Непал астанасы Катманду қаласында Almaty Air Initiative қорының жаңа халықаралық бағыты — Taza Initiative Nepal жобасы ресми түрде таныстырылды. Қор командасы атқарушы директор Жұлдыз Сәулебекованың жетекшілігімен ауа сапасын жақсартуға, экологиялық сауаттылықты арттыруға және халық денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа бастаманы ұсынды.

Іс-шара барысында Катманду аңғарындағы 1 200 тұрғын арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері жарияланды. Зерттеу көрсеткендей, респонденттердің 81,2%-ы ластанған ауаны денсаулыққа қауіпті деп санағанымен, 94,1%-ы оның сапасын әлі күнге дейін иісіне, көріну деңгейіне немесе көздің жасаурауына қарап бағалайды. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан әрбір он адамның алтауы ауаның нақты ластану деңгейін қайдан білуге болатынынан хабарсыз.

Taza Initiative Nepal жобасының атқарушы директоры Рошани Гири атап өткендей, сауалнама қорытындысы мәселені түсіну мен ауа сапасы туралы нақты деректерге қол жеткізу арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін көрсетті.

Taza Initiative Nepal ауа сапасын бақылайтын тәуелсіз датчиктер желісін құруды, ашық экологиялық деректер платформаларын іске қосуды және тұрғындарға арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл қала тұрғындарына тыныстап отырған ауасы жайлы шынайы ақпарат алуға, ал сарапшылар мен қала билігіне ауаның ластануын азайту бойынша негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Taza Initiative Nepal жобасының басталуы Almaty Air Initiative-тің халықаралық деңгейге шығуындағы маңызды қадам болды. Қор Алматыда қалыптасқан тәжірибені жаһандық ауқымда дамытуда: ол ауа сапасын жүйелі түрде жақсарту және азаматтардың таза ауамен тыныстау құқығын қорғау үшін ғылыми зерттеулерді, озық технологияларды, қоғамның белсенді қатысуын, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің серіктестігін бір арнаға тоғыстырады.