Елдің ең ірі банкі Halyk Bank және Алматыдағы ауа ластануымен күрес қызметімен танымал Almaty Air Initiative жеке қоры оңтүстік астананың ауа сапасын жақсарту бағытындағы экологиялық бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін күш біріктірді.
Тиісті Меморандумға бүгін Halyk Bank басқарма төрайымы Ұмут Шаяхметова мен қордың тең құрылтайшысы, inDrive компаниясының бас директоры Арсен Томский қол қойды.
“Біздің мақсатымыз – Алматыны өмір сүруге жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыруға барынша атсалысу. Бұл – жеке шешуге болмайтын үлкен сын-тегеурін. Мұнда тұрғындардың, бизнестің, ғылым мен мемлекеттің бірлескен әрекеті қажет.
Halyk Bank-пен серіктестік қор үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл тек экологияны қорғауға қосқан үлес қана емес, сонымен қатар бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігінің кемел үлгісі. Алда – үлкен жұмыс күтіп тұр. Бірақ тек күш біріктіре отырып, біз Алматыда қайтадан еркін тыныс алу мүмкіндігін қамтамасыз ете аламыз,”
– деді Arsen Tomsky, inDrive компаниясының бас директоры және Almaty Air Initiative қорының негізін қалаушыларының бірі.