Техникалық тексерулердің мәселесі неде?

Техникалық тексерулердің мәселесі неде?

Бұл сұраққа жауап беру үшін біз өз зерттеуімізді жүргізуді ұйғардық. Біз Алматыдағы сегіз техникалық тексеру пунктіне клиент ретінде бардық. Бірақ, эксперимент нәтижелері мен сарапшы пікірін бөліспес бұрын…

Техникалық тексеру деген не және оны кімдер өтеді?

Көліктің техникалық тексеруі (техосмотр) – бұл көліктің техникалық жағдайының қауіпсіздік және экологиялық стандарттарға сәйкестігін тексеру үрдісі.

Қазақстанда техникалық тексеру міндетті түрде жыл сайын 7 жылдан асқан көліктер үшін, және әр 6 ай сайын көлікпен кәсіпкерлік қызмет атқаратын көліктер үшін өткізіледі.

Бұл процесс барысында көлік иелері өз транспорттарының жарамды екенін тексере алады. Техникалық тексеру тек көлік құралдарының дұрыс жұмыс істеуін ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар зиянды газдардың шығуын азайтуға септігін тигізеді, себебі тексеру барысында газдардың токсикологиясы да бағаланады.

Автокөліктер ауа ластануының негізгі себептерінің бірі болып саналады. Сондықтан, адал өтілген техникалық тексерулер көліктің ауа сапасына әсерін азайтуға көмектесетіні анық.

Техникалық тексеру қалай өтуі керек?

Техникалық тексерулерді өткізу ережелері 2015 жылғы 26 наурызда бекітілген “Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың көліктері мен тіркемелерінен басқа механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің міндетті техникалық тексеруін ұйымдастыру және өткізу қағидаларымен” реттеледі.

Техникалық тексеру стандарттары ҚР СТ 1811-2018 “Автомотокөлік құралдары. Міндетті техникалық тексеру. Бақылау әдістері” бойынша анықталады.

Стандартқа сай, техникалық тексеру екі кезеңнен тұрады:

  1. Алғашқы кезең – көліктің мемлекеттік тіркеу деректерімен сәйкестігін тексеру.
  2. Негізгі кезең – көліктің техникалық жағдайын, тежеу жүйесін, рульдік басқаруын, көрінуін, жарықтандыруын, доңғалақтар мен шиналарды, аспа жүйесін, экологиялық көрсеткіштерін (шығарылған газ, жанармай және сұйықтық ағуы) тексеру.

Барлық деректер техникалық тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Тексеру нәтижесінде жүргізушіге диагностикалық карта беріледі.

Пункттер қажетті жабдықтармен: тежегіш стендімен, жарық өлшегішпен, газ анализаторымен, түтінөлшегішпен, шу өлшейтін құрылғылармен жабдықталуы керек.

Қазіргі таңда техникалық тексеру қалай өткізіледі?

Соңғы жылдары Қазақстанда техникалық тексеру рәсімі формалдылыққа айналды. Диагностикалық карталар көлікті нақты тексермей-ақ беріледі. Мұны біздің тәжірибеміз де, сондай-ақ Республикалық техникалық тексеру орталықтары қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Катунцев те растады.

“Пункттердің шамамен 80%-ында жабдықтар жұмыс істемейді. Қағаз жүзінде бар, іс жүзінде – жоқ,” – дейді Дмитрий.

Біздің эксперименттің нәтижелері:

Almaty Air Initiative командасы клиент ретінде сегіз пунктке барған кезде, бізге тексеруді 3–5 минут ішінде өткізіп беру ұсынылды. Ал ережеде бұл процесс кемінде 20 минут алуы керек.

Сегіз пункттің жетеуінде жабдықтар болғанымен, олардың бәрі толық жұмыс істемеді. Бір пунктте тежегіш стенді мүлдем істемейтіні анықталды. Кейбір жерлерде жабдықтар шаң басқан күйі тұрған, операторлар көлікті сыртқа шығып та тексермеген.

Бір пунктте стандартты жабдық мүлде болмады. Оның орнына тежегіш стенд ретінде құбырлар мен қолдан жасалған металл құрал қолданылды.

Көп жағдайда тек фото түсіру арқылы диагностикалық карта үшін қажетті базаға тіркеу жүзеге асырылды. Ол үшін көліктің сыртқы бөліктерінің бүтін болуы жеткілікті.

Операторлар клиент сұраған жағдайда толық тексеру жасауға дайын, бірақ өз бетімен бұл жұмыс жүргізілмейді. Көптеген клиенттер толық тексеруден бас тартып, тек құжат алумен шектеледі. Кейбіреулер көліктерінің талаптарға сай еместігін біліп, толық тексеруден әдейі қашады.

“Жұмыс істегісі келетін адал операторлар бар. Біз оларға техникалық базаны жаңартуды ұсынамыз. Олардың тәжірибесі де, ынтасы да бар,” — дейді Дмитрий. “Ал алаяқтар тек пайда табуды көздейді.”

Фиктивті техосмотрлар қалай реттеледі?

Осындай заң бұзушылықтары анықталған пункттерге айыппұл салынып немесе лицензиясынан айырады. Мұндай пункттен техосмотрдан өткен жүргізушілерге 1414 нөмірінен ескерту жіберіліп, диагностикалық карта күшін жояды.

Көлігін шын тексергісі келетін жүргізушілер не істеу керек?

Құрал-жабдықтары жоқ немесе істен шыққан пункттерде техосмотрдан өтпеңіз. Толық тексеруді талап етіңіз, әрбір кезеңнің мәнін сұраңыз. Бұл сіздің қауіпсіздігіңіз үшін маңызды.

Көлігіңіздің техникалық жағдайы өзіңіздің, жолаушыларыңыздың және өзгелердің өміріне тікелей әсер етеді. Жақсы жүргізілген техосмотр көліктің кенет бұзылуының қаупін азайтады, жөндеуге кететін шығынды төмендетеді және қаладағы ауаны таза ұстауға көмектеседі.

Қандай өзгерістер күтілуде?

Қазірдің өзінде бірнеше жүздеген адал емес операторлардың жұмысы тоқтатылды. Күдік туғызатын диагностикалық карталар үшін бейнежазбалар сұратылады. Жазба болмаса, оператордың кілті тоқтатылып, пункт уақытша жабылады. Берілген карталар жарамсыз деп танылады.

“Біз өткен жылдан бастап 22 сәуірге дейін фотошоппен айналысқан операторларды нарықтан алып тастадық,” – деді Дмитрий.

Фотошоппен айналысу – жүргізуші көлігінің суретін жіберіп, оператор ол суретті базаға өздігінен енгізіп, нөмірді редакциялау арқылы жалған карта жасауы.

Бұрын техосмотр пунктін ашу үшін тек хабарлама жеткілікті болса, енді рұқсаттық тәртіп енгізілді: пункт жұмыс бастамас бұрын талапқа сай екенін дәлелдеуі тиіс.

Сондай-ақ ақпараттық жүйе “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-нан “ҚазАвтоЖол”-ға беріліп жатыр. Осыған байланысты нарықты қадағалайтын жұмыс тобының жұмысы уақытша тоқтатылды.

Фиктивті техосмотр үшін жүргізушілерге 5 АЕК (шамамен 17 700 тг), ал операторларға 150 АЕК (517 500 тг) дейін айыппұл салу жоспарлануда.

Автокөліктердің техникалық байқауы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоршаған ортаны қорғауда маңызды рөл атқарады. Бұл процедура тек көліктің жарамдылығын растап қоймай, сонымен қатар атмосфераға таралатын зиянды заттардың көлемін бақылауға мүмкіндік береді.

Техникалық байқау пунктін таңдағанда мұқият болу керек. Қайтадан өту қажеттілігін болдырмас үшін, қызметтің сапалы көрсетілуін талап етіңіз. Бұл сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп қана қоймай, қаладағы экологиялық жағдайдың жақсаруына да үлес қосады.

22 июля 2024
Автокөлік