
Almaty Air Initiative (AAI) қоры жаңа ауа сапасы датчиктері желісінің тестілік кезеңінің аяқталғанын және деректерді IQAir, AirGradient және OpenAQ сияқты жетекші халықаралық ауа мониторингі платформаларында толыққанды жариялау кезеңіне өткенін хабарлайды.
Сонымен қатар деректер Қор әзірлеген цифрлық платформада — интерактивті дэшбордта dashboard.air.org.kz сайтында жарияланады. Платформа азаматтық мониторингке арналған тәуелсіз талдамалық құрал ретінде жасалған және сервистерінің көшірмесі немесе айна нұсқасы емес. Дэшборд тарихи деректерді сақтайды, қаланың әртүрлі аудандары арасындағы көрсеткіштерді салыстыруға мүмкіндік береді және уақыт бойынша ластану динамикасын талдауды қамтамасыз етеді. Бұл тұрғындарды хабардар ету, аналитикалық зерттеулер мен экологиялық саясатты қалыптастыру үшін қажет.
170 датчиктен тұратын желі үш ай бойы Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен тестілік режимде жұмыс істеді және тек MyCar мобильдік қосымшасының пайдаланушыларына қолжетімді болды. Бүгіннен бастап деректер барынша ашық.
Жұлдыз Саулебекова,
Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Біздің қор Азиядағы ең ірі тәуелсіз ауа сапасы мониторинг желісін құрды — халықаралық экологиялық мониторингте сирек кездесетін ауқымды жоба. Тестілік кезеңнің аяқталуы және IQAir сияқты халықаралық платформаларда деректердің жариялануы толық ашықтыққа және ауа сапасының нақты “цифрлануына” көшуімізді білдіреді.
Датчиктердің жоғары тығыздықта орналасуы ауа сапасын микро деңгейде — көше сайын, квартал сайын талдауға мүмкіндік береді. Оның ішінде Алматы облысындағы датчиктердің орнатылуы да бар. Бұл күрделі рельефі, жиі инверсиялары, көмірмен жылытуы, көлік шығарындылары және тығыз құрылысы бар Алматы сияқты қала үшін зерттеулер мен модельдеуге маңызды».
Фрэнк Хаммес,
IQAir компаниясының бас директоры:
«Азаматтар өз қаласындағы ауаның сапасын өлшей бастаған кезде, қоғамдастықтың белсенділігі мен деректердің ашықтығы арта түседі. Мемлекеттік мониторинг маңызды болғанымен, Almaty Air Initiative сияқты тәуелсіз ауа сапасын бақылау желілері нақты уақыт режимінде аса қажет қосымша, гиперлокалды деректерді ұсынады. Бұл қоғамдық талқылауды ынталандырып, нақты деректерге негізделген шешімдердің қабылдануын жеделдетеді, соның нәтижесінде ауаның сапасы барша үшін жақсарады. IQAir ауаның сапасы туралы ақпаратты өз тегін веб-сайты мен мобильді қосымшасы арқылы барынша ашық әрі салыстырмалы түрде ұсынатынын мақтан тұтады».
IQAir платформасында ауа сапасы деректерінің жариялануы Алматыны экологиялық ашықтықтың жаңа деңгейіне шығарады. Мұндай қолжетімділік азаматтық мониторингтің рөлін күшейтеді. Ол құрал ретінде:
– ауа сапасының бастапқы деңгейін (baseline) тіркеуге және болашақ шаралардың тиімділігін бақылауға;
– талдау, зерттеу, модельдеу және шешімдерді бағалау үшін негіз қалыптастыруға;
– тұрғындардан бастап бизнес пен мемлекеттік органдарға дейін барлық тараптардың жауапкершілігін арттыруға;
– экологиялық мәдениетті нығайтуға және жүйелі өзгерістерге қоғамдық сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді.