытқа дейін елде тіпті Euro 0 және Euro 1 экологиялық санатындағы автокөліктерге де шектеулер болмаған.
Институционалдық тұрақсыздық жағдайында реформаны енгізу. Реформа ұлттық үкіметтердің жиі ауысуы және қала әкімшілігі мен қалалық кеңес арасындағы шиеленісті қатынастар жағдайында іске асырылды. Бұл София тәжірибесін ұзақ мерзімді үздіксіз жоспарлау мүмкіндігі бар қалалардың тәжірибесінен ерекшелендіріп, тұрақсыз саяси ортада экологиялық саясаттың орнықтылығын бағалау үшін өзекті етеді.
Қатысушылардың барлығы дерлік бір-бірінен тәуелсіз түрде бір ортақ қорытындыға келді: аймақтың тұжырымдамалық және техникалық архитектурасы қанағаттанарлық деңгейде әзірленген, ал негізгі қиындықтар орындау саласында, атап айтқанда жазаны міндетті түрде жүзеге асыру, ведомствоаралық дерек алмасу және халықпен байланыс мәселелерінде шоғырланған.
2. Софиядағы ауаның ластану профилі
Софиядағы атмосфералық ауаның ластану құрылымын екі негізгі көз айқындайды және олардың арақатынасы бүкіл саясаттың негізіне алынған.
Тұрмыстық жылыту – қыс мезгілінде қатты бөлшектердің негізгі көзі. Реформа басталған кезде София астаналық муниципалитеті жеке секторға мақсатты түрде түгендеу жүргізді: 2020 жылға қарай 5 990 үй шаруашылығын қамтыған үй-үйді аралау сауалнамасы ұйымдастырылып, жылыту үшін пайдаланылатын отын түрлері нақтыланды. Оның нәтижелері бойынша 48 725 үй шаруашылығы отынмен, 12 181 үй шаруашылығы көмірмен, 19 313 үй шаруашылығы пеллетпен, 19 541 үй шаруашылығы газбен жылытылған (электр энергиясын және орталықтандырылған жылумен жабдықталған үй шаруашылықтары кірмейді). Мұндай дайындық қадамы, яғни шектеулер енгізілгенге дейін жылыту құрылымын өлшеу, әдістемелік тұрғыдан дұрыс тәжірибе, ол жабдықты ауыстыру бағдарламалары үшін нақты мекенжайлық база қалыптастыруға, осал үй шаруашылықтарын картаға түсіруге, сондай-ақ кейіннен әсерді бағалау үшін бастапқы көрсеткіштерді белгілеуге мүмкіндік береді.
Бұл деректер, сонымен қатар, жалпы көріністі нақтылайды: Софияда негізгі қатты отын көмір емес, ағаш отын (көмірмен шамамен 12 мың үй шаруашылығы, ал ағаш отынмен шамамен 49 мың үй шаруашылығы жылытылады).
Автомобиль көлігі – азот диоксидінің негізгі көзі. Қалада шамамен бір миллион автокөлік тіркелген. Қала маңындағы теміржол қатынасының жеткілікті дамымауына байланысты серіктес қалалардан күнделікті қатынайтын маятниктік көші-қон да айтарлықтай жүктеме туғызады. Сұхбаттасушылар қатты бөлшектердің үшінші әрі жеткілікті бағаланбай жүрген көзі ретінде абаттандырылмаған жол жиектерін, құрылыс алаңдарын және көшелерді тазалау сапасына байланысты жол шаңының қайта көтерілуін атады.
Қазіргі уақытта өнеркәсіп ластау көздерінің құрылымынан іс жүзінде алынып тасталған: шамамен жиырма жыл бұрын ірі «Кремиковци» металлургиялық комбинатының жабылуы фондық көрсеткіштерді айтарлықтай жақсартты, ал қалалық жылу өндіру жүйесі газға көшірілді. Бұл көмірмен жұмыс істейтін жылу энергетикасы әлі де дербес ластау көзі болып отырған Алматыдан айтарлықтай өзгеше.
Көрсеткіштердің динамикасы оң: ұсынылған деректерге сәйкес, PM10 концентрациясы 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда, (шамамен 50–60 мкг/м³) 40–60%-ға төмендеген. Сонымен бірге статистикада 6-бөлімде қарастырылатын құрылымдық осалдық бар: жүргізіліп жатқан саясаттың нақты әсерін өлшеуге арналған аспаптық база шектеулі.
3. Сот реформаның қозғаушы күші: талап-арыздан шығарындылар деңгейі төмен аймаққа дейін
София жағдайының одан әрі даму логикасын айқындайтын елеулі ерекшеліктерінің бірі – реформаның пайда болу тарихы. Кездесулер барысында сарапшылар қауымдастығының өкілдері түсіндіргендей, шығарындылар деңгейі төмен аймақ сот талқылауының нәтижесінде пайда болған: 2018 жылы бейінді үкіметтік емес ұйымдар қала әкімшілігін ауа сапасын жақсарту жөніндегі шаралар бағдарламасын қабылдауға міндеттеген сот шешіміне қол жеткізді. Аймақты енгізу осы шешімді орындаудың бір бөлігі болды.
Бұл реформаның екіжақты сипатын ішінара түсіндіреді. Бір жағынан, реформа сот ұйғарымына негізделгендіктен және саяси конъюнктураға толық тәуелді болмағандықтан, тұрақты. Екінші жағынан, бастапқыда оның саяси бастамашысы болмады: әкімшілік бұл шараны өзі бастамағанына қарамастан, оны іске асыруға мәжбүр болды.
Қатысушылардың сипаттамалары негізінде қалпына келтірілген іске қосу хронологиясы үш кезеңге бөлінеді. Қаулы қабылданғаннан кейінгі алғашқы жыл көп жағдайда формалды сипатта болды: аймақ заң жүзінде болғанымен, халық оның мәнін толық түсінбеді. Екінші жыл тестілік режим: аймақ ресми түрде жұмыс істеді, тіркеу құралдары қызмет етті, алайда айыппұлдарды өндіріп алу жүйесі жұмыс істемеді. Депутаттар корпусымен кездесуде айтылғандай, оның практикалық әсері мүлдем дерлік болмады. Тетіктің нақты жұмыс істеуі тек үшінші жылы басталды.
Бұдан Алматыдағы жоспарлау үшін маңызды қорытынды шығады: нормативтік актіні қабылдаудан бастап саясаттың толыққанды жұмыс режиміне көшуіне дейінгі аралық, шамасы, екі-үш жылды құрауы мүмкін және бұл қандай да бір елге ғана тән ерекшелік емес. Негізгі мәселе осы кезеңнің іске қосуға дейінгі дайындыққа жұмсала ма, әлде іске қосылғаннан кейін кемшіліктерді жоюға кете ме дегенге келіп тіреледі.
4. Шығарындылар деңгейі төмен аймақтың (LEZ) құрылымы
4.1. Көлік контуры
Аймақ бірінің ішіне бірі орналасқан екі периметр қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Ішкі периметр («кіші сақина») тарихи орталықты қамтиды және шамамен 3,5 км², яғни қала аумағының шамамен 0,7%-ын құрайды. Кіру нүктелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде танитын камералар орнатылған. Сыртқы периметр («үлкен сақина») ауданы бойынша ішкі периметрден бес есе үлкен және 17 км² аумақты қамтиды.

1-сурет. Софияның шығарындылар деңгейі төмен аймақтарының картасы.
Шектеулер кезең-кезеңімен енгізілді: алдымен ішкі периметрде, яғни 1-суреттегі жасыл сақинаның ішінде, ең ескі экологиялық санаттағы көлікке (эко-санат 1) тыйым салынды. Кейіннен шектеу кіші сақина шегінде келесі санатқа (эко-санат 2), сондай-ақ сыртқы периметрде, яғни көк сақина ішінде, эко-санат 1 автокөліктеріне қолданылды. Периметрлердің шекарасын құрайтын негізгі магистральдардың өздері шектеу аймағына кірмейді, бұл транзиттік қозғалысты сақтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, аймақ іске қосылғанға дейін балама бағытты қамтамасыз ету үшін айналма магистраль екі жолақтан үш жолаққа дейін кеңейтіліп, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ бөлінді.
Анықтама:1-ші эко-санатқа Болгарияда бензинмен жүретін іштен жану қозғалтқышы бар Euro 0, Euro 1 және Euro 2 санатындағы автокөліктер (1996 жылға дейін шығарылған), сондай-ақ дизель отынымен жүретін Euro 0–3 санатындағы автокөліктер (2002 жылға дейін шығарылған) жатады.
2-ші эко-санатқа бензинмен жүретін Euro 1–3 санатындағы автокөліктер (1996–1998 жылдары шығарылған) және дизельмен жүретін Euro 4–5 санатындағы автокөліктер (2002–2007 жылдары шығарылған) жатады.
Муниципалитет жеке қарастыруға тұрарлық үш жобалық шешім қабылдады.
Кіру ақысын алудың орнына тыйым салу және айыппұл салу моделі. Софиядағы аймақ кіру ақысын төлеу қағидатына емес, экологиялық талаптарға сай келмейтін көлік санаттарының кіруіне толық тыйым салуға және шекарадан әр өткен сайын айыппұл салуға негізделген. Бұл қағидаттық таңдау, оның салдары орындау барысында айқын байқалды (5-бөлімді қараңыз): айыппұл әрбір факті бойынша жеке әкімшілік іс жүргізуді талап етеді, ал кіру ақысы ақылы тұрақ жүйесінде бұрыннан қалыптасқан тетік бойынша автоматты түрде алынуы мүмкін еді. Кездесулер барысында нормативтік мәтіндерді әзірлеуге қатысқан сараптамалық ұйым ақылы кіру моделіне көшуді тікелей ұсынды: бұл ақылы тұрақ үлгісіне және кең таралған схемаға ұқсайды: тәртіп бұзушыға айыппұл салудың орнына аймаққа кіретін әрбір көліктен шағын ақы алу, мұндай тәсіл көлік иесін сәйкестендірудің техникалық мәселесін де, айыппұлды өндіріп алудың құқықтық осалдығын да жояды.
Маусымдық жұмыс режимі. Аймақ үш ай бойы, яғни 1 желтоқсаннан ақпан айының соңына дейін жұмыс істейді, ал жылыту маусымы қазан айында басталады. Бұл кездесулер барысында қала басшылығынан бастап оппозицияға дейін толық консенсус қалыптасқан жалғыз дизайн элемент болды: маусымдық сипат қателік ретінде бағаланады және кемінде бүкіл жылыту маусымының ұзақтығына дейін, ал болашақта жыл бойғы режимге дейін кеңейтуді талап етеді. Сонымен бірге режимнің ұзақтығы шектеулі болғандықтан ұйымдасқан қоғамдық қарсылық болмағаны байқалады: халық аяқталу мерзімі алдын ала белгілі шектеуді салыстырмалы түрде қабылдауға болатын шара ретінде көреді. Осылайша, маусымдық режим тиімділік тұрғысынан кемшілік болғанымен, екінші жағынан әлеуметтік қабылдауға ықпал ететін фактор, сондықтан мұндай ымыраны саналы түрде жобалау орынды.
Ерекшеліктер жүйесі. Аймақ шегінде тіркелген және тұраққа рұқсаты бар тұрғындар автокөлігінің экологиялық санатына қарамастан шектеулерден босатылады. Кездесулерде атап өтілгендей, мұның салдары аймаққа кіру құқығын алу үшін тұрғылықты жерге тіркелу манипуляцияларына әкелді. Қала басшылығының осы мәселеге қатысты кейінгі бағасы біржақты: жеке ерекшеліктер жүйесінен бас тартып, жекелеген санаттар үшін аяқталу күні алдын ала белгіленген тегін өтпелі кезең енгізген қолайлы, себебі кез келген ерекшеліктер тізімі шектеулерді айналып өтуге ынталандырады.
Кездесулер барысында қала басшылығы шектеулерді кезең-кезеңімен енгізу қағидатын жүйелі түрде атап өтті: алдымен шектеулі периметрден бастау, сол аумақта гипотезаларды тексеру және тәжірибе жинақталған сайын аймақты кеңейту. Бұл тәсіл саяси қауіп-қатерді азайтудың және кейінгі шешімдердің сапасын арттырудың тәсілі ретінде қарастырылады.
4.2. Бақылау және өндіріп алу жүйесі
Сапар барысында алынған ең құнды байқаулардың бірі шығарындылар деңгейі төмен аймақтың ресми құжаттар мен талдамалық материалдарда қалай сипатталатыны мен оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні арасындағы алшақтыққа қатысты болды. Іске асырудың ерекшеліктері, әсіресе айыппұлды іс жүзінде өндіріп алу тетігі, ашық есептерде сирек көрсетіледі және кейс-зерттеулерде іс жүзінде талқыланбайды. Алайда шараның нақты тиімділігін айқындайтын да дәл осы мәселелер. Бірнеше тараппен тікелей әңгімелесу барысында осы тетіктердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіну мүмкіндігі сапардың негізгі нәтижелерінің біріне айналды.
Аймақ режимін бұзушылардан айыппұл нақты өндіріліп алына ма деген сұраққа кездесуге қатысушылар бір қарағанда әртүрлі жауап бергенімен, олардың әрқайсысы өз тұрғысынан дұрыс болды. Депутаттар корпусымен кездесуде жүйенің жұмыс істейтіні және бұзушылықтардың өңделетіні атап өтілді. Аудан әкімшілігінің өкілі іс жүзінде айыппұлдар өте сирек жағдайда нақты өндіріп алынатынын айтты. Көлік департаменті белгіленген айыппұлдар диапазонына және төлем жасамаған адам үшін туындайтын салдарды ескере отырып, жүйе дұрыс жұмыс істеп тұр деген баға берді. Нормативтік мәтіндерді әзірлеуге қатысқан сараптамалық ұйым осы көзқарастарды бір арнаға тоғыстырды: барлық сипаттама шындыққа сәйкес келеді. Бұзушылықтар шынымен тіркеледі, айыппұл мөлшерлері белгіленген, алайда қазіргі кезеңде қала әкімшілігі іс жүзінде өндіріп алу рәсімін нақты төлем жасалғанға дейін жеткізбейді.
Кездесулер барысында бұл шектеудің қалай жұмыс істейтіні жан-жақты.қарастырылды. Айыппұлды ресімдеу бірқатар кезеңнен дәйекті түрде өтуді талап етеді: фотофиксация, әкімшілік актіні дайындау, лауазымды тұлғаның қол қоюы, полицияның қатысуы және қағаз түріндегі хабарламаны көлік құралының иесіне жеке табыстау. Бұл ретте қала әкімшілігінің ішкі істер органдарының қарамағындағы көлік құралдары иелерінің дерекқорына тікелей қолжетімділігі жоқ. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бір актіні дайындауға шамамен он бес күн қажет, осы уақыт ішінде тәртіп бұзушы аймаққа бірнеше рет кіре алады, алайда тек бір рет айыппұл өндіріп алуға болады. Салыстырмалы түрде шағын айыппұлды сот тәртібімен даулаудың өзі оны әкімшілендіруді қала үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Бұл шектеулерді жою үшін нормативтік актілерге өзгерістер енгізу қажет, алайда делегация сапары кезінде мұндай өзгерістер әлі қабылданбаған болатын.
Процедуралық шектеулерге кездесулерде атап өтілген саяси-экономикалық мән-жайлар да қосылады: ең ескі автокөліктердің иелері негізінен табысы төмен азаматтар болғандықтан, биліктің ешбір деңгейі толыққанды өндіріп алуды бірінші болып бастауға асықпайды. Мұндай сақтық түсінікті әрі белгілі бір дәрежеде негізді, бірақ дәл осы сақтық жүйені өтпелі күйде ұстап отыр.
Сонымен бірге тіпті осы аралық жағдайда да аймақ нәтиже көрсетіп отыр. София муниципалитетінің деректері бойынша, шектеулер енгізілгенге дейін аймақ аумағында күн сайын ең төмен экологиялық санаттағы, яғни эко-санат 1-ге жататын шамамен 20 мың автокөлік жүрген. Шектеулер қолданыла бастаған алғашқы жеті күннің өзінде, 2024 жылғы 1–7 желтоқсан аралығында, тәулігіне орта есеппен осындай 3,7 мың автокөлік тіркелген. Бірінші аптаның соңына қарай тәуліктік бұзушылықтар саны шамамен 30%-ға қысқарды. 2025 жылғы қаңтарда муниципалитет тәулігіне шамамен 2 мың бұзушы туралы хабарлады, ал 2026 жылғы ақпанға қарай олардың саны 1,3–1,4 мыңға дейін төмендеді. Үш жыл ішінде қала орталығындағы ең экологиялық емес көліктер санының 93%-ға жүйелі түрде қысқаруы халықты ақпараттандыру, автоматты тіркеу және хабарламалар жіберу жағдайында, айыппұлдарды толық ауқымда өндіріп алу басталғанға дейін-ақ орын алды. Сонымен бірге қала басшылығы атап өткендей, жазалау күтіліміне негізделген мінез-құлықтық әсердің мүмкіндігі шектеулі. Нәтиженің ұзақ мерзімді тұрақтылығы жазаның бұлтартпастығын талап етеді.
LEZ режимін бұзғаны үшін айыппұлдарды әкімшілендіру мен өндіріп алудың мақсатты моделі ретінде бұзушылық тіркелген сәтте автоматты түрде хабарлама жіберу және шот ұсыну, сондай-ақ жеңілдетілген төлем тетігі бар жүйе сипатталды, оның операторы ақылы тұрақ жүйесін басқаратын Қалалық мобильділік орталығы болуы мүмкін.
Алматыда электрондық әкімшілендірудің тиісті инфрақұрылымы ақылы тұрақтар жүйесі аясында бұрыннан қалыптасқан. Бұл реформаны іске қосқан сәттен бастап бұзушылықты тіркеуден бастап шот ұсынуға және төлемді өндіріп алуға дейінгі толық тізбекті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
4.3 Тұрмыстық жылытуды реттеу
Пешпен жылытуды реттеу мен көлік контуры бір нормативтік актіде біріктірілгенімен, мәні жағынан әртүрлі құралдарды талап ететін екі бөлек режим.
Қатты отынды пайдалануға тыйым салу шамамен 2 800 үй шаруашылығын қамтитын тоғыз орталық ауданда пилоттық режимде енгізілуде. Жалпы қалалық толық тыйымды 2029 жылы енгізу жоспарланған. Бұл ретте саясаттың негізгі жүктемесі тыйым салуға емес, жылыту жабдығын субсидия есебінен ауыстыруға түседі. Ұсынылған деректер бойынша, еуропалық бағдарламалар қаражаты есебінен шамамен 11 000 үй шаруашылығында 20 000-ға жуық жылыту құрылғысы тегін ауыстырылған. Бағдарламаның қазіргі кезеңі 2029 жылдың соңына қарай қамтуды шамамен 22 000 үй шаруашылығына дейін жеткізуге тиіс. Жабдықты тұрғындар өздері таңдайды және таңдау негізінен пайдалану шығындарына байланысты: 80–90% инверторлық кондиционерлерді, шамамен 1 500 үй шаруашылығы пеллет қазандықтарын таңдаған, ал шамамен 350 үй шаруашылығы газға қосылған.
Жылыту жабдығын ауыстыру бағдарламасы негізінен еуропалық және ұлттық қаражат есебінен қаржыландырылады. 2014–2020 жылдарға арналған «Околна среда» бағдарламасы аясында іске асырылған жобаның жалпы құны €22,7 млн немесе 44,3 млн левті құрады. Оның ішінде €19,3 млн Еуропалық Одақ тарапынан Ынтымақтастық қоры арқылы берілсе, €3,4 млн ұлттық бірлесіп қаржыландыру есебінен қамтамасыз етілді. Жаңа жоба 2029 жылдың соңына дейін 10 815 тұрғын үйдегі жылыту жабдығын ауыстыруға шамамен €37,6 млн немесе 73,6 млн лев көлемінде өтеусіз қаржылық көмек бөлуді көздейді. Екі жоба бойынша расталған қаржыландырудың жиынтық көлемі шамамен €60,3 млн. Жаңа жобаның бюджеті жоспарланған бір тұрғын үйге орта есеппен шамамен €3,5 мыңға, яғни шамамен 2 млн теңгеге сәйкес келеді.

2-сурет. Софияда көмір мен отын жағуға тыйым салынған аудандар картасы.
Жылыту жабдығын ауыстыру бағдарламасы ЕО қорларынан бірнеше кезеңмен бөлінген гранттар мен ұлттық бірлескен қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды.. Жалпы алғанда, 2014 жылдан 2029 жылға дейін пештерді ауыстыруға бағытталған үш түрлі бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі €68,5 млн, яғни шамамен 37 млрд теңгені құрады. Тұрғындар үшін жабдықты ауыстыру толығымен тегін жүзеге асырылады. Сонымен қатар муниципалитеттің аймақ инфрақұрылымына, соның ішінде камераларға, кіші және үлкен сақиналардың бағдарламалық жасақтамасына жұмсаған шығындарының бір бөлігін ЕО жобалары мен ұлттық бюджет есебінен өтеу жоспарланып отыр. Барлық жобаның бюджеті бір тұрғын үйді экологияландыруға орта есеппен шамамен €3,1 мыңға, яғни шамамен 1,7 млн теңгеге сәйкес келеді.
Тіпті бір қала ауқымында жылыту жүйесін ішінара жаңғыртудың өзі ондаған миллион еуро көлеміндегі гранттарды қажет етті. Алматы үшін бұл маңызды қорытынды: София моделі ЕО құрылымдық қорлары мен Ынтымақтастық қорына қолжетімділікке сүйенеді, ал бұл Алматыда жоқ. Софиядағыдай шамамен 20 000 үй шаруашылығын қамтитын салыстырмалы ауыстыру бағдарламасын негізінен қалалық немесе республикалық бюджетке, не халықаралық донорлардың қаражатына енгізуге тура келеді. Жиынтық құнды бағалау, яғни бір жабдықты ауыстыру бюджетінің нысаналы үй шаруашылықтары санына көбейтіндісі және оған камералар мен биллинг жүйесінің күрделі және операциялық шығындарын қосу реформаны бюджеттік жоспарлаудың келесі қажетті қадамы.
Әлеуметтік қорғаудың негізгі элементі ретінде жабдықты ауыстыруға өтінім берген және оны орнатуды күтіп жүрген үй шаруашылықтарына айыппұл салынбайтыны туралы ереже қолданылады. Мұндай шара үй шаруашылықтарын пештерді ауыстыру бағдарламасына кезекке ертерек тұруға ынталандырады.
Тыйымның сақталуын бақылау өзінің табиғаты бойынша шектеулі: отын тұрғын үйдің ішінде жағылады, ал инспектор заңды негіздерсіз тұрғын үйге кіре алмайды. Қала әкімшілігі датчиктермен және тепловизорлармен жабдықталған ұшқышсыз аппараттарды қолдануды тестілеуде, сондай-ақ көршілерден келіп түскен өтініштерге ден қояды. Соған қарамастан, ұсынылған мәліметтер бойынша, жыл басынан бері бүкіл қала бойынша шамамен 300 айыппұл ғана ресімделген. Бұл көрсеткіш жылыту секторында айыппұлдың негізгі емес, қосалқы құрал екенін растайды.
Екі реттеу режимінің айырмашылықтары кестеде жинақталған.
| Параметр | Көлік контуры | Жылыту контуры |
|---|---|---|
| Реттеу объектісі | Қоғамдық әрекет: ортақ пайдаланатын жолмен аймаққа кіру | Тұрғын үй ішіндегі жеке әрекет |
| Анықтау тәсілі | Автоматтандырылған, ауқымдауға болатын жүйе (камералар және тізілім) | Қолмен, нүктелік бақылау; тұрғын үйге кіру құқығы жоқ |
| Бұзушыны сәйкестендіру | Бірмәнді – мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша | Отынды жағу фактісін дәлелдеуді талап етеді |
| Негізгі құрал | Шектеу және айыппұл | Жабдықты субсидия есебінен ауыстыру; айыппұл – қосалқы құрал |
| Негізгі әлеуметтік қатер | Ескі автокөлік иелеріне түсетін регрессивті жүктеме | Пайдалану шығындары өскен жағдайда кедейлік деңгейінің арту қаупі |
| Негізгі шектеу | Айыппұлды өндіріп алудың құқықтық базасы | Халықтың сенімі және баламаны пайдалану құны |
5. Қоғамдық қабылдау және коммуникация
Халықпен коммуникация тақырыбын ведомстволық тиесілігіне қарамастан, қатысушылардың барлығы сөз етті. Мұның өзі бұл мәселенің жүйелік маңызын көрсетеді. Айтылған пікірлерді жинақтай отырып, тәжірибені сәтсіз және нәтижелі деп екіге бөлуге болады.
Сәтсіз тәжірибе. Аймақ жұмыс істеген алғашқы екі жылда халық режимнің негізгі параметрлері: шектеу қолданылатын көлік санаттары, аймақ шекаралары және шектеулердің қолданылу кезеңі туралы нақты түсінікке ие болмады. Бұл ретте ақпараттандыру науқаны қаржыландырылғанымен, депутаттар корпусымен кездесуде атап өтілгендей, ол қоғамдық көлікте орналастырылған. Яғни ақпарат жеке автокөлікті онсыз да пайдаланбайтын аудиторияға бағытталған. Негізгі нысаналы топ – ескі автокөлік иелері, негізінен шеткі аудандардың тұрғындары – ақпараттандыру аясынан тыс қалды. Науқанның тиімділігі өлшенбеді; нысаналы коммуникацияға арналған жеке бюджет қарастырылмады. Шеткі аудандардағы топтарға жергілікті жерлерде тікелей жұмыс істеп, ақпараттандыру қажет деп танылды.
Нәтижелі тәжірибе. Кездесулер барысында үш тетік атап өтілді.
Біріншісі – шаралардың дәйектілігі. Шектеулер енгізілгенге дейін метро желісі кеңейтіліп, жаңа билет жүйесі іске қосылды. Бұл шектеуді тұрғындарға бұған дейін ұсынылған жақсартудың жалғасы ретінде көрсетуге мүмкіндік берді. Көлік департаменті мұны мынадай қағида түрінде тұжырымдады: шектеуді көлік баламасын жақсартудың оң нәтижесі аясында енгізген жөн.
Екіншісі – ескерту кезеңі. Алғашқы бұзушылық үшін айыппұл емес, ескерту берілді. Айтылған мәліметтерге сәйкес, бұзушылықтар санының барынша төмендеуіне санкциялар емес, дәл осы хабарламалар ықпал еткен.
Үшіншісі – күнделікті қолданылатын арналар мен беделді ақпарат көздерін пайдалану. Қала әкімшілігінің мессенджердегі шамамен 43 000 жазылушысы бар жедел ақпараттандыру арнасы ресми сайтқа қарағанда тиімдірек болған. Денсаулық мәселелерінде медицина мамандары ең сенімді ақпарат көзі ретінде танылған. Дәрігерлер қауымдастығымен кездесуде бұған дейін екі қалалық аурухана мен жедел жәрдем қызметінің деректері негізінде жүргізілген зерттеу ұсынылды. Оның нәтижелеріне сәйкес, ластаушы заттардың шекті концентрациялары байқалған күндері респираторлық аурулардың асқыну саны мен инфаркт жағдайлары артқан. Осы деректер негізінде ауаның ластануынан болатын өлім-жітімді жол-көлік оқиғаларынан болатын шығындармен салыстыратын коммуникациялық тәсіл қалыптастырылған. Сонымен қатар экологиялық медицина бойынша оқу курсы енгізіліп, әлеуметтік қолайсыз аудандардағы балалармен ата-аналарға ықпал ету арнасы ретінде жұмыс ұйымдастырылған.
Дәрігерлер бірлестігінің ұстанымы ерекше назар аударуға тұрарлық: ұйым белсенділерге тән риторикадан саналы түрде алшақтап, өзінің сарапшылық мәртебесіне басымдық беру арқылы қала әкімшілігі мен ұлттық денсаулық сақтау органының бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болды, және бұл наразылық бағытын ұстанған жағдайда мүмкін емес болар еді.
Жүйелік олқылықтардың бірі – қоғамдық қабылдауды өлшеудің болмауы. Аймақтың көрсеткіштері ретінде бұзушылықтар саны мен ластаушы заттардың концентрациялары пайдаланылады, ал халықтың қолданылатын шараларға көзқарасы өлшенбейді. Almaty Air Initiative Алматыда қолданатын қоғамдық қабылдау индекстерінің әдістемесі (хабардарлықты, эмоциялық қатынасты және әрекет етуге дайындықты бөлек бағалау), Софияда қолданылмайды және сараптамалық ұйыммен кездесуде ықтимал ынтымақтастық тұрғысынан тәсіл қызығушылық тудырды.
6. Мониторинг және әсерді бағалау
Дәрігерлер бірлестігімен кездесуде айтылып, кейін басқа сұхбаттасушылар да растаған маңызды ескерту мынаған саяды: өлшенбейтін құбылыстың әсерін бағалау мүмкін емес. Шығарындылар деңгейі төмен аймақтың шегінде өлшеу станциялары жоқ. Ұсынылған деректер бойынша бүкіл қалада PM10 өлшейтін бес ресми станция және PM2.5 өлшейтін бір станция бар, олар қалаға емес, ұлттық мекемелерге тиесілі. Қатысушылардың ортақ бағалауы бойынша, бұл мекеме нормативтік талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету үшін қажетті ең төменгі мониторинг деңгейін ғана қамтамасыз етеді. Сонымен қатар шамамен 300 азаматтық өлшеу датчигі жұмыс істейді, яғни реформаны мониторингілеу едәуір дәрежеде мемлекеттік емес бастамаға сүйенеді.
Бұл шектеудің салдары іс жүзінде бірден байқалды. Азот диоксидінің 2026 жылдың бірінші жартысында 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 10–13%-ға төмендеуі және PM10 нормасынан асатын күндер санының 88%-ға қысқаруы жанама деректер негізінде есептелген. 2025/26 жылғы жылыту маусымы инверсиялар жиілігі жағынан аномалды болған жағдайда, қалада аймақтың әсерін метеорологиялық факторлардың ықпалынан ажыратуға мүмкіндік беретін құрал болған жоқ. Аймақтың нақты әсерін бөліп көрсету үшін қажетті математикалық модельдеуге, оны іске қосқаннан кейін тек үш жылдан соң тапсырыс берілген. Соның салдарынан қалалық кеңес деңгейіндегі пікірталастарда қарсы тарап аймақтың шығарындыларды қысқартуға қосқан үлесін өте төмен деп бағалайды, ал әкімшіліктің қолында тек өзінің есептік бағасы бар.
Шығарындылар деңгейі төмен аймақтың негізгі және жанама әсер ету көрсеткіштерін бақылау аймақты жобалаудың ажырамас бөлігі болуы тиіс. Периметр ішінде және оның шекараларында өлшеу станцияларын орналастыру, аймақ іске қосылғанға дейін бастапқы өлшемдер жүргізу және саясаттың әсерін басқа факторлардан ажырататын модельдеу шаралары реформаның табыстылығын бағалау және оны сыншылар алдында дәлелді түрде қорғау үшін қажет. Жабдықты тұрғындар пайдалану құнына қарай таңдайды, сондықтан климаттық жағдайларды ескеру қажет. Осы тұрғыдан инверторлық кондиционерлер басым София моделі Алматының анағұрлым қатаң климатына тікелей қолдануға келмейді.
Негізгі көрсеткіштер (жиынтық кесте)
Есепте келтірілген негізгі көрсеткіштердің жиынтығы, (дәйексөз келтіру және презентацияларда пайдалану үшін).
| Көрсеткіш | Мәні | Дереккөз | Бөлім |
|---|---|---|---|
| Зерттелген үй шаруашылықтары (жылыту бойынша түгендеу, 2020) | 5 990 | София муниципалитеті | 2 |
| Отын / көмір / пеллет / газ пайдаланатын үй шаруашылықтары | 48 725 / 12 181 / 19 313 / 19 541 | София муниципалитеті | 2 |
| РМ10 көрсеткішінің 2018 жылға (~50-60 мкг/м³) қатысты төмендеуі | 40–60% | Келтірілген деректер, жанама бағалау | 2, 6 |
| Қалада тіркелген автокөліктер саны | ~1 000 000 | Келтірілген деректер | 2 |
| Қаладағы автокөліктің орташа жасы | ~16 жыл | Келтірілген деректер | 1 |
| LEZ ішкі периметрі («кіші сақина») | ~3,5 км² (қала аумағының 0,7%) | LEZ картасы | 4.1 |
| LEZ сыртқы периметрі («үлкен сақина») | ~17 км² | LEZ картасы | 4.1 |
| Тәуліктік бұзушылықтардың төмендеуі: іске қосылғанға дейін → 1-апта → 2 аптадан кейін → 1 айдан кейін → 3 жылдан кейін | ~20 000 → ~3 700 → ~2 600 → ~2 000 → ~1 350 | Муниципалитет | 4.2 |
| Қатты отын жаққаны үшін айыппұл (жыл басынан) | бүкіл қалаға ~300 акт | Келтірілген деректер | 4.3, 7 |
| 2026 жылдың басына дейін тегін ауыстырылған жылыту құрылғылары (үй шаруашылығы) | ~20 000 құрылғы / ~11 000 үй шаруашылығы | Ауыстыру бағдарламалары (ЕО гранттары) | 4.3 |
| 2029 ж. соңына дейін ауыстыру бағдарламасы (жоспар) | ~22 000 үй шаруашылығы | Келтірілген деректер | 4.3 |
| Жабдықты таңдау: инверторлық кондиционерлер | 80–90% | Келтірілген деректер | 4.3 |
| Қаладағы ресми өлшеу бекеттері (PM10 / PM2.5) | 5 / 1 (ұлттық мекеме) | Келтірілген деректер | 6 |
| Қаладағы азаматтық өлшеу датчиктері | ~300 | Келтірілген деректер | 6 |
| 2026 ж. 1-ші жарты жылдығында 2025 ж. дейін NO2 төмендеуі | ~10–13% (жанама бағалау) | Келтірілген деректер | 6 |
| PM10 нормасын арттыру күндерінің азаюы | 88% (жанама бағалау) | Келтірілген деректер | 6 |
| Сектораралық жоспар (шара / сектор) | ~65 шара / 5 сектор | Келтірілген деректер | 7 |
7. Софияның сабақтары және Алматы үшін қорытындылар
София тәжірибесін талдау жеті негізгі сабақты бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Олардың әрқайсысы сапар барысында бірнеше тәуелсіз дереккөзбен расталды және Алматыдағы реформаны іске асыруға қатысты практикалық қорытындымен бірге тұжырымдалды.
- Денсаулыққа негізгі зиян келтіретін көздерді диагностикалаудан бастау. Басымдықтарды айқындау ластау көзін әкімшілік тұрғыдан бақылаудың оңайлығына емес, оның денсаулық үшін ең қауіпті PM2.5 фракциясының концентрациясына қосатын үлесіне негізделуі тиіс. Софияда (Алматыдағыдай, бірақ бұған қоса ЖЭО-2 мен ЖЭО-3) басым бағыттардың бірі жеке секторды қатты отынмен жылыту, сондықтан қала реформаны жеке секторды түгендеуден бастағаны негізді. Сонымен бірге жылыту секторында айыппұлдың қолданылу мүмкіндігі өте шектеулі екені байқалды: бүкіл қала бойынша жарты жылда шамамен 300 акт қана ресімделген. Ал нақты ілгерілеудің негізгі қозғаушы күші ынталандыру шаралары, атап айтқанда жабдықты субсидия есебінен ауыстыру болды.
Алматы үшін: шектеулер енгізілгенге дейін жеке секторға жеке түгендеу жүргізу; жылыту контурын «ынталандыру + санкция» қағидаты бойынша құру, мұнда негізгі жүктеме айыппұлға емес, ынталандыру құралы ретінде субсидияланатын жабдық ауыстыруға түсуі тиіс.
- Мекемелерді үйлестіру, ортақ дерекқорлар және саяси ерік. Тұрақты әсерге экология, көлік, энергетика және денсаулық сақтау салаларының бірыңғай мақсат төңірегінде келісілген жұмысы және бір-біріне қолжетімді, өзара үйлесімді дерекқорлар болған жағдайда ғана қол жеткізуге болады. София тәжірибесі бұл тұрғыда көптеген сабақ береді: деректердің бытыраңқылығы және сыртқы мердігерлерге тәуелділік қаланың шешім қабылдау және оны негіздеу мүмкіндігін шектейді. Тиімді құралдардың бірі бес сектор бойынша шамамен 65 шараны қамтитын бірыңғай сектораралық жоспар болды. Процесті алға жылжытатын саяси ерік те маңызды. Бұл тұрғыда қала мэрі деңгейіндегі басшылықтың жеке қатысуы және Софияның міндеттемелердің сыртқы шеңберін қалыптастыратын халықаралық бастамаларға, соның ішінде Breathe Cities бастамасына қатысуы маңызды көрсеткіш.
Алматы үшін: ортақ мақсат пен жауапты үйлестірушісі бар бірыңғай мекемеаралық жоспарды бекіту; мекемелік бытыраңқылықтың орнына ортақ дерекқорлар құру; сондай-ақ қаланың бірінші басшылығы деңгейінде саяси көшбасшылықты қамтамасыз ету.
- Реформаны қолдайтын топтарды қалыптастыру. Қоғам арасында танымал емес шараларды қолдаушылар коалициясы болған жағдайда ғана іске асыруға болады. Софияда мұндай мәселені денсаулық тұрғысынан түсіндіре алатын дәрігерлер мен тәуелсіз медициналық бірлестіктер, сондай-ақ тұрғындардың бір бөлігі мен азаматтық қоғам ұйымдары құрады, медициналық қауымдастық халық ең көп сенім білдіретін коммуникация арнасы: дәрігерлерге деген сенім саясаткерлерге қарағанда тұрақты түрде жоғары.
Алматы үшін: сарапшылық позициялау арқылы одақтастарды, соның ішінде дәрігерлерді, денсаулық сақтау қауымдастықтарын, сараптамалық ҮЕҰ мен тұрғындарды мақсатты түрде тарту; халықпен коммуникацияда медицина мамандарының үнін негізгі арналардың бірі ретінде пайдалану.
- Қолдау шаралары міндетті құрамдас бөлік болуы тиіс. Реформаның мақсаты қаражат жинау емес, ластануды азайту және халық денсаулығын қорғау; қаржылық нәтиже реформаның негізгі мотивіне айналмауы тиіс. Шектеулер теңсіздік пен кедейлікті күшейтпеуі үшін нысаналы қолдау шараларымен қатар жүруі қажет: ең ескі автокөлік иелері мен қатты отын пайдаланатын үй шаруашылықтары, әдетте, табысы ең төмен топтарға жатады.
Алматы үшін: қаржыландыру көздерін алдын ала айқындау; осал үй шаруашылықтарына жабдық ауыстыруды толық субсидиялау; осындай үй шаруашылықтарын мекенжайлық картаға түсіру; жабдық ауыстыру кезегінде тұрғандарды санкциялардан қорғау; төлемдер мен айыппұлдарды табыс көзі ретінде қарастырудан бас тарту.
- Ауқымды көлік шектеулерін енгізгенге дейін балама ұсыну. Шектеулер қоғамдық көлікті дамыту, аймақ шекараларында көлік ауыстырып мінуге арналған тұрақтарды ұйымдастыру және айналма бағыттарды қамтамасыз ету сияқты қалада көлік түрін ауыстыруға нақты мүмкіндік жасалғаннан кейін ғана енгізілуі тиіс. Софиядағы іске қосу дәйектілігі, яғни метроны кеңейтіп, жаңа билет жүйесін енгізгеннен кейін аймақты іске қосу, шектеуді тұрғындар бұған дейін алған жақсартудың жалғасы ретінде ұсынуға мүмкіндік берді.
Алматы үшін: қоғамдық көлікті кеңейту жөніндегі жұмысты күшейтіп, оны тұрғындарға айқын көрсету; тегін көлік ауыстырып міну тұрақтарын және айналма бағыттарды дамыту; содан кейін ғана шектеуді бұған дейін ұсынылған жақсартудың екінші бөлігі ретінде көрсете отырып енгізу.
- Өндіріп алудың бұлтартпастығы, заң алдындағы теңдік және шектеулерді айналып өтудің мүмкін болмауы. Төлем немесе айыппұл жүйесін енгізудегі басты басымдық санкцияның мөлшері емес, бұзушылық анықталған сәттен бастап төлем құжаты шығарылғанға дейінгі процедураның толық және үздіксіз жұмыс істеуі болуы тиіс. Ереже мәртебесіне қарамастан барлығына бірдей қолданылуы, ал оны техникалық тұрғыдан айналып өту мүмкін болмауы қажет. Софиядағы әлсіз тұстардың бірі экологиялық талаптарға сай келмейтін автокөлік экологиялық тексеруден оң қорытынды алу сияқты техникалық байқау орындарындағы сыбайлас жемқорлық болды. Техникалық байқауды «сатып алу» мүмкіндігі шектеулерді экологиялық санатқа байланыстырудың бүкіл логикасын жоққа шығарады.
Алматы үшін: аймақ іске қосылғанға дейін «Алматы Паркингтің» қолданыстағы биллинг жүйесіне сүйене отырып, бұзушылықты анықтаудан бастап қозғалыс үшін төлем құжатын шығаруға дейінгі бүкіл тізбекті ретке келтіру; қозғалысқа тыйым салудың орнына аймаққа кіру ақысын енгізу моделін қарастыру (Софияның сараптамалық тарапы ұсынғандай), реформаның негізгі тіректерінің бірі ретінде техникалық тексеру рәсімдерінің тұтастығын қамтамасыз ету.
- Ерекшеліктер тек әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделуі тиіс. Ерекшеліктер жүйесі қажет, алайда олар мәртебеге немесе тіркелген жеріне емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету қағидаттарына негізделуі тиіс. Софияда аймақ тұрғындарына тұрақ рұқсаты болған жағдайда берілген жеңілдік тұрғылықты жер бойынша жалған тіркелуге әкеліп, шектеулердің әсерін әлсіретті.
Алматы үшін: ерекшеліктерді нақты осал әлеуметтік санаттарға бағыттау және оларды шектеулерді айналып өтетін тетікке айналмайтындай етіп жобалау; ең қолайлы нұсқа ретінде осал әлеуметтік топтарға алдын ала белгіленген мерзімі бар тегін өтпелі кезең ұсыну.