
АНТАЛЬЯ, Түркия / АЛМАТЫ, Қазақстан, 2026 жылғы 27 қараша — Антальяда өткен COP31 конференциясы ортақ қорытынды шешімсіз аяқталды. Дегенмен Қазақстан павильонындағы сессияда жаһандық келісімді күтпей-ақ іске асыруға болатын нақты климаттық қадам талқыланды. Ол — өзіміз тыныс алатын ауаны тазарту.
Ауа сапасын жақсартумен айналысатын тәуелсіз қазақстандық бастама — Taza (Almaty Air Initiative) таза ауаға арналған «операциялық жүйені» таныстырды. Сондай-ақ осы үлгіні Катмандудан бастап өзге де қалаларға енгізетін Clean Air Ambassadors by Taza халықаралық ашық қауымдастығын іске қосты.
Ауаның ластануы жыл сайын шамамен 8 миллион адамның өмірін қияды. Бұл — кез келген өзге экологиялық қауіптен әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Taza бағалауынша, Алматыда лас ауа жылына шамамен 3 100 адамның мезгілсіз өліміне себеп болады. Қала тұрғындары үшін бұл кептелістен кейінгі ең өзекті екінші мәселеге айналды. Ал әрбір төртінші тұрғын ауаның ластануына байланысты қаладан көшу туралы кемінде бір рет ойланған.
Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative / Taza Initiative бас директоры (CEO), Uber және Binance компанияларының бұрынғы топ-менеджері: «Адамдар таза ауа үшін күреспеуі керек. Оны бірде-бір ұйым жалғыз өзі қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан біз қалаларға таза ауаға қол жеткізуге көмектесетін біртұтас жүйе құруға күш саламыз».
Деректерден жүйелі өзгерістерге: Brain, Voice, Bridge
Taza моделі жүйелі өзгерістердің үш негізгі тетігіне сүйенеді: ғылыми деректер, қоғамдық сұраныс және билік әрекеті.
- Brain тәуелсіз зерттеулер, технологиялар мен деректер арқылы мәселені анықтап, ең тиімді шешімдерді табады. Алматыда бұл бағыт 200 ауа сапасы датчигінен тұратын ашық желіні, 30 метрлік дәлдікпен атмосфералық модельдеуді, Taza Air қосымшасын және әзірленіп жатқан ЖИ-модельдеу платформасын қамтиды.
- Voice ғылыми деректерді қоғамға түсінікті тілмен жеткізіп, өзгерістерге деген сұраныс қалыптастырады. Taza әзірлеген Ауаның ластануы туралы хабардарлық индексі Алматыдағы үлкен алшақтықты көрсетті: тұрғындардың ауа сапасына алаңдаушылығы 100 балдан 70,3 балл болса, нақты әрекет ету деңгейі небәрі 16,8 балл. Тек хабардар болу жеткіліксіз. Сондықтан Taza таза ауаға тұрақты қоғамдық сұраныс қалыптастыру үшін мінез-құлық зерттеулерін, креативті коммуникация мен медиамен жұмысты ұштастырады. Деректі фильмдер, әлеуметтік эксперименттер мен юмор бұл науқандардың миллиондаған адамға жетуіне ықпал етті.
- Bridge мемлекетпен, бизнеспен және шешім қабылдаушы тұлғалармен бірлесе жұмыс істей отырып, ғылыми деректер мен қоғамдық сұранысты саяси әрі жүйелі өзгерістерге айналдырады. Алматыда бұл тәсіл 2025 жылдың желтоқсанында бекітілген қаланың Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеуге септігін тигізді.
Бұл үш бағыт бірін-бірі толықтырып отырады: ғылым шешімдерді ұсынады, қоғамдық сұраныс саяси ерік-жігерді қалыптастырады, ал саясат екеуін нақты іске айналдырады. Зерттеулерді, қоғамды ақпараттандыруды және саяси жұмысты бөлек қарастырмай, Taza оларды таза ауаға бағытталған біртұтас жүйеге біріктіреді.
Сәуле Сабиева, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат департаментінің директоры: «Ауаның ластануы Қазақстандағы ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі болып отыр. Оны шешу үшін ғылыми білімді, мемлекеттік шараларды және қоғамның қатысуын біріктіретін үйлесімді тәсіл қажет».
Ластану шекара талғамайды
Сессияға қатысқан ғалымдар бірде-бір қала ауаның ластануын жалғыз өзі жеңе алмайтынын және ешкімге бәрін нөлден бастаудың қажеті жоқ екенін түсіндірді. Copernicus атмосфераны бақылау қызметінің (CAMS) директоры, доктор Лоранс Руй CAMS ашық деректері орман өртінің түтінінен бастап құрлықтарды кесіп өтетін шөл шаңына дейінгі трансшекаралық ластануды қалай бақылауға мүмкіндік беретінін баяндады.
Ыстанбұл техникалық университетінің профессоры Хюсейин Торос COP31 конференциясын қабылдаған Анталья мен Манавгат өңіріндегі 2021 жылғы орман өрттеріне арналған зерттеуін ұсынды. Өрт ошағына жақын жерүсті станциялары PM10 концентрациясының 966,5 мкг/м³ деңгейіне жеткенін тіркеген. Түтін өрт сөндірілгеннен кейін де Анталья шығанағына дейін жетіп тұрған. Профессордың айтуынша, қалаларға жақын маңдағы ғана емес, жүздеген шақырым қашықтықтағы өрт түтіні туралы да ерте хабарлау жүйесі қажет. Докуз Эйлюль университетінің докторы Гизем Туна Туйгун жерүсті станциялары жоқ аймақтарда спутниктер арқылы 1 шақырымдық дәлдікпен қатты бөлшектердің ластану картасын жасау және оны көгалдандыру мен халық денсаулығымен байланыстыру жолдарын көрсетті.
A2 Research and Development Lab негізін қалаушы, доктор Алексей Романов Алматы мен оған іргелес елді мекендердегі ластану көздерінің 30 метрлік тордағы модельдеуін таныстырды. «Ауаны тазартпас бұрын, ластанудың қайдан шығып жатқанын нақты түсіну керек», — деді ол.
«Таза ауа — бұл актив»
Мартина Отто, БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) жанындағы Климат және таза ауа коалициясы (CCAC) хатшылығының басшысы: «Таза ауа — басқаруды қажет ететін шығын емес. Ол — инвестиция салуға тұратын актив. Ауаның ластануы мен климаттың өзгеруіне қатар бағытталған әрбір доллар он бес долларға дейін қайтарым әкеле алады».
Бұл дерек ЮНЕП пен CCAC бірлесіп дайындаған және 2026 жылғы қыркүйекте жарияланған Hidden Assets баяндамасынан алынған. Зерттеу бағалауынша, климат пен таза ауаға бағытталған кешенді шаралар салынған әрбір 1 АҚШ долларына шамамен 15 АҚШ доллары көлемінде пайда әкеледі.
Алматыдан Катмандуға дейін
Сессия соңында Clean Air Ambassadors by Taza халықаралық ашық қауымдастығы іске қосылды. Орталық және Оңтүстік Азияға бағытталған бұл қауымдастық өз қаласында таза ауа болуын қалайтын белсенділерді біріктіреді. Қазіргі уақытта Taza моделі Катмандуда (Непал) бейімделіп, сынақтан өтіп жатыр. Сондай-ақ команда Антальяда қорлармен, даму институттарымен және қала билігі өкілдерімен 15-тен астам кездесу өткізді.
«Ұйымды емес, жүйені масштабтау керек, — деді Сәулебекова. — Біз Алматыдан бастадық, бірақ мақсатымыз — бүкіл әлем: қалаларға таза ауаны қолжетімді етуге көмектесетін нақты құралдар беру».
Clean Air Ambassadors by Taza қауымдастығына қосылу: https://forms.gle/qg5E1x6CTdhJhJyJ9
Анықтама
Taza (Almaty Air Initiative) туралы. Taza — кәсіпкерлер, inDrive негізін қалаушы Арсен Томский мен Қайрат Ахметовтің қолдауымен Қазақстанда құрылған тәуелсіз халықаралық бастама. Ғылым, технология, ЖИ және мемлекеттік саясат тоғысында жұмыс істейтін Taza әлемдегі ең өзекті экологиялық әрі қоғамдық денсаулық мәселелерінің біріне өнімдік тәсіл қолданады.
Бастаманың негізінде жүйелі өзгерістерді іске қосу үшін ғылыми деректерді, қоғамдық сұранысты және билік әрекетін біріктіретін «таза ауаға арналған операциялық жүйе» жатыр. Taza ауа сапасын бақылау, озық атмосфералық модельдеу, жасанды интеллект және цифрлық өнімдер сияқты меншікті технологияларды әзірлейді. Бұл құралдар қалаларға ластану көздерін анықтауға, саяси шешімдерді бағалауға және деректерге сүйене отырып әрекет етуге көмектеседі. Қазақстан мен Непалда жұмыс істейтін Taza бүкіл әлемде ауа сапасын жедел жақсарту үшін масштабталатын технологиялар мен әдістемелер жасайды. Taza бастамасы Арсен Томский мен inDrive-тың 2030 жылға қарай ғылым, технология және таза ауаға арналған шешімдер арқылы кемінде бір миллиард адамның өмірін жақсарту жөніндегі ауқымды мақсатына үлес қосады.
Clean Air Ambassadors by Taza туралы — өз қаласында таза ауа болуын қалайтындарға арналған, Орталық және Оңтүстік Азияға бағытталған халықаралық ашық қауымдастық. Қатысушылар Taza әдістемелері мен деректеріне қол жеткізіп, негізін қалаушылармен ашық кездесулерге (Taza Talks), пікірлестер желісіне қатыса алады және өз қалаларында жобаларға жетекшілік ету мүмкіндігіне ие болады. Қосылу: forms.gle/qg5E1x6CTdhJhJyJ9
Сессия туралы. «Clean Air as a Product: Rethinking How Impact Scales» («Таза ауа өнім ретінде: ықпалды қалай масштабтауға болады») атты COP31 параллель іс-шарасы 2026 жылғы 18 қарашада Антальядағы Blue Zone аймағындағы Қазақстан павильонында (B150) өтті. Іс-шара серіктестері: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және «Жасыл Даму» АҚ.
- Спикерлер: Жұлдыз Сәулебекова (Taza), Сәуле Сабиева (ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі), доктор Лоранс Руй (Copernicus атмосфераны бақылау қызметі, ECMWF), Мартина Отто (Климат және таза ауа коалициясы, ЮНЕП), доктор Алексей Романов (A2 Research and Development Lab), профессор Хюсейин Торос (Ыстанбұл техникалық университеті), профессор Наджат Аун Салиба (Ливан Парламенті; Бейрут Америка университеті), доктор Гизем Туна Туйгун (Докуз Эйлюль университеті) және Арсен Томский (inDrive; бейнеүндеу).
- Модератор: Руслан Жемков (inVision).
Сұраныс бойынша қолжетімді материалдар: Жұлдыз Сәулебековамен сұхбат, спикерлердің презентациялары, сессиядан фотосуреттер, сессия флаері және Алматыдағы қысқы түтін (смог) түсірілген B-roll видеолар.
БАҚ өкілдеріне арналған байланыс:
Анна Никитенко pr@air.org.kz | +7 777 055 19 92
Сайт: www.air.org.kz | Instagram: @air.org.kz
Дереккөздер:
Жаһандық өлім-жітім және экономикалық тиімділік: ЮНЕП және CCAC, Hidden Assets: The economic and health case for climate and clean air action (2026 жылғы қыркүйек): 2025 жылы сыртқы ауаның ластануынан 6,4 млн және үй-жай ішіндегі ауаның ластануынан 2 млн мезгілсіз өлім тіркелген; салынған әрбір 1 АҚШ долларына шамамен 15 АҚШ доллары қайтарым (БҰҰ).
Алматы бойынша деректер: Taza бағалауы және AAI сауалнамасы (2026); қоғамдық алаңдаушылық туралы PaperLab зерттеуі (2025). Ауаның ластануы туралы хабардарлық индексі: Almaty Air Initiative, Серік Бейсембаев және PwC бірлескен жобасы. Темекі баламасы: Berkeley Earth ережесіне негізделген көрнекі бағалау (күніне бір темекі 22 мкг/м³ PM2.5 әсеріне тең).
Өрттерді зерттеу: Kara, Yavuz, Toros (2025), Environmental Monitoring and Assessment 197, 391.