Almaty Air Initiative қоры Алматыда Queen Mary University of London зерттеуіне және BBC журналисінің репортажына сүйене отырып, эксперимент жүргізді. Нәтижесінде көк түтін алматылықтардың қанында бар екенін көруге мүмкіндік туды.

Экспериментке бес ерікті қатысты. Олар таңертең арнайы KN95 қорғаныс маскаларын тағып, зертханаға келді. Қанның алғашқы үлгісі маршрутқа шықпас бұрын алынды, екіншісі Алматының Сәтбаев–Жароков–Абай–Розыбакиев көшелері аралығындағы қарқынды қозғалысы бар жолдар бойымен серуендеп келгеннен кейін алынды. Осы уақытта датчик PM2,5 концентрациясын 10–15 мкг/м³ деңгейінде тіркеді (бұл Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының тәуліктік ұсынысы шегінде). Қатысушылардың екеуі маршрутты маскамен, қалғандары маскасыз жүріп өтті.

Зертханада заттық шыныларға жағылып дайындалған қан үлгілері жарық микроскобының көмегімен зерттелді. Нәтижесінде барлық қатысушының серуенге шыққанға дейінгі қанында бөгде қосындылардың айқын белгілері болмағаны анықталды. Ал маскасыз жүрген еріктілерден серуеннен кейін алынған үлгіні, микроскоппен қараған кезде, жекелеген эритроциттерде қара түсті түйіршіктердің пайда болғаны байқалды.

Респираторсыз жүрген қатысушының серуенге дейінгі (сол жақта) және кейінгі (оң жақта) қан үлгісі.

Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:

«Алматыдағы көк түтін көпшілік үшін  үйреншікті құбылыс немесе мобильді қосымшадағы жай ғана көрсеткіш болыпқабылданады. Ал біз лас ауаның тек сыртта қалып қоймайтынын көрсеткіміз келді. Ең ұсақ бөлшектер қанға еніп, онымен бірге бүкіл ағзаға таралып, миға, жүрекке және басқа да маңызды ағзаларға жетуі мүмкін. Біздің тәжірибеміз ғылыми зерттеудің орнын баспайды, дегенмен оның мәнін  түсінікті әрі әркімге өз өмірімен байланыстырып, тереңірек сезінуіне көмектеседі».

Эксперименттің мақсаты – ғалымдар бұған дейін зерттеген қауіпке назар аударту. Queen Mary University of London зерттеуі мен Almaty Air Initiative жүргізген эксперименті маңызды деректі растайды: адам қарқынды автожол маңында жүргеннен кейін, оның қанында көміртекті және металды бөлшектердің пайда болу қаупі жоғары. Мұндай бөлшектер көбіне көлік шығарындыларынан, тежегіштер мен шиналардың тозуынан пайда болады.  Дегенмен, арнайы қорғаныс респираторын тағу қауіпті бөлшектердің ағзаға енуін айтарлықтай азайта алады.

Алматы үшін бұл қорытындылардың маңызы ерекше. Almaty Air Initiative мәліметінше, 2025 жылы қаладағы PM2,5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³ болған. Бұл – Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының жылдық ұсынысынан 6,3 есе жоғары. Сондықтан қала тұрғындары ауа сапасын бақылап жүргені маңызды (мұны Almaty Air Initiative-тің жалпыға қолжетімді сервистері арқылы жасауға болады: dashboard.air.org.kz дэшборды немесе Taza Air мобильді қосымшасы) және ауа қатты ластанған кезеңде мына ұсыныстарды сақтау қажет:

  • көшеде жүру уақытын қысқартып, көлік қозғалысы қарқынды жолдардан және қатты отын жағылатын орындардан алыс бағыттарды таңдау;
  • үй-жайда мүмкіндігінше ауа тазартқышты, бризерді пайдалану және ауа қатты ластанатын кезеңде терезе ашып желдетуден бас тарту;
  • көшеде бетке тығыз жабысатын сертификатталған респираторды (FFP2, N95 немесе KN95) пайдалану. Есте сақтаңыз: медициналық немесе матадан жасалған маска ұсақ бөлшектерден дәл осындай деңгейде қорғай алмайды;
  • респираторды нұсқаулыққа сай қолдану және суланғанда, ластанғанда немесе бетке тығыз жабыспай қалғанда ауыстыру. Респиратор бөлшектерді ұстап қалады, бірақ газдан, оның ішінде көміртек тотығы мен азот диоксидінен қорғамайды.

Сонымен бірге Almaty Air Initiative қоры респираторды қолдану тек уақытша шара екенін ескертеді. Ал бүкіл қала тұрғындарының денсаулығын сақтау тек шығарындыны жүйелі түрде азайтқанда мүмкін болады. Атап айтқанда, ЖЭО-ларда, жеке үйлерде, моншаларда, қоғамдық тамақтану орындарында көмір жағудан бас тартып, көлікті экологиялық түріне ауыстыру қажет.

Almaty Air Initiative эксперименті туралы толығырақ қордың сайтынан оқуға болады: https://air.org.kz/kk/research/almatyny%d2%a3-smogyn-%d3%a9z-%d2%9bany%d2%a3nan-k%d3%a9ruge-bola-ma/

Анықтама:

Almaty Air Initiative – Алматы ауасы таза болуы үшін технология, ғылым және қоғамды біріктіріп, экологиялық әділетсіздік мәселесін шешумен айналысатын жеке қор. Қор AAI технологияларды қолданады (датчик желісі, деректерді талдау платформасы және аллергендерді бақылау мен шығарындыны модельдейтін ЖИ), зерттеу мен сауалнамалар жүргізеді, мемлекетпен және бизнеспен ынтымақтасады, білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, экология туралы кино, юмор және креативті формат арқылы айтады. Бұл халықтың экологиялық түсінігін өзгертіп, таза ауаға қоғамдық сұраныс қалыптастыратын медиалық күн тәртібін жасайды. Сонымен қатар Almaty Air Initiative көлік саясаты, энергетикалық саясат және қаланың экологиялық инфрақұрылымына «смарт» технологияларды енгізу мәселелері бойынша сараптамалық орталық ретінде қызмет етеді.

Байланыс:

Анна Никитенко,

pr@air.org.kz, +7 777 055 19 92,

сайт: www.air.org.kz | Instagram: @air.org.kz