АЛМАТЫЛЫҚТАР ПІКІР БЕРДІ: Алматы ауа сапасы туралы тәулесі зерттеу

Алматыда ауа сапасына қатысты алаңдаушылық артып келеді. Бұл Almaty Air Initiative қоры жүргізген қала тұрғындарының пікіріне арналған алғашқы кең ауқымды зерттеудің нәтижесінде көрініс тапты. 1000 респондент қатысқан сауалнама көрсеткендей, 42% қатысушы өз аудандарының ауасын нашар немесе өте нашар деп бағалаған. Ал Наурызбай және Медеу аудандарының тұрғындары бұл тұрғыда салыстырмалы түрде оптимист болса (29% және 31%), Жетісу ауданында 56% тұрғын ауа сапасына риза емес екенін жеткізді.
Сонымен қатар, жыл сайын ауа ластануы мәселесі қиындай түседі: 57% алматылық соңғы 2–3 жылдың ішінде ауаның айтарлықтай нашарлағанына сенімді, ал 44% алдағы жылдары жағдай одан әрі қиын болатынын күтеді.
Тұрғындар ең көп наразылық тудыратын фактор ретінде шаң мен кірді, смог пен тұманды, сондай-ақ шығарындылардың иісін және химиялық иістерді атады.
«Мен көшеге әр шыққан сайын зиянды нәрсе жұтып жатқандай сезінемін», – дейді 35 жастағы Жетісу ауданы тұрғыны Әлия.
«Күннен-күнге қою смог пен шаңды көремін. Бұл күмәнсіз біздің денсаулығымызға әсер етудеі».
Ауа сапасы: ауданаралық айырмашылықтар
Алматыдағы ауа сапасына бағалар әр аудан бойынша айтарлықтай айырмашылықты көрсетеді және мәселенің біркелкі еместігін ашып көрсетеді. Мысалы, Медеу мен Наурызбай аудандары «шартты түрде қауіпсіз» деп танылды: тиісті респонденттердің 10% және 8%-ы ауаны өте жақсы деп бағалады, ал Әуезов, Алатау және Түрксіб аудандарында бұл көрсеткіш небәрі 2–3%. Десек те, аталмыш «шартты түрде қауіпсіз» аудан тұрғындарының 29–31%-ы ауа сапасын нашар және өте нашар деп бағалады. Қызығы, ауа сапасы нашар аудандарда тұратын тұрғындардың көбісі ауа сапасын бақылаудың жолдарын білмейді, ал бұл олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді.
Денсаулық қауіптері: ластанған ауа қалай әсер етеді?
Зерттеудің маңызды бөлімдерінің бірі — денсаулыққа қауіпті қабылдаудың деңгейін бағалау. Респонденттердің үштен екісі ластанған ауаны балалар үшін аса қауіпті деп есептейді, ал 45%-ы ересектер үшін де қаупі бар деген ойда.
Жетісу ауданы тұрғындарының 75%-ы ауа ластануын балалар үшін қауіпті деп санайды, бұл жалпы көрсеткіштен (66%) жоғары.
Әрбір екінші респондент (48%) Алматыдағы ауа сапасын шаң және кірмен байланыстырды. Екінші орында – 33% – смог пен тұман, үшінші орында – 23% – иіс: өртену, шығарындылар мен химиялық заттар.
Сауалнамаға қатысушылардың 54%-ы созылмалы аурудан зардап шекпеген. Ал созылмалы аурулары барлардың ішінде иммундық жүйесі әлсіздер (21%) және тыныс жолдары аурулары барлар (20%) басым. Одан кейін жүрек–қан тамырлары аурулары (13%) және неврологиялық аурулар (7%) тұр.
Сонымен қатар, жастардың көпшілігі өз белгілерін ауа сапасымен байланыстырады. 41% респондент бас ауру, шаршау және бас айналудан, ал 35% жөтел мен ентікпе сияқты тыныс алу мәселелерінен, аллергия (34%), көз, мұрын мен жұтқыншақтың тітіркенуі (30%), жалпы әлсіздік (26%) бойынша шағымданады.
Зиянды әсерге байланысты жауаптың өзгеруі байқалады: әрбір үшінші респондент ауа лас болған күндері сыртта уақыт өткізуді шектейтінін, ал екіден бірі — серуендеуде ауаның жағдайын ескере отырып жер таңдайтынын айтады. Бірақ нақты шектеу жасайтындар – 37%, ал ауа сапасын тазартып тұратындар – 20% ғана. 32% респонденттер ауаның қатты ластануы кезінде ешқандай алдын алу шараларын қолданбайды. Бұдан қалыптасатын сұрақ: неге?
Экологиялық бастамалар жөніндегі хабардарлық: Алматы тұрғындары кімге сенеді?
Зерттеу көрсеткендей, алматылықтардың 74%-ы ауа сапасын қалай тексеруге болатынын білмейді әрі тек субъективті сезімдерге ғана сүйенеді. Мысалы, ауа сапасы бойынша хабардарлардың арасындағы 40%-ы иіс пен смог көрінісіне сүйеніп қана бағалайды. Ал 23%-ы ғана арнайы мобильді қосымшаларды (мысалы, AirVisual, AirKZ сайты, және т.б.) пайдаланатыны анықталды. 18–24 жас және 55 жастан асқандар арасында бұл көрсеткіш 80% құрайды.
Аудан бойынша да айырмашылық бар: Бостандық пен Медеуде ауа сапасын тексеру тәсілдерін жақсы біледі, бірақ сонда да сәйкесінше 69% және 62% респондент бұл жайында хабарсыз. Ал Алатау және Жетісу аудандарында хабардарлық төмен: 86% және 81% ауа сапасын қалай тексеру керектігін білмейді.
Жулдыз Саулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Алматыдағы ауа сапасының нашарлағанына қатысты өскен наразылықты ескерсек, ауа жағдайы туралы ақпараттың ашық қолжетімді болуы маңызды. Сауалнама көрсеткендей, халық ластанудан туындайтын симптомдарды байқаса да, объективті деректерді алып, нақты жағдайды бағалайтын мүмкіндігі шектеулі.»
Респонденттердің 55%-ы ресми мәлімдемелерге сенбейтінін, және тек 7%-ы қандай да бір жобалар мен бастамалар туралы хабардар екенін айтты.
«Ауа мәселесін шешудегі мемлекет әрекетінің тиімділігін қалай бағалайсыз?» деген сұраққа 32%-ы “тиімсіз”, 30%-ы “мүлдем тиімсіз” деп жауап берді. Бұл халық арасында мемлекеттің экологиялық бағыттағы әрекеттеріне деген сенімсіздік пен пессимизм бар екендігін білдіреді.
“Ми ағуының” әсері: болашаққа жоспарлар және қорытындылар
«Зерттеу Алматыдағы ауа ластануы тек өмір сапасын төмендетіп қана қоймай, ми ағуына, яғни елімізден білікті мамандардың көшуіне әсер етіп, қаланың экономикалық болашағын әлсірететіні туралы болжамды растайды», – дейді Жулдыз Саулебекова.
Сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің 17%-ы ауа нашарлығының себебінен қоныс аудару жайлы ой қозғайды. Ал табысы 600 мың теңгеден асатындар арасында бұл көрсеткіш 35%-ға жетеді; табысы 300 мыңға дейінгілер арасында – тек 5–8%.
Ең өкініштісі, экономикамыздың дамуына тікелей әсер ететін кәсіпкерлер арасында да пессимизм айтарлықтай бар: олардың төрттен бірі қаладан қоныс ауыстыруды қарастырады.
Балалы отбасылардың 26% көшуді қарастырып жүр. Бұл көрсеткіш балалары жоқтардан екі есе жоғары. Демографиялық келешек үшін бұл күмәнсіз қауіпті жағдай.
«Біз балаларымыздың денсаулығын барынша қорғауға тырысамыз. Ал бұл өкінішке орай осындай қоршаған ортада қиынға түседі,» — дейді Әлия.
45% қала тұрғындары, мүмкіндік болған жағдайда, қыс мезгілінде қаладан уақытша қоныс аударуды қолдайтынын жеткізді. Бұл миграциялық мобильділіктің артуын және қала болашағына қатысты алаңдаушылықты көрсетеді. Еліміздің экономикалық және мәдени орталығы болып табылатын Алматы үшін бұл алаңдататын жағдай. Қаланың Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде қаржылай инвестиция мен адами ресурс тарту қабілетіне орасан зор қаупі барын көрсетеді.
Не істеуге болады? Нақты шараларға деген халықтың сұранысы.
Алматылықтар мәселені шешу тек билік органдарының ғана емес, сонымен қатар ұжымдық әрекеттерді талап ететінін түсінеді. Қала тұрғындары ұсынған ауа сапасын жақсарту шараларының ішінде ерекше назар аударылатындары:
- Автокөліктерден шығатын шығарындыларды азайту — сауалнамаға қатысқандардың 58%-ы мұны негізгі фактор деп санайды. Сондай-ақ 42% қоғамдық көлікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
- Жасыл аймақтар мен саябақтарды көбейту — 56% бұл ластану деңгейін төмендетуге көмектесетініне сенімді.
- Экологиялық таза отын түрлеріне көшу және ЖЭО-ларды газға ауыстыру — бұл шараларды респонденттердің тиісінше 48% және 49%-ы қолдайды.
Сондай-ақ біз қала тұрғындарынан экологиялық жағдайды қалай жақсартуға болатыны жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісуді сұрадық.
Көлік мәселесі тұрғындар үшін басым тақырыптардың біріне айналды. Олар автокөліктер санын қысқартуды және мемлекеттік нөмірлерге немесе күндерге байланысты қалаға кіруге шектеу енгізуді ұсынды (16%). Сондай-ақ тұрғындар қоғамдық көлікті белсендірек пайдалануды (10%), электромобильдерге көшуді (7%) және экологиялық таза қоғамдық көлікті дамытуды (8%), көлікті газдандыруды/экологиялық таза отын түрлеріне көшуді (4%), велосипедтер мен самокаттарды пайдалануды (4%) ұсынды. Респонденттердің бір бөлігі автокөліктердің жақсы техникалық күйін сақтауды (2%), шығарындыларға қатаң бақылау орнатуды (1%), отбасылардың аз көлік сатып алуын (1%), сондай-ақ ескі автокөліктерді әкелуге/пайдалануға тыйым салуды (1%) қолдады. Көбірек жаяу жүруді 3% респондент ұсынды.
Зауыттар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар да алаңдаушылық туғызды. Тұрғындар сүзгілеу жүйелерін енгізуді (9%), құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуді/биік ғимараттар салмауды (9%), сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындардағы зиянды шығарындылардың сапасын бақылауды күшейтуді (2%) және кәсіпорындарда жаңа жабдықтар орнатуды/сүзгілеуді (2%) ұсынды.
Қоршаған орта мәселесіне тұрғындар тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінді. Негізгі ұсыныстарға қаланы көгалдандыру (18%) және тазалықты сақтау (17%), жел раушанын қалпына келтіру (4%), қоқыс пен резеңкені жақпау (8%), қалдықтарды сұрыптау (2%) және көмірді қолданбау (1%) жатады. Сондай-ақ қоғамдық орындарды жақсарту, кәуапханалар санын азайту және тегін курстар мен дәрістер өткізу жөнінде ұсыныстар айтылды (жиынтығы 3%).
Мемлекет пен заңдардың рөлі де кем емес: тұрғындардың 2%-ы билік органдарымен белсендірек өзара іс-қимыл жасап, бұл мәселені жиі көтеру қажет деп санайды.
Алматы қаласындағы ауаның ластануы жай ғана экологиялық проблема емес, қаланың болашағына тікелей әсер ететін мәселеге айналды. Зерттеу нәтижелері ауа сапасының нашарлауы тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп қана қоймай, көші-қон көңіл-күйінің өсуі, дарындардың кетуі және мемлекетке деген сенімнің төмендеуі сияқты алаңдатарлық әлеуметтік салдарға алып келетінін көрсетті. Қалалық билік пен қоғам бұл мәселені шешу үшін күш біріктіріп, нақты шараларды енгізуі және таза ауа қалыпты жағдайға айналатын, ал ерекшелік болмайтын өмір сүру ортасын қалыптастыруы маңызды. Алматы қайтадан өмір сүруге қолайлы әрі таза қала мәртебесіне оралу әлеуетіне ие, ал қаланың болашағы оның тұрғындары мен билігінің дәл қазір әрекет етуге дайын екеніне байланысты.