Almaty Air Initiative Алматы тұрғындарының ауа сапасы туралы пікірлеріне арналған алғашқы тәуелсіз зерттеудің нәтижелерін жариялады

Almaty Air Initiative қоры Алматы тұрғындарының ауа сапасы туралы пікірлеріне арналған алғашқы тәуелсіз зерттеудің нәтижелерін жариялады. Зерттеу көрсеткендей, ауаның ластануы алматылықтардың басым бөлігін алаңдатады. Қала тұрғындарының жартысынан көбі (57%) соңғы 2–3 жылда ауа сапасы нашарлады деп есептейді. Ал сауалнамаға қатысқан әр он адамның төртеуі өз ауданындағы ауаның сапасын нашар немесе өте нашар деп бағалаған.

Ластанған ауа тұрғындардың денсаулығына елеулі әсер етеді

Қала тұрғындары мынадай мәселелерге шағымданған:

— бас ауруы мен шаршау — 41%;
— тыныс алу мәселелері — 35%;
— аллергия — 34%.

Респонденттердің 66%-ы ауаның ластануы балалар үшін өте қауіпті деп есептейді, ал 45%-ы ересектер үшін де осындай қауіп бар деп санайды.

Зерттеу тұрғындардың ауа сапасын тексеру жолдары туралы хабардарлығы төмен екенін көрсетті

Алматы тұрғындарының төрттен үш бөлігіне жуығы (74%) өз ауданындағы ауа сапасын қалай тексеруге болатынын білмейді. 18–24 жас аралығындағы жастар мен 55 жастан асқан тұрғындар арасында бұл көрсеткіш шамамен 80%-ға жетеді.

Бұл халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру және ауа сапасы туралы ақпаратты қолжетімді әрі түсінікті түрде тарату қажеттігін көрсетеді.

Ауа сапасын тексерудің қандай да бір тәсілдерін білетін тұрғындардың 40%-ы ауа сапасын өз сезіміне сүйеніп бағалайды — мысалы, иісіне немесе көріну қашықтығына қарай. 25%-ы ақпаратты әлеуметтік желілер мен форумдардан алады, ал 23%-ы AirVisual секілді арнайы мобильді қосымшаларды пайдаланады.

Респонденттердің 22%-ы ауа сапасы туралы ақпаратты веб-сайттардан алады, 9%-ы үйде орнатылған ауа сапасы датчиктерінің деректеріне сүйенеді. Ал қала билігі ұсынатын ресми деректерді тек 7% пайдаланады.

Алматылықтар қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қолға алынып жатқан шаралардың тиімділігін әртүрлі бағалайды. Сауалнамаға қатысқандардың 60%-ы биліктің ауа сапасын жақсарту бағытындағы қазіргі шаралары әзірге күтілген нәтижені бермеді деп есептейді. Респонденттердің жартысынан көбі (55%) мемлекеттік органдардың осы тақырыптағы ресми мәлімдемелеріне сенімсіздікпен қарайды.

Ауа сапасының нашарлығы алматылықтардың көшу туралы ойлануына әсер етіп отыр

Сауалнама деректеріне сәйкес, респонденттердің 17%-ы ауа сапасының нашарлығына байланысты Алматыдан көшіп кетуді шындап ойластырып жүр. Яғни шамамен әрбір алтыншы алматылық тұрғылықты жерін ауыстыру туралы ойланады.

Табысы жоғары тұрғындар арасында (айына 600 мың теңгеден астам) көшу туралы ойлайтындардың үлесі айтарлықтай жоғары — 35%. Демек, бұл топтағы әрбір үшінші адам қаладан кетуге дайын.

Кәсіпкерлер мен балалы отбасылар да бұл мәселеге ерекше алаңдайды. Кәсіпкерлердің әрбір төртіншісі және ата-аналардың 26%-ға дейіні қаладан көшу туралы ойланып жүр. Ал 18 жасқа толмаған балалары жоқ респонденттердің тек 13%-ы мұндай қадамды қарастырады.

Сонымен қатар алматылықтардың 45%-ы мүмкіндік болған жағдайда қыс мезгілінде қаладан уақытша кетуге дайын екенін айтқан.

Ауа қатты ластанған күндері әрбір үшінші тұрғын ешқандай сақтық шарасын қолданбайды

Ауа қатты ластанған күндері қандай сақтық шараларын қолданатыны туралы сұраққа респонденттердің 32%-ы ешқандай шара қолданбайтынын айтқан. Қала тұрғындарының 20%-ы ауа тазартқыштарды пайдаланады, ал 18%-ы маска тағады. Әрбір үшінші тұрғын мұндай күндері сыртта өткізетін уақытын шектеуге тырысады.

Алматыдағы ауа сапасын жақсарту жолдары туралы сұраққа жауап берген тұрғындар бірнеше негізгі шешімді ұсынған. Ең жиі айтылған бес ұсыныс:

— жасыл аймақтарды көбейту;
— қоғамдық көлікті дамыту, соның ішінде экологиялық автобустар мен трамвайларды көбейту;
— ЖЭО-ларды газға көшіру;
— құрылыс жұмыстарын бақылауды күшейту және биік ғимараттардың құрылысын шектеу;
— жеке автокөлікті пайдалануды азайту.

Респонденттердің 58%-ы көлік шығарындыларын азайту Алматыдағы ауа сапасын айтарлықтай жақсарта алады деп есептейді. 56%-ы саябақтар мен жасыл аймақтардың санын көбейтуді қолдайды.

Тұрғындар сондай-ақ ЖЭО-ларды газға көшіруді (49%), қоғамдық көлікті дамытуды (42%) және өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындыларын азайтуды (40%) қолдайды.

Almaty Air Initiative қорының зерттеуі Алматыдағы ауаның ластануы тұрғындардың денсаулығына елеулі әсер ететінін, алматылықтар оны балалар денсаулығына төнетін айқын қауіп ретінде қабылдайтынын, мемлекеттік органдарға деген сенімсіздікті күшейтіп, көші-қон көңіл күйіне ықпал ететінін көрсетті. Әрбір алтыншы тұрғын экологиялық жағдайдың нашарлығына байланысты қаладан көшу туралы ойланады. Бұл көрсеткіш табысы жоғары отбасылар, кәсіпкерлер және 18 жасқа толмаған балалары бар ата-аналар арасында одан да жоғары. Мұндай жағдай білікті кадрлардың кетуіне ықпал етіп, ел экономикасына елеулі зиян келтіреді.

Тұрғындардың ауа сапасын бақылау жолдары туралы хабардарлығының төмен болуы экологиялық жағдайды жақсарту және халықты ақпараттандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.

* Зерттеу әдістемесі: сауалнама 2024 жылғы 31 шілде мен 19 тамыз аралығында жүргізілді. Оған Алматының барлық аудандарынан 18 жастан асқан 1000 адам қатысты.

Зерттеудің толық нұсқасы мен қосымша деректер сұраныс бойынша беріледі.