
Almaty Air Initiative (AAI) қоры қысқы үзілістен кейін Орталық Азиядағы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, аллергендерді анықтайтын жалғыз датчикті қайта іске қосты. Өткен жылдың күзінде сынақтан өткізіле бастаған құрылғы енді ауадағы бөлшектерді нақты уақыт режимінде анықтап қана қоймай, аллергиялық дискомфорт индексін де есептейді. Бұл — қазіргі ауаның аллергиясы бар адамдар үшін қаншалықты қауіпті екенін көрсететін бірегей көрсеткіш.
Бөлшектердің 80 миллионнан астам кескіні негізінде оқытылған нейрондық желілер мен америкалық PollenSense компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында AAI тек тозаңды ғана емес, микроскопиялық зең спораларын, шаңды және тіпті микропластикті де анықтай алады.
Соңғы екі аптаның деректеріне сәйкес, Сәтбаев–Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысы маңындағы ауа сынамаларында, яғни датчик орнатылған жерде, мыналар басым:
Арамшөптер мен шөптесін өсімдіктер. Жылы маусым басталған сайын олардың үлесі арта түседі. Ең алдымен, бұл жолжелкен тозаңы: оның ең жоғары концентрациясы 19–24 наурыз аралығында тіркелді, ал 31 наурыз бен 3 сәуір аралығында қайта өсу байқалды. Сондай-ақ соңғы аптада қалақай мен астық тұқымдас өсімдіктердің тозаңы да байқалды.
Ағаш тозаңы. Бұл маусымдық шарықтау кезеңінің басталғанын көрсетеді. Концентрациясы орташа болғанымен, сезімтал қала тұрғындарында аллергиялық реакция туғызып отыр. Кипарис тұқымдас ағаштардың (кипарис, арша, туя) тозаң концентрациясының күрт өсуі Наурыз мерекесі күндеріне сәйкес келді. Наурыз мерекесі кезінде қарағаш тозаңының да салыстырмалы түрде жоғары концентрациясы байқалды. Ал соңғы аптада әсіресе терек пен кипарис тұқымдас ағаштардың тозаңы айқын байқалуда.
Ұсақ дисперсті шаң мен микропластик. Бұл — мегаполиске тән тұрақты фон.
Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Алматы үшін смог — аллергияны күшейтетін фактор. Қаланың уытты ортасы қарапайым тозаңды агрессивті «мутантқа» айналдырады, ал PM2.5 бөлшектері тасымалдаушы секілді әрекет етіп, бұл аллергендерді өкпенің тереңіне дейін жеткізеді. Сондықтан біздің мониторингіміз өте маңызды: біз алматылықтарға көзге көрінбейтін қауіпті нақты уақыт режимінде көруге көмектесеміз».
Аллергиялық дискомфорт индексі — технологияны әзірлеушілер жасаған көрсеткіш. Ол үш факторды біріктіреді:
- аллергендердің жалпы концентрациясын (бөлшек/м³);
- нақты өсімдіктердің қазіргі гүлдеу кезеңіндегі аллергендік индексін;
- метеорологиялық деректерді (аллергендердің таралуына әсер ететін жел мен ылғалдылық).
Индекс жоғары болған жағдайда ұзақ серуендеуден бас тарту немесе терезелерді жабу ұсынылады. Барлық дерек жаңартылған дашбордта нақты уақыт режимінде ашық түрде жарияланады: https://dashboard.air.org.kz/.
Кез келген тұрғын платформаға кіріп, ауа сапасының жалпы индексін (PM2.5 бойынша) ғана емес, аллергиялық қауіп деңгейін де біле алады.
Almaty Air Initiative биыл аллергендерді анықтайтын тағы бір датчик сатып алып, оны қаланың солтүстік бөлігіне орнатуды жоспарлап отыр. Бұл бақылау аумағын кеңейтіп, алматылықтарға неғұрлым егжей-тегжейлі ақпарат беруге мүмкіндік береді.