
Қазақстандық Almaty Air Initiative қоры халықаралық деңгейге шығатыны туралы хабарлады. Жаһандық экспансия Taza Initiative брендімен басталып, бұл тәжірибенің тұсауы Непалда кесілмек. Бұрын бұл туралы әлеуметтік желілерінде Almaty Air Initiative қорының құрылтайшысы, кәсіпкер және inDrive құрылтайшысы Арсен Томкий жариялаған болатын.
Өткен аптада Катмандуда Kathmandu Clean Air Dialogue форумы өтті. Эксперттік алаң Almaty Air Initiative және inDrive командаларының қатысуымен ұйымдастырылды. Шараға Непалдың Орман шаруашылығы және қоршаған орта министрі Мадхав Прасад Чаулагаин қатысты.
Катманду Алматы сияқты тау бөктерінде орналасқандықтан, қыстағы смог әсері жоғары. Ресми деректерге сәйкес жыл сайын ауаның ластануы Непалда 48 500 мезгілсіз өлімнің себебі болып отыр. Мемлекет үшін бұл тек экология мен денсаулық сақтау мәселесі емес. Таланттарға, инвестиция мен инновацияларға деген халықаралық бәсекелестік жағдайында ауаның сапасы елдің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болмақ.
Диалог аясында сарапшылар, академиялық қауымдастық және азаматтық сектор өкілдері ауаның ластануы мәселесін ғылым, мемлекеттік саясат және қоғамды тарту тұрғысынан қарастырды.
Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
“Ауа сапасы мәселесі бүкіл әлемдегі қалаларды біріктіретінін көріп отырмыз. Тәжірибемізге сүйенсек, өзгерістерді сапалы түрде бастау үшін ең алдымен осы тақырыпқа деген көзқарасты өзгертіп, оны өзекті мәселеге айналдыра білу керек. Taza Initiative бастамасы – Алматыда ойдағыдай сынақтан өткен үлгіні масштабтауға апаратын стратегиялық қадам: тәуелсіз азаматтық мониторингті дамыту, деректердің ашықтығын арттыру, ластану көздеріне ғылыми талдау жүргізу және қоғам, бизнес және мемлекет арасында сындарлы диалог құру.
Almaty Air Initiative Қазақстандағы жұмысын жалғастыра отырып жаһандық бағытын Taza Initiative арқылы дамытады.
Анықтама:
“Taza” қазақ тіліндегі “таза” сөзі. Непал тілінде де осыған ұқсас мәнге ие – “балғын, таза” дегенді білдіреді. Осындай мәнді сәйкестіктің өзі әр адамның таза ауамен тыныс алу құқығын жалау етіп алған халықаралық қозғалыстың құнды негізін қалайды.