
Almaty Air Initiative қоры азаматтық ауа мониторингі қалалық жүйесін дамытудың жаңа кезеңін бастады. Енді Алматыда ұсақ дисперсті бөлшектерді (PM2.5 және PM10) ғана емес, газ тәрізді ластаушы заттарды да (азот оксидтері, көміртек оксиді, күкірт диоксиді және жерүсті озоны) бақылау басталады.
Осы мақсатта қалада бұрын орнатылған 170 датчикке қосымша тағы 30 жаңа станция жұмысын бастады. Олардың 17-сі күнде мыңдаған тұрғын жүретін маңызды әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктердің жанына – мектептер, балабақшалар және скверлерге орнатылды. Барлық датчиктің деректерін бұрынғыдай Mycar.kz қосымшасындағы «Ауа сапасы» бөлімінен бақылауға болады. Картада олар шаршымен белгіленген, оларды түрткен кезде қаланың нақты ауданындағы ластаушы заттардың концентрациясын көруге болады.

Бұл датчиктердің PM2.5 бөлшектерін тиімді бақылап отырған қазіргі желіден айырмашылығы (негізгі себебі – өндіріс нысандары мен жеке секторды жылыту үшін қатты отынды жағу), жаңа датчиктер автомобиль шығарындыларына да тән газ тәрізді ластаушыларды егжей-тегжейлі бақылауға мүмкіндік береді:
– азот оксидтері (NO₂),
– көміртек оксиді (CO),
– күкірт диоксиді (SO₂),
– жерүсті озоны (O₃)
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы бұл заттарды адам денсаулығына тікелей әсер ететіндіктен, реттеуге басымдық берілетін ластаушылар қатарына жатқызады. Азот оксидтері мен көміртек оксиді іштен жану қозғалтқыштарында отын жанған кезде түзіледі. Күкірт диоксиді қатты отын жанғанда шығады. Алматыда оның негізгі көзі – көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО.
Көп зерттеулерге сай, жоғары концентрация:
– NO₂ тыныс алу жолдарының қабыну ауруларымен және асқынған демікпемен байланысты,
– CO қанның оттегіні тасымалдау қабілетін төмендетеді,
– жерүсті озоны тыныс алу жүйесінің тітіркенуін күшейтіп, созылмалы аурулары бар адамдарға әсер етеді,
– күкірт диоксиді тыныс алу жолдары, жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, иммундық және эндокриндік жүйе ауруларын қоздырады.
Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова:
«Осындай ластаушыларды бақылай алатын жаңа датчиктердің орнатылуы Орталық Азиядағы ең тығыз азаматтық мониторинг желісін күшейтіп, лас ауаның құрамы туралы маңызды деректер алуға мүмкіндік береді. Бұл ауа сапасын жақсарту үшін жұмыс істеп жатқан барлық мүдделі тарапқа көмектесуге тиіс».
Қазір жаңа станцияларды пайдалану сынақ кезеңінен өтіп жатыр. Сынақ аяқталғаннан кейін ақпарат Almaty Air Initiative-тің ашық дашбордына енгізіледі: https://dashboard.air.org.kz/