«Бұл – менің ең сүйікті қалам»: Дарион Шаббаш Алматыдағы Смогтан суреттер туралы

Біз қазақстандық стрит-арт суретші, алматылық, «Ауа үшін немен төлейміз?» арт-жобасының авторларының бірі Дарион Шаббашпен әңгімелестік.
Өткен жылдың қарашасында суретші Дарион Шаббаш және оның әріптесі, стрит-арт суретші Ғалымжан Балсары алдын ала қарындашпен сызбалары мен арнайы желімі жағылған 4 кенеп орнатты. Кенептер Алматы қаласының әртүрлі орындарына қойылды (Алатау метро станциясы маңы, Науаи көшесі мен Әл-Фараби даңғылы қиылысы, сондай-ақ Саин мен Жандосов көшелерінің бұрыштарында). Бір айдан кейін ақ кенептер ауадағы кір мен смогқа оранып, келесі сурет айқын көрінді.
- Дарион, мұндай жобаның идеясы сізге қалай келді?
- Бірде мен кафе ішінде отырдым. Қарашаның ортасы болатын. Жолға қарап отырып, көліктердің шығарындыларынан қою түтін шығып жатқанын байқадым. Сонда ойладым: «Бұл физикалық тұрғыдан-ақ сезіледі ғой». Сол сәтте жанып түсті: «О, жобаны жасауға болады! Егер бұл көзге көрінсе, демек, кенепте де көрінеді». Мен әріптесім Ғалым Балсарыға қоңырау шалып, бірге қатысуды ұсындым. Сөйтіп, біз брейншторм жасап, жоба детальдарын ойластырдық, кенеп орнататын орындарды таптық, видеооператор достарымызды шақырдық та, жобаны жүзеге асырдық.
- Бір ай өткеннен кейін не көрдіңіздер? Нәтижелер күтпеген болды ма? Кейбір жұмыстардың қарауытып, кейбірінің ашығырақ екені байқалады.
- Бір айдың нәтижесі бізді сәл таңқалдырды, өйткені, шыны керек, бірдеңе шыға қояды деп аса үміттенбегенбіз. Бұл біз үшін эксперимент еді, сурет дәл осылай анық көрінеді деп ойламадық. Шамамен бір айдан соң шатырға қайта оралып, тексердік те, көргенімізден аздап шошып қалдық. Саин–Жандосов қиылысында, ЖЭО-ға қарама-қарсы жерде ең қара жұмыстары пайда болды; Абай–Жароковта да «смог жақсы жабысыпты». Бұл сөзсіз кептелістер мен көлік ағынының әсері.
- Сіз Германияда үш жыл тұрдыңыз. Неліктен Қазақстанға оралуды ұйғардыңыз?
- Мен – үшінші буын алматылықпын. Бұл – менің ең сүйікті қалам. Қайда көшсем де, оның уақытша екенін білемін, сондықтан Алматыға деген сағынышым басылмайды. Германияда экология керемет, адамдар өте жауапты: көлікті аз пайдаланып, велосипед пен қоғамдық көлікке көбірек мінеді. Бұл олар үшін сондай табиғи. Мен Алматыға оралғанда, дәл осы контраст мені шабыттандырып, сол сезімді өзімнің көркемдік әдісіммен жеткізгім келді.
- Көп адам экология ұнамағандықтан Алматыдан кетіп жатыр, ал сіз, керісінше, оралып, ауаның сапасындағы контрастты көрсетуді жөн көрдіңіз бе?
- Мен бұл тақырыпты суретші ретінде ашуды ұйғардым. Оның үстіне, смогқа қатысты тағы да идеяларым бар. Оларды жүзеге асыру үшін қыс, күз, жылыту маусымын күтіп жүрмін, өйткені бұл – үнсіз қалдырғым келмейтін өткір мәселе. Дыбыс әрі қарай да жетсін деймін.
- Жаңа жобаңыз туралы айтуға дайынсыз ба?
- Әзірге камераға айтып бергім келмейді. Әлі уақыты емес, оны іске асырып үлгермедік.
- Неліктен дәл қарлығашты таңдадыңыз? Жұмыстарыңыз туралы айтыңызшы.
- Сол жақта менде қарлығаш бейнеленген. Бұл – өкінішке қарай, Алматыдан жоғалып бара жатқан қарлығаштарға арналған ескерткіш іспетті. Бала күнімде Гоголь–8 наурыз көшесінде тұрдым, тереземіздің астында қарлығаштар ұя салатын. Бұл есіме мықтап сіңген. Балконнан Көктөбеге көз тастап, қарлығаштарды көргендегі бір романтикалық күй бар. Сол балалық шақ суреті есімде қалып, соны бейнелеуді жөн көрдім. Екінші жұмыс – мен бірнеше жыл Берлинде тұрғандықтан, Алматыға оралғанда мұнда бәрі өзгеріп, күн сайын ілгерілеп жатқанын сезіндім. Берлиндегі сияқты мұнда да техномәдениет пайда болды: жаңа техносценаларды, тамаша музыканттарды байқадым. Мен «ою-өрнекті» синтездеп, оны би билеп тұрғандай, қозғалысты, динамикалы етіп бергім келді. Осылайша бүгінгі заманауи сезімдерді картинамның ішіне енгіземін. Айналамнан сезінгенімді жеткіземін. Бұл – өзім өте жақсы көретін тәсілдердің бірі. Меніңше, бұл – ортамен сөйлесудің бір жолы.
- Бұл картиналарды аяқтағаннан бері біраз уақыт өтті. Сізге кімдер хабарласты, әлде олар қайда көрсетілді ме?
- Ең алдымен, бұл – таза бастама болды. Біз Ғалыммен энтузиазммен жиналдық, бюджет болған жоқ, ешкіммен арнайы келісіп, кеңінен жария еткен де емеспіз. Фильмді өзіміз түсірдік, кенептерді өзіміз құрастырдық, логистика мен продакшнның бәрін өз күшімізбен атқардық. Ауа бөлшектерін жинайтын желім Қазақстанда жоқ. Оны шетелден тапсырыспен алдырдық, біраз уақыт күтуге тура келді. Жобаға бір жыл болды, бұл жұмыстар еш жерде көрмеге қойылған емес. Десе де, біз оларды көрсетіп, ұсынуға ашықпыз. Меніңше, жобаның өзегі – видео, оның құндылығы дәл сол деректілігінде. Картиналар – екінші өнім. Ең бастысы, біз мәселені дәл фильм арқылы көрсетіп, назар аудартқымыз келді.
«Ауа үшін немен төлейміз?» фильмі: https://youtu.be/Fuqa5m0X-f0
- Көркем қызметімде мен жиі екінші реттік материалдарды қолданамын. Пластикті қайта өңдеймін, мозаика үшін апсайкл (upcycle) тәсілін қолданамын – сынған плиткаларды, ескі кафельді қайта пайдаланамын. Қайта өңдеу, экологиялық тақырып мен үшін өте жақын, өйткені осылайша өз үлгіңмен адамдарға ой салуға болады деп санаймын. Адамдар музейге не галереяға кіргенде, қоқыстан немесе адамның тұрмыстық қалдықтарынан эстетикалық тұрғыдан тартымды, ой салатын нақты объектілер жасауға болатынын күтпейді. Жақында біз Данияр (Бәкімов) екеуміз Rocker Plastic-пен үлкен жоба жасадық. Қайта өңделген пластиктен мүсін құрадық.
- Сіздіңше, Алматыдағы ауа ластануының негізгі себептері қандай?
- Мен карантин кезінде осында болдым да, қаладағы қозғалыс шектелгенде ауаның қаншалық таза болғанын өз көзіммен көрдім. Ол кезде 13-қабатта тұрдым, бәрін терезеден бақыладым. Сондай-ақ қыста Шымбұлақтан фуникулермен түскенде, Алматының үстінде сұр бұлттың ілініп тұрғанын көресің. Әрине, көпшіліктің пайдаланып жүрген көліктері енді «ликвид» емес – бұл Алматы үшін үлкен мәселе. Сондай-ақ, жеке сектордың жылыту маусымында дөңгелек, көмір жағуы өте зиян. Адамдардың мұндай тәсілдерге жүгінбей жылытуға мүмкіндігі болғанын қалар едім. Бұл бір сөзбен айтып жеткізу қиын күрделі мәселе. Комплексті себептер, меніңше. Дегенмен, Алматы экологиясы таза әдістерге өте алады деп үміттенемін.
- Денсаулыққа ауа сапасының әсерінен қорғану үшін өміріңізде қандай шараларды қолданасыз?
- Қыста қолымнан келгенше тауға барып, сонда көбірек болуға тырысамын, бірақ, әрине, жұмысың, қаладағы шаруалар бар. Смог «қалпағында» ұзақ жүргенде аллергия пайда болып, мұрын бітеледі – ағзаның токсиндерге қарсы қорғаныс реакциясы. Қыста кеудеңді толық аша алмайтының байқалады: ауа – суық, бірақ, үнемі құм жұтып тұрғандай күй кешесің. Алматыда қыста ұзақ жаяу жүргенімде дәл сондай әсер болады. Ал мен жаяу серуенді өте жақсы көремін…
- Егер қоғам мен әкімдікке қысқа үндеу жасау мүмкіндігіңіз болса, не айтар едіңіз? Қандай ойды жеткізгіңіз келеді?
- Қала тұрғындарына шағын үндеуім бар: айналаңыздағы кеңістікті жақсартыңыз, абаттандырыңыз. Алматының табиғаты өте бай. Азаматтарымыздан соны аялауды, қоршаған ортаны жақсарту мен тазартуға тырысуды сұраймын. Бұл, ең алдымен, әр адамның әдетіне байланысты. Әркім өз үлесін қоса алады – жақсы жағынан да, жаман жағынан да. Әкімдікке келсек: бастамалар көтерілсе, мен қуана қатысамын. Смогтан біртіндеп арылуға бағытталған шаралар қабылданады деп қатты үміттенемін. Адамдардың өкпе аурулары мен аллергияға шалдығуын көру – мен үшін өте ауыр. Эко-посттар қою қажет деп санаймын, өйткені смог тауға дейін жетті – бұл тым артық. Мұның бәрі келесі ұрпаққа әсер етеді.