Алматы тұрғындарының смогқа көзқарасы: Almaty Air Initiative жыл сайынғы зерттеуінің нәтижелері

Almaty Air Initiative қоры алматылықтардың қаладағы ауа сапасына деген көзқарасын және күнделікті өміріне әсерін қалай сезінетінін көрсететін екінші жыл сайынғы зерттеуінің нәтижелерін ұсынады.

Былтыр AAI командасы алғаш рет ауа сапасына қатысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізіп, тұрғындардың бұл мәселе туралы қаншалықты хабардар екенін және оған қаншалықты алаңдайтынын анықтады. Биылғы зерттеу қоғамдық пікірдің өзгеріс динамикасын көрсетеді: тұрғындардың хабардарлығымен қатар ауа сапасына деген алаңдаушылық та күшейген.

Зерттеу барысында Алматы қаласының 18 жастан асқан, табыс деңгейі, білімі және әлеуметтік мәртебесі әртүрлі 1000 тұрғыны сауалнамаға қатысты. Зерттеудің мақсаты – қоғамдағы көңіл күйді бағалап қана қоймай, тұрғындардың ауа ластануының негізгі себептері ретінде нені көретінін және бұл мәселені шешуде билік пен қоғамнан қандай қадамдар күтетінін анықтау.

Негізгі инсайттар

  • Алматылықтар ауа сапасына барған сайын көбірек алаңдайтын болып келді. Тұрғындардың 63%-ы бұл мәселеге алаңдайтынын айтса, ауа сапасына көңілі толмайтындардың үлесі 2024 жылғы 42%-дан 2025 жылы 50%-ға дейін өскен. Әрбір екінші тұрғын қаланың ауасын нашар деп бағаласа, небәрі 14%-ы оны жақсы деп есептейді. Он алматылықтың алтауы соңғы 2–3 жылда қаладағы ауа сапасы нашарлады деп сенеді.
  • Алаңдаушылықтың күшеюі көші-қон көңіл күйінен де байқалады: тұрғындардың 25% экологиялық жағдайға байланысты көшіп кету туралы шындап ойланып жүр (былтыр 17% болған, ал табысы жоғарылардың арасында бұл көрсеткіш 41%-ға жетеді. Ауа сапасына алаңдаушылық деңгейі артқан сайын қаладан кетуге деген ниет те күшейе түседі.
  • Алматылықтардың жартысына жуығы (49%) қыс мезгілінде смогқа байланысты қаладан уақытша кеткісі келетінін айтты (былтыр – 45%), ал 12%-ы жыл сайын қаладан кетіп қалады. Қыста Алматыдан кететін тұрғындар ауа ластануының өмір сапасына әсерін көбірек сезінеді: олар шаршағыштыққа, бас ауруына, аллергияға және тыныс алу жүйесіндегі мәселелерге жиірек шағымданады.
  • Сауалнамаға қатысқандардың 80%-ы ластанған ауаның денсаулығына кері әсерін сезінетінін айтты, ең жиі аталған шағымдар – шаршағыштық, аллергия, бас ауруы және тыныс алу жүйесінің аурулары.
  • Тұрғындардың пікірінше, ауаның ластануының негізгі көзі бұрынғыдай автокөлік (82%) болып қала береді, одан кейін ЖЭО (45%) және желдің табиғи айналымының бұзылуы сияқты табиғи факторлар (42%) аталды.
  • Тұрғындардың хабардарлығы бір жыл ішінде артқан: 18% тұрғын енді ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын біледі (2024 жылы – 10%). Соған қарамастан, тұрғындардың басым бөлігі әлі де жеке сезіміне – иіске, көріну деңгейіне және смогтың қоюлығына сүйенеді. Тұрғындардың үштен бірі ауаның қатты ластанған күндері өзін қорғау үшін ешқандай шара қолданбайды, демек халық арасында қорғану және ауа сапасын бақылау құралдары туралы ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды күшейту қажет.
  • Тұрғындардың 53%-ы экология мәселелері бойынша ресми мәлімдемелерге сенбейді. Респонденттің жасы мен табысы артқан сайын сенімсіздік деңгейі де жоғарылай түседі. Сонымен бірге, қоғамның негізгі сұранысы өзгеріссіз қалып отыр. ЖЭО-ларды газға көшіру, көлік шығарындыларын азайту, жасыл аймақтарды көбейту, құрылыс саласын бақылауды күшейту.
  • Тұрғындардың бір бөлігі (15%) ауаның ластануы мәселесін тек мемлекеттік органдар шеше алады деп есептейді, алайда көпшілігі өз үлесін қосуға: қаланың тазалығын сақтауға, қоқыс пен пластикті өртемеуге, қаланы көгалдандыруға қатысуға, қоғамдық көлікті жиі пайдалануға, электр көліктеріне көшуге, жеке секторды газдандыруға, жеке автокөлікті пайдалануды шектеуге дайын екендерін айтты.

Ауа сапасына алаңдаушылық артып келеді

Ауаның ластануы Алматы тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі: қала тұрғындарының үштен екісі (63%) бұл мәселеге қатты немесе өте қатты алаңдайтынын айтты.

Әйелдер ерлерге қарағанда алаңдаушылықты жиірек білдіреді (36% және 29%). Ал ерлердің арасында бұл мәселе өзін мүлде алаңдатпайтынын айтқандардың үлесі жоғарырақ (9%, әйелдер арасында – 5%).

Ең жоғары алаңдаушылық деңгейі 55–64 жас аралығындағы тұрғындар арасында байқалады: осы жас тобындағы респонденттердің 44%-ы ауаның ластануына «өте қатты алаңдайтынын» мәлімдеген. 

Аудандар бойынша ең жоғары алаңдаушылық Медеу (44%), Алатау (36%) және Жетісу (34%) аудандарында тіркелді. Бұл аудандардың тұрғындары смогқа, шаңға және күйік иісіне жиірек шағымданады. Ал ең төмен алаңдаушылық деңгейі Наурызбай (25%), Түрксіб (27%) және Алмалы (31%) аудандарында байқалады.

Білім деңгейі де тұрғындардың қабылдауына әсер етеді. Жоғары білімді адамдар арасында алаңдаушылық жоғарырақ: олардың (37%-ы «өте қатты») алаңдайтынын, ал магистр дәрежесі бар респонденттер арасында бұл көрсеткіш 41%-ға жетеді. Орта немесе ортадан төмен білімі бар тұрғындардың арасында мұндай жоғары деңгейдегі алаңдаушылықты небәрі 21% білдірген.

Балалы отбасылар ең сезімтал топтардың бірі: үш және одан да көп баласы бар ата-аналардың 45%-ы ауаның ластануы өзін «өте қатты» алаңдататынын айтса, баласы жоқ респонденттер арасында бұл көрсеткіш 31% ғана. Табыс деңгейі артқан сайын алаңдаушылық та күшейеді, табысы 1 млн теңгеден асатын тұрғындардың 76%-ы ауа сапасына алаңдайды, ал табысы 100 мың теңгеге дейінгі топта бұл көрсеткіш небәрі 29%.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, Алматы тұрғындарының екіден бір бөлігі ауа сапасын нашар деп санаса, үштен бірі оны «қанағаттанарлық» деп есептейді. Тұрғындардың тек 14%-ы ауаның сапасын жақсы немесе өте жақсы деп бағалаған, былтыр мұндай пікірді 18% білдірген.

Бір жыл ішінде ауа сапасына көңілі толмайтындардың үлесі 42%-дан 50%-ға дейін өсті, демек ауа сапасына деген көзқарас нашарлаған.

Әкімшілік аудандарға шаққанда сыни көзқарастағы тұрғындар Алмалы және Алатау аудандарында және бұл жерде респонденттердің 27–28%-ы өз ауданындағы ауаның сапасын «өте нашар» деп санайды.  Бұл көрсеткіш қалалық орташа деңгейден (19%) едәуір жоғары. Түрксіб ауданынан сауалнамаға қатысқан тұрғындардың ешқайсысы өз ауданындағы ауаны «өте жақсы» деп бағаламаған. 

Сонымен қатар, ең жоғары алаңдаушылық Медеу ауданында байқалады. Бұл ауданда тұрғындардың 44%-ы ауаның ластануына өте қатты алаңдайды, ал Алатау ауданында бұл көрсеткіш 36%, Жетісу ауданында 34% болды. Дәл осы аудандарда қою смогқа, шаңға және күйік иісіне қатысты шағымдар жиі тіркеледі. Ал кейбір аудандарда алаңдаушылық айтарлықтай төмен. Наурызбай (25%), Түрксіб (27%) және Алмалы (31%) аудандарының тұрғындары ауаның ластануын салыстырмалы түрде сирек жағдайда елеулі қауіп ретінде қабылдайды.

Ауаның ластануының өзгеру динамикасына қатысты алғанда, Алматы тұрғындарының он адамның алтауы соңғы 2–3 жылда қаладағы ауа сапасы нашарлаған деп есептейді. Тұрғындардың 63%-ы соңғы 2–3 жыл ішінде ауа сапасының төмендегенін атап өтті. Бұл үрдіс қаланың барлық ауданында байқалғанымен, тұрғындардың бағалауы әртүрлі.

Ең сыни көзқарастағы тұрғындар Алатау (64%), Бостандық (65%) және Медеу (66%) аудандарында тұрады, бұл аудандарда тұрғындар ауаның бұрынғыға қарағанда едәуір ластанғанын жиі айтады. Ал Наурызбай (52%) және Түрксіб (54%) аудандарының тұрғындары жағдайдың нашарлауын сәл сирек атап өткен. Ауа сапасы жақсарды деп есептейтін респонденттердің ең жоғары үлесі Жетісу ауданында тіркелді (9%), ал мұндай пікірді ең аз айтқан тұрғындар Алатау (3,3%) және Түрксіб (3,5%) аудандарында болды.

Көші-қон көңіл күйі артып келеді

2025 жылғы сауалнамаға сәйкес, тұрғындардың 60%-ы экологиялық жағдайға байланысты қаладан кету туралы кемінде бір рет ойланған, ал әрбір төртінші тұрғын (25%) бұл туралы шындап ойланған. Салыстыратын болсақ, былтыр мұндай тұрғындардың үлесі 17% болған, демек алаңдаушылық деңгейі мен көші-қон көңіл күйі айтарлықтай артып келеді.

Қаладан көшуге ең бейім топ – табысы жоғары тұрғындар, ай сайынғы табысы 1 млн теңгеден асатындардың 41%-ы көшіп кету туралы шын мәнінде ойланып жүр, ал табысы 100 мың теңгеге дейінгі респонденттер арасында бұл көрсеткіш небәрі 21% болды.

Осындай үрдіс білім деңгейіне қатысты да байқалады: білім деңгейі жоғарылаған сайын көшуге дайындық та арта түседі. Магистр немесе ғылыми дәрежесі бар респонденттердің 28%-ы қаладан кету туралы шындап ойланған. Ал орта білімі бар адамдар арасында бұл көрсеткіш 20% ғана.

Жас ерекшелігі де маңызды рөл атқарады: көші-қон туралы көп ойлану (25–44 жас) жастар арасында байқалады: олардың 30%-ға дейіні көшіп кету мүмкіндігін қарастырған. Ал 65 жастан асқан тұрғындар арасында бұл көрсеткіш 17%-ға дейін төмендейді.

Балалы отбасылар арасында да алаңдаушылық жоғары. Бір немесе екі баласы бар ата-аналардың 28–30%-ы көшу туралы байыппен ойланып жүр, ал баласы жоқ респонденттер арасында бұл көрсеткіш 23%.

Жауаптарды талдау ауа сапасына алаңдаушылық деңгейі мен көшу ниетінің арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетті. Ауа ластануына мүлдем алаңдамайтындарың арасында тек 3%-ы көшіп кету туралы шындап ойланады, ал 87%-ы мұндай ойдың мүлде болмағанын айтқан.

Ал алаңдаушылық артқан сайын ықтимал «көшіп кетушілердің» үлесі де өседі, ауаның ластануына өте қатты алаңдайтындардың 41%-ы қаладан кету туралы шындап ойланып жүр.

Алматы тұрғындарының жартысына жуығы (49%), мүмкіндік болса, смогқа байланысты қыс мезгілінде қаладан уақытша кеткісі келетінін мойындады, былтыр бұл көрсеткіш 45% болған. Сонымен қатар, 12% респондент жыл сайын қыста қаладан кетіп, ауа ластануынан осылай қорғанады, ал тұрғындардың 40%-ы экологиялық жағдайдың нашарлауына қарамастан, қыста Алматыда қала береді. Бұл деректер тұрғындардың елеулі бөлігі үшін смогтың күнделікті өмір салты мен өмір сапасына тікелей әсер ететін факторға айналғанын көрсетеді.

Зерттеу сондай-ақ тұрғындардың денсаулық жағдайы мен қаладан кетуге деген ниеті арасында да тікелей байланыс бар екенін анықтады. Қыс мезгілінде Алматыдан кететін тұрғындар ауаның ластануының салдарын айқынырақ сезінеді: олардың жартысы бас ауруына, шаршағыштыққа, аллергиялық реакцияларға және тыныс алу жүйесінің мәселелеріне шағымданады.

Бұл нәтижелер денсаулық пен өмір сапасына қатысты алаңдаушылық неғұрлым жоғары болған сайын, тұрғындардың қаладан кету мүмкіндігін қарастыру ықтималдығы да соғұрлым артатынын дәлелдейді. Осылайша, ауаның ластануы экологиялық мәселе ғана емес, Алматының мегаполис ретінде орнықтылығына әсер ететін әлеуметтік-демографиялық факторға да айналып отыр.

Ауаның ластануының күнделікті өмірдегі көріністері

Алматылықтардың басым бөлігі күнделікті өмірде ауаның ластануының түрлі белгілеріне – смогтан бастап денсаулық жағдайының нашарлауына дейін – жиі тап болады. Смог пен тұман тәрізді қою түтін (58%), күйік иісі немесе автокөлік шығарындыларының иісі (53%) немесе шаң мен кірдің көп болуы (51%) сияқты белгілер жиі аталады. Сонымен қатар, тұрғындарды аллергиялық реакциялар (43%) мен тыныс алудың қиындауы (32%) да жиі алаңдатады.

 

Смог көптеген алматылық үшін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған: қала тұрғындарының әрбір үшіншісі (35%) қою тұманды, күйік иісін немесе ауыр ауаны күн сайын сезінетінін айтты. Мұндай жауаптар Түрксіб (43%), Наурызбай (42%) және Жетісу (41%) аудандарында жиі айтылады, бұл аудандардың тұрғындары ауаның ластануының тікелей белгілерімен жиірек бетпе-бет келеді.

Ауа қатты ластанған күндері алматылықтардың 35%-ы өзін қорғау үшін ешқандай шара қолданбайды. Қалғандары қарапайым тәсілдерді пайдаланады: 31% үйден шықпайды, 23% ауа тазартқыштарды қолданады, ал 15% қорғаныш маскаларын пайдаланады. 

Қорғану шараларын ең белсенді қолданатындар – 25–34 жас аралығындағы тұрғындар, респонденттердің 36%-ы ауа тазартқыштарды пайдаланады, ал 16%-ы маска тағады. Хабардарлығы жоғары болғанына қарамастан, 18–24 жас аралығындағы жастар ең енжар топ:  45%-ы лас ауаның зиянды әсерінен қорғану үшін ешқандай шара қолданбайды. Егде жастағы тұрғындар арасында да респонденттердің шамамен үштен бірі ешқандай қорғаныс тәсілін пайдаланбайды.

Білім мен табыс деңгейі жоғарылаған сайын қорғану деңгейі де артады. Орта білімі бар тұрғындар (52%) ешқандай әрекет жасамайды, ал магистр дәрежесі бар респонденттер арасында мұндайлардың үлесі небәрі 29%. Ай сайынғы табысы 1 млн теңгеден асатын отбасылардың 41%-ы ауа тазартқыштарды қолданса, табысы 100 мың теңгеге дейінгі отбасыларда бұл көрсеткіш небәрі 17%.

Балалы отбасылар ауаның қатты ластанған күндері көбіне үйде қалуды (39%-ға дейін) немесе ауа тазартқыштарды (35%-ға дейін) пайдалануды жөн көреді. 

Осылайша, Алматы тұрғындарының басым бөлігі қарапайым қорғану шараларымен шектеледі, ал тиімді қорғаныс құралдарына қолжетімділік жасына, білім деңгейіне және табысына байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.

Алматы тұрғындарының хал-ахуалы: шаршағыштық, аллергия және жөтел күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған

Алматы тұрғындарының сегізден бір бөлігі ауаның ластануың кері әсерін сезінеді, ал әрбір бесінші тұрғын ешқандай жағымсыз белгіні байқамайтынын айтты. Адамдар бас ауруына, шаршағыштыққа және бас айналуға (40%), аллергиялық реакцияларға (39%), көздің, мұрынның және тамақтың шырышты қабығының тітіркенуіне (36%), тыныс алу қиындығына (35%), қан қысымының жоғарылауына (23%) және жалпы хал-жағдайдың нашарлауына (30%) шағымданады.

Денсаулыққа ең үлкен салмақ экономикалық тұрғыдан ең белсенді 25–44 жас аралығындағы тұрғындарға түседі. Осы жас тобында барлық негізгі шағым бойынша ең жоғары көрсеткіштер тіркелген: 46%-ға дейін – бас ауруы мен шаршағыштық, 45%-ға дейін – көз бен мұрынның тітіркенуі, шамамен 40% – жөтел мен ентігу, 42–43% – аллергиялық реакциялар. 

Зерттеу тұрғындардың денсаулық жағдайы мен қаладан кетуге деген ниеті арасында да тікелей байланыс бар екенін анықтады. Қыста Алматыдан кететін тұрғындардың арасында респонденттердің тек 8%-ы ешқандай жағымсыз белгіні байқамайтынын айтқан, қалғандары ауаның ластануының салдарын сезінеді: олардың жартысы бас ауруына, шаршағыштыққа, аллергияға және тыныс алу жүйесінің мәселелеріне шағымданады. Тіпті көшіп кету туралы тек ойланып жүргендердің арасында да шағымдардың үлесі жоғары – 54%-ға дейін – бас ауруы мен шаршағыштық, 52% – аллергиялық реакциялар, 51% – тыныс алу мәселелері. 

Тұрғындардың осалдығы мен денсаулығы

Алматы тұрғындарының 44%-ы ластанған ауаға осалдығын арттыратын созылмалы аурулары бар екенін айтты. Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері: созылмалы тыныс алу жүйесі аурулары – 21%, иммунитеттің әлсіреуі – 19%, жүрек-қан тамырлары аурулары – 12%. Жүйке жүйесінің бұзылыстары сирек аталды (6%), ал химиотерапия немесе сәулелік терапиядан өткендер 1%-дан аз.

Аудандар бойынша деректер созылмалы аурулардың таралу деңгейі айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетеді. Созылмалы тыныс алу жүйесі аурулары бар респонденттердің ең жоғары үлесі Алатау (24%) және Жетісу (24%) аудандарында тіркелді, оған жақын көрсеткіштер Бостандық (23%) және Медеу (20%) аудандарында байқалды. Ең төмен көрсеткіш Түрксіб және Әуезов аудандарында (әрқайсысында 16%-дан). Жүрек-қан тамырлары аурулары көбіне Алмалы (16%) және Медеу (13%) аудандарының тұрғындары арасында кездеседі. Ең төмен көрсеткіштер Алатау (8%) және Әуезов (9%) аудандарында тіркелген.

Жалпы алғанда, Алматы тұрғындары өз денсаулығын оң бағалайды: 19% – өте жақсы, 40% – жақсы, 33% – қанағаттанарлық, 9% – нашар. Демек, алматылықтардың басым бөлігі өзін салыстырмалы түрде дені сау деп есептегенімен, шамамен әрбір оныншы тұрғын денсаулық жағдайын нашар деп бағалайды.

Хабардарлық деңгейі 

Алматы тұрғындарының ауа сапасы туралы хабардарлығы артқанымен, бұл мәселеге белсенді қатысу деңгейі әлі де төмен. Ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын білетіндердің үлесі бір жыл ішінде 10%-дан 18%-ға дейін өсті. Бұл туралы естігенімен, нақты білмейтіндердің үлесі айтарлықтай өзгерген жоқ (12% – 14%). Сонымен бірге, ауа сапасы туралы мәліметті қайдан іздеу керек екенін мүлде білмейтіндердің үлесі 74%-дан 68%-ға дейін төмендеді. Бұл тұрғындардың хабардарлығы мен өзекті ақпаратқа қызығушылығының артқанын көрсетеді. Алайда, мониторинг жүргізуге арналған құралдар мен платформаларға қолжетімділік айтарлықтай жеңілдегеніне қарамастан, қала тұрғындарының басым бөлігі әлі күнге дейін ауа сапасы туралы деректерді қайдан тексеруге болатынын білмейді.

Тұрғындардың көбі әлі де жеке сезіміне сүйенеді: 39% тұрғын ауа сапасын смогтың көрінуі немесе иісі арқылы бағалайды. Ең жоғары хабардарлық жастар мен орта жастағы тұрғындар арасында байқалады. Ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын 25–34 жас аралығындағылардың 24%-ы және 35–44 жас аралығындағылардың 21%-ы біледі. Ең төмен хабардарлық егде жастағы тұрғындар арасында байқалады: 55–64 жас – 13% және 65 жастан жоғары – небәрі 8%.

Ақпарат көздеріне келсек: 30% веб-сайттарды, 23% мобильді қолданбаларды, 21% әлеуметтік желілерді пайдаланады. Тек 9% үйдегі ауа сапасы датчиктерінің көрсеткіштерін пайдаланады, ал 7% ғана ресми ақпарат көздеріне сүйенеді.

Жас ерекшеліктері айқын цифрлық алшақтықты көрсетеді. 18–24 жастағылар ең белсенді цифрлық пайдаланушылар: 44% веб-сайттарды, 32% мобильді қолданбаларды, 30% әлеуметтік желілерді пайдаланады және тек 34%-ы жеке сезіміне сүйенеді. 25–34 жас аралығындағылар сайттарды (36%), қолданбаларды (25%), әлеуметтік желілерді (26%) пайдаланады. 35–44 жас аралығындағы тұрғындар да интернет-ресурстарды жиі қолданады (сайттар – 31%, қолданбалар – 28%). Алайда жас ұлғайған сайын мұндай пайдаланушылардың үлесі күрт төмендейді. 55–64 жас аралығындағылардың 54%-дан астамы тек өз сезіміне сүйенсе, 65 жастан асқандар арасында бұл көрсеткіш 81%-ға жетеді.

Тұрғындардың көпшілігі жеке сезімдеріне сүйенеді

Осылайша, зерттеу халықтың хабардарлық деңгейі әлі де төмен екенін, бірақ оң өзгерістердің байқалатынын көрсетеді. Алматы тұрғындарының басым бөлігі әлі күнге дейін ауа сапасын «көзбен шамалап» бағалайды, ал сайттар, мобильді қолданбалар мен датчиктер арқылы сенімді деректерге жүйелі қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі және жас топтары арасында біркелкі емес.

Тұрғындардың 74%-ы ауаның ластануын денсаулық үшін қауіпті немесе өте қауіпті деп есептейді. Балалардың денсаулығына келетін зиян туралы айтылғанда, алаңдаушылық деңгейі 87%-ға дейін артады. 

Дегенмен қауіп-қатерді қабылдау жас ерекшелігіне байланысты әртүрлі. 18–24 жас аралығындағы жастар бұл мәселеге салыстырмалы түрде сабырлы қарайды, тек 29%-ы ауаның ластануын «өте қауіпті» деп бағалайды, ал 26%-ы оны «орташа қауіпті» деп есептейді. 35–64 жас аралығындағы тұрғындар арасында алаңдаушылық әлдеқайда жоғары – олардың жартысынан көбі (52–54%) ауаның ластануын «өте қауіпті» деп санайды. 65 жастан асқан тұрғындар арасында бұл көрсеткіш ең жоғары деңгейге жетіп, 56% болды.

Балалардың денсаулығына қатысты барлық жас топтары жоғары деңгейдегі алаңдаушылық танытады: сауалнамаға қатысқандардың 61%-дан астамы ауаның ластануын балалар үшін «өте қауіпті» деп есептейді.

Қала тұрғындары қандай бастамалар туралы естіген?

Ауа сапасына қатысты алаңдаушылықтың жоғары деңгейіне қарамастан, Алматы тұрғындарының 61%-ы ауа сапасын жақсартуға бағытталған нақты бірде-бір бастаманы атай алмады. Тек 10%-ы мұндай жобалар туралы білетінін айтса, тағы 29%-ы олар туралы естігенімен, нақты мәлімет бере алмады.

Нақты бастамаларды атаған респонденттер көбіне мыналарды атап өтті: төмен шығарындылар аймақтарын енгізу (11,3%), ауа тазартқыштарды пайдалану (8,5%), ЖЭО-ларды газға көшіру (6,7%), электр көлігін дамыту және көлікті газға көшіру (5,4%).

Сонымен қатар көгалдандыру және ағаш отырғызу, Almaty Air Initiative қоры, «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы және блогер Алтай Айнабек те аталды.

Ауаның ластану көздеріне деген көзқарас

Алматы тұрғындарының пікірінше, ауаның ластануының басты көзі – автокөлік, бұл пікірді сауалнамаға қатысқандардың 82%-ы білдірді. Екінші орында – ЖЭО (45%), үшінші орында – жел айналымының ерекшеліктері мен табиғи факторлар (42%). Осылайша, тұрғындардың көпшілігі көлікті ауа сапасының нашарлауының негізгі себебі деп санайды. Ал өнеркәсіптік және табиғи факторлар маңызды болғанымен, екінші кезектегі себептер ретінде қабылданады.

Жас пен білім деңгейі бұл көзқарасқа айтарлықтай әсер етеді. 35–44 жас аралығындағы тұрғындар басқаларға қарағанда ЖЭО-ларды (57%) және автокөлікті (82%) жиі атайды, ал 25–34 жас тобындағылар жеке сектордағы жылыту жүйелерінің үлесін жиі көрсетеді (53%). Білім деңгейі жоғарылаған сайын тұрғындар жүйелік себептерге көбірек назар аударады: жоғары білімі бар респонденттер автокөлікті (83%) және ЖЭО-ларды (48%) жиі атаса, магистр және PhD дәрежесі барлар арасында жеке сектор (34%) мен құрылыс жұмыстарының (31%) үлесі жиі көрсетіледі.

Жалпы алғанда, барлық әлеуметтік топ үшін автокөлік ауаның ластануының негізгі көзі болып қала береді.

 

Алматы тұрғындары қандай шараларды басым деп санайды

Алматы тұрғындары ең алдымен көлікке, жылыту жүйесіне және жасыл аймақтарды дамытуға қатысты шараларды маңызды деп есептейді. Респонденттердің 57%-ы автокөлік шығарындыларын азайтуды, 54%-ы жасыл аймақтар мен саябақтардың санын көбейтуді, 52%-ы ЖЭО-ларды газға көшіруді және сүзгілеу жүйелерін орнатуды басым бағыт деп санайды. Сонымен қатар 45% экологиялық таза отынға көшуді, 42% құрылыс жұмыстарына қатаң бақылау енгізуді қолдайды.

Ауа сапасы мәселесінде мемлекеттік органдарға деген сенім

Ауа сапасына қатысты алаңдаушылық жоғары болғанына қарамастан, тұрғындардың 63%-ы мемлекеттің қазіргі күш-жігерін тиімсіз деп бағалайды. Олардың ішінде 30% қабылданып жатқан шараларды «мүлдем тиімсіз», 34% «тиімсіз» деп бағалаған. Тек 4% оларды «тиімді», ал 1%-дан азы «өте тиімді» деп есептейді. Сауалнамаға қатысқандардың 22%-ы билік органдарының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Ең сыни көзқарастағылар – орта және егде жастағылар (45–64 жас), бұл топтағы респонденттердің 35%-ға дейіні билік жұмысын «мүлдем тиімсіз» деп бағалайды. Ал 18–24 жас аралығындағы жастардың көзқарасы біршама жұмсақ: олардың үштен бірі мемлекеттік органдардың әрекетін кемінде қанағаттанарлық деп санайды. Аудандар бойынша ең жоғары сын Жетісу (34%) және Бостандық (29%) аудандарында байқалса, ең төмен көрсеткіш Алмалы (24%) және Медеу (27%) аудандарында тіркелді. 

Табыс деңгейі де қабылдауға әсер етеді: табыс жоғарылаған сайын сенім төмендейді. Айлық табысы 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі респонденттердің 51%-ы мемлекеттік шараларды «мүлдем тиімсіз» деп бағалады, ал табысы 100 мың теңгеден төмен тұрғындар арасында мұндай пікірді 26% ғана білдірген.

Бұл көзқарас ауа сапасын қабылдаумен де тікелей байланысты. Ауаны «өте нашар» деп бағалайтындардың 51%-ы билік әрекетін «мүлдем тиімсіз» деп санайды, ал ауаны қанағаттанарлық немесе жақсы деп бағалайтындар арасында бұл көрсеткіш 20–23% ғана.

Сауалнамаға қатысқандардың 53%-ы мемлекеттік органдарға ауа сапасы мәселесінде мүлдем немесе әдетте сенбейтінін айтты. Тағы 34%-ы нақты жауап бере алмады, 10%-ы «көбірек сенемін» десе, небәрі 2,6%-ы ғана толық сенетінін білдірді.

Ең төмен сенімсіздік деңгейі 18–24 жас аралығындағы жастарда байқалады: олардың тек 14%-ы мемлекеттік органдарға мүлде сенбейді. Ең жоғары көрсеткіш 55–64 жас аралығында тіркелді (35%). Аудандар бойынша сенімсіздік Жетісу және Наурызбай аудандарында ең жоғары (27–32%), ал Әуезов (23%) және Алатау (31%) аудандарында салыстырмалы түрде төмен. Ең жоғары белгісіздік деңгейі Алмалы ауданында тіркелді (43%).

Табысы жоғары тұрғындар арасында сенімсіздік те жоғары. Ай сайынғы табысы 600–800 мың теңге болатындардың 74%-ы ресми мәлімдемелерге сенбейді, ал табысы төмен тұрғындар арасында бұл көрсеткіш төмендеу (шамамен 47%). Осындай үрдіс ауа сапасына деген көзқараста да байқалады: ауаны «өте нашар» деп санайтындардың 73%-ы билікке сенбейді, ал ауа сапасын оң бағалайтындар арасында мемлекеттік органдарға сенетіндердің үлесі 25%-ға дейін жетеді.

«Өзіңнен баста»: Алматы тұрғындарының қала ауасын жақсарту бойынша ұсыныстары

Респонденттердің 15%-ға жуығы қарапайым тұрғындар ештеңені өзгерте алмайды, ал ауаның ластануы мәселесін шешу толығымен мемлекетке байланысты деп есептейді.

Қалғандары әркім өз әдетін өзгертіп, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру арқылы үлесін қоса алатынына сенімді. Әрбір сегізінші респондент (13%) ең алдымен көшелердің тазалығын сақтап, қоқыс тастамаудан бастау керек деп санайды. Тағы 13%-ы ағаш отырғызып, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатысуға шақырады, ал 10%-ға жуығы қоқысты, пластик пен резеңкені өртемеуді ұсынады, өйткен мұны жеке сектордағы смогтың негізгі себептерінің бірі деп есептейді.

Көлік мәселесі де тұрғындар үшін маңызды тақырып. 9% қоғамдық көлікті жиірек пайдалануды, 8% электр көліктері мен экологиялық таза көлік түрлеріне көшуді, 4% жеке сектор мен автокөліктерді газға көшіруді ұсынады. Респонденттердің аз болса да елеулі бөлігі (2%) велосипед инфрақұрылымын дамытуды және автокөлікке балама ретінде самокаттарды пайдалануды қолдайды. 

Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі ұсыныстардың ішінде тұрғындар әдетте қаланы көгалдандыру мен ағаш отырғызуды атайды – респонденттердің 17%-ы жасыл аймақтың санын көбейтуді қолдайды. Екінші орында – автокөлік қозғалысын шектеу: мемлекеттік нөмірге немесе аптаның күндеріне қарай көлік қозғалысын кезектестіруді (13%), сонымен қатары құрылысты қадағалауды күшейтіп, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын шектеуді (11%) қолдайды. Одан кейінгі ұсыныстар: ЖЭО-ларды газға көшіру және сүзгілеу жүйелерін орнату (10%), экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту (8%), электр көліктеріне көшуді ынталандыру (7%).

Сонымен қатар ескі автокөліктерге тыйым салу (4,7%), көліктердің техникалық жай-күйіне бақылауды күшейту (4,5%), қаланың табиғи желдетілуіне қолайлы жағдай жасау (3,9%) сияқты ұсыныстар да айтылады.

 

4 қараша 2025
Research