Жұлдыз Саулебекова
Атқарушы директор

Қарапайым қаланы болашақ қаласынан қалай ерекшеленеді? Болашақ қаласы – әйнек мұнаралар мен әр бұрыштағы Wi-Fi емес, адамдардың өмірін қауіпсіз әрі жайлы ететін технологиялар орнаған орын. Алатау City дәл осындай қалаға айналуы тиіс.
Президент Тоқаев жақында былай деді:
«Алатау City өңірдегі алғашқы толық цифрлық қалаға айналуы керек: Smart City технологияларын енгізуден бастап тауарлар мен қызметтерді криптовалюта арқылы төлеуге дейін. Жаңа қала Қазақстанның болашағының бейнесін танытатын, технологиялық прогресс пен жайлы өмір сүру ортасын үйлестіретін қала болмақ».
Бұл – өршіл мақсат. Бірақ Алатау шынымен «Қазақстан болашағының бейнесі» болу үшін ұрандардан нақты іске көшу қажет.
Қайталамауға болмайтын қателіктер
Көз алдымызда мысал бар: Алматыда маңызды мәселелер әлі шешілмеген – біз лас ауамен тыныстаймыз, кептелісте тұрамыз, ал қоғамдық көліктің экологиялық жаңаруын күтеміз. Егер Алатау осы қателіктерді қайталаса, ол ешқашан толыққанды цифрліқ қала бола алмайды.
«Жайлы қала» деген не?
Болашақтың жайлы қаласы өзіне тән негізгі параметрлерін алдын ала айқындауы тиіс:
-
кептеліссіз көлік жүйесі,
-
таза ауа,
-
қалдықтарды тиімді басқару,
-
дамыған инфрақұрылым мен көгалдандыру.
Қала көлік жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге де қауіпсіз әрі қолайлы болуы шарт.
Шэньчжэнь сабағы
Алатаудың қандай қала бола алатынын түсіну үшін Қытайға көз салайық. 2011 жылы «цифрлық қалалар» сол елдің ұлттық стратегиясына айналған.
Үздік үлгісі – Шэньчжэнь. Бұл – әлемдегі қоғамдық көлікті толық электр тартылымына көшірген алғашқы қала: 2017 жылы автобустардан бастап, 2018 жылға қарай мыңдаған такси мен жедел жәрдем көліктеріне дейін. Жасанды интеллект бағдаршамдарды нақты уақыт режимінде басқарып, жолдағы қозғалысқа қарай жарық түсін өзгертеді. Метро жүйесінде компьютерлік көру технологиялары орнатылып, жолаушылар қауіпсіздігі арттырылған.
Криптотөлемнен цифрлық экожүйеге дейін
Алатауға келсек, әзірге қала crypto-friendly болатыны анық. Бұл – жаңашыл шешім, бірақ жайлы смарт-қала құру үшін жеткіліксіз.
Алатау «Қазақстан болашағының бейнесі» болу үшін көлік, энергетика, қалалық деректер, сәулет, қалдықтарды басқару және тұрғындарға арналған қызметтер біртұтас жүйеге біріктірілген толыққанды цифрліқ экожүйе қажет. Мұндай жүйеде жасанды интеллект тиімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, ал блокчейн технологиясының қолданылуы тек криптовалютамен шектелмеуі керек.
Блокчейн не үшін қажет?
Блокчейн – қаланың «ортақ дәптеріне» секілді. Әр жазба кезекпен, жол-жолмен енгізіледі. Жазбаны қоспас бұрын бірнеше «тексеруші» оның дұрыстығын растайды. Бұрынғы жазбалар ешқашан өшірілмейді: бір нәрсе өзгерсе, жаңа жол ғана қосылады. Дәптердің бірдей көшірмесі бәрінде бар, сондықтан оны қолдан бұрмалау мүмкін емес.
Смарт-қала үшін бұл – энергия саудасындағы, көлік пен экология салаларындағы ашықтық пен сенімділіктің негізі.
Шэньчжэньде блокчейн нақты істерде қолданылады: электр автобустар мен қуаттау станциялары артық энергияны желіге қайта сата алады, ал әрбір операция блокчейнде тіркеледі – делдалсыз және ашық түрде. Сол сияқты көлік, энергетика және экология қызметтері ортақ деректермен жұмыс істейді: бәрі бір «дәптердің» нұсқасын көреді, ешкім оны бұрмалай алмайды.
«Жасанды интеллект (AI) пен блокчейн технологияларын біріктіру қалалық мобильділікте, әсіресе ақылды көлік жүйелерінде, төңкеріс жасай алады. Бұл өзара әрекет деректер қауіпсіздігі, ашықтық және операциялық тиімділік сияқты негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», – Шэньчжэнь мысалын сипаттайтын ғылыми жұмыстан.

EE & TT фреймворкі
Алатау қаласына да осындай мақсаттарды қою қажет. Қазірдің өзінде қаланың қандай болатыны туралы нақты көзқарас керек.
Мен бұл идеяны EE + TT фреймворкімен сипаттауды ұсынар едім:
Ecology & Energy + Transport & Technology.
-
EE — Экология мен энергетика: таза ауа, шығарындылар көздерін бақылау, кең ауқымды көгалдандыру, ауа сапасын мониторингтеу, қалдықтармен сауатты жұмыс, таза және жаңартылатын энергия көздеріне көшу.
-
TT — Көлік пен технология: электр қоғамдық көлігін толық енгізу, электромобильдерді дамыту, велосипед және жаяу инфрақұрылым, жасанды интеллект пен смарт-қала жүйелері, блокчейн мен криптотехнологияларды енгізу, стартаптар үшін цифрлық орта құру.
Қорытынды
Қазір бізде сирек мүмкіндік бар — басынан бастап тек жаңа емес, ең заманауи, ыңғайлы және технологияға толы қаланы салу. Алатау көрме жобасы емес, адамдар үшін жұмыс істейтін, ал жайлылық пен экологиялық тұрақтылық бүкіл ел үшін алтын стандартқа айналатын болашақтың нағыз үлгісіне айнала алады.