Almaty Air Initiative қоры Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект көмегімен аллергендерді мониторингтеу бойынша жүргізілген пилоттық жобаның қорытындысын шығарды.
Қыркүйектің ортасынан қарашаның басына дейін Сәтбаев – Байтұрсынұлы – Тимирязев – Сейфуллин көшелері аралығындағы аумақта жылдың жылы мезгілінде жұмыс істейтін ЖИ-датчик арқылы тәулік бойы бақылау жүргізілді.
Қыркүйек аллергиясы бар адамдар үшін ең күрделі айлардың бірі болды. Талдау нәтижесі 20–25 қыркүйек аралығында Алматыда екі фактордың қатар әсер еткенін көрсетті:
— Табиғи фактор: арамшөптердің, ең алдымен жусанның жаппай тозаңдануы.
— Антропогендік фактор: көлік шығарындыларының артуына, қоқыс қалдықтарының жағылуына және ауа температурасының төмендеуіне байланысты ластаушы заттар концентрациясының мезгіл-мезгіл жоғарылауы. Температураның төмендеуі жеке секторда жылыту маусымының ішінара басталуына әкелді.
Осы екі фактордың қатар әсер етуі кумулятивті әсер туғызып, сезімтал тұрғындар арасында симптомдардың күшеюіне әкелді: түтін тыныс алу жолдарын тітіркендірді, ал тозаң әлсіреген шырышты қабаттар арқылы оңайырақ енді.
Жусан — маусымның негізгі аллергені.
ЖИ көмегімен жиналған деректер тозаңдану динамикасын егжей-тегжейлі бағалауға мүмкіндік берді:
- Ең жоғары көрсеткіш 22 қыркүйекте тіркелді.
- Жекелеген сағаттарда жусан тозаңының концентрациясы 1212 түйіршік/м³-ке дейін жетті — бұл жоғары аллергиялық жүктеме деңгейінен (50 түйіршік/м³) 24 есе жоғары.
Бақылау кезеңіндегі аллергиялық жүктеме жоғары болған 49 күннің 16-сында негізгі себеп жусан болды.
Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Бұл — біздің алғашқы пилоттық жобамыз, әрі ол тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де алғаш рет жүзеге асырылды. Біз ЖИ-технологиясының нақты уақыт режимінде аллергендерді, микропластикті, зең спораларын және адамдардың өзін-өзі сезінуіне тікелей әсер ететін басқа да бөлшектерді бақылауға мүмкіндік беретінін көріп отырмыз. Аллергия кең таралған қалада адамның дәл бүгін не себепті өзін күрт нашар сезінуі мүмкін екенін түсіну маңызды: тозаңдану кезеңінде көзден жас ағу, көздің қышуы, мұрыннан су ағу, демікпе ұстамалары мен ұйқының бұзылуы күшейеді, ал ауаның ластануы бұл реакцияларды одан әрі ушықтырады. Көктемде датчикті қайта орнатып, кешенді мониторингті жалғастырамыз және тұрғындарға жағдайды жақсырақ түсінуге көмектесеміз».
Бұл аллергиясы бар қала тұрғындарына алдын ала сақтық шараларын қабылдап, денсаулығына төнетін қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді.