
Алматы балаларының басым бөлігі оқу жылы бойы ДДСҰ нормасынан шамамен 9 есе лас ауамен тыныс алады. Almaty Air Initiative қорының бағалауынша, PM2.5-тің мұндай деңгейінің жинақталған әсері баланың IQ деңгейінен ықтимал 7–8 балл жоғалтуға тең, ал қаланың солтүстік аудандарындағы мектепте өткізілген бір оқу жылы өкпеге түсетін салмағы жағынан жүздеген шегілген темекіге пара-пар. Бұл — Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай қаладағы оқу орындары маңындағы ауа сапасы бойынша жүргізілген зерттеудің қорытындысы.
Зерттеу 352 мектеп пен 1 008 балабақшаны қамтыды әрі Almaty Air Initiative-тің PM2.5 сенсорлар желісінің деректеріне және 2025–2026 оқу жылындағы ашық дереккөздерге сүйенді. Барлық өлшеу нәтижелері мекемелердің айналасындағы ауа сапасын көрсетеді және мектептер мен балабақшалардың жұмысына берілген баға емес.
Негізгі көрсеткіштер:
- Түрксіб ауданындағы мектепте немесе балабақшада өткізілген бір жыл бала денсаулығына түсетін салмағы жағынан шамамен 423 шартты темекіге пара-пар;
- Алматы мектептері мен балабақшалары маңында оқу күндерінің 48,4%-ы (157 оқу күнінің 76-сы) PM2.5 концентрациясы ҚР-дағы орташа тәуліктік ШРК-дан (35 мкг/м³) асқан кезде өтті;
- Балабақшалар маңындағы орташа деңгей — 44,8 мкг/м³, мектептер маңында — 43,0 мкг/м³ (ДДСҰ ұсынған орташа жылдық 5 мкг/м³ көрсеткішінен шамамен 9 есе жоғары);
- Ең таза және ең лас мекемелердің арасындағы алшақтық 3,5 есеге жетті;
- Түрксіб ауданында ДДСҰ ұсыныстарынан асып кету оқу күндерінің 91%-ында тіркелді.
Жұлдыз Саулебекова, Almaty Air Initiative қорының директоры:
«Алматыдағы смог — жай ғана экологиялық мәселе емес. Бұл — балаларымыздың денсаулығы мен болашағына, олардың зияткерлік әлеуетіне төнген қатер. Оқу жылының 80%-дан астам күнінде балалар лас ауамен тыныс алып, тек тыныс алу мүшелерінің ауруларына ғана емес, ми қызметінің бұзылу қаупіне де ұшырады. Біздің балаларымыздың сау өсуге және ауасы таза қалалардағы балалармен бірдей бастапқы мүмкіндіктерге ие болуға құқығы бар».
Ең ауыр жағдай – солтүстік аудандарда

Түрксіб және Алатау аудандары маусым бойындағы барлық шектен тыс ластанған сағаттардың жиыны бойынша шамамен 66%-ын құрады. Сонымен қатар, тіпті ең қолайлы аудандардың өзінде концентрация уақыттың көп бөлігінде балаларға арналған халықаралық ұсыныстарға сәйкес келмеді.
Алматы мектептерінің маңындағы ауасы ең лас локациялардың үздік тізімі
| Аудан | Мектеп | Орташа PM2.5 |
|---|---|---|
| Алатау | № 156 Мектеп | 71,3 мкг/м³ |
| Түрксіб | № 84 Мектеп | 67,1 мкг/м³ |
| Алмалы | № 147 Мектеп-гимназия | 64,6 мкг/м³ |
| Наурызбай | QSI International School | 62,8 мкг/м³ |
| Жетісу | № 137 Мектеп | 59,0 мкг/м³ |
Жоғары көрсеткіштер мектептердің жұмысын емес, олардың айналасындағы ауа сапасын көрсетеді: ластанудың негізгі көздері мекемелердің бақылауынан тыс орналасқан.
№ 156 мектептің маңында PM2.5 деңгейі ДДСҰ жылғы нормасынан 16 есе жоғары болды. Салыстырмалы түрде таза Алмалы ауданындағы № 147 мектеп-гимназияның жағдайы — айқын мысал: оның жанындағы ауа Алматы-2 вокзалымен (дизельді локомотивтер, вагондарды көмірмен жылыту) көршілес болғандықтан «қызыл аймаққа» түсті. Жылдың ең лас күні — 7 желтоқсанда — мектептің жанында орташа тәуліктік 207,5 мкг/м³, ал ең жоғары мәнінде 774 мкг/м³ тіркелді; бұл — ДДСҰ нормасынан 52 есе және ҚР-дағы ең жоғары бір реттік ШРК-дан 4,8 есе жоғары.
Ауасы ең лас 20 балабақшаның 12-сі Алатау ауданында орналасқан, ал нормативтер бойынша балалар күн сайын далада 2–3 сағатқа дейін болуға тиіс.
Зерттеу оқу маусымындағы ауаның ластану динамикасын ай сайынғы бөліністе көрсетті.
| Ай | Қала бойынша орташа PM2.5 көрсеткіші | Қандай өзгерістер болды |
|---|---|---|
| Қазан | 36,3 мкг/м³ | Қаланың солтүстігінде ШРК-дан асу тіркеле бастады |
| Қараша | 54,4 мкг/м³ | Түрксіб ауданында ластану 82%-ға артты |
| Желтоқсан | 62,4 мкг/м³ | Маусым шыңы: 8 ауданның 6-ында ауа сапасы ағзаға зиянды деңгейге жетті |
| Қаңтар | 57,7 мкг/м³ | Балалар демалыстан оралды, бірақ концентрация тұрақты түрде жоғары болды |
| Ақпан | 40,2 мкг/м³ | Ластану 30%-ға азайды, бірақ солтүстік әлі де ШРК-дан асып тұр |
| Наурыз | 35,4 мкг/м³ | Оңтүстік аудандарда ауа сапасы алғаш рет орташа тәуліктік ШРК-дан төмен болды |
| Сәуір | 16,0 мкг/м³ | Жыл ішіндегі салыстырмалы түрде қауіпсіз жалғыз ай |
Ауа қашан ең қауіпті
Ластану қысқа қарай күшейеді (желтоқсандағы шыңы — қала бойынша 62,4 мкг/м³) және тек сәуірге қарай ғана төмендейді (16,0 мкг/м³). Зерттеу апталық циклді де анықтады: жексенбі — ең лас күн (56,4 мкг/м³), ал дүйсенбіде балалар мектепке жиналған смогтың «соңымен» келеді (сәрсенбідегі 36,6 мкг/м³-ге қарағанда 49,0 мкг/м³).
Тәуліктің ең қауіпті уақыты — кеш: сағат 17:00-ден кейін солтүстік аудандарда концентрация 80–90 мкг/м³-ге дейін көтеріледі. Дәл сол кезде балалар мектептен, үйірмелерден және серуеннен үйге қайтады.
Бұл балаларға немен қауіпті
2024 жылғы халықаралық мета-талдауға сәйкес, PM2.5-тің әрбір қосымша 1 мкг/м³-і баланың IQ деңгейінің шамамен 0,27 баллға төмендеуімен өзара байланысты: Алматыдағы орташа жылдық деңгейде бұл ықтимал 7–8 балл жоғалтуға әкеледі. Бұдан бөлек, ауаның ластануы демікпе қаупінің артуымен, тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларымен, өкпе қызметінің төмендеуімен, сондай-ақ назар шоғырландыру мен оқу қабілетінің нашарлауымен байланысты.
Almaty Air Initiative қоры лас ауаның балаларға әсерін таяу жылдары-ақ төмендете алатын бірқатар шараны ұсынады:
Қор не ұсынады
Almaty Air Initiative қоры лас ауаның балаларға әсерін таяу жылдары-ақ төмендете алатын бірқатар шараны ұсынады:
- Мектептер мен балабақшалардан 1 км радиуста көмірмен жылытуға тыйым салу — солтүстіктегі PM2.5 деңгейін төмендетудің ең жылдам жолы.
- Ашық мониторинг: әрбір мекеменің маңында ата-аналар үшін жария онлайн қолжетімділігі бар сенсорлар орнату.
- Ластану жоғары күндердегі мектеп хаттамалары: PM2.5 50 мкг/м³-ден асқанда серуен мен ашық ауадағы дене шынықтыру сабақтарын болдырмау.
- Жаңа құрылысқа арналған нормалар: ластану жоғары аудандардағы сыныптарда сырттан келетін ауаны (желдету жүйесін) міндетті түрде тазарту.
- Мектептердің айналасындағы «таза аймақтар»: қозғалтқышты қыздыруға және қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған күйде ұзақ тұраққа тыйым салу.
- Медициналық тізілім: демікпе мен бронхит ауруларын мектептер бойынша ауа сапасымен байланыстыра тіркеу.
- Ата-аналарға арналған ағартушылық науқан: баланың далада болу уақытын қай сағаттар мен күндері қысқартқан дұрыс екендігі туралы.
- Ластанған аудандардағы мекемелерді HEPA сүзгілері бар желдету жүйесімен жарақтандыру.
Зерттеумен Almaty Air Initiative қорының сайтында толық танысуға болады: https://air.org.kz/research/vozduh-kotorym-dyshat-deti-almaty-chto-pokazyvaet-vozduh-vozle-shkol-i-detskih-sadov/