
Суретші Алина Ким майлы бояуларды Алматының лас ауасының бөлшектерімен араластырады. Өйткені бұл туралы үнсіз қалу енді мүмкін емес.
Сұр аспанды үйреншікті фон ретінде қабылдайтын болдық. Бірақ әйел ағзасы үшін смог – жай ғана жайсыздық емес. Бұл репродуктивті жүйеге, гормондық тепе-теңдікке, терінің жағдайына соққы. PM2.5 бөлшектері қанға, плацентаға, болашақ балаларымыздың ағзасына дейін өтеді. Біз мұнымен күн сайын тыныс аламыз, ал шыдамдылықтың бағасы – біздің денсаулығымыз. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз Алина Кимнің жұмыстарымен және оның Алматыдағы лас ауа мәселесіне деген көзқарасымен бөліспекпіз.
«Мен өз жұмыстарымның ортасына әйел бейнесін қоямын, өйткені бұл күйді өзім де бастан өткеремін. Ана болу ауа тақырыбын мен үшін абстрактілі емес, нақты мәселеге айналдырды: балам үшін, оның немен тыныс алып жүргені үшін алаңдаймын. Әйел бейнелері арқылы біздің осалдығымыз бен күшімізді, ортаның бізге іштен қалай әсер ететінін айтамын. Және біз мұны өзгерте алатынымызды да көрсеткім келеді».
Алинаның шығармашылығы — манифест.
Бұл — әсемдік пен ауыр шындық арқылы әр адамға ой салуға жасалған әрекет.
«Мен адамдар менің жұмыстарымды көргенде, біз қандай ауамен тыныс алып жүргеніміз туралы ойланса және оны қалай өзгертуге болатынын түсінсе екен деймін».

Алина Ким:
“— Мен өз жұмыстарымда смогты қолдана бастадым: кейде оны майлы бояумен араластырып алғашқы қабат ретінде қолданамын, кейде трафареттер үшін немесе қағазға сурет салғанда медиум ретінде пайдаланамын.
Бұл мәселені сөзбе-сөз материалға айналдыру тәсілі болды. Біз жұтып жүрген, өкпемізге жиналып жатқан нәрсені көзге көрінетін ету үшін”
Оның смогқа арналған сериясының ортасында — әйел бейнесі. Әрі нәзік, әрі мықты.
“Смог туралы сериямда ауа — жай ғана орта емес, еркіндік пен өмірдің нәзіктігінің символы. Әйел бейнелері мен қаланың күйі арқылы мен ішкі күш, осалдық және біз өмір сүріп жатқан кеңістікке деген жауапкершілігіміз туралы айтамын. Мен үшін бұл тек экологиялық тақырып емес. Бұл — заманауи қалада еркін тыныс алу, өмір сүру және сезіну туралы әңгіме. Мен өз жұмыстарымның ортасына әйелді қоямын, өйткені бұл күйді өзім де бастан өткеремін. Мен — анамын, сондықтан ауа мен смог тақырыбы мен үшін абстрактілі мәселе емес, менің балам өсіп жатқан шынайы өмір.
Мен балалардың болашағы үшін, олардың немен тыныс алып жүргені және қандай әлемде өмір сүретіні үшін алаңдаймын.
Әйел бейнесі арқылы мен ана болу, осалдық пен күш туралы, сүйіспеншіліктен туындайтын ішкі жауапкершілік туралы айтамын. Сол жауапкершілік бізді алға қарауға және бәріне қарамастан тыныс алуды жалғастыруға итермелейді.”





