Almaty Air Initiative (AAI) қоры The Economist Impact аналитикалық бөлімшесі жариялаған жаңа халықаралық есеп — Health Inclusivity Index (денсаулық сақтау инклюзивтілігі индексі) нәтижелеріне назар аударады.
Есепте алаңдатарлық деректер келтірілген: егер Қазақстандағы ауадағы PM2.5 ластануының деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсыныстарына (5 мкг/м³-тен төмен) сай болса, жыл сайын 14 000-нан астам өлімнің алдын алуға болар еді.
Зерттеу 2020–2024 жылдар аралығында жүргізіліп, 40 елді қамтыды. Сарапшылар ауаның ластануының адам денсаулығына әсерін бағалау кезінде тек PM2.5 қатты бөлшектерін ескерді.
Негізгі деректер:
– Қазақстанда жыл сайын ауа ластануымен байланысты аурулардан (жүрек, өкпе және онкологиялық аурулар) 14 000-нан астам адам қайтыс болады;
– Ауаның ластануынан ең көп зардап шегетіндер – әлеуметтік осал топтар, өйткені олар экологиялық жағдайы ең ауыр аудандарда тұрып, жұмыс істейді. Төмен табысы бар адамдар арасында өлім-жітім деңгейі жоғары табысы бар адамдармен салыстырғанда 64%-ға көп;
– Егер ауа сапасы халықаралық стандарттарға сай келсе, Қазақстан жыл сайын денсаулық сақтау шығындарын азайту және еңбек өнімділігін арттыру есебінен 511 млн АҚШ долларына дейін үнемдей алар еді.
Жұлдыз Саулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«The Economist Impact ұсынған мәліметтер біздің жұмысымыздың басынан айтып келе жатқан ойымызды дәлелдейді: ластанған ауа — бұл өмірге қауіп және нақты экономикалық шығын. Біздің қордың мақсаты — маңызды ақпаратты баршаға қолжетімді ету. Біз күрделі ғылыми деректер мен халықаралық зерттеулерді қала тұрғындары мен мемлекеттік органдарға түсінікті тілде жеткізуге тырысамыз. Себебі хабардар болу — саналы және тиімді шешім қабылдауға апаратын алғашқы қадам.»
Осы мақсатта Almaty Air Initiative қоры жақында ауаның сапасын тәуелсіз онлайн-бақылау платформасын — AAI-dashboard-ты іске қосты. Бұл құрал кез келген қолданушыға ауа сапасының көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Дашборд сілтемесі: https://dashboard.air.org.kz/map
The Economist Impact зерттеуінің толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://impact.economist.com/projects/health-inclusivity-index/inclusivity-topics/health-inclusivity-and-economy#air-pollution
Анықтама:
The Economist Impact — The Economist медиатобының аналитикалық бөлімшесі, ол тұрақты даму, экономика және денсаулық сақтау салаларындағы қолданбалы зерттеулерге маманданған. Health Inclusivity Index — түрлі елдердегі денсаулық сақтау жүйелерінің халықтың барлық топтарына қолжетімділігін және инклюзивтілігін бағалайтын жаһандық индекс. 2025 жылғы есепте ауа ластануы өлім мен экономикалық шығындарға әсер ететін негізгі фактор ретінде ерекше атап өтілген.