Almaty Air Initiative қоры бүкіл әлем бойынша шығарындылар көздерін спутниктік бақылау және жасанды интеллект арқылы талдайтын халықаралық Climate TRACE коалициясының деректерін зерттеді. Талдау нәтижесінде Алматыдағы үш ірі стационарлық PM 2.5 шығарындылары көзінің бірі осы көрсеткіш бойынша әлемдегі ең жоғары 10% ластаушылар қатарына кіретіні анықталды.
Climate TRACE картографиялық деректерін ашық көздермен салыстыру нәтижесінде бұл нысандар Алматының ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 екені анықталды. Олардың ішінде «суперластаушы» (Super Emitter) деп белгіленгені — ЖЭО-2. Бұл оның орнатылған қуаты мен негізгі отын ретінде жоғары күлді көмірді пайдалануына байланысты. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы Алматының ЖЭО-2 атмосфераға 94 тонна PM 2.5 бөлген.
Climate TRACE құралы PM 2.5 — адам денсаулығына аса қауіпті ұсақ бөлшектердің — таралуын айқын көрсетеді. Алматы үшін жүргізілген модельдеу нәтижелері қолайлы және ең қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезіндегі шығарындылар сценарийлерін қамтып, олардың тұрғын аймақтарға ықтимал әсерін көрсетеді.
Ұзақ жылдар бойы жоғары күлді көмірді пайдаланатын Алматының ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 қаладағы PM 2.5 жоғары концентрацияларының басты себептерінің бірі саналып келеді. Қатты отынды қысқы маусымда жағу және қолайсыз ауа райы салдарынан өткен жылы Алматы кей сәттерде әлемдегі ең ластанған қалалар тізімінің басына шыққан.
Almaty Air Initiative қоры қаланың жылу электр орталықтарын газға көшіру бастамасын қолдайды. Бұл шара ЖЭО-2 шығарындыларын шамамен 12 есеге, ал ЖЭО-3 шығарындыларын 8–9 есеге азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тек газға көшіру жеткіліксіз: жүйелі жұмыс қажет — заманауи сүзгілер орнату, шығарындыларды автоматты бақылау жүйесін енгізу, деректерді ашық жариялау, энергетикалық компаниялармен ашық диалог орнату және халыққа әсерін тәуелсіз мониторинг арқылы бағалау маңызды.
Осы мақсатта Almaty Air Initiative қоры Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен Алматы мен облыс аумағында 200 ауа сапасы датчигін орнатты. Бұл құрылғылардың деректері қазірдің өзінде қолжетімді, ал жақын арада ашық платформаларда жарияланады.
Жұлдыз Саулебекова, Almaty Air Initiative атқарушы директоры:
«Спутниктік мониторинг пен жасанды интеллектке негізделген Climate TRACE интерактивті картасы Алматы мен Қазақстанның басқа қалаларындағы ластаушы көздерді нақтырақ көруге мүмкіндік береді. Бұл – энергетика мен денсаулық арасындағы байланысты ашық талқылауға арналған маңызды құрал. Иә, еліміз әлі де көмірге тәуелді, ал технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуына байланысты энергия тұтыну арта береді. Бірақ зиянды азайтудың кілті – инновациялар мен жаңғырту. Халықтың денсаулығы – осы теңдеудің маңызды бөлігі. Денсаулығы мықты халық – мықты Қазақстан. Бұл – біздің болашағымыз және балаларымыз.»
Айта кету керек, Climate TRACE деректері бойынша Бішкекте де ұқсас жағдай байқалады. Ондағы жылу электр орталығы да ең жоғары 10% «суперластаушылар» қатарына кіріп, көмірмен жылытатын жеке сектормен қатар PM 2.5 негізгі көзі болып отыр. Бұл – бүкіл өңірге ортақ мәселе, ол бірлескен әрекет пен тәжірибе алмасуды талап етеді.
Анықтама:
Climate TRACE — шығарындыларды спутниктер мен жасанды интеллект арқылы тәуелсіз бақылайтын халықаралық коалиция. 2024 жылы PM 2.5 шлейфтерін визуализациялайтын құрал іске қосылды.
Қалай жұмыс істейді:
– Технология: жасанды интеллект, машиналық оқыту және спутниктер мен датчиктерден алынған деректерді өңдеу.
– Деректер: 300-ден астам спутниктен және 11 000-нан астам ауа, жер және теңіз датчиктерінен алынған мәліметтер талданады.
– Нәтиже: шығарындылардың қай жерде және қашан пайда болатынын бұрын-соңды болмаған дәлдікпен көрсететін интерактивті жаһандық карта жасалады.