
Деректерді Taza Air қосымшасынан және IQAir платформасынан көруге болады.
Алматы/Қарағанды, 2026 жылғы 29 қазан – Қарағандыда ауа сапасын бақылайтын тәуелсіз датчиктер желісі іске қосылды. Бұл Almaty Air Initiative қорының, Қарағанды облыстық Экологиялық музейінің және Satbayev University-дің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды. Деректер Taza Air қосымшасында және IQAir платформасында баршаға қолжетімді.
IQAir-дің 2024 жылғы деректеріне сай, Қарағанды әлемдегі ауасы ең ластанған үш қаланың қатарына кіріп, Үндістан, Пәкістан және Қытайдың көп қалаларынан озып кетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала жаһандық рейтингте 26-орынға жайғасты. Алайда осы уақытқа дейін мұнда ауа сапасы өте шектеулі көлемде өлшеніп келді: Михайловкада бір ғана тәуелсіз датчик жұмыс істеді, ал «Қазгидрометтің» үш автоматты станциясының тек біреуі PM2,5 көрсеткішін өлшеді. Бұл – адам денсаулығына аса қауіпті ластаушы заттардың бірі.
Қарағанды мен көршілес Теміртаудың маңында ірі өнеркәсіптік кластер орналасқан. Climate Trace деректеріне сай, шығарынды көздерінің қатарында әлемдегі PM2,5 шығарындыларының ең ірі нүктелік көздерінің 0,02%-ына кіретін Карметкомбинат және әлемдегі PM2,5 ластаушыларының ең жоғары көрсеткішке ие 10%-ының қатарына кіретін ЖЭО-3 бар.
Енді Қарағанды тұрғындары ауа сапасын кез келген уақытта бақылап, денсаулығын қорғау үшін шешім қабылдай алады. Мәселен, көшеде серуендеу уақытын шектеуге, арнайы респиратор пайдалануға, үй-жайды желдетуден бас тартуға немесе ауа тазартқыштарды қолдануға мүмкіндік бар.
Almaty Air Initiative қорының, Satbayev University-дің* және жергілікті белсенділердің бастамасымен Қарағандыда 12 датчик орнатылып жатыр (8-і – IQAir, 4-еуі – AirGradient датчиктері). Жергілікті серіктес ретінде жабдықтарды қабылдап, оларды орнатуға көмектесіп жатқан ЭкоМузей жұмыс істейді. Датчиктердің бір бөлігі Almaty Air Initiative сервистерінде – dashboard.air.org.kz дашбордында және Taza Air қосымшасында, сонымен қатар IQAir қосымшасы мен сайтында нақты уақыт режиміндегі өзекті деректерді көрсетіп тұр. Қалған датчиктерді орнату жалғасып жатыр. Жақын арада олардың деректері де барлық пайдаланушыға қолжетімді болады.
Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова:
«Таза ауа дегеніміз деректердің ашықтығынан басталады. Біз әр адамның таза ауаға және өзі тыныс алатын ауаның сапасы туралы шынайы ақпаратты білуге құқығы бар деп сенеміз. Бәріне қолжетімді әрі тәуелсіз мониторинг – ауа сапасын жақсартудағы маңызды алғашқы қадам. Мұны Халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Біздің мақсатымыз – тәуелсіз азаматтық мониторингті барынша ашық ету».
ЭкоМузей командасы:
«Экологиялық ақпаратты жинау әрі тарату – жұмысымыздың негізі және басты миссиямыз. Қарағандыда тәуелсіз мониторинг желісі пайда болды. Бұл тұрғындарға ауа сапасы туралы нақты деректерді біліп жүруге және сол фактілерге сүйене отырып, экологиялық мәселелерді шешуге қатысуға мүмкіндік береді».
Тәуелсіз мониторинг желісін Алматыдан тыс жерлерде де кеңейту – қор жұмысының маңызды кезеңі. Жақында Almaty Air Initiative қоры Taza Initiative брендімен әлемдегі ауасы қатты ластанған қалалардың бірі – Непал астанасы Катмандуда да жұмысын бастады. Мұнда да қор деректерді ашық ету және қоғамның белсенді қатысуына жағдай жасау құралы ретінде ауа сапасына азаматтық мониторинг жүргізу моделін дамытуды жалғастырады.
Анықтама
*Satbayev University ұсынған датчиктер № BR21881908 «Қалалық агломерацияны экологиялық сүйемелдеудің кешенді жүйесі» ғылыми жобасы аясында сатып алынған.
Almaty Air Initiative туралы
Almaty Air Initiative – Алматыда ауа сапасын жақсарту бағытында жұмыс істейтін қор. Қор тәуелсіз мониторинг жүйесін дамытады, зерттеулер жүргізеді, ауаның ластануы туралы деректерді ашық әрі қолжетімді етеді және қоғам, бизнес пен мемлекеттік құрылым арасындағы диалогты дамытуға ықпал етеді.
Байланыс
Анна Никитенко,
pr@air.org.kz, +7 777 055 19 92,
сайт: www.air.org.kz | Instagram: @air.org.kz