24 наурызда жарияланған IQAir 2025 жылғы жаһандық есебінде ауаның PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектермен ластану деңгейі бойынша Қазақстан 27-ші орынға ие болды. Бұл ретте елдің мегаполисі – Алматы қаласы елордалар рейтингісіне енбеді, бірақ оның нақты көрсеткіштеріне қарасақ, әлемнің отыз ең лас астанасы қатарына кіретінін айтуға болады. Almaty Air Initiative қорының сарапшылары 2025 жылғы IQAir есебінің деректерімен танысты.
Есепте 143 ел, өңір мен аумақтағы 9 446 қаладан алынған PM2.5 көрсеткіші бойынша ауа сапасына қатысты деректер ұсынылған. Ақпарат 40 мыңнан астам реттелетін мониторинг станцияларынан жиналған. IQAir сарапшыларының айтуынша, 2025 жылы қалалардың тек 14%-ы ДДҰ белгілеген қауіпсіз деңгейге жеткен (былтыр бұл көрсеткіш 17% болған). Орта және Оңтүстік Азияда Қазақстан ластану деңгейі бойынша 8-орында тұр. Ел бойынша орташа жылдық көрсеткіш 23,4 мкг/м³ құрап, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормадан (5 мкг/м³) шамамен 5 есе жоғары болды.

Әлемдегі ең ластанған елдердің алғашқы бестігіне Азияның үш мемлекеті кіреді: Пәкістан (67,3 мкг/м³), Бангладеш (66,1 мкг/м³) және Тәжікстан (57,3 мкг/м³).
Елорда қалаларының антирейтингінде (оны Үндістанның Нью-Дели қаласы 68 мкг/м³ көрсеткішімен бастап тұр) Алматы (22,81 мкг/м³), “республикалық маңызы бар қала” мәртебесіне ғана ие болғандықтан, бұл тізімге енбеген. Алайда Almaty Air Initiative жүргізген талдау Алматыдағы ауа сапасы көршілес елдердің астаналарымен шамалас екенін көрсетеді:
Бішкек (Қырғызстан) — 29,7 мкг/м3
Ташкент (Өзбекстан) — 39,0 мкг/м3
2025 жылы Алматыдағы PM2.5 көрсеткіші артқаны байқалады: 2024 жылы ол 20,3 мкг/м³ болса, 2025 жылы 22,8 мкг/м³ мәніне жеткен.
Қазақстанның басқа қалаларында да жағдай біркелкі емес. Қарағанды дәстүрлі түрде еліміздегі ең ластанған қала (1-ші орын) және әлемдік рейтингте 26-шы орында (9446 қаланың ішінде). Бұл қаладағы орташа жылдық PM2.5 концентрациясы ДДҰ нормасынан 14,5 есе жоғары (72,6 мкг/м³).
| Ең ластанған және ең таза елді мекендер, PM2.5, (мкг/м³) | |||||
|---|---|---|---|---|---|
| 1. | Қарағанды | 72,6 | 17. | Жезқазған | 2,8 |
| 2. | Первомайка | 39,4 | 16. | Көкшетау | 3,0 |
| 3. | Теміртау | 38,3 | 15. | Щучинск | 6,7 |
| 4. | Боралдай | 35,0 | 14. | Шетпе | 9,4 |
| 5. | Талғар | 34,3 | 13. | Рудный | 9,8 |
Қазақстанның арқасында 2025 жылы Орта және Оңтүстік Азия аймағында зиянды бөлшектер концентрациясы ДДҰ-дың ең қатаң нормасына (5 мкг/м³) сай келетін 2 қала тіркелген. Ойламаған жерден, біздің өңірде бұл тізімді Орталық Қазақстандағы өнеркәсіптік моноқала – Жезқазған бастап тұр, ол әлемдік рейтингте 9446 қаланың ішінде 9328-орында. Екінші орында Көкшетау, ол 2025 жылғы Қазгидромет деректері бойынша елдегі ең таза қала деп танылған. Алайда Жезқазған мен Көкшетауда тәуелсіз мониторинг желілерінің датчиктері жоқ, бұл деректерді валидациялауды қиындатады.

Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Дүниежүзілік рейтингтер елдер арасындағы жарыс емес, денсаулыққа төнетін нақты қауіп-қатерді түсінудің құралы. Егер Алматы елорда болса, ол әлемдегі ең ластанған 30 астананың қатарына енер еді. Бірақ қала мәртебесі екі миллион адамның тыныстап отырған ауасының құрамын өзгертпейді. Сондықтан дүниежүзілік есептегі Алматы қаласындағы ауа ластануының өршіп келе жатқанын көрсететін деректер жүйелі шешімдер мен ашық ақпараттың қажеттігін айқындайды”.
IQAir есебінде 2025 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментіне тиесілі бірқатар мониторинг станциясының жұмысы тоқтатылғаны, соның салдарынан 44 елде ауа сапасын бақылау әлсірегені атап өтіледі. Демек жергілікті бастамалардың маңызы арта түседі. Almaty Air Initiative серіктестер мен демеушілердің қолдауымен өңірдегі ең ірі тәуелсіз мониторинг желісін дамытып келеді: AAI Dashboard платформасы қала бойынша жүздеген датчиктен деректерді жинақтап, тұрғындарға ауа сапасын нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік береді.
IQAir World Air Quality Report 2025 толық есебі компанияның ресми сайтында жарияланған: https://www.iqair.com/ru/world-air-quality-report. Ал Алматы бойынша өзекті деректер Almaty Air Initiative платформасында: https://dashboard.air.org.kz/, сондай-ақ ірі және жергілікті мониторинг сервистерінің сайттары мен қолданбаларында қолжетімді: IQAir, Airgradient, MyCar, InDrive