ЖЭО-2-ні жаңарту жобасының дайындық деңгейі қыркүйектің соңында 94%-ға жетті. Бүгінде жоба табиғи газға көшуді және жаңа газ қондырғысы жұмыс істеген кезде ластаушы заттар шығарындысын шамамен 14 есе азайтуды көздеп отыр. Алайда көмірден толық бас тарту әзірге жоспарланбаған: төрт көмір қазандығы резервте қалады. Ал олардың ықтимал жұмысын ескергенде шығарындының жобалық нормативтері 2040 жылға дейін есептелген. Almaty Air Initiative қорының сарапшылары 29 қыркүйекте өткен қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша құжаттарды талдап шықты.

Жобаның Алматы ауасына нақты әсері газ қондырғысы іске қосылуына ғана емес, көмірмен жұмыс істейтін бөліктің қаншалықты жиі және қанша уақыт жұмыс істейтініне де байланысты болмақ. Қоғамдық тыңдауға қатысып, онда айтылған жауаптарды жарияланған жобалық құжаттармен және АлЭС-тің жазбаша жауаптарымен салыстырған қор сарапшылары осындай қорытындыға келді.

Неліктен ЖЭО-2-ні газға көшіру қажет?

ЖЭО-2 жыл сайын шамамен 2,5 млн тонна көмір жағады және Алматыдағы ауаны ластайтын ірі стационарлық көздердің бірі болып саналады. Climate TRACE бағалауынша, 2024 жылы станция атмосфераға шамамен 94 тонна PM2.5 бөлшегін шығарған. Осылайша, ол платформа бақылайтын нысандар арасында осы денсаулыққа қауіпті ластаушы затты ең көп шығаратын көздердің 10%-ына енген. Сондықтан станцияны табиғи газға көшіру қаладағы ауа сапасын жақсарту үшін ерекше маңызды.

Жаңарту аясында ЖЭО-2 аумағында жаңа бу-газ қондырғысы салынды. Қоғамдық тыңдауда станция өкілі оны іске қосудың жоспарланған мерзімі ретінде 2026 жылғы желтоқсанды атады, ал АлЭС-тің жазбаша жауабында жабдықты кезең-кезеңімен іске қосу 2027 жылғы қаңтарға жоспарланғаны көрсетілген. Дегенмен газ қондырғысы іске қосылғанда көмірден бірден бас тартамыз дегенді білдірмейді. Іске қосу-баптау кезінде көмір қазандықтары қолданыла береді, ал көмір қазандықтарын қатар пайдаланбай, тек газбен жұмыс істеу режиміне көшу 2028 жылдан басталады деп жоспарланған.

Шығарынды қаншалықты азаяды?

Бу-газ қондырғысы табиғи газбен жұмыс істеген кезде нормаланатын ластаушы заттардың жалпы шығарындысы шамамен 14 есе азаюға тиіс: жылына шамамен 37,5 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін. Негізгі газ режимінде басты түтін мұржаларынан шығатын күкірт диоксиді мен бейорганикалық шаң шығарындысы мүлде нөлге дейін төмендейді.

Сонымен қатар резервтегі көмір бөлігін қоса алғанда, бүкіл ЖЭО-2 үшін әртүрлі ластаушы заттар шығарындысының жобалық нормативтері мынадай:

– 2027–2030 жылдары жылына шамамен 31,2 мың тонна;

– 2034–2040 жылдары жылына 26,6 мың тонна.

Бұл нормативтер барынша максимал сценарийға (қандай да бір себеппен газ жеткізілімі тоқтаған жағдайда) есептелген және нақты шығарынды көлемінің болжамы емес. Газ қондырғысы іске қосылғаннан кейін станцияның қалыпты жұмыс режимінде қанша шығарынды бөлетіні ұсынылған материалдарда көрсетілмеген.

Ал сүзгілер ше?

Резервте қалатын төрт көмір қазандығындағы шаң тазарту жүйелерін жаңарту тек 2030–2033 жылдарға жоспарланған. Жобаға сай, жаңа электрсүзгілер орнатылғаннан кейін шығарындыдағы шаңның нормативтік концентрациясы 450-ден 200 мг/нм³-ке дейін төмендеуге тиіс. АлЭС өкілдері мұндай белгіленген мерзімдерді жабдықты жобалау және кезең-кезеңімен ауыстыру қажет екенімен түсіндіреді. Демек, газ қондырғысы іске қосылғаннан кейінгі алғашқы жылдары көмір қазандықтары резервте қала береді, бірақ жобада шаң тазарту жүйелерін жаңарту әзірге қарастырылмаған.

Almaty Air Initiative қорының жетекшісі Жұлдыз Сәулебекова:

«ЖЭО-2-ні газға көшіру Алматыдағы ауаның ластануын айтарлықтай азайтуы мүмкін. Алайда нақты нәтиже көмірмен жұмыс істейтін бөліктің қаншалықты жиі және қанша уақыт қолданылатынына байланысты болады. Сондықтан тұрғындарға көмірдің нақты шығыны, қазандықтардың жұмыс уақыты мен шығарынды көлемі туралы ашық деректерді ұсыну қажет».

Тағы қанша көмір жағылады және бұл процесс қалай бақыланады?

Қазір ЖЭО-2 жылына шамамен 2,5 млн тонна көмір жағады. 2027–2029 жылдардағы өтпелі кезеңге арналған материалдарда жылына 1,7–1,8 млн тоннаға дейін көмір жағу көлемі көрсетілген. Бұл — көмірмен жұмыс істейтін бөлік газ қондырғысын алмастыруға мәжбүр болған жағдайға арналған көрсеткіш. Алайда әзірге мына мәселелердің нақты шешімі көпшілікке жарияланбады:

– көмір пайдаланудың жылдық нақты лимиті;

– қазандықтарды іске қосу шарттары;

– олардың жұмысының рұқсат етілген ұзақтығы.

Қазір ЖЭО-2-нің көмірмен жұмыс істейтін екі түтін мұржасына автоматты мониторинг жүйелері орнатылған. Алайда қоғамдық тыңдау өткен кезде бұл деректер тұрғындарға ұсынылмаған.

Қалған көмір қазандықтарына жаңа шаң сүзгілерін тек 2030–2033 жылдары орнату жоспарланып отыр.

Almaty Air Initiative сарапшылары ЖЭО-2-нің ауаға нақты әсерін бағалау үшін көмір шығыны, қазандықтардың жұмыс уақыты және нақты шығарынды көлемі туралы деректер ашық болуы қажет деп санайды.

Осыған байланысты қор мына үш шартты бекітуді ұсынады:

– көмір пайдаланудың тексеруге болатын жылдық лимитін белгілеу;

– резервтегі көмір қазандықтарының іске қосылу шарттарын және өтпелі кезеңнің аяқталу мерзімін нақтылау;

– автоматты мониторинг деректерін ашық жариялап, көмірдің нақты шығыны, қазандықтардың жұмыс уақыты мен шығарынды көлемі туралы мәліметтерді жыл сайын жариялап отыру.

2-ЖЭО-ны жаңғырту бойынша қоғамдық тыңдаулардың стенограммасы: сілтеме

_____

Қор туралы:

Almaty Air Initiative — Алматыдағы ауа сапасын жақсарту бағытында жұмыс істейтін қор. Қор тәуелсіз мониторинг жүйесін дамытады, зерттеулер жүргізеді, лас ауа туралы деректерді қолжетімді етеді және қоғам, бизнес пен мемлекеттік ұйым арасындағы диалогқа ықпал етеді. 2026 жылы қордың халықаралық бағыттағы жұмысы Taza Initiative бренді арқылы кеңейіп, Непалда өз жұмысын бастады. Қор inDrive компаниясының бас директоры әрі негізін қалаушы Арсен Томскийдің бастамасымен құрылған.

Байланыс:

Анна Никитенко,

pr@air.org.kz, +7 777 055 19 92,

сайт: www.air.org.kz | Instagram: @air.org.kz