Алматыдағы балалар тыныс алатын ауа: мектептер мен балабақшалардың маңындағы ауа сапасы нені көрсетеді
Балаларды қорғау күніне арналған аналитикалық материал
Almaty Air Initiative желісінің PM2.5 сенсорларының деректері мен ашық дереккөздер негізінде дайындалды.
Күнделікті таңертең Алматыда 422 мыңнан астам бала мектеп пен балабақшаға барады және қаладағы оқушылар саны жыл сайын 12–14 мыңға артып келеді. Бүгінде баланың білім алуға деген құқығы таза ауамен тыныстау құқығымен тығыз байланысты. Алайда шын мәнінде мектептер мен балабақшалардың басым бөлігі ауа тазартқыштармен немесе сүзгіленген желдету жүйелерімен жабдықталмаған. Соның салдарынан білім беру процесінің айтарлықтай басым бөлігі ауадағы ластағыш бөлшектердің жоғары концентрациясы жағдайында өтеді және балалар мұндай әсерден сыныптағы сабақ кезінде де, сырттағы белсенді сабақтар кезінде де қорғалмаған.
Қазақстандағы ауаның ластануы балалардың денсаулығы мен жай-күйіне кері әсер етіп қоймай, олардың өміріне де қауіп төндіреді. State of Global Air деректеріне сәйкес, тек 2023 жылдың өзінде өмірінің алғашқы 27 күнінде шетінеген 265 нәрестенің өліміне, бес жасқа дейінгі тағы 86 баланың және 5–19 жас аралығындағы 20-дан астам бала мен жасөспірімнің өліміне ауаның ластануы себеп болған. Сыртқы және ішкі ортадағы PM2.5 концентрациясының жоғары деңгейіне байланысты балалар өлімінің 70%-дан астамы ағза қоршаған орта әсеріне ең осал болатын кезеңдегі жаңа туған нәрестелер болған.
Анықтама:
PM2.5 – адам шашынан шамамен 30 есе жіңішке, диаметрі 2,5 микрометрден кіші қатты бөлшектер мен ауадағы сұйық тамшылар. Көлемі өте ұсақ болғандықтан бұл бөлшектер кәдімгі шаң секілді жоғарғы тыныс жолдарында ұсталып қалмайды, олар өкпенің терең қабаттарына еніп, қан айналымына түседі және басқа мүшелерге, соның ішінде жүрек пен миға дейін жетеді. Сондықтан ДДСҰ PM2.5 бөлшектерін қала ауасының денсаулық үшін ең қауіпті құрамдастарының бірі ретінде қарастырады және олар үшін қатаң нормативтер белгілеген: орташа жылдық концентрация 5 мкг/м³, ал орташа тәуліктік концентрация 15 мкг/м³ аспауы тиіс.
Алматыда бұл көрсеткіш 2025 жылы 31,2 мкг/м³ болды, яғни ДДСҰ көрсеткіштерінен 6,3 есе жоғары. Оқу жылының басым бөлігі өтетін қыс мезгілінде бұл концентрациялар одан әрі артады. Демек балалар үйде де, мектепте де астма қаупін арттыратын, өкпенің қалыпты дамуына кедергі келтіретін және когнитивтік салдарлары бар концентрациялардың әсеріне тұрақты түрде ұшырайтынын білдіреді.
Ересектерге қарағанда балалар ағзасы PM2.5 әсеріне әлдеқайда сезімтал. Тіпті нормадан шамалы ғана асқан жағдайда да зиянды бөлшектер ағзаның маңызды жүйелеріне әсер етіп, олардың белсенді қалыптасу кезеңінде қауіпті жинақталатын әсер туғызады.
Балаларды қорғау күні қарсаңында Almaty Air Initiative балалардың оқу кезеңінде қандай деңгейдегі ауа ластануына ұшырайтынын және мектептер мен балабақшалар маңындағы ауаның қаншалықты қауіпсіз екенін көрсетуге шешім қабылдады.
Осы зерттеу аясында Алматы қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарын қоса алғанда, 1008 балабақша мен 352 мектептің маңындағы деректер талданды.
Талдау нәтижесі: фактілердің санын 5-ке дейін азайту. Фокусты тек балаларда ұстау
- Алматыдағы мектептер мен балабақшалардың барлығы дерлік жылыту маусымы кезінде ДДСҰ ұсынған PM2.5 нормативтерінен тұрақты түрде асып отырған жағдайда жұмыс істеген.
- Оқу күндерінің 48,4% (157 оқу күнінің 76-сында) мектептер мен балабақшалар маңындағы PM2.5 концентрациясы орташа тәуліктік ҚР ШРК деңгейінен (35 мкг/м³) жоғары болған.
- Солтүстік аудандарда жылыту маусымындағы оқу күндерінің 90%-ында ДДСҰ белгілеген орташа тәуліктік нормадан (15 мкг/м³) асып кеткен.
- Ең жоғары ластану деңгейі Алатау ауданындағы білім беру мекемелерінің маңында байқалған. Мұнда оқу жылы бойынша орташа концентрация 70 мкг/м³ асып, ДДҰ ұсынымынан 16 есеге дейін жоғары болған.
- Ең ластанған және ең таза білім беру ұйымдары арасындағы айырмашылық 3,5 есеге жеткен.
Неліктен ауаның ластануының кері әсері балаларға қатты тиеді?
Баланың ағзасы – қарқынды өсіп, қалыптасып жатқан күрделі жүйе екенін ескеру маңызды. Анатомиялық, физиологиялық және мінез-құлық ерекшеліктеріне байланысты балалар ересектермен бір бөлмеде немесе бір көшеде болғанның өзінде ластағыш заттардың әлдеқайда күшті әсеріне ұшырайды. Бұған бірнеше негізгі фактор себеп болады.
Қауіп-қатердің жоғары болуының физиологиялық факторлары
Балалардың физиологиясы PM2.5 әсеріне ересектерден әлдеқайда осал.
- Балалардың тыныс алу жиілігі ересектерге қарағанда жиірек. Егер тыныш күйдегі ересек адам минутына 12–16 рет тыныс алса, бастауыш сынып оқушысы шамамен 20–25 рет, ал мектеп жасына дейінгі бала 30 ретке дейін тыныс алады. Зат алмасудың жоғары қарқыны мен өсіп келе жатқан ағзаның оттегіне деген қажеттілігінің артуына байланысты балалар дене салмағының әрбір бірлігіне шаққанда ересектерге қарағанда 2–3 есе көп ауа жұтады.
- Балалардың өкпесі толық қалыптасып бітпеген. Туған кезде өкпеде ересек адамның өкпе көлемімен салыстырғанда альвеолалардың (газ алмасуға жауап беретін өкпе көпіршіктерінің) небәрі 20–50%-ы ғана болады. Өкпе тіндерінің белсенді өсуі жасөспірімдік кезеңге дейін (12–14 жасқа дейін) жалғасады. Зерттеулер осы кезеңде PM2.5 бөлшектерінің тұрақты әсері альвеолалардың дамуын баяулатып, өкпенің ең жоғары көлемін қайтымсыз төмендететінін көрсетті. Бұл тапшылық ересек жаста да сақталып, адамның физикалық мүмкіндіктерін шектейді және болашақта өкпенің созылмалы обструктивті ауруының (ӨСОА) даму қаупін арттырады.
- Балалардың миын қорғайтын механизмдер әлі толық қалыптаспаған. Орталық жүйке жүйесіне токсиндердің енуін шектейтін гематоэнцефалдық бөгет ерте жаста ересектерге қарағанда анағұрлым өткізгіш болып қалады. Соның салдарынан ұсақ дисперсті бөлшектерге (әсіресе құрамында қорғасын, марганец және сұйық отынның жану өнімдері бар бөлшектерге) ми тіндеріне тікелей енуге мүмкіндік туады. Медициналық зерттеулер PM2.5 әсерін нейроқабынумен, нейрондық байланыстардың қалыптасуының бұзылуымен және когнитивтік дамудың нашарлауымен байланыстырады.
- Балалар сыртта көбірек уақыт өткізеді – серуендеу, үзілістер, дене шынықтыру сабақтары және мектепке барып-келу көбіне ауа ластануы жоғары деңгейге жететін уақыттарға сәйкес келеді. Ал нәрестелер күннің көп бөлігін үй ішінде өткізгенімен, егер үй көмірмен немесе ағашпен жылытылса, үй ішіндегі ауа ластануының әсеріне бірінші болып ұшырайды.
Осы факторлардың жиынтығы және ауадағы зиянды заттардың жоғары концентрациясы балалар арасында әртүрлі аурулардың пайда болуына әкеледі.
Пренаталдық салдарлар: құрсақішілік даму кезеңіндегі қауіптер
PM2.5 әсері бала алғаш рет мектепке барғанға дейін, яғни құрсақішілік даму кезеңінде басталады.
Денсаулық сақтау және экология саласындағы заманауи зерттеулер плацентаның абсолютті сүзгі емес екенін дәлелдеді. Күйе бөлшектерінен тұратын қара көміртектің нанобөлшектері және олармен байланысты ауыр металдар өкпенің альвеолалары арқылы ананың қан айналымына өтіп, жүйелі қабыну туғызады әрі плацентарлық бөгеттен тікелей өтіп, ұрықтың тіндері мен кіндік қанында жиналуы мүмкін.
ДДСҰ деректеріне сәйкес, жүктілік кезінде ананың PM2.5 әсеріне тұрақты ұшырауы құрсақішілік дамудың тежелуіне, плацентаның қалыптасуының бұзылуына, соның салдарынан мерзімінен бұрын босануға және нәрестенің өте төмен салмақпен дүниеге келуіне әкеледі.
State of Global Air деректеріне сәйкес, дүниежүзіндегі нәрестелердің төмен салмақпен туу жағдайларының шамамен 15,6%-ы ауаның ластануымен байланысты. Мұндай балалар кейіннен тыныс алу жолдарының инфекцияларына, созылмалы қабынуға, өкпе мен жүйке жүйесінің дамуындағы бұзылыстарға әлдеқайда бейім болады.
Алматы үшін бұл мәселе ерекше өзекті, өйткені жылыту маусымында қаланың солтүстік аудандарында тұратын жүкті әйелдер бірнеше ай бойы PM2.5 деңгейі 50–80 мкг/м³ болатын ортада өмір сүреді. ДДСҰ мұндай концентрацияларды денсаулық үшін қауіпті деп бағалайды.
Тыныс алу жүйесіне әсері: балалар астмасының дамуы
Жетілмеген тыныс алу жолдарының PM2.5 бөлшектерімен тұрақты тітіркенуі созылмалы ісінуге және жасырын қабыну процестеріне себеп болады. PM2.5 әсеріне жүйелі түрде ұшырайтын балаларда астманың, созылмалы бронхиттің даму қаупі жоғарылайды және өкпенің қызметі төмендейді.
Балалардың анатомиялық тұрғыдан осалдығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының ресми деректерімен де расталады. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурулардың құрылымында тыныс алу жүйесі аурулары бірінші орында тұр. Қазақстанда әрбір 100 мың баланың арасынан 47,8 мың бала тыныс алу жүйесі аурулары бойынша медициналық көмекке жүгінген, бұл ас қорыту жүйесі ауруларына байланысты көрсеткіштен (8,8 мың) 5,5 есе жоғары.
Білім беру жүйесінде бұл медициналық статистика әлеуметтік шығындарға ұласады: зерттеулер смогтың тәуліктік шарықтау кезеңдері мен балалардың ауру себебінен сабақтан қалу санының қатар өсуі арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетеді.
Когнитивтік салдарлар:
Соңғы жылдардағы ең маңызды зерттеулердің бірі 2024 жылғы қарашада жарияланған мета-талдау болды. Онда PM2.5 бөлшектерінің балалардың когнитивтік қабілеттеріне әсері сандық тұрғыдан бағаланған. Зерттеушілер ондаған халықаралық зерттеудің нәтижелерін талдап, PM2.5 деңгейінің әрбір қосымша 1 мкг/м³ артуы баланың жалпы IQ көрсеткішінің шамамен 0,27 тармаққа төмендеуімен байланысты екенін анықтады (p < 0,001). Зейінді шоғырландыруға, ақпаратты өңдеуге және оқу қабілетіне байланысты вербалды емес IQ ең көп зардап шегеді, оның төмендеуі PM2.5 деңгейінің әрбір қосымша 1 мкг/м³ үшін шамамен 0,39 тармақты құраған.
Зерттеу авторлары бұл әсердің АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің (EPA) 9 мкг/м³ стандартының өзінен төмен концентрациялар кезінде де байқалатынын атап өтеді. Бұл балалардың когнитивтік дамуына қатысты қауіпсіз шек іс жүзінде жоқ екенін көрсетеді.
Егер осы коэффициенттерді Алматы деректеріне қолдансақ, орташа жылдық PM2.5 деңгейі шамамен 31 мкг/м³ болған жағдайда бала балалық шағында созылмалы әсерге ұшырап, шамамен 7–8 IQ тармағын жоғалтуы мүмкін.
Маңызды ескерту: бұл нақты бір балаға арналған болжам емес, халықтың белгілі бір тобына қатысты орташа ықтимал әсердің бағасы. Нақты салдарлар генетикалық ерекшеліктерге, тамақтануға, әсер ету ұзақтығына және басқа да факторларға байланысты өзгереді. Соған қарамастан мегаполис деңгейінде мұндай өзгеріс тұтас ұрпақтың когнитивтік бейінінің өзгеруін білдіреді.
Әртүрлі аспан астындағы балалық шақ: Алматы аудандары
Алдыңғы зерттеулер көрсеткендей, Алматыдағы ауа ластануы қала аумағында өте біркелкі таралмаған. Қаланың әртүрлі бөліктерінде өсіп жатқан балалар мүлде әртүрлі атмосфералық жағдайда өмір сүреді және өкпесі мен миына түсетін созылмалы жүктеме де әртүрлі. Соған қарамастан олардың барлығы бір қалалық білім беру жүйесінің мекемелеріне барады.
Бұл теңсіздіктің нақты ауқымын бағалау үшін біз ауа ластануы туралы деректерді Алматыдағы 365 мектеп пен 1008 балабақшаның орналасу деректерімен біріктірдік. Әрбір мекеме үшін ең жақын мониторинг станцияларының деректері негізінде PM2.5 бөлшектерінің орташа концентрациясы есептелді. Одан кейін барлық мекеме оқу жылының әрбір айы бойынша қарауға болатын интерактивті картаға орналастырылды.

Карта қаладағы ең жоғары ластану жүктемесі солтүстік, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс аудандарға тиесілі екенін көрсетеді. Бұл аудандарда бірден бірнеше қауіп факторы тоғысады: көмірмен жылытылатын жеке тұрғын үйлердің көп болуы, өнеркәсіптік аймақтар мен ЖЭО-ларға жақын орналасу, сондай-ақ ауаның таралуына қолайсыз жағдайлар.
Әсіресе қаланың оңтүстік және солтүстік бөліктері арасындағы айырмашылық айқын байқалады. Алматының оңтүстік аудандары таудан келетін ауа ағындарының әсерінен белгілі бір дәрежеде желдетіліп отырса, солтүстік аумақтарда жылыту маусымы кезінде температуралық инверсиялар, атмосфераның әлсіз желдетілуі және жер бедерінің ерекшеліктері салдарынан смог ұзақ уақыт сақталады.
| Алматы ауданы | PM2.5 (орташа тәуліктік концентрациясы), мкг/м³ | ДДСҰ >15 мкг/м³ күндердің үлесі | ДДСҰ >15 мкг/м³ сағаттарының үлесі | ҚР ШРК >35 мкг/м³ күндердің үлесі | ҚР ШРК >35 мкг/м³ сағаттарының үлесі | Қауіпті сағаттар саны (>150 мкг/м³) |
|---|---|---|---|---|---|---|
| Түрксіб | 59,3 | 91,0% | 82,8% | 66,0% | 59,8% | 8 784 |
| Алатау | 56,3 | 90,1% | 82,3% | 66,5% | 59,1% | 6 125 |
| Жетісу | 52,7 | 91,0% | 81,2% | 63,2% | 55,4% | 3 069 |
| Алмалы | 42,6 | 84,4% | 77,3% | 50,0% | 49,5% | 836 |
| Әуезов | 41,1 | 84,4% | 75,9% | 51,4% | 48,2% | 705 |
| Наурызбай | 36,9 | 86,3% | 72,3% | 49,5% | 42,1% | 1 235 |
| Медеу | 33,3 | 83,0% | 66,9% | 41,5% | 36,4% | 1 291 |
| Бостандық | 31,1 | 83,0% | 67,1% | 35,4% | 34,5% | 685 |
2025 жылғы қазан – 2026 жылғы сәуір аралығы, Almaty Air Initiative PM2.5 деректері
Талдау кезеңінің қорытындысы бойынша PM2.5 бөлшектерінің ең жоғары орташа концентрациясы Түрксіб (59,3 мкг/м³), Алатау (56,3 мкг/м³) және Жетісу (52,7 мкг/м³) аудандарында тіркелді. Бұл көрсеткіштер ДДСҰ ұсынған жылдық нормадан (5 мкг/м³) шамамен 11 есе жоғары және ҚР ШРК мәніне (35 мкг/м³) едәуір асып түседі.
Маусым бойындағы барлық қауіпті сағаттың 65,6% Түрксіб және Алатау аудандарында (PM2.5 деңгейі 150 мкг/м³ асқан 22 730 сағаттың 14 909 сағаты) болған. Бұл сағаттарда ауадағы концентрация Қазақстанның орташа тәуліктік ШРК көрсеткішінен 4 еседен астам жоғары болды. Мұндай деңгейде медициналық ұйымдар барлық жас тобындағы адамдарға сырттақы белсенділікті толық тоқтатуды ұсынады. Мектеп ауласындағы үзіліске шыққан немесе дене шынықтыру сабағына қатысқан балалар үшін бұл өте жоғары деңгейдегі ластанған ауамен тікелей тыныстауды білдіреді.
Түрксіб ауданында зерттелген кезеңдегі 7 айдың 6 айында орташа айлық көрсеткіштер орташа тәуліктік ҚР ШРК деңгейінен жоғары болды. Жалғыз ерекшелік – сәуір айы. Осындай жағдай Алатау және Жетісу аудандарында да байқалады.
Түрксіб және Бостандық аудандары арасындағы маусымдық орташа PM2.5 деңгейінің айырмашылығы 28,6 мкг/м³ құрады (59,3 және 31,1 мкг/м³), созылмалы әсер деңгейі айырмашылығы шамамен екі есе болды. Ластанудың ең жоғары кезеңі болған қараша айында бұл айырмашылық 54,5 мкг/м³ жетіп, 2,8 есе болды.
Тіпті қаланың салыстырмалы түрде «таза» аудандарында да жағдай қауіпсіз деңгейден алыс. Бостандық ауданында жылыту маусымындағы барлық сағаттың 67,1%-ында PM2.5 деңгейі ДДСҰ ұсынымдарынан асып, күндердің 35,4%-ында Қазақстанның ШРК деңгейінен жоғары болды. Демек Алматыда балалардың оқу маусымы бойы халықаралық денсаулық сақтау стандарттарына сәйкес келетін ауамен тұрақты тыныс алатын аудандар іс жүзінде жоқ.
Егер тек оқу күндерін (демалыс, мереке және каникул күндерін есепке алмай) қарастырсақ, жағдай аса өзгере қоймайды. Бақылау кезеңінің барлық күнінің 51,8%-ында (212 күннің 110 күнінде) орташа тәуліктік ШРК (35 мкг/м³) асып кеткен, ал оқу күндері ішінде бұл көрсеткіш 48,4%-ды немесе 157 оқу күнінің 76 күнін құрады. Басқаша айтқанда, демалыс пен каникулды алып тастағанның өзінде балалар әрбір екінші оқу күнін санитариялық нормативтен жоғары деңгейдегі ауа ластануы жағдайында өткізген.
Айлар бойынша ластану хронологиясы
Оқу маусымының негізгі бөлігі Алматыдағы ең жоғары ластану кезеңіне сәйкес келеді.

Алматы аудандары бойынша орташа айлық РМ2.5 концентрациялары
2025 жылғы қазан: жылыту маусымының басталуы Ай бойынша орташа концентрация – 36,3 мкг/м³. Алғашқы айдың өзінде солтүстік аудандар Қазақстанның ШРК көрсеткішінен асып түсті: Түрксіб ауданы – 46,9 мкг/м³, Алатау ауданы – 47,4 мкг/м³ Оңтүстік аудандар әзірге ШРК-дан төмен болғанымен, ДДҰ нормасынан үш есе жоғары болды.
2025 жылғы қараша: маусымдағы ең күрт өсім Ай бойынша орташа концентрация – 54,4 мкг/м³. Түрксіб ауданында көрсеткіш бір айдың ішінде 46,9-дан 85,4 мкг/м³ дейін өсіп, 82%-ға артты. Алатау ауданында 47,4-тен 76,7 мкг/м³ дейін өсіп, 62%-ға артты. Бұл кезеңде жеке сектордағы көптеген жылыту пеші бір мезгілде іске қосылып, алғашқы температуралық инверсиялар смогты жер бетіне жақын ұстап қалады. Қараша айынан бастап қаланың барлық дерлік ауданы Қазақстанның орташа тәуліктік ШРК деңгейінен жоғары болды. Тек Бостандық ауданында қарашадағы көрсеткіш (30,9 мкг/м³) ШРК деңгейінен төмен болды.
2025 жылғы желтоқсан: көптеген ауданда маусымдық шарықтау кезеңі Ай бойынша орташа концентрация – 62,4 мкг/м³. Сегіз ауданның алтауында AQI жіктемесі бойынша «Зиянды» санатына жататын концентрациялар тіркелді: Түрксіб – 85,8 мкг/м³, Алатау – 77,1 мкг/м³, Жетісу – 75,1 мкг/м³, Алмалы және Наурызбай аудандары – 55–67 мкг/м³, Медеу және Бостандық аудандары – 41–46 мкг/м³
2026 жылғы қаңтар: жоғары ластану деңгейінің сақталуы Ай бойынша орташа концентрация – 57,7 мкг/м³. Үш солтүстік аудан – Түрксіб – 73,6 мкг/м³, Алатау – 71,4 мкг/м³, Жетісу – 70,3 мкг/м³ – 70 мкг/м³ жоғары деңгейлерді сақтап қалды. Бұл қысқы каникулдан кейінгі алғашқы ай: балалар мектепке салыстырмалы түрде таза ортаға емес, тұрақты жоғары смог жағдайына оралды. Медеу және Бостандық аудандары өздерінің маусымдық ең жоғары көрсеткіштеріне дәл қаңтар айында жетті – тиісінше 46,3 және 43,8 мкг/м³.
2026 жылғы ақпан: алғашқы айқын төмендеу солтүстік аудандарда қаңтармен салыстырғанда -30% (57,7 мкг/м³ – 40,2 мкг/м³). Дегенмен Түрксіб (53,6 мкг/м³) және Алатау (51,5 мкг/м³) аудандары әлі де жоғары қауіп аймағында қалды.
2026 жылғы наурыз: төмендеу жалғасты. Ай бойынша орташа концентрация – 35,4 мкг/м³. Түрксіб ауданында көрсеткіш 44,4 мкг/м³, бірақ ҚР ШРК деңгейінен жоғары. Қаланың оңтүстік аудандарының басым бөлігінде көрсеткіштер қазан айынан бері алғаш рет ШРК деңгейінен төмендеді. Қаланың солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы айырмашылық біртіндеп азая бастады.
2026 жылғы сәуір: салыстырмалы түрде қауіпсіз жалғыз ай Ай бойынша орташа концентрация – 16,0 мкг/м³. Қаланың барлық ауданы алғаш рет Қазақстанның ШРК деңгейінен төмен түсті. Оңтүстік және орталық аудандар (Бостандық, Медеу, Алмалы және Әуезов) ДДҰ-ның тәуліктік нормативінен (15 мкг/м³) де төмен деңгейге жетті. Солтүстік аудандарда көрсеткіштер 17–21 мкг/м³ аралығында қалып, ДДҰ нормасынан жоғары болғанымен, жарты жыл ішінде алғаш рет аса қауіпті мәндер байқалмады. Бұл ретте оқу жылы мамыр айының соңына дейін жалғасады.
Нәтижесінде жылыту маусымының 7 айының 5 айында PM2.5 орташа концентрациясы Қазақстанның ШРК деңгейінен жоғары немесе соған өте жақын болды. 2026 жылғы сәуір: жалғыз “қауіпсіз” ай
Алматыда балалардың оқу маусымы бойы денсаулық сақтау стандарттарына сәйкес келетін ауамен тұрақты тыныс алатын аудандар іс жүзінде жоқ.
Бала үшін бұл мектепке бару жолынан бастап балабақшадағы таңғы серуендерге, сырттағы спорт сабақтарына және кешкі уақытта үйге қайтуға дейінгі бүкіл оқу жылы бойында ластанудың әртүрлі деңгейдегі тәуліктік әсерін білдіреді.
Бұл ең жоғары уытты жүктеменің біркелкі таралмайтынын және ең алдымен Алматының солтүстік аудандарында тұратын әрі оқитын балаларға әсер ететінін көрсетеді. Іс жүзінде баланың қай ауданда тұратыны қалалық ортаның сапасын ғана емес, оның ластанған ауаға күнделікті ұшырау деңгейін де айқындайды.
Ең осал мектептер мен балабақшалар қайсысы?
Жекелеген білім беру ұйымдары бойынша жүргізілген талдау аудандық деңгейдегі жалпы көріністі нақтылап, маңызды бір жайтты көрсетті: маусымдық орташа көрсеткіштер бойынша Түрксіб ауданы ең ластанған аудан болып саналса да, нақты білім беру ұйымдарының рейтингі басқа нәтижені көрсетеді. Мектептер мен балабақшалар бойынша алғашқы орындарды көбіне Алатау ауданы иеленеді.

Алматыдағы білім беру ұйымдары маңындағы ауа сапасы
Бұл деректер нақты мекемелердің жұмыс сапасын сипаттамайтынын атап өткен жөн. Тізімнің жоғарғы жағында болуы мектептің нашар басқарылатынын немесе жеткіліксіз қаржыландырылатынын білдірмейді. Ол тек ауасы орта есеппен көбірек ластанатын жерде орналасқанын көрсетеді.
Балабақшалар
Алматыдағы 1 008 балабақшаның ішінде PM2.5 деңгейі ең жоғары аймақта орналасқандарының басым бөлігі Алатау ауданында. Маусымдық концентрациясы ең жоғары бес мекеменің барлығы бір ауданнан.
Маусымдық әсері ең жоғары 20 балабақшаның 12 – Алатау ауданында, 5 – Түрксіб ауданында, 2 – Жетісу ауданында орналасқан. 20 мекеменің бәрінде көрсеткіштер ДДСҰ нормасынан 12 есе жоғары, маусымдық орташа мән бойынша AQI жіктемесінің «Зиянды» санатына кіреді.
«Балауса» немесе «№1 бөбекжай-балабақшасына» (әрқайсысында 71,3 мкг/м³) баратын үш жасар бала күнделікті серуенге немесе көшеге шыққан сайын ДДСҰ денсаулыққа зиян деп бағалайтын концентрациядағы ауамен тыныстайды. Нормативтерге сәйкес балабақшалар күніне екі рет, жалпы ұзақтығы 2–3 сағатқа дейін серуен ұйымдастыруға міндетті. Бұл уақыттың басым бөлігі PM2.5 деңгейі 60–70 мкг/м³ аралығындағы жағдайда өтеді.
Мектеп
Алматыдағы 352 мектеп жағдайы да осындай, және бұл жерде де Алатау ауданы алдыңғы орынға шықты. Алатау ауданындағы №156 мектеп ң жоғары көрсеткішке ие бес балабақшаның деңгейімен бірдей болып, 71,3 мкг/м³ көрсеткішімен бірінші орында тұр.
Маусымдық әсері ең жоғары 20 мектеп: Алатау ауданында – 8, Түрксіб ауданында – 7, Жетісу ауданында – 2 және Алмалы мен Наурызбай аудандарында бір-бірден.
Бір қызығы, тізімге Алмалы және Наурызбай аудандарындағы мектептер де енген.
- Алмалы ауданындағы №147 гимназияда орташа концентрация 64,6 мкг/м³ болды. Бұл аудан бойынша орташа көрсеткіштен (42,6 мкг/м³) 52%-ға жоғары. Мектеп Алматы-2 теміржол вокзалының жанында орналасқан. Бұған дейін біз вокзал маңындағы жағдай туралы жазған болатынбыз: вагондарды жылыту үшін көмір жағу және дизель отынын пайдалану демалыс күндері мен каникул кезінде де жоғалмайтын тұрақты ластану фонын қалыптастырады. 2025 жылдың ең лас күні 7 желтоқсанда – вокзал маңында орташа тәуліктік PM2.5 деңгейі 207,5 мкг/м³ болды, ал ең жоғары шекті мәні 774 мкг/м³, бұл бір реттік ҚР ШРК мәнінен (160 мкг/м³) 4,8 есе жоғары.
- Қалқамандағы QSI Almaty International School мектебінде PM2.5 деңгейі 62,8 мкг/м³ болды. Бұл аудандық орташа көрсеткіштен (36,9 мкг/м³) 70%-ға жоғары. Мектеп Абай даңғылының бойындағы жеке тұрғын сектордың ортасында орналасқан.
Қаланың солтүстік бөлігінде ең ластанған білім беру мекемелерінің шоғырлануы кездейсоқ құбылыс емес. Алатау және Түрксіб аудандарындағы бірқатар мекеме үшін негізгі қауіп факторы – тәулік бойы жоғары шығарындылар сақталатын ірі көлік магистральдары мен логистикалық дәліздердің маңында орналасуы. Солтүстік аудандарда бұған қоса ЖЭО шығарындылары мен қала ішінде және сыртында орналасқан жеке сектордың жылыту көздерінің әсері қосылады. Соның нәтижесінде бір ауданның өзінде PM2.5 концентрациясы өнеркәсіптік аймақтарға, қарқынды қозғалыстағы жолдарға немесе тығыз орналасқан аз қабатты тұрғын үйлерге жақындыққа байланысты айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Талдау кезеңінде Медеу ауданындағы ең таза мектепте орташа тәуліктік концентрация 19,7 мкг/м³ болса, Алатау ауданындағы ең ластанған мектепте бұл көрсеткіш 71,3 мкг/м³ болды, бұл 50 мкг/м³ немесе 3,5 есе. Мекеменің мемлекеттік немесе жекеменшік болуы бұл жағдайда шешуші рөл атқармайды. Түрксіб ауданындағы жекеменшік балабақшалар да мемлекеттік балабақшалар сияқты сол ауамен тыныс алады.
Ауа ең нашар болатын уақыт қашан?
Тәуліктік үрдістер
Алматыдағы PM2.5 бөлшектерінің тәуліктік циклі қаланың солтүстік, орталық және оңтүстік аудандары арасында айқын айырмашылық бар екенін көрсетеді. Бұл айырмашылықтар балалардың қай уақытта ластанған ауаға көбірек ұшырайтынын түсіну үшін аса маңызды.

Алматы аудандары бойынша мектептер мен балабақшалардағы РМ2.5 тәуліктік циклі
Ең үлкен контраст Түрксіб, Алатау және Жетісу аудандары сияқты солтүстік аудандар мен Бостандық және Медеу сияқты оңтүстік аудандар арасында байқалады.
Түнгі және таңғы ерте сағаттардың өзінде қаланың солтүстік бөлігі едәуір жоғары ластану деңгейіне ие болады. Мысалы, түн ортасында Түрксіб ауданындағы орташа маусымдық PM2.5 концентрациясы 80 мкг/м³ асып түседі, ал Бостандық ауданында шамамен 26 мкг/м³ деңгейінде болады. Осылайша, түнде және таңертең солтүстік аудандардағы ластану деңгейі оңтүстік аудандарға қарағанда шамамен 2,5–3 есе жоғары болады.
Таңертең Бұл айырмашылық балалар мектеп пен балабақшаға келетін уақыттарда – шамамен сағат 07:00-ден 09:00-ге дейін сақталады. Осы уақытта Түрксіб және Алатау аудандарында концентрациялар шамамен 40–46 мкг/м³ деңгейінде сақталады, ал қаланың оңтүстік бөлігінде олар 19–22 мкг/м³ деңгейіне дейін төмендейді. Басқаша айтқанда, Алматының солтүстік бөлігіндегі бала оңтүстік аудандардағы балаға қарағанда PM2.5 деңгейі екі еседен жоғары ауамен тыныс алады.
Мұндай айырмашылықтың негізгі себебі – қаланың жер бедері мен ауа айналымының ерекшеліктері. Түнде суық әрі ластанған ауа тау беткейлерінен төмен түсіп, желдетілуі әлдеқайда әлсіз солтүстік бөлікте жиналады. Қысқы температуралық инверсия жағдайында ластағыш заттар жерге жақын ауа қабатында «бітеліп» қалады. Сондықтан қаланың солтүстігінде түнде жиналған смогтан кейін де жоғары концентрациялар ұзақ сақталады.
Күндіз жағдай өзгереді. Шамамен 11:00 мен 16:00 аралығында солтүстік аудандардағы концентрация айтарлықтай төмендеп, аудандар арасындағы айырмашылық азаяды. Осы кезеңде орталық және оңтүстік аудандар таңғы уақытпен салыстырғанда жоғарырақ көрсеткіштер көрсете бастайды. Мысалы, Бостандық ауданында концентрация таңғы 18–20 мкг/м³ деңгейінен күндіз 40–43 мкг/м³ деңгейіне дейін өсіп, шамамен екі есеге артады. Медеу ауданында да көрсеткіштер 21 мкг/м³ мәнінен 40 мкг/м³ мәніне дейін көтеріледі. Ал Түрксіб, Жетісу және Алатау аудандарында көрсеткіштер таңғы 38–46 мкг/м³ деңгейінен күндізгі 35–37 мкг/м³ деңгейіне дейін төмендейді.
Бұған күндізгі көлік қозғалысының күшеюі, жергілікті шығарындылар және қаланың әртүрлі бөліктері арасында ластағыш заттарды тасымалдайтын ауа ағындарының араласуы себеп. Күндіз солтүстік аудандар біртіндеп «жеңілдейді», ал орталық аудандар көлік ағындары мен қалалық белсенділіктің әсерін көбірек сезіне бастайды.
Балалар үшін бұл таңертең оңтүстік аудандар салыстырмалы түрде қолайлы көрінгенімен, күндіз серуендеу, дене шынықтыру сабақтары және көшеде болу кезінде концентрация айтарлықтай өсуі мүмкін екенін білдіреді.
Кешке. Алайда ең күрт өзгеріс кешкі уақытта байқалады. 17:00-ден кейін Алматының солтүстік бөлігінде ластану өте жылдам жинала бастайды. Түрксіб ауданында концентрациялар күндізгі 37 мкг/м³ деңгейінен кешкі уақытта 91 мкг/м³ деңгейіне дейін көтеріліп, бірнеше сағат ішінде екі еседен астам артқан. Алатау ауданында да дәл осындай жағдай байқалады. Ал оңтүстік аудандарда өзгеріс әлдеқайда баяу жүреді: Бостандық ауданында кешкі көрсеткіштер 32–40 мкг/м³ шамасында болса, Медеу ауданында 40–43 мкг/м³ деңгейінде сақталады.
Осылайша кешкі уақытта солтүстік пен оңтүстік арасындағы айырмашылық қайтадан үш есеге жуық деңгейге жетеді.
Бұл кешкі кезең балалар үшін аса қауіпті. Өйткені дәл осы уақытта олар мектептен, секциялардан және үйірмелерден үйлеріне қайтады. Балалар физикалық белсенді болып, жаяу жүргенде, көлік күткенде немесе жолдардың жанында болғанда ластанған ауаның әсеріне ұшырайды. Балалар ағзасы үшін мұндай шарықтау кезеңдері ерекше зиян, себебі PM2.5 жоғары концентрациясы қарқынды тыныс алумен және жұтылатын ауа көлемінің артуымен қатар жүреді.
Апта күндері бойынша ластану деңгейі
PM2.5 деңгейінің апта күндері бойынша таралуын талдау Алматыдағы ауа ластануының тек маусымдық және тәуліктік емес, сонымен қатар айқын апталық циклге де ие екенін көрсетеді. Ластану деңгейі жұмыс күндері мен демалыс күндері арасында айтарлықтай өзгереді. Ең қолайсыз жағдай жексенбі және дүйсенбі күндері байқалады.

Алматы мектептері мен балабақшаларындағы РМ2.5 орташа концентрациясы, апталар бойынша
Жексенбі күні мектептер мен балабақшалар маңындағы PM2.5 бөлшектерінің орташа концентрациясы 56,4 мкг/м³ жетеді, бұл апта ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Салыстырсақ, сәрсенбі күні орташа концентрация шамамен 36,6 мкг/м³ құрайды. Осылайша, жексенбідегі ластану деңгейі аптаның ортасындағы көрсеткіштен шамамен 1,5 есе жоғары.
Тіпті апта ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің өзі ДДСҰ ұсынған нормадан (15 мкг/м³) айтарлықтай жоғары. Демек балалар апта күніне қарамастан күн сайын дерлік ластанған ауаның созылмалы әсеріне ұшырайды.
Жексенбіде көлік қозғалысы біршама азайғанына қарамастан ең бұл күн ласболып шығуы алаңдатады. Бұл қыста ластануға негізгі үлесті жылыту көздері қосатынын көрсетеді. Нәтижесінде ластағыш заттар демалыс күндері бойы жерге жақын ауа қабатында біртіндеп жиналады.
Сондықтан дүйсенбіде қала жаңа аптаны PM2.5 деңгейінің жоғары жинақталған көрсеткішімен бастайды.
Бұл құбылыс апта күндері мен айлар бойынша ластану матрицасында айқын көрінеді.

Алматы аудандары, айлар және апта күндері бойынша РМ2.5 ластану матрицасы
Матрицада қыста, әсіресе қараша, желтоқсан және қаңтар айларында, жексенбі күндерінің көпшілігі ауа сапасының «Зиянды» немесе «Сезімтал топтар үшін зиянды» санаттарына сәйкес келетіні көрінеді. Қаланың солтүстік аудандарында мұндай жағдайлар апта сайын дерлік байқалады. Бұл әсіресе Түрксіб ауданында айқын көрінеді. Мұнда қараша айындағы орташа жексенбілік көрсеткіш ДДҰ ұсынған тәуліктік нормадан 8,5 есе және жылдық ұсынымнан шамамен 25 есе жоғары бола отырып, 128,7 мкг/м³ деңгейіне жеткен.
Келесі маңызды қауіпті күн – дүйсенбі, бұл күні орташа концентрация 49 мкг/м³ болып, ДДСҰ ұсынған деңгейден үш еседен астам жоғары және ҚР ШРК көрсеткішінен шамамен 40%-ға артық болды. Ластанған жексенбіден кейін балалар смог жиналып қалған мектептер мен балабақшаларға оралады. Сонымен қатар дүйсенбіде таңертең көлік қозғалысы күрт артады: жеңіл автокөліктердің, қоғамдық көліктің және мектеп тасымалының ағыны көбейеді. Нәтижесінде ластану таралып үлгермей, керісінше күшейе түседі.
Демалыс күндерінен кейінгі жинақталған ластану мен таңертеңгі көлік жүктемесінің үйлесуі дүйсенбіні балалар ағзасы үшін ең қолайсыз күндердің біріне айналдырады.
Ең қауіптісі – мұндай әсердің тұрақты түрде қайталануы. Апталық цикл балалардың Алматыда ластанудың жекелеген эпизодтарына емес, суық маусым бойы апта сайын қайталанып отыратын тұрақты созылмалы әсерге ұшырайтынын көрсетеді.
Бір қызығы, аптаның ортасында, әсіресе сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері концентрациялар біршама төмендейді. Бұл ауа райы жағдайларының тұрақтануымен және жиналған ластағыш заттардың ішінара таралуымен байланысты. Алайда осы күндердің өзінде білім беру ұйымдарының маңындағы ауа айтарлықтай ластанған күйінде қалады.
Сенбі күні PM2.5 концентрациясының қайтадан өсуі байқалады. Бұл көлік ағындарының өзгеруімен де, жексенбідегі шарықтау деңгейінің алдында ластаушы заттардың біртіндеп жиналуымен де байланысты болуы мүмкін.
Оқу кезеңіндегі «темекі баламасы»
Балалардың ластанған ауаға созылмалы түрде ұшырау ауқымын түсініктірек көрсету үшін біз PM2.5 концентрацияларын темекі баламасына қайта есептеудің халықаралық әдістемесін қолданамыз. Бұл темекі шегу мен қалалық ауаны тікелей салыстыру емес, мкг/м³ түріндегі абстрактілі көрсеткіштерді адамдарға түсінікті болатын созылмалы жүктеме бейнесіне айналдыруға мүмкіндік беретін құрал.
Анықтама: Бұл тәсіл Berkeley Earth зерттеу тобының бағалауларына және PM2.5 бөлшектерінің денсаулыққа әсері жөніндегі эпидемиологиялық деректерге негізделген. Қарапайым түсіндіру бойынша PM2.5 бөлшектерінің шамамен 22 мкг/м³ орташа тәуліктік концентрациясы денсаулыққа төнетін қауіп деңгейі тұрғысынан күніне бір темекі шегумен салыстырылатын жүктеме ретінде қарастырылуы мүмкін. (Дереккөзгедереккөзге сілтеме).
Маңызды: бұл әдістеме орташа ересек адамға арналған. Төменде келтірілген бастапқы мәндер ересектер үшін есептелген. Оны балаларға қатысты тек бағалаудың төменгі шегі ретінде қарастыруға болады.
Есептеуге тек нақты оқу күндері енгізілді: дүйсенбіден сенбіге дейінгі күндер. Жексенбі күндері, мемлекеттік мерекелер және мектеп каникулдары есепке алынбады. 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы сәуірге дейінгі кезеңде мұндай күндердің саны 157 болды. Есептеудің негізіне талдау кезеңіндегі әр аудан бойынша PM2.5 бөлшектерінің орташа тәуліктік концентрациясы алынды.

Алматы мектептері мен балабақшалары жанындағы ересек адамның шеккен темекісінің зиянының баламасы
Нәтижелер әсер ету деңгейінің жоғары екенін ғана емес, оның географиялық тұрғыдан өте біркелкі таралмағанын да көрсетеді. Түрксіб ауданындағы мектепке немесе балабақшаға баратын бала ағзасына бір жылыту маусымы ішінде 423 темекіге тең доза жинақталған, бұл ересек адам үшін күніне шамамен 2,7 темекіге тең. Бостандық ауданында бұл көрсеткіш 222 темекіге немесе күніне 1,4 темекіге тең.
Ең жоғары ластану байқалған айларда Түрксіб ауданындағы көрсеткіштер одан да жоғары болды, желтоқсанда орташа тәуліктік PM2.5 концентрациясы 85,8 мкг/м³ болған кезде ересек адам үшін балама жүктеме күніне 3,9 темекіні құрады. Қаңтарда орташа айлық көрсеткіш 73,6 мкг/м³, яғни күніне 3,3 темекіге тең болды.
Сонымен қатар балалардың ересектермен бірдей ауамен тыныс алғанымен, ластағыш заттардың салыстырмалы түрде жоғарырақ дозасын алатынын ескеру маңызды. Тыныс алу жиілігінің жоғары болуына және дене салмағының аздығына байланысты бала бір килограмм дене салмағына шаққанда ересек адамға қарағанда 2–3 есе көп ауа жұтады (ДДСҰ, UNICEF). Бұл ластағыш заттардың нақты физиологиялық дозасы бала ағзасында есептелген көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екенін білдіреді.
Мектепке дейінгі жастағы балалар ең осал топқа жатады. Мектепке дейінгі ұйымдардың стандарттарына сәйкес балалар күніне кемінде 1–2 рет, әдетте түскі асқа дейін және түстен кейінгі ұйқыдан соң таза ауада серуендеуі тиіс. Жалпы алғанда балабақшадағы бала күн сайын сыртта 2–3 сағатқа дейін уақыт өткізеді. Түрксіб және Алатау аудандарында PM2.5 орташа тәуліктік концентрациясы 56–59 мкг/м³ мәнінен асатындықтан, бұл серуендер AQI жіктемесі бойынша «Барлық топ үшін зиянды» санатындағы ауада өтеді. Мұндай деңгейде халықаралық ұйымдар тіпті дені сау ересектерге де сырттағы белсенділікті шектеуді ұсынады. Тыныс алу жүйесі әлі толық қалыптаспаған үш жасар бала үшін бұл күн сайын қайталанатын және бір түн ішінде қалпына келмейтін тұрақты әсерді білдіреді.
Қорытынды
Талдау лас ауа Алматыда өсіп, білім алып және күннің көп бөлігін өткізетін жүздеген мың баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетеді. Оқу жылының басым бөлігі ДДСҰ ұсынған PM2.5 деңгейлерінен созылмалы түрде жоғағы жағдайында өтеді. Ең жоғары жүктеме қаланың солтүстік аудандарына түседі, алайда Алматының салыстырмалы түрде қолайлы аудандарының өзінде ластану деңгейі қауіпсіз көрсеткіштерден алыс.
PM2.5 деңгейінің жоғары болуы ғана емес, оның тұрақты сипаты алаңдаушылық туғызады. Зиянды әсер күн сайын қайталанады: таңертең мектепке бара жатқанда, серуендеу мен ашық ауадағы сабақтар кезінде, кешке үйге қайтып келе жатқанда.
Балалар үшін лас ауа өсу мен қаламен өзара әрекеттесу ортасының бір бөлігіне айналып отыр.
Мектептер мен балабақшалар маңындағы ауа сапасы балалардың денсаулығымен, дамуымен және өмір сапасымен тікелей байланысты. Сондықтан оның қауіпсіздігі Алматы қалалық ортасының негізгі мәселелерінің біріне айналып келеді және қоғамдық денсаулық пен балаларды қорғау саясатының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Білім беру ұйымдарының маңындағы ауа сапасы енді тек экологиялық мәселе емес. Бұл келесі ұрпақтың денсаулығы мен болашағы қалыптасатын жағдайларға қатысты мәселе.
Алматы халқының өсуі және мектептер мен балабақшалардағы балалар санының артуы жағдайында бұл мәселенің маңызы алдағы уақытта одан әрі күшейе түседі. Қазірдің өзінде жаңа білім беру ұйымдары көбіне PM2.5 жүктемесі ең жоғары аудандарда салынып жатыр, ал балалардың едәуір бөлігі оқу жылдарын созылмалы смог жағдайында өткізеді.
Бұл жүктемені азайту жүйелі тәсілді талап етеді. Мүмкін болатын бағыттар:
- жеке тұрғын-үй секторындағы көмірмен жылытудан шығатын шығарындыларды тез арада қысқарту;
- білім беру ұйымдарының маңындағы көлік шығарындыларын азайту;
- жаңа мектептер мен балабақшаларды салу кезінде ауа сапасын ескеру;
- білім беру ұйымдарының маңында және ғимараттардың ішінде ауа сапасын бақылау жүйесін дамыту;
- ауа ластануы жоғары кезеңдерге мектептер мен балабақшалардың әрекет ету хаттамаларын енгізу, оның ішінде:
- сыныптарда ауа тазартқыштарды пайдалану немесе желдету жүйелерінде ауаны сүзу технологияларын енгізу;
- ауа қатты ластанған кезеңдерде балалардың ашық ауадағы белсенділігін шектеу;
- ата-аналар мен мұғалімдер арасында ауа сапасы туралы деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру.
Әдістеме туралы ескерту
Талдау 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы сәуірге дейінгі кезеңде Almaty Air Initiative (AAI) желісінің сенсорлары мен ашық дереккөздер арқылы тіркелген PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектерінің концентрациясын үздіксіз өлшеу деректеріне негізделген. Желі шамамен 200 сенсордан тұрады. Олардың бір бөлігі білім беру ұйымдарының тікелей маңында немесе олардан 300–500 метр радиуста орнатылған.
Талдау барысында 1 360 білім беру ұйымының (352 мектеп және 1 008 балабақша) деректері және PM2.5 концентрациясы бойынша 5 000-нан астам сағаттық бақылау нәтижелері пайдаланылды. Сенсорларға жақын орналасқан мекемелер үшін орташа тәуліктік PM2.5 есептелді, ал алыс орналасқан мекемелер үшін кері қашықтықтар әдісімен (Inverse Distance Weighting, IDW) ең жақын 3–5 датчиктің алынған салмақталған орташа концентрациясы есептелді. Бұл әсер ету деңгейін эпидемиологиялық зерттеулерде қолданылатын кеңістіктік интерполяцияның стандартты әдісі.
Материалда пайдаланылған нормативтік шектер
- ДДҰ ұсынымдары: орташа жылдық PM2.5 – 5 мкг/м³, орташа тәуліктік PM2.5 – 15 мкг/м³ (ДДСҰ, Global Air Quality Guidelines, 2021)
- Қазақстандық ШРК: орташа тәуліктік PM2.5 – 35 мкг/м³, бір реттік максималды PM2.5 – 160 мкг/м³.
- AQI (АҚШ EPA шкаласы): Good <9 мкг/м³, Moderate 9–35, Unhealthy for Sensitive 35–55 , Unhealthy 55–125, Very Unhealthy 125–225, Hazardous >225 мкг/м³.