
Almaty Air Initiative қоры кез келген сайтқа орнатуға болатын ауа сапасы виджетін әзірледі. Енді бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері, компаниялар және басқа да интернет ресурстар өз аудиториясына Алматыдағы ауа сапасы туралы ақпаратты бірден ұсына алады.
Жаңа виджет:
– Almaty Air Initiative тәуелсіз мониторингі Орталық Азиядағы ең тығыз датчиктер желісінің көрсеткіші негізінде ауа сапасы туралы деректерді нақты уақыт режимінде көрсетеді;
– түрлі форматта ұсынылған: ықшам нұсқадан кең форматқа дейін сайтқа барынша үйлесетін дизайнды таңдауға болады;
– мүмкіндігінше кең аудиторияға түсінікті болуы үшін қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді;
– орнатуға өте ыңғайлы: қор бұл процесті барынша түсінікті ететін егжей-тегжейлі нұсқаулық дайындады.
Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова:
«Деректер көзге көрінбейтін мәселені көзге анық көрсетеді. Адамдар немен тыныстап жүргенін түсінген кезде өзгеріске деген сұраныс пайда болады. Ал қоғамның сұранысы болғанда ғана билікте ауқымды мәселелерге басымдық беріледі».
Зерттеулер мен тәжірибе ауа сапасы туралы жедел ақпарат адамдарға дұрыс шешім қабылдауға көмектесетінін дәлелдейді:
– серуендеу мен спортпен шұғылдануды жоспарлағанда;
– ашық аспан астындағы түрлі іс-шараларды ұйымдастырғанда;
– әсіресе балалар, қарттар және созылмалы аурулары бар адамдар туралы сөз болғанда, ластанған ауаның әсерін азайту үшін дер кезінде қажет шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде ашық деректер адамдарға денсаулығын қорғауға ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Лас ауа көзге көрінетін болған сайын, адамдар өз әдеттерін өзгерте бастайды және ауа сапасын жақсартуға бағытталған шараларды белсендірек қолдайды.
Виджетті орнату үшін арнайы білім қажет емес. Барлық қолжетімді нұсқалар мен қосу бойынша кезең-кезеңімен берілген нұсқаулық мына сілтемеде бар: https://airwidget.air.org.kz/widgets
Almaty Air Initiative сайт иелерін осы бастамаға қосылып, ауа сапасы туралы деректерді тұрғындар үшін барынша ашық етуге шақырады.
Алматының ауасы таза болуын бәріміз қолдаймыз!
Almaty Air Initiative қоры туралы:
Almaty Air Initiative (Алматы Эйр Инишиатив) қоры – Алматы ауасы таза болуы үшін технология, ғылым және қоғамды біріктіріп, экологиялық әділетсіздік мәселесін шешумен айналысатын жеке қор.
Қордың жұмысы үш стратегиялық бағытты қамтитын AIR тәсіліне негізделген:
Awareness – экологиялық мәдениетті және өзгерістерге қоғамдық сұранысты қалыптастыру;
Infrastructure – технологиялық шешімдер мен үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу;
Regulation – нормативтік реформалар мен жүйелі өзгерістерді ілгерілету.
AAI технологияларды қолданады (датчик желісі, деректерді талдау платформасы және аллергендерді бақылау мен шығарындыларды модельдейтін жасанды интеллект), зерттеулер мен сауалнамалар жүргізеді, мемлекетпен және бизнеспен ынтымақтасады, білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, экология туралы кино, юмор және креативті формат арқылы айтады. Бұл халықтың экологиялық түсінігін өзгертіп, таза ауаға қоғамдық сұраныс қалыптастыратын медиалық күн тәртібін жасайды. Сонымен қатар Almaty Air Initiative көлік саясаты, энергетикалық саясат және қаланың экологиялық инфрақұрылымына «смарт» технологияларды енгізу мәселелері бойынша сараптамалық орталық ретінде қызмет етеді. AAI – инновация, ғылым, креатив, медиа және институциялық реформалар бірігіп, қаладағы ауа сапасы мен өмір сапасын қалай өзгерте алатынының мысалы.
Байланыс:
Анна Никитенко,
pr@air.org.kz, +7 777 055 19 92,
сайт: www.air.org.kz | Instagram: @air.org.kz