Жұртшылықтың назары жаңа жыл қарсаңындағы қарбаласта болғанда, 2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы қаласының мәслихаты қала үшін ауа сапасы тұрғысынан өте маңызды құжаттардың бірін – “Атмосфералық ауаны қорғау қағидасын” (бұдан әрі – Қағида) бекітті. 

Жұмыс тобы құрамында 2024 жылғы мамырдан бері Қағиданы талқылауға қатысқан Almaty Air Initiative қоры негізгі жаңалықтарды егжей-тегжейлі қарастырып, құжатты қабылдау Алматыдағы ауа сапасына және қала тұрғындарының күнделікті өміріне қалай әсер ететіні туралы айтып беруді шешті.

Жаңа Қағиданың мәнісі және негізгі талаптары

Атмосфералық ауаны қорғау қағидасы – Алматы әкімдігі қаладағы ауаның ластану деңгейін қалай төмендететінін анықтайтын негізгі құжат. Оған көлік пен өнеркәсіп орындарына қатысты шаралар, шығарынды деңгейі төмен аймақтар, ауа сапасын бақылау және қатты ластану кезіндегі әрекеттер кіреді. Құжат шамамен екі жыл әзірленіп, тек 2024 жылғы сәуірде Алматы мәслихат деңгейінде ауа сапасын жақсарту бойынша шараларды өз бетінше енгізу мүмкіндігіне ие болғаннан кейін барып, қабылданды.

 Қағида жарияланған күннен кейін 60 күн өткенде күшіне енеді. Жариялану күні – 2026 жылғы 8 қаңтар. Бұл ретте Қағиданың жекеленген талаптары келесі жылдың ішінде біртіндеп енгізіледі.

Құжатта: 

  • ауа сапасын бақылау, жауапты ұйымды тағайындау
  • желсіз күндері немесе жел бағыты қолайсыз күндері – қолайсыз метрологиялық жағдайларда ауа қатты ластанған кездегі шаралар
  • көлік пен автопарктерге қойылатын талаптар
  • шығарындылар деңгейі төмен аймақтарға құқықтық негіз
  • ластанудың шағын және орташа көздерін қатаң бақылау сияқты бағыттар қамтылған.
  1. Цифрлық платформа, ауа сапасын бақылау және жауапкершілік

Қала Алматы ауасына жауапты ұйымды ( “Эко-Алматы” болуы мүмкін) тағайындайды. Ол PM2.5, PM10, O₃, NO₂, SO₂, CO, формальдегид пен фенол секілді негізгі зиянды заттар бойынша ауа сапасын бақылайды, деректерді ұсынатын ұйымдармен, мысалы, Almaty Air Initiative ұйымымен әрекеттесіп барлық датчик пен станциядан деректер жинайды, мәліметтерді бірыңғай жүйеге біріктіреді және тұрғындарға нақты уақыт режимінде шынайы ақпаратты көрсетеді. Уәкілетті ұйым есептерді үнемі жариялап отыруға, ауа қатты ластанған кезеңдерде іс-әрекетті үйлестіруге, деректердің дұрыс берілуін бақылауға, сондай-ақ тұрғындардан немесе ұйымдардан шағым түскен жағдайда кәсіпорындарды тексеруге қатысуға міндетті болады.

 Сонымен қатар бұл ұйым ауа сапасы туралы өзекті ақпарат жарияланатын, ауа ластануы күшейген кезде әрекет ету жүйесі іске қосылатын, төмен шығарындылар аймақтары басқарылатын және экологиялық талаптардың орындалмау жағдайлары тіркелетін бірыңғай цифрлық платформаның жұмысын қамтамасыз етеді.

 Уәкілетті ұйым әкімдікпен және метеоқызметпен бірлесіп, ауа сапасын бақылау құрылғыларын орналастыру немесе олардың орнын қайта қарау, ең алдымен, денсаулыққа қаупі жоғары аймақтарға, яғни ірі жолдардың маңына, өндірістік аймақтарға және әлеуметтік нысандарға орнату қажеттілігін анықтайды.

 Қабылданған шаралардың тиімділігі ластану мен шығарындылар деңгейінің төмендеуіне, көлік жүйесіндегі өзгерістерге, халық денсаулығы мен өмір сапасының жақсаруына қатысты бағаланып, міндетті түрде базалық жылмен салыстырылады, яғни шешімдер болжамға емес, нақты деректерге сүйене отырып қабылданады.

  1. ҚМЖ салдарынан ауа қатты ластанған кезде не болады

Ауа ластануының жоғары деңгейі анықталған немесе қолайсыз ауа райы жағдайлары болжанған кезде жауапты ұйым қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың (ҚМЖ) басталғаны туралы хабарлап, ақпаратты цифрлық жүйеде жариялайды. Мәліметтер бір сағат ішінде әкімдікке беріледі, ал әкімдік тұрғындарды жедел түрде хабардар етіп, әрекет ету шараларын енгізеді:

  • ҚМЖ кезеңінде кәсіпорындар шығарындылар көлемін уақытша азайтуға міндетті болады.
  • Цифрлық платформа арқылы ҚМЖ болжамы жасалып, тұрғындарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға ескерту жіберіледі, сондай-ақ қажетті іс-әрекеттер бойынша ұсынымдар беріледі, қажет болған жағдайда көлік ағыны да реттелуі мүмкін.
  • Білім беру ұйымдарына (балабақшаларға, мектептерге, ЖОО-ларға және т.б.) ғимарат ішіндегі ауа сапасын бақылау, желдету жүйелерін тексеру, балалар мен студенттердің сыртта болуын шектеу, сыртта өтетін сабақтарды тоқтату, маска тарату ұсынылады. Ал ҚМЖ жоғары деңгейде болса, онлайн форматқа көшу және ата-аналармен тұрақты байланыста болу қажет.
  • Қала барлық қызметтің ауа қатты ластанған кезеңдерде жедел әрекет етуге дайын болуы үшін тұрақты түрде оқу-жаттығулар өткізеді.
  1. Көлік және автопарктер

Қала ауа ластануын азайтудың негізгі шараларының бірі ретінде қоғамдық көлікті дамыту және жаңарту мәселесін басты орынға қояды. Сонымен қатар, жалпы қалалық автопаркті жаңарту жоспарланып отыр. Осы мақсатта экономикалық ынталандыру тетіктері енгізіледі: 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін Алматыда тіркелген автокөліктерді қала жою үшін сатып ала алады. Бұл шара, ең алдымен, экологиялық класы төмен көліктерге қатысты болады және сатып алу құнын жыл сайын әкімдік белгілейді. Оған қоса жаңа автокөліктерге жеңілдіктер, тегін жол жүру билеттері және басқа да қолдау шаралары ұсынылуы мүмкін.

Сонымен қатар коммуналдық және жеке автопарктерге де талаптар енгізіледі: олар іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді автономды жылытқыштармен немесе электр қыздырғыштармен жабдықтауға, шығарындылар бойынша ішкі экологиялық бақылауды тұрақты жүргізуге, тазарту жүйелерінің жағдайын қадағалауға және есептілікті уәкілетті ұйымға тапсыруға міндетті болады.

Экологиялық класы 4 және одан жоғары дизельді автобустар үшін азот оксидтері шығарындыларын азайтатын арнайы реагенттерді пайдалану міндетті болады және бұл бойынша тұрақты есеп беріледі.

Егер техникалық байқаудан өткен көліктерде қайталанып (жылына үш реттен артық) шығарындылар нормативінің асып кетуі анықталса, диагностикалық картасы күшін жояды және мұндай көлік қайта тексеруге жіберіліп, анықталған бұзушылықтарды жоюға міндеттеледі.

  1. Төмен шығарындылар аймақтары

Төмен шығарындылар аймағы (бұдан әрі – Аймақ) енгізіледі, бұл аумақта арнайы экологиялық талаптар қолданылады. Аймақтың нақты шекаралары әзірге бекітілмеген. Мысалы, Аймақта:

  • тұрмыстық және өзге де қалдықтарды жағуға;
  • газ тартылған аудандарда отын ретінде ағаш, көмір және сұйық отынды пайдалануға (апаттық жағдайларды қоспағанда);
  • отшашу ұйымдастыруға тыйым салынады.

Барлық шығарынды көздері, арнайы және коммуналдық техника шығатын газдарды тазарту жүйелерімен жабдықталып, оларды міндетті түрде пайдалануы тиіс, ал аумақты тазалау және қысқы күтіп ұстау жұмыстары тек рұқсат етілген экологиялық тәсілдермен жүргізілуі керек. 

Low emission zone sign in city centre of Glasgow being enforced for all vehicles UK

Жаңашылдықтардың бірі ретінде автокөліктерге техникалық тексеру енгізіледі. Тексерулерді аккредиттелген техникалық байқау операторлары сертификатталған жабдық пен мәліметтерді автоматты түрде жүйеге жіберетін арнайы бағдарламалық жасақтама арқылы жүргізеді. Нәтижелер электронды форматта рәсімделіп, 12 ай бойы жарамды болады және цифрлық платформада көрсетіледі. Сонымен қатар техникалық ақауы бар көліктерді пайдалануға міндетті техникалық байқау талаптарына сәйкес бұрынғыдай тыйым салынады.

Аймақта автокөліктердің қозғалысына белгіленген шығарындылар нормаларына сәйкестігі және техникалық тексеруден өтуі шарт болған жағдайда ғана рұқсат беріледі. Болашақта көліктің экологиялық класына байланысты сараланған төлем жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Техникалық тексеру тәртібі Алматыда пайдаланылатын негізгі көлік түрлерінің бәріне, соның ішінде жеңіл автокөліктерге, автобустарға, жүк көліктеріне және мотоциклдерге қолданылады.

Бұл тексерулердің нәтижелері көліктің аймақтардың ішінде қозғалу мүмкіндігіне тікелей әсер ететіндіктен, талап бұзушылықтардың алдын алу үшін бақылау күшейтіледі: операторлар тарапынан бұзушылықтар анықталса, келісімшарт бұзу және сертификаттардың күшін жою сияқты шаралар қолданылады.

Аймақты басқару бейнебақылау және қашықтан мониторинг жүйелері, көлік есебі, автокөлік иелерінің жеке кабинеттері арқылы жүзеге асырылады, ал хабарламалар цифрлық платформа және өзге де байланыс арналары арқылы жіберіледі. Аймақты әкімшілендіру үшін әкімдік мемлекеттік операторды тағайындайды. Ол аймақ шекараларын бақылауға, көлік ағындарын талдауға, енгізілген шектеулердің тиімділігін бағалауға және цифрлық жүйенің жұмысын қамтамасыз етуге жауапты болады.

  1. III санаттағы кәсіпорындар

III санаттағы нысандарға, яғни қоршаған ортаға орташа деңгейде әсер ететін шағын және орта кәсіпорындарға (мысалы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, мал шаруашылығы, көлікке қызмет көрсету нысандары мен қоймаларға) арнайы талаптар енгізіледі. Оларға шығарындыларды тазартатын жабдық болған жағдайда ғана қызмет етуге рұқсат беріледі. Мұндай кәсіпорындар кемінде үш жылда бір рет өз қаражаты есебінен аккредиттелген зертханаларда зертханалық өлшеулер жүргізуге және нәтижелерді қалалық цифрлық жүйеге тапсыруға міндетті болады. Декларация тапсыру кезінде нысандар санитарлық қорғау аймақтарын көрсетіп, табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарын ұсынады, шығарындылар есебін жүргізеді, жыл сайын есеп береді, апаттық шығарындылар туралы хабарлайды, мониторинг жүргізуге қолжетімділікті қамтамасыз етеді, ластануды азайту шараларын енгізеді және қалдықтарды уақытылы шығаруға міндетті болады. Уәкілетті ұйым мәліметтердің дұрыстығын тексереді, соның ішінде нысанға барып тексеру жүргізе алады, ал талаптардың орындалмағаны анықталған жағдайда ақпарат әкімшілік шаралар қолдану үшін Экология департаментіне жолданады.

  1. Бақылау және бұзушылықтарды анықтау

Уәкілетті органдар аккредиттелген зертханаларды тарта отырып, коммуналдық және жеке автопарктерге тұрақты тексеру жүргізеді, анықталған бұзушылықтар шара қолдану үшін Экология департаментіне жолданады. Бақылау тек көлікпен шектелмейді, ол стационарлық және ұйымдастырылмаған шығарындылар көздерін, соның ішінде қалдықтарды жағу мен пиротехниканы да қамтиды, бұл үшін экологиялық бекеттер, өлшеу құралдары, дрондар және азаматтардың цифрлық сервистер арқылы жолдаған өтініштері пайдаланылады. Бұзушылықтар туралы мәліметтер жарияланып, әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Қағидалардың мықты тұстары

  • Қаланың нақты өкілеттіктері. Қағидалар Алматының кеңейтілген өкілеттіктеріне сүйенеді және қалаға ұлттық заңнамадан бөлек ауа сапасын жақсартуға бағытталған міндетті шараларды дербес енгізуге мүмкіндік береді.
  • Жүйелі тәсіл қолданылады. Ластанудың бірнеше негізгі көзі қамтылған: көлік, кәсіпорындар, төмен шығарындылар аймақтары, мониторинг, ҚМЖ кезінде әрекет ету және талап бұзушылықтарды бақылау. 
  • Деректер мен цифрландыруға басымдық. Мәліметтерді автоматты түрде қабылдайтын, ашық мониторинг жүргізетін, онлайн бақылау мен жария есептілікті қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық платформа құрылады.
  • Шаралар тиімділігін бағалау. Ауа сапасы, көлік және халық денсаулығы бойынша нәтижелерді базалық жылмен салыстыруға мүмкіндік беретін тиімділік көрсеткіштері енгізілген (нақты ПӘК белгіленбеген).
  • Бақылауды күшейту. Енді техникалық тексерулер мәліметтерді автоматты түрде жіберуге міндетті болады, ал операторлардың заңбұзушылықтар үшін жауапкершілігі күшейтіледі.
  • Төмен шығарындылар аймақтарын кеңінен түсіну. Бұл аймақтар тек автокөлікке қатысты емес, сонымен қатар ағаш пен көмір пайдалануға, қалдықтарды жағуға және отшашу ұйымдастыруға тыйым салуды қамтиды.
  • Тұрғындарды тарту. Ашық деректер, хабарландырулар және азаматтардың бұзушылықтарды тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.

Қандай шектеулер сақталған

  • Техникалық тексерулерді енгізу кезіндегі операциялық шектен тыс жүктеме қаупі. Жаңа талаптар енгізілген жағдайда көптеген жүргізуші көліктерінің экологиялық талаптарға сәйкестігін шұғыл растауға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл қалаға немесе белгілі бір аймақтарға кіру үшін қажет болады. Қазіргі техникалық байқау талаптарын қайталау қаупі және тұрғындардың бұл стандартты техникалық байқау емес, бөлек экологиялық тексеру екенін толық түсінбеуі қосымша мәселе болуы мүмкін. Кезең-кезеңімен енгізу, нақты рұқсат алу қағидалары және түсінікті коммуникация болмаса, бұл техникалық байқау станцияларына шамадан тыс жүктеме түсіріп, кезектерге, кідірістерге және әлеуметтік шиеленістің артуына әкелуі мүмкін.
  • Автокөліктерді сатып алу бағдарламасының тиімділігі бағаланбаған. Автокөліктерді сатып алып жою бағдарламасының экономикалық және экологиялық тиімділігі алдын ала бағалануы қажет. Бағдарламаны кең көлемде іске қоспас бұрын, оның ластануды азайтуға нақты қаншалықты әсер ететінін және жұмсалған шығындардың нәтижемен сәйкестігін тексеретін пилоттық жобаны өткізу қажет.
  •  Ластану көздерінің толық қамтылмауы. Көмір мен қалдықтарды жылыту үшін пайдаланатын жеке үй шаруашылықтары – ауа ластануының маңызды көздерінің бірі назарға көп ілінбей қалады. Сондай-ақ I–II санаттағы ірі нысандар мен IV санаттағы шағын нысандар (моншалар, кәуапханалар және т.б.) жүйелі қалалық бақылаудан тыс қалып отыр.
  • Іске асыру сапасы мен үйлестіруге аса қатты тәуелділік. Қағидалар жалпы негізді белгілейді, алайда олардың нақты нәтижесі тікелей орындалу сапасына: қаржыландыруға, кадрларға, бақылау сапасына, саяси ерікке, сондай-ақ әкімдік, экология, көлік, құқық қорғау, медицина және IT құрылымдарының үйлесімді жұмысына  байланысты болады. Қосымша қауіп ретінде тұрақты инфрақұрылымды және жүйелік ақаулар мен манипуляциялардан қорғауды талап ететін жоғары техникалық әрі цифрлық жүктеме де аталады.
  • Шаралардың әлеуметтік сезімталдығы. Көлікке, отынға және аймақтарға кіруге қойылатын шектеулер түсінікті коммуникациясыз, кезең-кезеңімен енгізілмесе және тиімді қолдау тетіктері болмаса, тұрғындар мен бизнес тарапынан қарсылық тудыруы мүмкін.

Қорытынды

Жаңа Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары Алматы үшін маңызды қадам және бірнеше жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі. Шын мәнінде, қала жалпы ұлттық реттеуден Алматының нақты жағдайларын ескеретін өз ауа сапасын басқару саясатына көшіп отыр. Бұл құжаттың алғашқы нұсқа екенін түсіну маңызды: ол тәжірибе жинақталып, енгізу процесі дамыған сайын толықтырылып, жетілдірілетін негізді қалыптастырады. Ауа сапасына әсер қаншалықты байқалатыны көбіне осы қағидалардың іс жүзінде қаншалықты дәйекті әрі тиімді іске асырылғанына байланысты болады.