Сүзгісіз ауа: Неліктен катализаторлар Алматыны құтқармайды

Катализаторлар кейбір қалаларда ауаның ластануын едәуір азайтуға көмектесті — бұл асыра айтқандық емес. Көпшілікке «катализатор» деген атаумен таныс каталитикалық бейтараптандырғыштар ауа сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарған технологиялық жаңалықтардың бірі болды.
Қала билігінің кешенді әрі жүйелі саясаты Нью-Йорктегі ауаның ластану деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Қазір Алматыдағы атмосфералық ауаның PM2.5 орташа жылдық концентрациясы Нью-Йорктегі көрсеткіштен 200–300%-ға жоғары. Катализаторлар осы бағдарламаның маңызды бөлігі болып, автокөліктерден шығатын ластаушы заттардың көлемін қысқартуға елеулі үлес қосты. Катализаторларды автомобиль өнеркәсібіне енгізу 1970-жылдардың ортасында басталды.
Катализаторлар (каталитикалық бейтараптандырғыштар) — автокөліктің пайдаланылған газдарды шығару жүйесінде зиянды шығарындыларды азайтуға арналған құрылғылар. Олар қозғалтқыштан шығатын улы газдар мен басқа да ластаушы заттарды атмосфераға таралмай тұрып зияны азырақ қосылыстарға айналдырады.
1990-жылдардан бастап катализаторлар автокөлік өндірісінде, соның ішінде дамушы елдерде де міндетті жабдыққа айналды. Дұрыс жұмыс істейтін катализаторлар автомобиль шығарындыларындағы ластаушы заттардың 90%-дан астамын залалсыздандыра алады.
Алайда өткен ғасырдағы осы технологиялық серпіліске қарамастан, Алматыда ауаны қатты ластайтын автокөліктер мәселесі әлі де өзекті. Неліктен? Талдап көрейік.
Біз пайдаланылған газдарды шығару жүйелерін, соның ішінде катализаторларды жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсетумен тікелей айналысатын автосервис мамандарымен сөйлестік. Олардың бағалауынша, қаладағы автокөліктердің кемінде 40%-ында катализатор жоқ. Ал кейбір автосервис мамандары бұл көрсеткіш 70%-ға дейін жетуі мүмкін екенін айтты.
Алдын ала бағалау бойынша, қаладағы автокөліктердің шамамен жартысы дұрыс жұмыс істейтін катализаторсыз жүр.
Мәселені жан-жақты зерттей келе, катализаторларға байланысты жағдайдың негізгі себептері мен оған ықпал ететін алғышарттарды анықтадық.
Автокөлік иелерінің катализаторсыз жүруінің негізгі себептері:
- Тозу: оның себептері және ауыстыру құны
- Катализатор құрамындағы бағалы металдарды сату
Мәселенің қалыптасуына ықпал ететін факторлар:
- Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы
- Техникалық тексерудің тиімділігінің төмендігі
- Экологиялық талаптарға сай емес автокөліктерді анықтайтын тиімді тетіктің болмауы
Енді осы себептер мен факторлардың әрқайсысын жеке қарастырып, олардың жағдайға қалай әсер ететінін және мәселені шешу үшін қандай шаралар қажет екенін талдайық.
I. Тозу: себептері және ауыстыру құны
Қалыпты пайдалану жағдайында катализатордың орташа қызмет ету мерзімі 10–12 жыл немесе 150–250 мың шақырымды құрайды. Осы мерзімнен кейін оны ауыстыру қажет.
Катализатордың қызмет ету мерзіміне көліктің қандай жағдайда пайдаланылатыны — таулы немесе жазық жерде жүруі, техникалық қызмет көрсетудің жүйелілігі, ауа райы және басқа да факторлар әсер етеді.
Бұл факторлар Алматы үшін ерекше маңызды. Қала таулы аймақта орналасқандықтан, автокөлік катализаторларына түсетін жүктеме жоғары. Сонымен қатар көптеген көлік иесі автомобильге тұрақты техникалық қызмет көрсету жөніндегі ұсынымдарды әрдайым орындай бермейді. Бұл мәселені одан әрі күрделендіреді.
Нәтижесінде осы факторлардың жиынтығы катализаторларды дер кезінде ауыстыру мен дұрыс кәдеге жарату мәселесін Алматы үшін өзекті етіп отыр.
Автосервис мамандары катализаторлардың тез тозуына қаладағы жанармай құю станцияларындағы отын сапасының төмендігі де әсер етуі мүмкін екенін айтады. Бензин құрамындағы күкірт пен қорғасынның жоғары мөлшері катализатордың саңылауларын бітеп, бағалы металдардан жасалған жабынды зақымдауы ықтимал.
Алайда ашық дереккөздерде Алматыдағы бензин сапасына қатысты жаңа әрі сенімді тәуелсіз зерттеулердің деректері жоқ. 2017 жылы «ORGANIC» мұнай өнімдерін сараптау тәуелсіз орталығының директоры Ақмарал Қалмұратова Қазақстандағы жанармай құю станцияларында отын сапасын жан-жақты әрі сенімді тексеретін жүйе жоқ екенін айтқан.
Оның сөзінше, Қазақстандағы жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай өңдейтін шағын мұнай өңдеу зауыттарының өнімдері белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді және сапасы мұқият бақылауды қажет етеді. Шағын МӨЗ өндіретін отынның талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі 2024 жылдың басында кейбір шағын МӨЗ-дердің өндіріс паспорттарын кері қайтарып ала бастады.
Алматыдағы жанармай сапасына қатысты жағдайды анықтау үшін Almaty Air Initiative өз жұмысы аясында тәуелсіз зерттеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижелерімен жақын арада бөлісеміз.
Катализаторлардың қызмет ету мерзімі шектеулі болғандықтан, оларды уақытында ауыстыру қажет. Алматыдағы автосервистерде катализаторды ауыстыру құны 85 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Баға жаңа катализатордың өндіруші еліне және нақты көлікке қанша катализатор қажет екеніне байланысты айтарлықтай өзгереді. Катализаторды уақытында ауыстыру автомобильдің дұрыс жұмыс істеуі және оның шығарындыларының экологиялық талаптарға сай болуы үшін маңызды.
Ресми статистикаға сәйкес, Алматыда тіркелген автокөліктердің 58%-ының жасы 10 жылдан асқан, олардың жартысынан көбі 20 жылдан ескі. Ал Алматы облысында әр бес көліктің үшеуінің жасы 20 жылдан асқан. Осыны ескерсек, ескірген және тиімділігі төмен катализаторлар мәселесі ерекше өзекті.
Д.В. Сокольский атындағы Отын, катализ және электрохимия институты бұл мәселені Қазақстанда өндірілетін катализаторлардың көмегімен шешудің өз нұсқасын ұсынып отыр.
Алматыдағы институт металл негізіндегі катализаторлар әзірлеген. Ал басқа өндірушілердің өнімдері көбіне керамикалық негізде жасалады. Институт катализаторларының құрамында хром мен алюминий қорытпалары, сондай-ақ бағалы металдардан, соның ішінде платинадан жасалған жабын бар. Бұл пайдаланылған газдарды тиімді тазартуға мүмкіндік береді.
Институт өнімдерінің тиімділігі басқа өндірушілердің катализаторларымен салыстырылған. Институт бас директоры орынбасарының айтуынша, олардың катализаторлары тиімділігі жағынан басқа өнімдерден кем түспейді.
Сонымен қатар институттың катализаторлары шамамен 140 мың теңгеге ұсынылады. Бұл көрші елдердегі түпнұсқа қосалқы бөлшек өндірушілерінің өнімдерінен арзан: олардың катализаторлары шамамен 160–180 мың теңге және одан жоғары тұрады.
Дегенмен нарықта, соның ішінде Kaspi дүкенінде, Қытайда өндірілген катализаторларды бұдан да арзан — 60–65 мың теңгеге табуға болады.
Институт өкілдерінің айтуынша, олардың әзірлемелері нарыққа белсенді енгізіліп, өңірдегі түрлі автосервистерде қолданылып жүр.
II. Катализатор құрамындағы бағалы металдарды сату
Кейбір автокөлік иелері катализатордың құрамында палладий, платина және родий сияқты бағалы металдар болғандықтан, оны сатып жібереді. Олардың жалпы мөлшері 4–11 грамға дейін жетеді.
Автокөлікті катализаторсыз да пайдалануға болады: бұл бөлшектің болмауы көліктің жүріс сипаттамалары мен қуатына айтарлықтай әсер етпейді. Алайда катализаторсыз жүргенде пайдаланылған газдардағы ластаушы заттардың мөлшері артады.
Олардың бір бөлігі көлік салонына да еніп, жағымсыз иіс түрінде сезілуі мүмкін. «Автовыхлоп» сервисінің әкімшісі Александр Лютыйдың айтуынша, бұл жүргізушінің денсаулығына әсер етуі мүмкін.
Катализатор құрамындағы бағалы металдардың жоғары құны оларды жинау және сатып алумен айналысатын тұтас нарықтың қалыптасуына әкелді. Бұл автокөлік иелерін қабылдау пункттеріне жүгінуге ынталандырады.
Тек Алматының өзінде olx.kz сайтында катализатор қабылдау туралы 100-ден астам хабарландыру бар. Олардың көпшілігін түрлі автосервистер жариялаған. Олар катализаторды көліктен алып тастауды ұсынады, бірақ оны жөндеу немесе жаңасына ауыстыру қызметін ұсынбайды. Оның орнына арнайы «алдамшы» құрылғы орнатуға кеңес береді.*
*Лямбда-зонд «алдамшысы» — автокөліктегі каталитикалық бейтараптандырғыш істен шыққан немесе алынып тасталған жағдайда төменгі оттегі датчигінің сигналын өзгертетін құрылғы. Ол механикалық — металл аралық бөлшек түрінде немесе электрондық — платасы бар блок, яғни эмулятор түрінде болуы мүмкін.
Біздің команда осындай хабарландырулар бойынша қоңырау шалып, өзін сатып алушы ретінде таныстырды. Мақсатымыз — катализатор сату процесін егжей-тегжейлі зерттеп, жағдайды тереңірек түсіну.
Осылайша зауыттық салмағы сақталған катализатордың әр килограмы үшін 30 мың теңгеге дейін алуға болатынын анықтадық.
Пайдаланылған газдарды шығару жүйелерімен кәсіби түрде айналысатын кейбір сервистер дыбыс бәсеңдеткішке жалын сөндіргіш немесе жаңа катализатор орнатуды ұсынады. Алайда мұндай қызметтер сирек кездеседі.
Бірнеше автосервис қызметкері оларға тұтас таксопарктер келіп, сату үшін жаңа көліктердің катализаторларын жаппай алып тастағанын айтты. Осындай өтініштер жалға берілетін автокөлік жүргізушілерінен де түскен.
Бағалы металдардың жоғары құны және оларды сатудың оңай болуы қылмыстық әрекеттерге де жол ашады. Катализаторлар қаланың өзінде де, импорт кезінде де ұрланады — оларды тасымалдау барысында немесе экспорттаушы елдегі сатушылар алып тастауы мүмкін.
Алматыда жосықсыз автосервис қызметкерлерінің ештеңеден күдіктенбеген клиенттердің көлігінен катализаторларды алып тастаған жағдайлары да болған. Катализатор ұрлығы — тек Қазақстанға ғана тән емес, жаһандық мәселе.
Катализатор көліктің жүріс сипаттамаларына айтарлықтай әсер етпейтіндіктен, оның жоқ екенін бірден байқау қиын.
Қоршаған ортаға келетін зияннан бөлек, катализатордың болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі қозғалтқыш пен көліктің басқа жүйелеріне кері әсер етіп, соның ішінде жанармай шығынын арттыруы мүмкін.
Сондай-ақ шығарындылардың белгіленген нормаларын асырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы бойынша айыппұл қарастырылған. Қазіргі уақытта оның көлемі 10 АЕК-тен, яғни 36 920 теңгеден басталады. Сонымен қатар катализатордың жұмысын міндетті түрде қалпына келтіру талап етіледі.
Демек, катализатордың болмауы қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, автокөліктің өзі мен оның иесіне де бірқатар мәселе туғызуы мүмкін.
Қабылдау пункттерінің қызметкерлері әртүрлі жолмен жиналған катализаторлардың кейіннен Еуропадағы қайта өңдеу зауыттарына жіберілетінін, сол жерде олардың құрамынан бағалы металдар алынатынын айтты. Қазақстандық автокөліктер катализаторларының өмірлік циклі осылай аяқталады.
Мәселенің туындауына ықпал ететін алғышарттар
— Әлеуметтік-экономикалық фактор
Халықтың әл-ауқаты жоғары елдерде қатты түтін шығаратын автокөліктер мәселесі сирек кездеседі. Себебі мұндай елдерде автомобильдер әдетте катализатордың қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейін жаңасына ауыстырылады.
Әл-ауқат деңгейі төменірек елдерде ескі автокөліктер сатылатын сұр нарық белсенді жұмыс істейді. Көп жағдайда мұндай көліктер, әсіресе шетелден әкелінгендері, тозған немесе алынып тасталған катализатормен келеді. Бұл ауаның ластануын одан әрі күшейтеді.
Сонымен қатар қаржының жеткіліксіздігі мен ақпараттың аздығына байланысты мұндай көлік иелерінің жаңа катализатор орнатуға мүмкіндігі бола бермейді немесе олар мұны қажет деп санамайды.
БҰҰ Даму бағдарламасының деректеріне сәйкес, ауқатты елдерден — Еуропа, АҚШ және Жапониядан — экспортталатын бұрын пайдаланылған жеңіл автокөліктердің 80%-ы экспорттаушы елдердегі қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудың ең төменгі стандарттарына сәйкес келмейді.
Кейін мұндай көліктер Оңтүстік Америка, Африка және Азияның табысы төмен елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да жеткізіледі. Олар жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырып қана қоймай, ауаны көбірек ластайды және климаттың өзгеруіне де елеулі үлес қосады.
— Техникалық тексерудің тиімсіздігі
Қазақстанда жеті жылдан асқан автокөліктер жыл сайын міндетті техникалық тексеруден өтуге тиіс. Оның мақсаты — ақауы бар көліктерді, соның ішінде экологиялық талаптарға сай емес автомобильдерді анықтау.
Қазақстандағы техникалық тексерудің сапасы төмен екені жасырын емес. Біз бұған дейін техникалық тексерулер туралы зерттеуімізде де (сілтеме) олардың көп жағдайда нақты тексерусіз жүргізілетінін жазғанбыз. Соның салдарынан автокөліктегі ақауларды, оның ішінде катализатордың жоқтығын немесе тозғанын анықтау қиын.
Қазақстанда техникалық тексеруден тек фото арқылы өту әлі де мүмкін.
Нәтижесінде ауаны ластайтын автокөліктермен күрестің негізгі құралдарының бірі өз міндетін толық орындамай отыр: ескірген әрі қатты түтін шығаратын машиналар жолда қала береді, ал мәселе жыл сайын қордалана түседі.
— Шығарындылар нормасынан асатын автокөліктерді анықтайтын тиімді тетіктің болмауы
Қала сыртындағы 19 экопост автокөліктерді шығарындыларының уыттылығын тексеру үшін іріктеп тоқтатады. Негізінен ескі машиналар тексеріледі.
Бұл өзіндік «кедейлік салығы» әсерін туғызады, өйткені рұқсат етілген нормадан көбіне дәл осы ескі көліктер асып кетеді.
Сонымен қатар экопосттарға түспейтін, бірақ экологиялық талаптарға сай емес қала ішіндегі автокөліктер назардан тыс қалады. Нәтижесінде әділетсіз жағдай қалыптасады.
Алматыға күн сайын шамамен 400 мың автокөлік кіретінін ескерсек, экопосттарда бірнеше ондаған көлікті ғана тексеру — теңізге тамған тамшыдай.
Оның үстіне катализаторы алынып тасталған жаңа автокөліктердің өзі рұқсат етілген шығарындылар деңгейінен асып кетуі мүмкін. Бірақ олар экопосттарда тексерілмеуі ықтимал.
Халықаралық тәжірибе
Катализаторларды автомобиль өнеркәсібіне енгізу 1970-жылдардың ортасында басталды. Бұл құрылғыларға сұраныстың пайда болуына қоршаған ортаның ластануы мәселесіне қоғам назарының артуы және АҚШ-тағы Таза ауа туралы заң (Clean Air Act) сияқты нормативтік шаралардың қабылдануы түрткі болды.
Бұл заң ауа сапасын жақсарту үшін автокөлік шығарындыларын едәуір қысқартуды талап етті.
Жаңа стандарттарға сай болу үшін катализаторлар көміртек тотығы, көмірсутектер және азот оксидтері сияқты ластаушы заттарды көмірқышқыл газы, су буы және азот секілді зияны азырақ заттарға айналдыруға арналған.
Катализаторларды енгізу әлемнің көптеген елінде ауаның ластануын азайтуға елеулі әсер етті. Мысалы, АҚШ-та бұл құрылғылардың кеңінен қолданылуы қалалардағы смог пен ауа ластануының айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті.
Еуропа елдерінде де осындай оң өзгерістер байқалды, әсіресе азот оксидтері мен көмірсутектер деңгейі төмендеді.
Катализаторлардың кеңінен қолданылуына қатаң шығарындылар стандарттары әсер етті. 1990-жылдардың өзінде әлемнің көптеген елінде барлық жаңа автокөлікті шығарындылар стандарттарына сай болуы үшін катализатормен жабдықтау міндеттелді.
Дамушы елдердегі мәселелер мен табысты тәжірибе
Дамыған елдер ауаның ластануымен күресте айтарлықтай нәтижеге жеткенімен, дамушы елдер әлі де күрделі жағдайда қалып отыр.
Технологияны енгізу мен оған қызмет көрсетудің жоғары құны, шығарындылар нормаларының талапқа сай орындалмауы және катализаторы жоқ ескі автокөліктердің көптігі елеулі кедергі келтіреді.
Бұған қоса, жалған немесе сапасыз катализаторларды пайдалану шығарындыларды бақылаудың тиімділігін төмендетеді.
Соған қарамастан, кейбір дамушы елдер бұл мәселелерді шешуде жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Мехико — 20 миллион адам тұратын, Токиодан кейінгі әлемдегі екінші ірі қала. Ол да ластанған ауа жиналып қалуға бейім аңғарда орналасқан. Соның салдарынан қала ұзақ жылдар бойы тұрғындардың денсаулығына кері әсер ететін ауа ластануынан зардап шекті.
1990-жылдары Мехикода ауа ластануына байланысты денсаулық мәселелері соншалықты ушығып, үкімет нақты шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Шығарындылар нормалары енгізіліп, автокөліктер жылына екі рет техникалық тексеруден өтуге міндеттелді.
Ластаушы шығарындыларды азайтудың кешенді бағдарламасы (Programa Integral de Reducción de Emisiones Contaminantes — PIREC): осы бағдарлама аясында 2014 жылдың екінші жартысында пилоттық жоба жүзеге асырылды.
Жоба бойынша 15 жылдан асқан жеңіл автокөліктердің катализаторлары тегін ауыстырылды — барлығы 30 221 катализатор орнатылды. Сонымен қатар техникалық тексеру кезінде ақауы анықталған жаңалау автокөліктердің де катализаторлары ауыстырылды — барлығы 14 703 катализатор.
Жобаға 7 компания мен 126 автосервис қатысты. Бағдарлама жыл сайынғы техникалық тексерудің рөлін күшейтумен қатар жүргізілді.
Катализаторларды енгізу және олардың жұмысын бақылау Мехикода ауа сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың маңызды бөлігіне айналды. Дегенмен бұл ауаның ластануымен күресуге арналған кешенді бағдарламаның бір ғана бағыты болды.
Біз көпжылдық бағдарламаның негізгі бағыттарын жинақтадық:
1/ Мониторинг және болжау
- Қала ауа сапасын бақылайтын ауқымды мониторинг жүйесімен және шығарындыларды түгендеу жүйесімен қамтылды. Бұл тұрғындарды ақпараттандыруға және ластануды бақылаудың тиімді шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
- 2017 жылдан бастап ауа сапасын болжау жүйесі жұмыс істейді. Ол ластану деңгейінің жоғарылайтыны туралы 24 сағат бұрын ескертеді.
2/ Техникалық шаралар
- Бензин құрамынан қорғасынды алып тастау.
- Автокөліктерге катализатор орнатуды міндеттеу.
- Дизель отынындағы күкірт мөлшерін азайту.
- Мұнай өңдеу зауыттарын жабу және табиғи газға көшу.
3/ Көлікті бақылау
- Технологиялар мен арнайы бақылау бағдарламалары арқылы автокөлік шығарындыларына бақылауды күшейту.
- Гибридті және электр таксилерін енгізу, сондай-ақ қоғамдық көлікті жетілдіру, соның ішінде Метробус желісін кеңейту.
- Велосипедті ортақ пайдалану жүйесін (Ecobici) және жаяу жүргіншілер аймақтарын дамыту.
4/ Энергияны тиімді пайдаланатын ғимараттар және жаңартылатын энергия көздері
- Мемлекеттік мекемелерде күн панельдері мен су жылыту жүйелерін орнату.
5/ Қалдықтарды басқару және ауыл шаруашылығы қалдықтарын жағу
- Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен кәдеге жарату жүйесін жетілдіру, соның ішінде полигон газдарын энергия өндіруге пайдалану мүмкіндігін қарастыру.
- Алдын алу шаралары және ауыл шаруашылығы мен орман аумақтарының арасында буферлік аймақ құру арқылы ауыл шаруашылығы қалдықтарын жағуды реттеу.
Бұл шаралар Мехикода ауаның ластану деңгейін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде қала халықаралық деңгейде мойындалып, ауа сапасын жақсартқаны үшін C40 сыйлығына ие болды. Бұл мойындау қорғасын, SO2, CO2 және PM10 шығарындыларын азайтудағы елеулі жетістіктермен байланысты болды.
Almaty Air Initiative ұсынымдары
Жиналған ақпарат пен әдебиеттерге жасалған кеңірек шолу негізінде Алматыдағы катализаторлар мәселесін шешу үшін мынадай ұсынымдар беруге болады:
- Техникалық тексеру: техникалық тексерудің рөлін күшейтіп, автокөліктерді міндетті тексеру талаптарының толық орындалуын қамтамасыз ету. Катализатордың бар-жоғына және оның дұрыс жұмыс істеуіне ерекше назар аудару. Тексерулердің толыққанды жүргізілуін және сыбайлас жемқорлық немесе сапасыз тексеру салдарынан талаптарды айналып өтуге жол бермеуді қамтамасыз ету.
- Ақпараттандыру: халыққа катализаторлардың қоршаған орта мен денсаулық үшін маңызы, сондай-ақ оларды алып тастаудың құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Катализаторды алып тастаған кезде ауа ластануының артуы және оның ықтимал салдары, соның ішінде тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары туралы ақпарат беру.
- Ынталандыру: автокөлік иелеріне катализаторларды ауыстыру немесе жөндеу үшін субсидиялар мен басқа да қаржылық қолдау тетіктерін енгізу. Әсіресе табысы төмен азаматтарға қолдау көрсету.
- Жанармай: Алматыда сатылатын жанармайдың жоғары стандарттарға, әсіресе күкірт пен қорғасын мөлшері бойынша талаптарға сай болуын қамтамасыз ету. Өйткені отын сапасының төмендігі катализатордың қызмет ету мерзімі мен тиімділігін едәуір қысқартуы мүмкін. Қалада сатылатын жанармай сапасын тұрақты бақылап, нәтижелерін жариялау және белгіленген стандарттарға сай келмейтін сатушыларға санкциялар қолдану.
- Импортталатын автокөліктерге қойылатын талаптарды күшейту: елге экологиялық талаптарға сай емес көліктердің жаппай әкелінуіне жол бермеу үшін импортталатын автомобильдердің Қазақстанның экологиялық стандарттарына сәйкестігіне қойылатын талаптарды күшейту.
- Заңсыз қызметтің барлық кезеңінде ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту: катализатор ұрлайтын адамдардан бастап, оларды кейіннен кәдеге жарату мен қайта өңдеуге қатысатын тұлғаларға дейінгі бүкіл тізбек бойынша шара қолдану.
- Қоғамдық көлік: жолдардағы жеке автокөліктер санын азайтып, соның есебінен жалпы шығарындылар көлемін төмендету үшін қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салу.