Қыркүйек аллергиясы бар жандарға неге ауыр тиді: Алматыдағы аллергия маусымының қорытындысы

Алматыда аллергия маусымы аяқталды, алайда көптеген тұрғын үшін жаздың соңы мен күздің басы ерекше ауыр өтті. Almaty Air Initiative қорының сарапшылары Орталық Азиядағы жалғыз PollenSense жасанды интеллект датчигінің 2026 жылғы тамыз бен қыркүйек айларындағы көрсеткіштерін талдап, мұның себебін анықтады.

Басты түйін: ауадағы тозаңның жалпы көлемі айтарлықтай өзгермеген, бірақ оның құрамы әлдеқайда агрессивті бола түскен.

Тозаң көбейген жоқ — құрамы өзгерді

Тамыз бен қыркүйекте тозаңның тәуліктік орташа деңгейі бірқалыпты сақталды — шамамен 61–62 бірлік (айырмашылығы 2%-дан аз). Дегенмен тамызда аллергендік деңгей біршама қалыпты болса, күз келе жағдай күрт өзгерді.

Жаз соңындағы ең күшті екі аллергеннің — ойраншөп (амброзия) пен жусанның — үлесі екі есеге жуық өсіп, тамыздағы 22%-дан қыркүйекте 42%-ға жетті.

Тозаң жүктемесінің онкүндіктер бойынша динамикасы (ppm³ сенсорының шартты бірліктеріндегі орташа тәуліктік мәндер):

Аллерген 1–10 тамыз 11–20 тамыз 21–31 тамыз 1–10 қыркүйек 11–20 қыркүйек 21–30 қыркүйек
Алабұта тұқымдастар (алабұта, ақбасқурай, қызылқұйрық) 18 19 18 8 3 9
Ойраншөп (Ambrosia) 5 10 26 20 6 2
Жусан (Artemisia) 3 4 5 5 6 38

 

Тамыз: алабұта тұқымдастардың толассыз әсері

Тамыз бойы негізгі триггер алабұта тұқымдас арамшөптер — алабұта, ақбасқурай және қызылқұйрық болды. Олар айдың 31 күнінің 18-інде ауада басым болды. Тым өткір шарықтаулар тіркелмегенімен, концентрация тәулігіне шамамен 18 бірлік деңгейінде тұрақты сақталып, тынымсыз тітіркендіргіш орта қалыптастырды.

Сонымен қатар айдың екінші жартысынан бастап ойраншөп күшейе бастады: алғашқы айқын өсім 16 тамызда байқалып, айдың соңына қарай оның мөлшері бес есеге жуық артты.

Тамыз күнтізбесінен алабұта тұқымдастар тудырған тұрақты сары түсті деңгейді және айдың аяғында ойраншөптің әсерінен пайда болған алғашқы қызғылт сары жоғары жүктеме күндерін көруге болады.

Қыркүйек: ойраншөп пен жусанның қосарланған соққысы

Жаз соңында тұрғындардың халі нашарласа, оның себебі — бірінен кейін бірі үзіліссіз жалғасқан гүлдеудің екі толқыны.

  • Ойраншөп толқыны: Негізгі шыңы 26–27 тамызға тура келді (тәулігіне 110 бірлікке дейін), ал екінші толқын қаланы 6–10 қыркүйек аралығында шарпыды. Ойраншөп әсіресе күннің бірінші жартысында — 10:00-ден 13:00-ге дейін қатты тозаңдап, 20 қыркүйектен кейін ауадан іс жүзінде жойылды.
  • Жусан толқыны: 21 қыркүйектен бастап жусан күрт көбейіп, ауадағы мөлшері бірден 6 есе өсті. 25 қыркүйекте датчик екі ай ішіндегі тәуліктік абсолютті тозаң рекордын тіркеді (73.3 бірлік).

Жусанның басты қаупі — тәуліктік кестесінде болды: оның тозаңының жартысына жуығы ауада кешке, түнде және таңертең ерте сақталып тұрды. Соның салдарынан аллергиясы бар адамдар ұйқы кезінде де тыныға алмады.

График кезеңдердің ауысуын нақты көрсетеді: 10 қыркүйектен кейін ойраншөп толқыны бәсеңдеп, қыркүйектің үшінші онкүндігінде жусан қисығы күрт жоғарылайды.

Қыркүйек күнтізбесінде жусан басым болған айдың аяғындағы қызғылт сары бөлік айқын көрінеді.

Бұл маусым неге әдеттегіден қиын өтті?

Қала тұрғындарының жағдайына ауа райы мен қалалық орта факторларының үйлесуі әсер етті:

  • Рекордтық ыстық пен ерте түскен жылылық. «Қазгидромет» мәліметінше, 2026 жылдың жазы бақылау тарихындағы ең ыстық маусым болды, ал +20 °C-тан асатын жылу ақпанда-ақ басталды. Бұл арамшөптердің ерте көктеуіне және гүлдеу мерзімінің айтарлықтай ұзаруына әкелді.
  • Ұзаққа созылған құрғақшылық. Жауын-шашын тұрақты болмағандықтан, тозаң жерге қонбай, ауада тәуліктер бойы қалқып тұрды. Соның салдарынан адамның күнделікті жұтатын тозаң мөлшері арта түсті.
  • Құрылыс шаңы. Көшелерді, ғимарат қасбеттерін және арықтарды жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар ауаға минералды әрі топырақ шаңының қалың қабатын қосты. Ол тыныс алу жолдары мен көздің кілегейлі қабығын механикалық түрде тітіркендіріп, тіпті үйреншікті тозаң деңгейіне де реакцияны күшейтіп жіберді.

Бұл деректер қалай жиналды?

Мониторинг Сәтбаев — Байтұрсынов — Тимирязев — Сейфуллин көшелерінің шаршысында Almaty Air Initiative қоры орнатқан PollenSense автоматты оптикалық датчигі арқылы жүргізілді.

Құрылғы нейрожелілер мен машиналық көру технологиясына негізделген. Ол нақты уақыт режімінде ауа құрамын тоқтаусыз сараптап, өсімдіктер тозаңын зең спораларынан, жол шаңынан және микропластиктен дәл ажыратады.

14 қазан 2026
Денсаулық