2025 жылғы 13 тамызда Алматы қаласында «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ мен жеке «Almaty Air Initiative» (AAI) қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжаттың мақсаты – тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау және Алматы қаласындағы ауа сапасын жақсарту салаларында өзара іс-қимылды дамыту және нақты нәтижелерге қол жеткізу.
Ынтымақтастық келесі негізгі бағыттарды қамтиды:
- Ауаның ластануын мониторингтеу мен талдау, ластану көздерін және оның халық денсаулығына әсерін зерттеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру;
- КБТУ академиялық және инновациялық ортасында ESG-экспертиза мен климаттық бастамаларды дамыту;
- Бірлескен іс-шаралар, хакатондар, қалалық экологиялық зертханалар және ағартушылық кампаниялар өткізу.
Тараптар екі ұйымның күш-жігері мен әлеуетін біріктіру Алматы қаласындағы ауа сапасы мәселесіне қоғамның назарын аударуға және жағдайды жақсарту бойынша тиімді шешімдерді әзірлеу мен іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.