Алматыда аллергияның негізгі маусымы аяқталды. Almaty Air Initiative қорының Орталық Азиядағы жалғыз жасанды интеллектке негізделген аллергендерді анықтау датчигінің деректеріне сәйкес, ауадағы тозаң мөлшері қыркүйектің соңында ең жоғары деңгейге жетті. Бұл кезеңде басты аллерген жусан тозаңы болды.

Қор сарапшылары PollenSense датчигінің тамыз–қыркүйек айларындағы деректерін талдады. Маусымның негізгі нәтижелері төмендегідей:

Тамыз. Ауада алабота тұқымдасына жататын өсімдіктердің (алабота, көкпек, гүлтәжі) тозаңы басым болды. 31 күннің 18-інде осы өсімдіктердің тозаңы ең көп тіркелді. Тозаң мөлшері күрт артпағанымен, ауада үздіксіз дерлік сақталды.

Тамыздың соңы – қыркүйектің басы. Ауада ойраншөп тозаңы пайда болды. Тамыз айында оның мөлшері шамамен бес есе өсті. Ең жоғары көрсеткіш 26–27 тамызда тіркелді, ал екінші толқын 6–10 қыркүйек аралығында байқалды.

Қыркүйектің соңғы онкүндігі. Жусан тозаңы басым болды. 21 қыркүйектен бастап оның концентрациясы күрт өсті. 25 қыркүйекте датчик екі ай ішіндегі ең жоғары тозаң деңгейін тіркеді. Жусан тозаңы ауада күндіз ғана емес, түнде де сақталды.

Күзде тозаңның жалпы мөлшері артқан жоқ — тек оның құрамы өзгерді.

Тамыз бен қыркүйекте тозаңның жалпы мөлшері шамамен бірдей болды. Алайда жаздың соңындағы ең күшті аллергендердің бірі саналатын ойраншөп пен жусан тозаңының үлесі екі есеге жуық өсті: тамыздағы 22%-дан қыркүйекте 42%-ға дейін.

Неліктен аллергия белгілері күштірек сезілді?

Биыл маусым ерте басталған жылы ауа райы, ыстық әрі өте құрғақ жаз жағдайында өтті. Мұндай жағдайда тозаң ауада ұзағырақ сақталады. Құрылыс пен жол шаңы да қосымша тітіркендіргіш болуы мүмкін. Биыл көшелерді ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты мұндай шаң айтарлықтай көбейді.

Деректер қалай алынды?

Almaty Air Initiative Орталық Азиядағы жасанды интеллектке негізделген жалғыз аллерген датчигі — PollenSense құрылғысын пайдаланады. Ол нақты уақыт режимінде тозаңды, зең спораларын, шаң мен микропластикті анықтайды. Датчик Сәтбаев, Байтұрсынұлы, Тимирязев және Сейфуллин көшелерінің арасындағы аумақта орнатылған.

Алматы ауасындағы аллергендер туралы өзекті ақпарат Taza Air қосымшасының барлық пайдаланушыларына және қордың ашық дашбордында қолжетімді: dashboard.air.org.kz

Жоба Halyk Bank қолдауымен дайындалды

Демеушілер материал мазмұнына әсер етпейді.