Лахордағы ауа сапасының күрделі дағдарысы аясында Pakistan Air Quality Initiative (PAQI) ұйымдастырған Clean Air Summit 2025 қатысушылары Almaty Air Initiative (AAI) қорының тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты. Қор технологияларды, деректерді, медиа-креативті жобаларды және заңнама әзірлеуге қатысуды пайдалана отырып, ауа сапасын жақсартуға үлес қосып келеді. AAI ұжымы саммит барысында өз жұмысының нәтижелерімен таныстырды.

Бүгінде Лахор әлемдегі ең ластанған қалалардың бірі болып саналады: қысқы күндері PM2.5 орташа тәуліктік концентрациясы 200–250 мкг/м³ деңгейіне жетеді (бұл ДДСҰ бекіткен нормадан 13–16 есе жоғары), ал жылдық концентрациялар нормадағы көрсеткіштен 20 есе асады. 14 миллион тұрғын үшін бұл – күнделікті шындық: күйік иісі, тұрақты тұман және тыныс алу ауруларының өсуі.

Осы жағдайда Алматының тәжірибесіне деген қызығушылық түсінікті: соңғы жылы AAI ауа сапасы тақырыбын қоғамдық күн тәртібіне шығарып, тұрғындардың хабардарлығын айтарлықтай арттырды және нақты шараларға деген қоғамдық сұранысты қалыптастырды.

AAI атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова:
“Біз Лахорға дайын шешіммен емес, көрінбейтін проблеманы түсінікті және әлеуметтік маңызды мәселеге айналдыру тәжірибесімен келдік. Біздің тәсіл адамдарға ластану көздерін көруге, салдарын түсінуге және шешім талап етуге көмектеседі. Бұл – Лахор үшін бүгін аса маңызды алғашқы қадам. Ал басқа елдердегі жұмыс бізге өз құралдарымызды жетілдіруге, түрлі жағдайларда шешімдерді сынауға және Алматыдағы өзгерістерді ілгерілетуге мүмкіндік береді.”

AAI өз жұмысының негізгі бағыттарын таныстырды:
– тәуелсіз мониторинг (170+ датчик) және ашық дэшборд;
– халықтың мінез-құлқы мен пікірін зерттеу;
– ластаушыларды, аллергендерді және бөлшектер қозғалысын талдау үшін жасанды интеллектті қолдану;
– ақпараттық науқандар — деректі фильмнен бастап комедиялық шоуға дейін;
– Қазақстандағы атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа ережелерін әзірлеуге қатысу.

Сапар барысында AAI командасы Пенджаб экология департаментімен кездесіп, жергілікті қауымдастықтар мен тарихи аудандарды аралады.

Сәулебекованың айтуынша, бұл сапар күшті кәсіби және жеке сигнал болды:

“Лахорда біз Алматыда ештеңе істемесек, не болатынын көрдік: миллиондаған адам Алматының смогынан да ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр. Біздің тәжірибеміздің пайдалы болуы мүмкін екенін түсіндік, ал Қазақстаннан тыс жұмыс ауқымын кеңейту тәсілімізді жетілдіруге және ауа мәселесін үйде де, әлемде де шешуге көмектеседі.”

Анықтама:

Clean Air Summit 2025 – ауа сапасына арналған Пәкістандағы алғашқы конференция, Pakistan Air Quality Initiative (PAQI) және University of Management and Technology (UMT) бірлесе ұйымдастырды. Мақсаты – әртүрлі салалар өкілдерін (ғалымдар, мемлекеттік органдар, сарапшылар, белсенділер, әртістер) біріктіріп, мәселені шешудің келесі қадамдарын белгілеу.