Алматыда алғаш рет жасанды интеллект (AI) негізінде жұмыс істейтін аллергендер, зең споралары мен микропластиктерді нақты уақыт режимінде анықтайтын датчик орнатылды.
Almaty Air Initiative қоры Қазақстанда алғаш рет PollenSense автоматты датчигін сынақтан өткізуді бастады. Бұл құрылғы жасанды интеллект алгоритмдері арқылы ауадан тозаңды, зең спораларын, шаң мен микропластик бөлшектерін нақты уақытта анықтайды.
Датчик қордың кеңсесінің шатырында, Сәтпаев–Байтұрсынов–Тимирязев–Сейфуллин көшелерінің квадратында орнатылған және әзірге сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
AI алгоритмдері арнайы лентаға түскен бөлшектердің бейнелерін талдап, алматылық аллергендердің түрлерін “үйреніп” тануға бейімделеді. Бұл бейімделу процесі бірден үш айға дейін созылады.
Оқыту кезеңінен кейін алынған деректер барлық алматылықтар үшін қолжетімді болады — оларды қордың интерактивті дэшбордынан, PM2.5 және NO₂ көрсеткіштерімен бірге көруге болады: https://dashboard.air.org.kz/
Жұлдыз Саулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Біз Алматыға аэробиологиялық және экологиялық мониторингтің ең жаңа AI технологиясын әкелдік.
Бұрын аллергендер мен зеңді анықтау үшін арнайы зертхана мен сынамаларды талдау үшін 10 күнге дейін уақыт қажет болса, енді жасанды интеллект пыльца мен басқа аллергендер туралы нақты деректерді нақты уақытта алуға мүмкіндік береді.
Бұл әсіресе Алматы үшін маңызды, себебі кей деректер бойынша қала тұрғындарының 20–40%-ы аллергиядан зардап шегеді, және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
Алынған деректердің арқасында тұрғындар өздерінің күнделікті белсенділігін дұрыс жоспарлай алады, ал дәрігерлер мен ғалымдар қоғамдық денсаулық саласындағы зерттеулерге жаңа құрал алады».
Бұл пилоттық станцияның іске қосылуы — қала бойынша толыққанды аллергендерді бақылау желісін құрудың алғашқы қадамы.
Болашақта бұл жүйе әр аудан бойынша аллергендердің егжей-тегжейлі картасын жасауға және тұрғындарға жеке ұсыныстар беруге мүмкіндік береді.
Анықтама:
PollenSense — АҚШ-та құрылған компания, ол пыльца мен зең спораларын нақты уақытта автоматты түрде бақылау шешімдерін әзірлейді.
Қазіргі уақытта PollenSense деректер базасында 80 миллионнан астам пыльца, зең спорасы, микропластик және адам денсаулығына зиянды бөлшектердің суреттері бар.
Апта сайын база жаңа суреттермен толықтырылып отырады, бұл құрылғының анықтау дәлдігін үздіксіз арттыруға мүмкіндік береді.