2024 жылы алматылықтар қандай ауамен тыныстады?
Almaty Air Initiative сарапшылары негізгі нәтижелерді жинақтады.
“Almaty Air Initiative” қоры қаладағы 2024 жылға арналған ауа сапасына талдау жүргізіп, нәтижелерін ашық дереккөзге жариялады. Өзгеріс динамикасын бағалау үшін 2023 және 2024 жылдарға арналған деректерді салыстыру жүргізілді.

Ауа сапасы туралы деректердің қолжетімді болуы тұрғындарға жағдайды бағалауға, өзгерістерді көруге, хабардар болуды арттыруға және саналы шешімдер қабылдап, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға көмектеседі.

Әдістеме мен дереккөздері туралы төмендегі мәтіннен оқи аласыз.

Біз немен тыныс аламыз: ластаушы заттардың концентрациясы
Жылдағы орташа көрсеткіштер

2024 жылы Алматыда PM2.5 орташа жылдық концентрациясы 24,08 мкг/м³ құрады, бұл ДДҰ стандарттарынан 4,8 есе жоғары. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 6 мкг/м³-ге төмендегенімен (30,3 мкг/м³, нормативтен 6,1 есе асып түсті), жағдай күрделі. Орташа жылдық жақсы көрсеткіш 2024 жылдың қаңтар, ақпан, мамыр және шілде айларындағы ауа сапасының жақсаруынан болып отыр. Бұл қолайлы метеорологиялық жағдайларға байланысты болса керек. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында ластану деңгейі 2023 жылдың желтоқсанынан асып түсті.

Анықтама үшін: PM2.5 - диаметрі 2,5 микрон немесе одан аз ауадағы ластаушы заттардың ұсақ бөлшектері. Бұл бөлшектердің кішкентайлығы сондай, олар өкпеге, тіпті қанағымға ене алады, бұл адам денсаулығына зиянды екені сөзсіз. Ауадағы PM2.5 жоғары концентрациясы әсіресе балаларда, қарттарда және созылмалы аурулары бар адамдарда тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруларына түрткі болуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы PM2.5-тің жылдық орташа концентрациясы 5 мкг/м³ (ДДҰ) аспауын ұсынады. Қазақстан үшін шекті рұқсат етілген концентрациялар нормасы 35 мкг/м³ құрайды (ҚР гигиеналық нормативтері).

1 кесте. 2023 және 2024 жылдардағы орташа айлық PM2,5 концентрациясы (мкг/м³).
Төмендегі кестеден көрініп тұрғандай:

  • Алматыда қарашадан ақпанға дейін ауа сапасы 2023 және 2024 жылдары да “денсаулыққа зиян” деп саналды. Ал 2024 жылғы желтоқсанда ластану деңгейі (50,6 мкг/м³) 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда (46,7 мкг/м³) ~10%-ға жоғары болды.
  • 2024 жылы PM2.5 концентрациясы 2023 жылмен салыстырғанда қаңтар, ақпан, мамыр, маусым және шілде айларында төмендеді.
  • Наурызда, қыркүйекте, қазанда және қарашада мәндер шамамен бір деңгейде (“орташа”) қалды.
Біз жылына неше күн таза ауамен тыныстаймыз?

2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда PM2,5 орташа тәуліктік концентрациясы ДДҰ нормативі шегінде (орташа тәуліктік норма 15 мкг/м³) сақталатын таза ауасы бар күндер саны өсті. Егер 2023 жылы мұндай күндер небәрі 137 болса, 2024 жылы 164 күнді құрады.
2-ші кестеден көріп отырғанымыздай, 2024 жылдың мамырынан тамызына дейін яғни жылдың жылы айларында көрсеткіш мейлінше жақсарған.

2-ші кесте. 2023 және 2024 жылдардағы ДДҰ тәуліктік шегінен (15 мкг/м³) асатын күндер саны.
1-ші суретте AQI шкаласы бойынша РМ2,5 орташа тәуліктік концентрациясы көрсетілген, мұнда жасыл – 0-15 мкг/м3, сарғыш – 35.5-55.4, қызыл – 55.5-150.4, күлгін – 150.5-250.4.

1-ші сурет. AQI түс шкаласына сәйкес 2024 жылғы орташа тәуліктік PM2.5 концентрациясы.

AQI шкаласы бойынша 2024 жылы:

  • 164 күн (~45% уақыт) “сау” (жасыл) ластану деңгейінде болды.
  • 106 күн (~29% уақыт) – “орташа” (сары).
  • 50 күн (~13,7% уақыт) “осал топтар үшін денсаулыққа зиянды” (сарғыш) деп бағаланды,
  • қалған 46 күн (~12,6%) - “зиянды” (қызыл) деп бағаланды.

2024 жылдың “ең лас” күндері:

  1. 6 ақпан – сол күні орташа тәуліктік концентрация 114 мкг/м³ құрады, бұл ДДҰ ұсынымынан 7,6 есе және қазақстандық нормадан 3,3 есе жоғары. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 194 мкг/м³-ге жетті. Еске салайық, ДДҰ орташа тәуліктік нормалары 15 мкг/м³ құрайды.
  2. 25 желтоқсанда – орташа тәуліктік концентрация 106,4 мкг/м³ құрады, бұл ДДҰ нормасынан 7,1 есе жоғары, ең жоғары мәндері жекелеген аудандарда 156,5 мкг/м³ дейін, бұл ДДҰ нормасынан 10,5 есе жоғары.
  3. 26 желтоқсан – орташа тәуліктік концентрация 102,1 мкг/м³ құрады, бұл ДДҰ нормасынан 6,8 есе жоғары, қаланың солтүстік-шығыс аудандарының бірінде ең жоғары концентрациясы - 171 мкг/м³, бұл ДДҰ көрсеткішінен 11,4 есе жоғары.

Ауа қай уақытта өте лас?

Алматыдағы PM2.5 концентрациясы әр маусымда айтарлықтай өзгереді. “Ең таза” кезең әдеттегідей 11,5 мкг/м³ мәнін құрайтын жаз мезгілі, ал көктемде концентрация 17,6 мкг/м³ дейін артады. Күзде жағдай нашарлай бастайды – концентрация 25,6 мкг/м³ жетеді, бұл негізінен жылыту маусымының басталуымен және атмосфералық инверсиялармен байланысты. Қыста ластану максимумға жетеді (49,9 мкг/м³), бұл жазғы көрсеткіштерден бес есе жоғары.

Анықтама үшін: Атмосфералық инверсия - ауадағы зиянды заттардың таралуының алдын алу үшін өзінше “қақпақ” жасайтын жылы ауа суық жер қабатының үстінде орналасқан метеорологиялық құбылыс. Осыған байланысты әсіресе қыс айларында PM2.5 жоғары концентрациясы байқалады.

Мезгілдің айқындығын төмендегі графиктен көруге болады:
2-ші сурет. 2024 жылы Алматы қаласындағы PM2.5 орташа айлық концентрациясы.
Алматыда ең лас ауа қай жерде?

Мұны білу үшін біз кластерлік талдау жүргізіп, төрт аймақты анықтадық (3-ші суретті қараңыз):

Анықтама үшін: Кластерлік талдау ауа датчиктерін PM2.5 көрсеткіштерінің ұқсастығы бойынша топтайды, бұл қаланың ең ластанған және ең таза аймақтарын анықтауға, сондай-ақ қалдықтардың таралуын жақсырақ түсінуге көмектеседі.

3-ші сурет. Қала аудандары бойынша ластану кластерлерінің орналасуы. Қоңыр түс – солтүстік-шығыс кластер, көк – оңтүстік, қызғылт – орталық, сары – солтүстік-батыс.

Айырмашылық 4-ші суретте көрсетілген орташа айлық PM2.5 концентрацияларында да анық көрінеді:

4-ші сурет. 2024 жылы Алматы қаласының аудандары бойынша PM2,5 орташа айлық концентрациясы, мкг/м³.

Ауаның ластану деңгейі орташа жылдық концентрацияда ғана емес, сонымен қатар “таза” және “лас” күндер саны бойынша да өзгереді. 5-ші суреттен көрініп тұрғандай, оңтүстік кластерде ДДҰ нормаларына сәйкес келетін қауіпсіз РМ2,5 деңгейі (<15 мкг/м³) бар күндер жиі кездеседі – 2024 жылы мұндай 219 күн (60%) болды.

5-ші сурет. 2024 жылы кластер бойынша AQI түс шкаласы негізінде орташа тәуліктік PM2.5 концентрациясы.

AQI санаттары келесі топтастыру бойынша санаттар мен түстерге бөлінеді:
Салыстыру үшін, солтүстік-шығыс аймақтарда “таза” күндер саны айтарлықтай аз болды – небәрі 108 (30%) күн. Мұнда ластану деңгейі “орташа” күндер (15,1 мкг/м³ < PM2,5 < 35,4 мкг/м³, сары аймақ) және “лас” күндер (PM2,5 > 35,5 мкг/м³, қызғылт сары және қызыл аймақтар) басым – мұнда тиісінше 134 (37%) және 123 (34%) құрады. Бұл фондық ластанудың жоғары деңгейін көрсетеді. Ауаның ластануының бұл деңгейі осы аумақтардың тұрғындары үшін экологиялық және медициналық қауіпті арттырады және ауа сапасын жақсарту шараларына бірінші кезекте назар аударуды талап етеді.

Тәуліктің қай мезгілінде ауа өте лас болады?

PM2.5 концентрациясы кешкі уақытта шыңына жетеді. Дегенмен ластанудың ең жоғары деңгейі әртүрлі аймақтарда сантүрлі.

  • Солтүстік-шығыс және Солтүстік-батыс: Бұл аймақтарда ең жоғары ластану деңгейі кешкі сағат 20:00 шамасында байқалады. Таулы-аңғар циркуляциясы кешкі уақытта ауа температурасы төмендеген кезде көтерілетін ауа ағындарының әлсіреуі салдарынан атмосфераның төменгі қабаттарында ластаушы заттардың жиналуына әкеледі.
  • Орталық аудан: Мұнда да ластанудың жоғары деңгейі кешкі сағат 20.00-ге сәйкес келеді. Бұл ғимараттардың тығыздығы, көліктердің көп жүктемелері және рельефке байланысты нашар желдету салдарынан күшейеді.
  • Оңтүстік: Мұнда PM2.5 максималды концентрациясы 17:00 шамасында байқалады, бұл кешкі инверсияның ертерек басталуымен және желдету процестері белсендірек болатын таулы аймақтарға жақын болуына байланысты болуы мүмкін.

6-шы сурет. Сурет 6. Қаланың әртүрлі аудандарындағы тәулік ішінде ауа сапасының өзгеру динамикасы.

Ауа қай кезде өте таза болады?

Ең таза ауа таңғы сағат 4:00-ден 6:00-ге дейін қаланың барлық аудандарында байқалады. Мұны таудан түсетін ауа ағындарымен түсіндіруге болады, олар ластаушы заттарды түнде еңіспен «ұшырып», қаладағы ауаның сапасын уақытша жақсартады. Бұл әсіресе қаланың тауға жақын оңтүстік бөлігінде байқалады.

Таулы-аңғар циркуляциясының әсері:

Таулы-аңғар циркуляциясы ластанудың тәуліктік динамикасына айтарлықтай әсер етеді:
  • Күндізгі уақытта күн жылынуының әсерінен қызған ауа беткейлерге көтеріліп, аңғардан таулы аймақтарға және атмосфераның жоғарғы қабаттарына ластаушы заттарды тасымалдайтын аңғарлы-таулы желді құрайды, осылайша олардың жер бетінде жиналуын уақытша ұстап тұрады.
  • Түнде тау ауасы тезірек салқындаған кезде, суық ауа массалары аңғарға түсіп, ластаушы заттарды қалаға қайтаратын таулы-алқапты желдерді қалыптастырады. Ал көбіне кешке пайда болатын әрі атмосфераның шекаралық қабығының деңгейін төмендететін температуралық инверсия олардың вертикалды шашырауына кедергі келтіреді, бұл атмосфераның жер қабаттарында ластаушы заттардың жиналуына әкеледі.

Аудандардың айрықша белгілері:

  • Орталық аудан мен солтүстіктегі аудандарда әлсіз желдету салдарынан кешкі шарықтау шегінен кейін ластану деңгейінің баяу төмендеуі байқалады.
  • Оңтүстікте, тауға жақын аймақта таулы-аңғарлы циркуляцияның артуына байланысты ауа тезірек тазаланады. Мұнда кешкі сағат 22:00-ден кейін ластану деңгейі қауіпсіз деңгейге түсіп, таңғы сағат 10:00-ге дейін төмен деңгейде қалады.

Ұқсастық пен айырмашылық:

Ең жоғары мәндер уақытындағы және ауаны тазарту жылдамдығындағы айырмашылықтарға қарамастан, тәуліктік өзгерістердің жалпы динамикасы барлық аймақтарда бірдей. Ауа кешкі уақытта ең көп ластанады, ал ең таза кезең таңертең ерте байқалады. Графиктер ластанудың уақытша жоғары көрсеткіші көлік ағындарымен және адамның басқа да әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Негізгі қорытындылар
  • 2024 жылы Алматыдағы PM2.5-тің орташа жылдық концентрациясы ДДҰ қауіпсіз шектерінен 4,8 есе асып түсті.
  • Орташа жылдық көрсеткіштің аздап жақсаруы байқалады (2023 жылмен салыстырғанда 6 мкг/м³ төмендеген), бұл 2024 жылдың қаңтар, ақпан, мамыр және шілде айларында ауа сапасының жақсаруымен түсіндіріледі.
  • Қараша мен ақпан айлары аралығында Алматыдағы ауа сапасы 2023 және 2024 жылдары да «денсаулыққа зиянды» деңгейде болды.
  • 2024 жылдың желтоқсанында ластану деңгейі 2023 жылдың желтоқсанындағы көрсеткіштен жоғары болды.
  • Жазда ауа сапасы қыспен салыстырғанда 5 есе таза. 2024 жылы жаз маусымы ең таза кезең болды – PM2.5 концентрациясы 11,5 мкг/м³ деңгейінде тіркелді. Ал қыста (желтоқсан, қаңтар, ақпан) ластану ең жоғары көрсеткішке жетіп, 49,9 мкг/м³ болды, бұл жазғы мәндерден 5 есе жоғары.
  • 2024 жылы ДДҰ нормаларына (PM2.5 < 15 мкг/м³) сәйкес келетін күндер саны 137-ден 164-ке дейін артты. Негізгі жақсару жазда, мамыр мен тамыз аралығында байқалды – мұндай күндер саны 22-ге көбейді. Басқа маусымдарда айтарлықтай өзгерістер тіркелмеді.
  • Ауа сапасы әр айда өзгеріп отырады. Ең «таза» айлар – мамыр, маусым, шілде, тамыз. Ең «лас» айлар – қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан.
  • Алматының солтүстік-шығыс бөлігі – ең ластанған аймақ, ал қаланың оңтүстігінде ауа сапасы 2 есе жақсырақ.
  • Күні бойы ауа сапасы әртүрлі болады. Ең таза уақыт – таңғы 4:00-6:00, ал ең ластанған уақыт – кешкі 19:00-21:00 аралығы.

Қаладағы датчиктердің тығыздығы жеткіліксіз болып отыр, бұл әсіресе халықтың едәуір бөлігі тұратын Рысқұлов-Сайн-Әл-Фараби-ВОАД сақинасының ішінде байқалады (3-ші суретті қараңыз). Бұл өз кезегінде аймақта датчиктердің болмауы аймақтар бойынша ластану картасын неғұрлым егжей-тегжейлі құруға мүмкіндік бермейді, бұл жергілікті ластану көздерін анықтауды және әртүрлі факторлардың әсерін бағалауды қиындатады.

Сонымен қатар кейбір датчиктер жиі істен шығады, бұл соңғы бірнеше жылда деректердің тапшы болуына әкеп соғады. Оның салдарынан тұрғындарға нақты уақытта қолжетімді болатын ақпарат сапасы төмендеп, қаланың экологиялық жағдайын объективті бағалауға қажетті талдауларды жүргізу қиындай түседі. Датчиктердің мейлінше тығыз және сенімді желісі ластану динамикасын жақсырақ түсінуге, негізгі қайнаркөздерді анықтауға және оны азайтудың тиімді шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Анықтама үшін: Аталған есеп Clarity және OpenAQ қызметтерін пайдаланып Clarity датчиктері жинаған деректерге негізделген.


Бұл есепте тек PM2.5 концентрациясы талданды. Ауа сапасын толық талдау үшін азот диоксиді, күкірт диоксиді, озон, көміртек монооксиді және басқа да ластаушы заттар бойынша деректер қажет.


Clarity — датчиктері әлемнің 70 елінде жұмыс істейтін халықаралық компания. Алматыда Азия даму банкі мен қала әкімдігінің бірлескен жобасы аясында 2022 жылы осындай 50 датчик орнатылды.


OpenAQ — хабардар болуды арттыру және экологиялық бастамаларды ілгерілету үшін әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты біріктіретін жаһандық, ашық ауа сапасы туралы деректер платформасы.