Almaty Air Initiative қоры Алматы тұрғындарының ауа сапасына көзқарасын зерттеген екінші жыл қатарынан жүргізілген сауалнаманың нәтижелерін ұсынды. Зерттеу тұрғындардың алаңдаушылығы артып, сенімі төмендеп жатқанын, ал ауа сапасы мегаполис үшін басты мәселелердің бірі болып қала беретінін көрсетті.

Сауалнама алаңдатарлық үрдісті көрсетті: әрбір төртінші алматылық (25%) экологиялық жағдайға байланысты қаладан көшіп кетуді ойлап жүр. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 17% болған. Табысы жоғары тұрғындар арасында бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Almaty Air Initiative қоры жүргізген ауа сапасын қабылдауға қатысты екінші жыл қатарынан өткізілген сауалнаманың негізгі қорытындылары:

— Әрбір үшінші тұрғын смогты күн сайын сезінеді. Ауа ластануының ең жиі байқалатын белгілері — смог пен мұнар, күйген иіс немесе көлік түтінінің иісі, шаң мен кір, аллергия және тыныс алу мәселелері. Ауа қатты ластанған күндері тұрғындардың 35%-ы ешқандай шара қолданбайды, 31%-ы үйде қалады, ал 23%-ы ауа тазартқыштарды пайдаланады. Білім деңгейі мен табыс неғұрлым жоғары болса, тұрғындар қорғану шараларын соғұрлым белсендірек қолданады.

— Алаңдаушылық артып келеді: алматылықтардың 63%-ы ауаның ластануы оларды қатты алаңдататынын айтқан. 2024 жылы бұл көрсеткіш 55% болған.

— Респонденттердің пікірінше, ауа сапасы нашарлап барады. Ауа сапасына көңілі толмайтын тұрғындардың үлесі 2024 жылғы 42%-дан 2025 жылы 50%-ға дейін өсті. Әрбір екінші тұрғын ауа сапасын нашар деп бағаласа, тек 14%-ы жақсы деп санайды. Әр он алматылықтың алтауы соңғы 2–3 жылда ауа сапасы нашарлады деп есептейді.

— Көшу туралы ойлайтындар көбейіп келеді: әрбір төртінші алматылық (25%) экологиялық жағдайға байланысты қаладан көшуді шындап ойлайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 17% болған. Айына 1 млн теңгеден астам табыс табатын тұрғындардың 41%-ы көшу мүмкіндігін шындап қарастырған.

— Денсаулыққа әсері айқын: тұрғындардың 80%-ы ластанған ауаның әсерін сезінеді. Көбіне шаршау, бас ауруы және аллергияға шағымданады. Респонденттердің 74%-ы ауаның ластануы ересектер үшін қауіпті деп санаса, 87%-ы оны балалар үшін қауіпті деп есептейді.

— Алматылықтардың жартысына жуығы (49%) смогқа байланысты қыста қаладан кеткісі келеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 45% болған. Тағы 12%-ы ауаның ластануынан қорғану үшін жыл сайын қыста қаладан кетіп жүреді. Қаладан кететіндердің басым көпшілігі бас ауруы, шаршау, аллергия және тыныс алу мәселелерін сезінеді.

— Респонденттердің пікірінше, ауаны ластайтын негізгі көз — көлік. Одан кейін ЖЭО және табиғи факторлар, соның ішінде жел бағытының табиғи айналымының бұзылуы аталады.

— Хабардарлық артып келеді: қазір тұрғындардың 18%-ы ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын біледі. 2024 жылы бұл көрсеткіш 10% болған. Сонымен қатар тұрғындардың 39%-ы ауа сапасын иіске немесе көзге көрінетін смогқа қарап бағалайды.

— Мемлекеттік органдарға сенім: тұрғындардың 63%-ы ауа сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларды тиімсіз деп санайды, ал 53%-ы ресми мәлімдемелерге сенімсіздікпен қарайды.

— Басым шаралар: алматылықтар биліктен автокөлік шығарындыларын азайтуды (57%), ЖЭО-ларды газға көшіруді (52%) және жасыл желектер санын көбейтуді (54%) күтеді.

— Қолға алынып жатқан бастамалар туралы хабардарлық әлі де төмен: респонденттердің 61%-ы ауа сапасын жақсартуға бағытталған бірде-бір нақты шараны атай алмады. Бұл тақырыптан көбірек хабардар тұрғындар төмен шығарындылар аймақтарын, ауа тазартқыштар сатып алуды, ЖЭО-ларды газға көшіруді, электр көлігін дамытуды және газға көшуді, сондай-ақ «Таза Қазақстан», Almaty Air Initiative және басқа да бастамаларды жиі атаған.

Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:

«Біз тұрғындардың ауа сапасын қалай қабылдайтынын жүйелі түрде зерттей бастадық. Өткен жылы бастапқы нүктені белгіледік, енді өзгерістерді жыл сайын бақылап отырамыз. Қазірдің өзінде тұрғындардың хабардарлығы артып келе жатқанын көріп отырмыз: ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын білетін адамдар көбейіп келеді. Біздің ойымызша, бұл өткен жылы ауа сапасы тақырыбының медиада кеңінен әрі белсенді жариялануымен байланысты. Бұған Almaty Air Initiative қызметі, төмен шығарындылар аймақтарын енгізу жоспарлары және ЖЭО-ларды газға көшіру мерзімінің жақындауы да ықпал етті.

Сонымен қатар алаңдатарлық белгілер де бар: тұрғындардың экологиялық жағдайға алаңдаушылығы артып, қаладан көшуді ойлайтындар көбейіп келеді. Бұл — нақты белгі: әрекет етуді кейінге қалдыруға болмайды».

Зерттеудің толық мәтінімен Almaty Air Initiative қорының ресми сайтында мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://air.org.kz/ru/research/kak-almatintsy-vidyat-smog-rezultaty-ezhegodnogo-issledovaniya-almaty-air-initiative/