Almaty Air Initiative (AAI) қоры Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігіне елдегі ең ірі қаладағы ауа ластануын азайту жөніндегі ұсыныстар пакеті қамтылған аналитикалық есепті жолдады. Құжаттың негізіне кейінгі он жылда ауа сапасын жақсарту туралы әлемдегі ең елеулі нәтижелердің біріне қол жеткізген Бейжің қаласының тәжірибесі алынды.

Есеп сәуірдің соңында AAI қоры Алматыны дамыту орталығының қолдауымен және Қытайдың экологиялық ғылымдар академиясының (CRAES) – ҚХР-дың экология және ауа сапасы саласындағы жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен өткізген халықаралық сараптамалық семинардың қорытындысы болды.

Семинар аясында ғалымдар Бейжің және Қытайдың басқа қалаларының смогпен күресіндегі жүйелі тәжірибесін ұсынды: энергетика мен көлік саласындағы реформалардан бастап, заманауи мониторинг жүйесін құруға, шығарындыларды бақылауға және ауа сапасын басқаруға дейін. Бұл тәжірибе алғаш рет Алматы жағдайына бейімделді.

 

Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:

«Бүгінде Алматы шамамен Бейжіңнің он жыл бұрынғы кезеңінде тұр. Қытай тәжірибесі лас ауа үлкейіп келе жатқан мегаполистің “мәңгі” мәселесі емес, басқаруға болатын процесс екенін көрсетеді. Мемлекет ауаның тазалығына басымдық берсе, билік, ғылым, технология және қоғам бірлесе әрекет еткен кезде жүйелі өзгерістер мүмкін болады. Біздің есебіміз – ауа сапасы саласындағы қалалық және ұлттық саясатты әзірлеу барысында пайдалануға болатын дайын аналитикалық база».

 

Қытай он жылда қандай нәтижелерге жетті?

Лас ауамен күрес жөніндегі ұлттық бағдарламаның негізгі нәтижелері:

  • шамамен 39 миллион үй шаруашылығы көмірмен жылытудан анағұрлым таза энергия көздеріне көшті;
  • шамамен 80 миллион тонна көмірді пайдалану тоқтатылды;
  • көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының 98%-ы аса төмен шығарындылар стандарттарына сәйкестендірілді;
  • жоғары көлемде шығарындылар шығаратын 30 миллионнан астам ескі автокөлік жол қозғалысынан шығарылды;
  • дизель отынындағы күкірт мөлшері 200 есе – 2000 ppm-нен 10 ppm-ге дейін төмендетілді;
  • спутниктерді, жерүсті станцияларын және шығарындыларды цифрлық бақылау жүйесін біріктіретін әлемдегі ең ірі ауа ластануын мониторингтеу жүйесі құрылды.

 

Қытайдың негізгі сабағы жекелеген технологияларда емес, басқару архитектурасының өзінде жатыр: деректер, ғылым, мемлекеттік саясат, орындалуын бақылау және қоғамдық сұраныс біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді.

 

Бұл Алматы үшін не бере алады?

Алматы үшін Қытай тәжірибесі ерекше өзекті. ҚХР-дың көп қалалары сияқты мегаполис те бірнеше фактордың қатар әсер етуімен бетпе-бет келіп отыр: көмір генерациясы, жеке сектордағы жылыту жүйелері, қарқынды өсіп жатқан автопарк, қысқы температуралық инверсиялар және күрделі метеорологиялық жағдайлар.

Almaty Air Initiative сарапшыларының айтуынша, әңгіме Қытай моделін тікелей көшіру туралы емес, оның негізгі қағидаттарын енгізу туралы болып отыр:

  • ластану көздерін тұрақты түгендеу;
  • ведомствоаралық үйлестіру;
  • мониторинг жүйесін дамыту;
  • бейімделгіш экологиялық саясат және шығарындылардың барлық көзімен бір мезгілде жүйелі жұмыс жүргізу.

Қор дайындаған есеп – ауа сапасын жақсарту бағытындағы әрі қарайғы жұмыс үшін дайын аналитикалық база. Құжат мемлекеттік органдарға жолданып, ашық қолдану үшін қордың сайтына жарияланды: https://air.org.kz/kk/research/%d2%9bytaydy%d2%a3-auany%d2%a3-lastanuymen-k%d2%afres-t%d3%99zh%d1%96ribes%d1%96/