16 қыркүйекте Almaty Air Initiative ұжымы Астанада өткен декарбонизация бойынша Орталық Азия мен Еуропаның Үшінші аймақтық форумына қатысты.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Астанадағы GIZ сутегі дипломатиясы кеңсесі ұйымдастырған бұл жиын аймақтағы энергетикалық көшу мәселелерін талқылау мақсатында мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының басын қосты.

«Қазақстанның декарбонизациясындағы көмірдің рөлі» панельдік сессиясында Almaty Air Initiative ұйымының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова көмірдің жасырын залалы — ауаның ластануы мен оның халық денсаулығына тигізетін зардаптары туралы мәселе көтерді.

Қазақстан электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтумен қатар, көміртегі бейтараптығына да қол жеткізуі тиіс. Сондықтан энергетикалық көшуді қарастырғанда тек экономика мен энергетикалық қауіпсіздікпен шектелмей, қабылданатын шешімдердің ауа сапасы мен адамдардың денсаулығына әсерін де ескеру маңызды.