Алматыда алғаш рет ауа сапасы туралы сандық қызмет – AAI-дэшборд іске қосылды. Бұл карта ауадағы ластану деңгейін нақты уақытта бақылауға ғана емес, соңғы үш жылдағы деректер тарихын көруге, аудандарды бір-бірімен салыстыруға, таза және ластанған күндердің күнтізбесін қарап, тіпті қала тұрғындары тыныстап жүрген ауаның неше тал темекі тартқанға тең екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Платформаны Almaty Air Initiative қоры әзірледі және ол келесі сілтеме арқылы қолжетімді:
https://dashboard.air.org.kz/map
Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Біздің мақсатымыз – ауаны “көрінетін” ету. Бұрын мұндай егжей-тегжейлі мәліметтер тек шектеулі адамдар тобына ғана қолжетімді болатын. Енді әрбір қала тұрғыны бар болғаны бірнеше шерту арқылы өзі тыныстап жүрген ауаның жай-күйін толық көре алады. Болашақта бұл платформаны ластанған ауа мәселесін зерттейтін, ғылыми жұмыстармен және талдаумен айналысатын сараптамалық орталыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз.»
Алматы жиі аймақтағы ауа сапасы ең нашар қалалар тізіміне енеді. Қыста зиянды бөлшектердің концентрациясы күрт өседі, алайда бүгінге дейін тұрғындарда нақты ахуалды көруге арналған қарапайым құрал болмаған еді.
Жаңа AAI-дэшборд халықаралық IQAir сенсорларының, Қазгидромет станциялары мен тәуелсіз датчиктердің деректерін жинайды және келесі мүмкіндіктерді ұсынады:
– PM2.5 және NO2 деңгейінің кез келген аудандағы нақты көрсеткіштері (түс арқылы көрсетіледі: жасыл – «жақсы», қою күлгін – «қауіпті»);
– “Таза” күндер күнтізбесі – жыл ішінде ауа қай күндері қауіпсіз болғанын көрсетеді (2023–2025 жж. деректері);
– Аудандар рейтингісі – нақты уақытта қай ауданда тыныстау ең қауіпті екенін көрсетеді (бірден 4 орынды салыстыруға болады);
– “Темекі баламасы” – тыныстаған зиянды заттардың саны неше тал темекіге тең екендігін көрсетеді;
– Талдау құралдары – маусымдар бойынша графиктермен толық аналитика.
AAI-дэшборд мынадай топтарға пайдалы бола алады:
– қала тұрғындарына – көшеде серуендеуді, терезе ашуды немесе тұрғын аудан таңдауды жоспарлағанда;
– журналистерге, экологтарға және урбанистерге – объективті деректер мен визуализация көзі ретінде;
– мемлекеттік құрылымдар мен бизнеске – шешім қабылдау мен экологиялық саясат қалыптастыру үшін негіз ретінде.